«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 наурыздағы № 936 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 22, 205-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі туралы ережеде:
10-тармақта:
«негізгі міндеттері» деген сөздер «негізгі міндеттері салық, кеден және бюджет саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу,» деген сөздермен ауыстырылсын;
«мониторингін жүзеге асыру» деген сөздерден кейін «болып табылады» деген сөздермен толықтырылсын;
11-тармақта:
1) тармақшада «бюджеттің» деген сөздің алдынан «бюджеттік жоспарлау,» деген сөздермен толықтырылсын;
2) тармақшада «болжауға» деген сөз «болжау» деген сөзбен, «анықтауға қатысу» деген сөздер «анықтау» деген сөзбен ауыстырылсын;
5) тармақшада «мемлекеттік сатып алу,» деген сөздерден кейін «бюджеттік жоспарлау,» деген сөздермен толықтырылсын;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«13) тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады;»;
мынадай мазмұндағы 240), 241), 242), 243), 244), 245), 246), 247), 248), 249), 250), 251), 252), 253), 254), 255), 256), 257), 258), 259), 260), 261), 262), 263), 264), 265), 266), 267), 268), 269), 270) тармақшалармен толықтырылсын:
«240) бюджеттік қаржыландыру көлемін қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын келісуді жүзеге асырады;
241) бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
242) бюджеттік жоспарлау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
243) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын, оны жасау тәртібін, бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын әзірлейді және бекітеді;
244) мемлекеттік мекемелердің билігінде қалған тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін түсімдер мен ақша шығыстарының болжамын жасау нысанын белгілейді;
245) 3 жылға арналған бюджеттік өлшемдерді болжамдауды әзірлеу бөлігінде республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуге қатысады;
246) салық, кеден және бюджет саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
247) Республикалық бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
248) бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
249) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының болжамдарын жасайды;
250) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытындылар дайындайды;
251) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаларды) және жергілікті уәкілетті органдардың бюджетті жоспарлау және бюджеттің атқарылуы бойынша стратегиялық жоспарларының жобаларын (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаларды) қарайды;
252) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыларының жобаларын әзірлейді;
253) төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлейді;
254) республикалық бюджетті нақтылау (түзету) жөнінде ұсыныстар енгізеді;
255) бюджет түсімдерін бюджет деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шоты арасында бөлу кестесін әзірлейді және бекітеді;
256) рентабельділігі төмен келісім-шарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жеке ставкасының нақты мөлшерлері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
257) жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін әзірлеуге қатысады;
258) үш жылдық кезеңге арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасында жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге қатысады;
259) мониторингті әдіснамалық қамтамасыз етуді және бюджеттік инвестициялық жобаларды бағалауды жүзеге асырады;
260) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге немесе түзетуге арналған және техникалық-экономикалық негіздемелерге қажетті сараптама жүргізуге арналған инвестициялық ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді;
261) мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
262) мемлекет кепілгерлігін беру үшін концессиялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
263) техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптама жүргізу тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарлама қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастырады;
264) концессиялық жобаны бюджеттен бірлесіп қаржыландыру жөніндегі ұсынысты Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді;
265) бірлесіп қаржыландыру шартында концессиялық жобаларды қарауды, іріктеуді және бюджет жобасына енгізуді жүзеге асырады;
266) үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктерді және мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін анықтайды;
267) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың, мемлекеттің кепілгерліктері бойынша борыштың ахуалын және алдағы жоспарлы кезеңге арналған болжамды жыл сайын бағалауды жүргізеді;
268) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингін және бағалауды жүргізеді;
269) бюджеттің атқарылуы кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына бағалау жүргізеді;
270) Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі Жарлығының жобасын әзірлейді.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов