Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1512 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 36) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2010 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1512 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағида Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
      3. Осы Қағидада қолданылатын терминдер мен анықтамалар:
      1) артынан жеткізілетін белгі - табылған, кешіктірілген және жіберілген багажды ресімдеуге және артынан жеткізуге арналған құжат;
      2) неоплан - жолаушыларды әуе кемесі мен әуежай ғимараты арасында тасымалдауға арналған перрондық көлік құралы;
      3) шағым арыз - мүдделі тұлғаның багажды әуеде тиісті түрде тасымалдамауы нәтижесінде туындаған зиянның (шығынның) орнын толтыру туралы жазбаша нысанда жасаған талабы;
      4) қол жүгі - жолаушымен бірге әуе кемесінің салонында тасымалданатын заттар;
      5) жиынтық-тиелім ведомосін «соңғы минутта өзгерту» бағаны (бұдан әрі - «LМС» бағаны) - жолаушылар, багаж санының соңғы минуттағы өзгерістері көрсетілетін баған;
      6) жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қызметі (бұдан әрі - ЖҚКҰҚ) - әуежайдың жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі құрылымдық бөлімшесі;
      7) агент - авиакомпанияны білдіретін, осы авиакомпанияның әуе кемесінің, экипаждың, жолаушылардың, багаждың, жүктің, поштаның және борттық қорлардың келуімен, жөнелтілуімен және ресімделуімен байланысты барлық рәсімдерді орындау кезінде оған тікелей немесе оның атынан әрекет етуге уәкілеттік берілген жеке немесе заңды тұлға;
      8) билет - жолаушыны әуеде тасымалдау шартының жасалғанын және талаптарын куәландыратын тасымалдау құжаты;
      9) электрондық билет - билеттің электрондық нысаны;
      10) маршрутты басып шығару (бұдан әрі - ITR) - авиаұшу, агенттік немесе авиакомпания, төлем нысаны туралы ақпарат қамтылған электрондық билеттің бір бөлігі болып табылатын құжат.
      4. Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру кезінде ЖҚКҰҚ мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ұшу тұрақтылығын қамтамасыз етеді;
      2) жолаушылардың багажын сақтауды және уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;
      3) азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарттарына сәйкес, сондай-ақ авиакомпанияның ережелерін ескере отырып, жолаушылардың билеттерін тіркеуді, жолаушылардың багажын өлшеуді және ресімдеуді жүргізеді;
      4) әр рейс бойынша тасымалдау құжаттарының пакетін ұсынуды қамтамасыз етеді;
      5) тіркеу аяқталған соң тіркеу қорытындысын жасайды;
      6) тасымалдау құжаттарына, әуе кемесін тиеу бойынша құжаттар  және авиакомпания ережелеріне сәйкес бос орындардың болуын анықтайды және әуе кемесінің тиелімділігін бақылайды;
      7) жолаушыларды жинайды және әуе кемесіне дейін шығарып салады;
      8) жолаушылырдың іс жүзінде болуын тасымал құжаттарының деректерімен салыстыра отырып, жолаушыларды әуе кемесіне отырғызуды, багажды тиеуді жүзеге асырады;
      9) отырғызуға келмеген жолаушылардың багажын түсіруді ұйымдастырады;
      10) авиакомпанияның ережелеріне сәйкес әуе кемесінің экипажына ұшу құжаттарын береді және оған қол қояды;
      11) келе жатқан жолаушыларды қарсы алады және аэровокзалдың қону залына дейін шығарып салады;
      12) әуежай ғимараты мен әуе кемесі арасында жолаушылардан багажды қабылдауды, сүйемелдеуді жүргізеді.
      5. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) ұшатын жолаушыларға қызмет көрсету;
      2) жолаушылардың билеттерін тіркеу қорытындыларын шығару;
      3) ұшып келетін жолаушыларға қызмет көрсету;
      4) трансферлік жолаушыларға қызмет көрсету;
      5) транзиттік жолаушыларға қызмет көрсету;
      6) тиісінше орындалмаған әуе тасымалына шағымданған жолаушыларға авиакомпания өкілінің қатысуымен қызмет көрсету.

2. Ұшатын жолаушыларға қызмет көрсету тәртібі

      6. Ұшатын жолаушыларға қызмет көрсету мынадай тәртіпті көздейді:
      1) әуежайдағы халықаралық рейстерде ұшатын жолаушыларды тіркеу әуе кемесінің ұшуына дейін кемінде екі сағат (әуе кемесінің үлгісіне  және жолаушылардың санына байланысты) және ішкі рейстерде әуе кемесінің ұшуына дейін кемінде бір жарым сағат (әуе кемесінің үлгісіне және жолаушылардың санына байланысты) қалғанда басталады және әуе кемесінің ұшуына 40 минут қалған кезде аяқталады;
      2) ЖҚКҰҚ тіркеу агенттері (бұдан әрі - тіркеу агенті) ЖҚКҰҚ диспетчерінен әуе кемесінің нөмірі және үлгісі, орын саны, авиакомпания, сатылған билеттер саны және аса маңызды жолаушылар, мүгедектер, науқастар, трансферлік және транзиттік жолаушылар, интернет, өзін-өзі тіркеу тағандары және басқа байланыс түрлері арқылы тіркелген жолаушылар туралы қосымша мәліметтерді алады;
      3) тіркеу агенті рейсті ресімдеу үшін қажетті тасымал құжаттарын (отырғызу талондарын, багаждың нөмірлік белгілерін, «қол жүгі», «шыны» белгісін және қолмен тіркеу жағдайында, жолаушылар манифестері мен жүк ведомостерін) дайындайды;
      4) тіркеу агенттері жұмыс орнының жай-күйін тексеруді, автоматтық тіркеу құралдарының, байланыс және көрнекі ақпараттың (тақтадағы деректердің сәйкестігі) жарамдылығын және жұмыс істеуін, (жолаушылар үшін әуе кемесімен тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар туралы ақпараттық парақтың болуын) қамтамасыз етеді;
      5) автоматтық тіркеу құралдарының, байланыстың, көрнекі ақпараттың жұмысында ақау анықталған, үй-жай жұмысқа дайын болмаған немесе жұмыс жағдайының нашарлауына және жолаушыларға қызмет көрсету сапасына ықпал ететін басқа да бұзушылықтар анықталған жағдайда әуежайдың диспетчері және ЖҚКҰҚ ауысым бастығы дереу хабардар етіледі;
      6) әуежайдың ЖҚКҰҚ диспетчеріне билеттерді тіркеу жұмысына және осы рейс жолаушыларының багажын ресімдеуге дайындықтың аяқталуы туралы хабарланады;
      7) тіркеу жөніндегі агенттері броньдауды ресімдеудің дұрыстығы мен жолаушы деректеріне сәйкес келуін тексереді, жолаушының жеке басын куәландыратын отырғызу купоны мен құжатын тексереді;
      8) тасымалға қабылданатын багаж сыртынан тексеріледі;
      9) жолаушы ұсынған багаж бен қол жүгі өлшенеді;
      10) тіркеу агенті орын санын, багаж бен қол жүгінің салмағын анықтайды және тасымалдауға қабылданған багажға багаждың нөмірлік белгісін және қол жүгіне «қол жүгі» белгісін жапсырады;
      Багаж белгісінің үзбелі талондары жолаушыға беріледі. Агент тіркеу кезінде бір межелі пунктке баратын жолаушылар тобын автоматтық тіркеу кезінде тасымалға қабылданған барлық багажды топтағы «отбасылық» немесе «топтық» режимде бір ересек жолаушының атына ресімдейді, агент қолмен тіркегенде бүкіл топтың тегін тасымалданатын багажының салмағын жалпы салмақпен салыстырады және жолаушы манифестіне тиісті белгілер жасайды;
      11) баласы бар жолаушыны тіркеу кезінде тіркеу агенті баланың жасын куәландыратын құжатты тексереді (туу туралы куәлік);
      12) баланың жеке басын куәландыратын құжатты көрсету барысында бірге жүретін адамы жоқ балалардың билеттерін тіркеу авиакомпания ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Әуе кемесінің салонында орын ұсыну билеттің мәртебесіне сәйкес жүзеге асырылады;
      13) тіркеу жөніндегі агент науқас жолаушыларға қызмет көрсету кезінде авиабилеттің және осындай жолаушыны тасымалдау шарттарына қойылатын арнайы талаптар көрсетілген, оны әуе көлігімен тасымалдауға рұқсат ететін медициналық қорытындының болуын тексереді, содан кейін азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарттарына сәйкес, сондай-ақ авиакомпания ережелерін ескере отырып, тасымалдау құжаттарын ресімдейді;
      Тіркеу агенті мүгедектігі бар, соның ішінде кресло-арбаны пайдаланатын адамдарға авиакомпания ережелеріне сәйкес қызмет көрсетеді;
      14) көз жанары бойынша мүгедектігі бар және жетектегіш итке ілесіп жүретін жолаушыны тіркеу авиакомпания ережелеріне сәйкес жүргізіледі;
      15) мүгедектігі бар науқас жолаушыны тасымалдау кезінде тіркеу желісі бойынша тиісті рәсімдерді жүргізгеннен кейін авиакомпания/әуежай өкілі оларды әуе кемесіне (кемесінен) алып жүреді  және барлық құжаттармен бірге оны/оларды тікелей экипажға тапсырады.
      Кресло-арбаны пайдаланатын тұлғаларды тасымалдау кезінде авиакомпания/әуежай өкілі оларды әуе кемесінің салонына жеткізу үшін арнайы арба ұсынуы тиіс.
      ЖҚКҰҚ өкілі мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әуе кемесіне отырғызуды жолаушылардың негізгі бөлігін отырғызуды жариялағанға дейін бірінші кезекте және әуе кемесінен түсіруді соңғы кезекте жүргізеді;
      16) аяғы ауыр жолаушыларға қызмет көрсету кезінде тіркеу агенті авиабилеттің, айырбас картасының (жүктіліктің кез келген мерзімінде) және әуе көлігімен тасымалдауға рұқсат берілген жүктілік мерзімі 28 аптадан 36 аптаға дейінгі жолаушылар үшін медициналық қорытындысы болуын тексереді. Жүктілік мерзімі 36 аптадан астам аяғы ауыр жолаушылар әуе көлігімен тасымалдауға қабылданбайды;
      17) интернет, өздігінен тіркелу бағаны және тағы басқа байланыс құралдары арқылы тіркелген жолаушылардың багажын тіркеу кезінде, агенттер тіркеу кезінде жеке бағанда (тіркелген жолаушылардың багажын ресімдеу) отырғызу купондарын жолаушының құжаттарымен салыстырады және авиакомпания ережелеріне сәйкес багажды тіркейді. Өзі-өзі тіркеу тағаны және багаж бойынша қызмет көрсету ұшуға 40 минут қалғанда жабылады;
      18) билеттерді тіркеу және багажды ресімдеу рәсіміне (жолаушы авиакомпания талаптарын орындаудан бас тартқанда, билеттерді ресімдеудегі бұзушылықтар) байланысты қандай да болмасын бұзушылықтар анықталған кездегі жанжалды жағдайлардың туындауын болдырмау үшін, дереу ЖҚКҰҚ ауысым бастығы хабардар етіледі;
      19) тіркеу агенті тіркеу аяқталған соң әуежайдың аса маңызды жолаушыларына қызмет көрсететін ресми делегациялар залының агентімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жалпы рейс бойынша және қонудың әрбір пункті бойынша тіркелген жолаушылардың санын салыстырады.
      Автоматты тіркеу кезінде тіркеу агенті отырғызу агентіне (бұдан әрі - отырғызу агенті) жолаушы манифестінің қажетті мөлшерін шығарады, қолмен тіркегенде тіркеудің әр секторы бойынша қорытынды жасайды және тіркеудің жалпы қорытындысын жиынтық тиелім ведомосін жасау үшін диспетчерге береді;
      20) багаж жөніндегі агент әрбір тиеу пункті бойынша багаж орындарының санын анықтайды және оны тіркеудің әр секторы бойынша деректермен салыстырады.
      Қолмен тіркеу кезінде багаж жөніндегі агент тіркеу агентінен орындардың саны және жолаушы манифестіндегі тіркелген багаждың салмағы туралы деректер алады. Алынған деректерді жүк түсірудің әр пункті бойынша багаж орындарының нақты санымен салыстырып, әуе кемесіне тиеу бойынша авиакомпания ережелеріне сәйкес әуе кемесіне тиейді және нақты деректерді қол қоюмен растайды;
      21) тіркеудің аяқталу уақытына кешігіп келген жолаушылар тіркелмейді;
      22) әуежайдың ЖҚКҰҚ диспетчері әуе кемесінің ұшуға және жолаушыларды бортқа қабылдауға дайындығы туралы хабарлағаннан кейін дикторға және отырғызу агентіне рейске отырғызуды бастау туралы нұсқау береді;
      23) жолаушыларды отырғызу туралы жарияланғаннан кейін отырғызу жөніндегі агент жиынтық тиелім ведомосінің (LOADSHEET) және жолаушы манифестінің қажетті мөлшерін алады.
      ЖҚКҰҚ агенті әуе кемесіндегі тіркелген жолаушылардың, багаж, жүк, пошта және балласттың санын жиынтық тиелім ведомосіндегі деректермен салыстырады және деректердің дұрыстығын қол қоюмен растайды. ЖҚКҰҚ агенті қажетіне қарай авиакомпания ережелеріне сәйкес тасымал құжаттарына өзгерістер енгізеді;
      24) отырғызу агенті жолаушыларды күту залынан отырғызуға телескоптық трапқа немесе алшақ тұрақтарға отырғызуда неопланға шақырады;
      25) отырғызу агенті жолаушылардың отырғызу талондарын тексереді, отырғызу талонында көрсетілген жолаушының тегін оның жеке басын куәландыратын құжаттағы тегімен салыстырады, отырғызудан өткен жолаушының деректерін жүйеге енгізеді және арнайы жабдықтар бар болса, отырғызу талонындағы ақпаратты сканерден өткізеді (SMS, ММS және т.б.);
      26) Отырғызу агенті неопланды жөнелтер алдында жолаушыларға авиакомпанияның атауын, ұшу маршрутын және рейс нөмірін хабарлайды; ұшатын жолаушыларды отырғызу және ұшу құжаттамасын ресімдеу рәсіміне байланысты барлық бұзушылықтар жөнінде (отырғызу талондары санының тіркелген жолаушылардың жалпы санына сәйкес келмеуі, отырғызу талондары санының қызмет көрсету кластары бойынша сәйкес келмеуі, жолаушының отырғызуға келмеуі) әуежайдағы ЖҚКҰҚ ауысым бастығы мен диспетчер дереу хабардар етіледі;
      27) әуе кемесіне жолаушыларды отырғызу аяқталған соң отырғызу агенті бортсеріктен рейстегі жолаушылардың нақты санын, оларды отырғызу талондарымен және әуежайдағы ЖҚКҰҚ диспетчерінен алынған тіркеудің қорытынды деректерімен салыстыра отырып, анықтайды және жиынтық тиелім ведомосінің «LМС» бағанына қажетті өзгерістер енгізеді;
      28) отырғызу агенті жиынтық тиелім ведомосі мен орталықтандыру кестесін әуе кемесінің екінші ұшқышына ұсынады да, ЖҚКҰҚ диспетчеріне рейске отырғызудың аяқталғаны және әуе кемесін рульдеу басталғаны туралы хабар береді;
      29) әуе кемесінің бортына келмеген жолаушылардың багажы міндетті түрде алып тасталады.
      7. Багажды қабылдау, ресімдеу, жеткізу, тиеу және беруді көрсетілген операциялардағы өзара іс-қимыл жасаушылар қамтамасыз етеді: багаж агенті; тіркеу агенті; багажды қабылдап тапсырушы; жүк түсіруші; авиакомпания бортсерігі/өкілі;
      8. Электрондық тикетинг (е-ticketing) билетті басып шығармай-ақ авиатасымалдарды сатуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жолаушыға басып шығарылған билетсіз рейске тіркеуге және отыруға мүмкіндік береді.
      9. Электрондық билет (е-ticket немесе ЕТ) қағаз купондар Е-ticket сервері (ЕТS) немесе авиакомпания серверінде сақталатын электрондық билет жазбасымен ауыстырылғанын білдіреді. Электрондық түрде ұшу купондары ғана сақталады.
      10. Электрондық билетті сатып алу фактісін растау ретінде маршрут түбіртегі беріледі.
      11. Электрондық билеттегі маршрутты (ITR) басып шығару төмендегідей бөлінеді:
      Принтерде басып шығару;
      электрондық мекенжайға жіберу.
      12. Шетелге ұшу кезінде паспорттық бақылаудан өту барысында маршрут түбіртегі кері билет айғағы ретінде қажет болады.
      13. Жолаушы тіркелу үшін әуежайға немесе авиакомпания көрсеткен басқа орынға авиакомпания немесе әуежай белгілеген уақыттан кешікпей, бірақ әуе кемесі ұшқанға дейін 20 минут қалғанда ол туралы ЖҚКҰҚ агентін немесе авиакомпания өкілін хабардар ете отырып, келеді.
      14. Ұшатын жолаушылардың билеттерін тіркеу және багажын ресімдеу операциялық залда немесе тіркеудің басқа әдістері арқылы жүргізіледі.
      15. Жолаушы интернет арқылы тіркелу кезінде немесе тіркелудің кез келген басқа нысандарын пайдалана отырып сәйкестендіру үшін электрондық билет нөмірін қолдана алады (өзін-өзі тіркеу тағаны немесе ұтқыр тіркелу).

3. Жолаушылардың тіркелуін қорытындылау тәртібі

      16. Тіркеу агенті тіркеу аяқталған әр отырғызу пунктінде және жалпы рейс бойынша тіркелген жолаушылар санын борттағы нақты жолаушылар санымен салыстырады. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарттарына сәйкес, сондай-ақ авиакомпания ережелерін ескере отырып, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізеді.

4. Ұшып келетін жолаушыларға қызмет көрсету тәртібі

      17. Ұшып келетін жолаушыларға қызмет көрсету мынадай тәртіпті көздейді:
      1) диспетчер рейстің келуінің есептелген уақытын хабарлағаннан кейін ЖҚКҰҚ агенті тасымалдау қызметінің диспетчерінен ұшып келе жатқан әуе кемесі жөнінде мынадай ақпарат алады:
      рейстің нөмірі;
      келу уақыты;
      жоспарланған тұрағы;
      трансферлік және транзиттік жолаушыларды қоса алғанда, жолаушылар саны;
      багаж салмағының саны;
      көмек немесе арнайы қызмет көрсету қажетті жолаушылар туралы ақпарат;
      2) отырғызу агенті жолаушыларды телескопиялық траптың алдында қарсы алады немесе неопланда жолаушылармен бірге аэровокзалға дейін ілесіп барады;
      3) қарсы алу агенті жолаушыларды паспорттық бақылаудан өткізу (халықаралық рейстерде) және багажды алу үшін әуежайдың терминалындағы келу залына жеткізу кезіндегі тәртіпті қадағалайды;
      4) әуе кемесінің бортынан багажды түсіруді орындайтын жүкші буманың жарамдылығын тексереді және жарамсыздығы анықталған жағдайда авиакомпания өкілі мен багаж жөніндегі агентке хабарлайды;
      5) авиакомпания өкілі/багаж агенті әуе кемесінен багажды қабылдайды, тиелім кезіндегі багаж орындарының санын анықтайды, деректерді ұшу құжаттарына сәйкес салыстырады.
      Барлық анықталған жарамсыздықтар багаж ведомосінде көрсетіледі (жарамсыздықтың сипаты, багаждық белгінің нөмірі), ЖҚКҰҚ агентінің және авиакомпания өкілінің тегімен және қолымен расталады;
      6) багаж әуежайдың багаждық бөліміне жеткізіледі;
      7) жүкші багажды транспортерға түсіреді. Әуежайдың жүк бөліміне бизнес класс («приорити») пен трансферлік жолаушылардың багажы бірінші кезекте жеткізіледі;
      8) багажды әуеде тиісті түрде тасымалдамаған барлық жағдайларда агент багажды тиісті түрде әуеде тасымалдағаны туралы коммерциялық актісін (бұдан әрі - РIR акті) жасайды. Багаж келмеген/зақымдалған жағдайда жолаушының өтініші РIR актісін жасау үшін негіз болып табылады.

5. Трансферлік жолаушыларға қызмет көрсету тәртібі

      18. Трансферлік жолаушыларды тіркеу және багажды ресімдеу кезінде тіркеу агенті авиакомпанияның арнайы багаждық нөмірлік белгілерін пайдаланады.
      19. Трансферлік багаж әуе кемесінің бортына бөлек багаж бөлігіне тиеледі. Бос багаж бөлігі болмаған жағдайда трансферлік жолаушылардың багажы ең соңғы кезекпен тиеледі.
      20. Әуежайдың багаж бөлімшесіне трансферлік жолаушылардың багажы бірінші кезекте жеткізіледі.

6. Транзиттік жолаушыларға қызмет көрсету тәртібі

      21. Транзиттік билеті бар жолаушы тоқтаған әуежайдан билетте көрсетілген күні және рейсі бойынша жөнелтіледі. Халықаралық тасымалдауда транзиттік жолаушы тоқтаған әуежайдағы транзиттік жолаушылар залында болады.
      22. Жолаушыны өзі қалаған рейспен жөнелту мүмкін болмаған жағдайда авиакомпания жолаушыға басқа рейстен орын немесе басқа ұшу күнін ұсынады. Жолаушы авиакомпания ұсынған рейстен немесе ұшу күнінен бас тартқан жағдайда авиакомпания жолаушының талабы бойынша орындалмаған тасымал үшін авиакомпанияның тарифтерін қолдану ережесіне сәйкес билетінің ақшасын қайтарады.

7. Жолаушы багажды тиісті түрде әуеде тасымалдамағаны
жөнінде шағымданған кезде оған қызмет көрсету тәртібі

      23. Жолаушының шағымдануына негіз болатын багажды әуеде тиісті түрде тасымалдамау фактісі РІR коммерциялық актісімен куәландырылады. Акт тікелей жарамсыздық анықталған әуежайда не келген әуежайда жасалады.
      24. РIR коммерциялық актісін жасауға мыналар негіз болады:
      1) багаж атауының, салмағының немесе багаж орындары санының құжаттарда көрсетілгенге сәйкес келмеуі;
      2) багаждағы заттардың жетіспеуі;
      3) багаждың зақымдануы;
      4) құжатсыз багаждың анықталуы.
      РIR коммерциялық актісін мыналар жасайды және оған қол қояды:
      1) авиакомпания өкілі - акт жасалған багаж үшін жауапты тұлға;
      2) ЖҚКҰҚ багаж агенті - актіде жазылған фактіні куәландырушы тұлға;
      3) багаж алушы (мүдделі тұлға).
      Акт жасауға тартылатын қосымша тұлғалардың саны багажды тиісті түрде әуеде тасымалдамау сипатына байланысты болады.
      Авиакомпанияның өкілі РIR коммерциялық актісін жасағаннан кейін авиакомпанияның негізгі әуежайының жарнама агентіне актіде көрсетілген деректері бар хабар жібереді, іздестіру жүргізеді, фактісі мен себептерін анықтайды.
      25. Багаждың тиісті түрде тасымалданбауы туралы барлық жағдайлар жөнінде ЖҚКҰҚ ауысым бастығы немесе жердегі қызмет көрсету агенті және авиакомпания өкілі дереу хабардар етіледі.
      26. Багаж келмегенде немесе орындардың саны бойынша ол кем болғанда, багаж жөніндегі агент жолаушыдан арыз өтінішін қабылдайды, рейстің нөмірі, күні, әуе кемесінің ұшу маршруты, багаждық белгілердің нөмірлері және багаждың сипаты көрсетілген РIR актісін үш данада жасайды.