Жер қойнауын пайдалану құқығын беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 1456 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалану құқығын беру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2010 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1456 қаулысымен   
бекітілген      

Жер қойнауын пайдалану құқығын беру қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдалану құқығын беру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Жер қойнауы туралы заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібін айқындайды.
      2. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай операцияларды жүргізу үшін беріледі:
      1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу;
      2) барлау;
      3) өндіру;
      4) бірлескен барлау мен өндіру;
      5) барлау немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану.
      3. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге жер қойнауын пайдалану құқығын беруді жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын, мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) жасасу тәртібіне сәйкес жүргізеді.
      4. Кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруді құзыретті орган жүзеге асырады.
      Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі құзыретті орган:
      1) пайдалы қазба көмірсутегін барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі;
      2) кең таралған және көмірсутек шикізаттарын қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болып табылады.
      5. Кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
      6. Барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беруді жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.

2. Жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру тәсілдері

      7. Жер қойнауы туралы заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай тәсілдермен:
      1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс өткізу жолымен;
      2) конкурс өткізбей тікелей келіссөздер негізінде;
      3) уәкілетті органның жазбаша рұқсаты немесе шарт негізінде беріледі.
      8. Жер қойнауын пайдалану құқығы Жер қойнауы туралы заңда және осы Қағидада көзделген жағдайларды қоспағанда, келісімшарт күшіне енген сәттен бастап берілді және пайда болды деп есептеледі.

3. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс өткізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібі Жер қойнауын беруге арналған конкурс өткізуді ұйымдастыру

      9. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Жер қойнауы туралы заңға және осы Қағидаға сәйкес өткізеді.
      10. Конкурс Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауы учаскелеріне немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бекіткен кең таралған пайдалы қазбалары бар жер қойнауы учаскелеріне қатысты өткізіледі.
      Құзыретті орган барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған жер қойнауы учаскелерінің тізбелерін, сондай-ақ ұлттық компанияның үлестік қатысуы конкурстың шарты болып табылатын жер қойнауы учаскелерінің тізбелерін қалыптастырады.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған жер қойнауы учаскелерінің тізбелерін қалыптастырады.
      Жер қойнауы учаскелерінің тізбелері жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
      11. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы кен орындарының қорларына қатысты жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы мен өнеркәсіптік санаттар қорының болуы расталғаннан кейін ғана өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге арналған конкурс өткізеді және келісімшарттар жасасады.
      12. Конкурс өткізу туралы және оны өткізу шарттары туралы ақпарат Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ конкурсты өткізетін мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жарияланады. Конкурс өткізу туралы және оны өткізу шарттары туралы ақпаратты жариялайтын баспа басылымын құзыретті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес айқындайды.
      Конкурсқа қатысуға ниет білдірген барлық тұлғалардың конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер берудің түпкілікті мерзімінен кешіктірмей конкурсты өткізу тәртібімен байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
      13. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты өткізу туралы хабарламада:
      1) оны өткізу уақыты мен орны, сондай-ақ өтінімдер беру мерзімі;
      2) конкурстың негізгі шарттары;
      3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілгелі отырған жер қойнауы учаскелерінің орналасқан жерін көрсету және оның қысқаша сипаттамасы;
      4) конкурсқа қатысу үшін жарна мөлшері туралы ақпарат және оны төлеуге арналған банк деректемелері;
      5) қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері;
      6) кадрлардағы ең төменгі қазақстандық қамту;
      7) тауарлардағы, жұмыстар мен қызметтердегі ең төменгі қазақстандық қамту;
      8) қазақстандық кадрларды оқытуға жұмсалатын шығынның ең төменгі мөлшері;
      9) келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшері қамтылуға тиіс.
      Қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты өткізу туралы хабарламада конкурсқа қатысушы Қазақстан Республикасының аумағында өңделуін қамтамасыз етуге міндеттенетін өндірілген минералдық шикізаттың ең төменгі мөлшері туралы талап қамтылуы мүмкін.
      Конкурсқа қатысушы Қазақстан Республикасының аумағында өңделуін қамтамасыз етуге міндеттенетін минералдық шикізаттың ең төменгі мөлшерін құзыретті орган айқындайды.
      14. Кең таралған пайдалы қазбаларды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсқа қатысуға өтінімдер беру үшін конкурсқа қатысушыларға берілетін мерзім конкурсты өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап бір айдан кем болмауы керек.
      Конкурстың шарттары жарияланған күн мен конкурс өткізілетін күн (қорытындыларын шығарудың басталуы) арасындағы мерзім төрт айдан, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - үш айдан кем болмауы керек.
      Конкурсқа қатысу жарнасы қайтаруға жатпайды.
      15. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімде:
      1) заңды тұлғалар үшін - өтініш берушінің атауы, оның орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігі, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы үлестерінің мөлшері (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) көрсетіле отырып, өтініш беруші заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетіле отырып, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында заңды тұлғаның осындай қағаздарының айналымы туралы мәліметтер, өтінім берушінің еншілес ұйымдары туралы мәліметтер;
      2) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі мен аты, заңды мекенжайы, азаматтығы, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттары, өтінім берушінің салық органдарында тіркелуі туралы, өтінім берушінің кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуі туралы мәліметтер;
      3) өтініш берушінің мүддесін білдіретін басшылардың немесе өкілдердің өкілеттіктері туралы мәліметтерді қоса алғанда, мұндай тұлғалар туралы деректер;
      4) өтініш беруші соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, оның бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
      5) өтініш беруші үміттеніп отырған жер қойнауы учаскесінің атауы және жер қойнауын пайдалану құқығы;
      6) өтініш берушінің конкурсқа қатысу жарнасын төлегені туралы құжат қамтылуға тиіс.
      Өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар өтінімге қоса беріледі.
      16. Өтініш беруші осы Қағиданың 14-тармағының талаптарын сақтаған жағдайда өтінім қарауға қабылданады. Бұл талаптарға сәйкес келмейтін өтінім қабылданбауға тиіс.
      17. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы конкурсқа қатысуға берілген өтінімнің қабылданғаны туралы өтініш берушіге конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде ресми түрде хабарлайды.
      18. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурсқа шығарылатын жер қойнауы учаскелері бойынша геологиялық ақпарат топтамаларын конкурс туралы хабарламаға дейін дайындайды және оның құнын айқындайды. Топтама қолда бар геологиялық, тау-кен-техникалық, технологиялық және өтініш берушінің конкурсқа қатысу туралы шешім қабылдауы үшін қажетті өзге де ақпарат көлемін қамтуға тиіс.
      19. Конкурсқа қатысуға өтінім қабылданғаннан кейін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге шығарылатын жер қойнауы учаскесі бойынша геологиялық ақпарат топтамасын өтініш беруші жүгінгеннен кейін бір ай ішінде ақылы түрде береді. Геологиялық ақпарат топтамасының құны тарихи шығындар мөлшері негізге алынып анықталады. Геологиялық ақпарат топтамасының құны қайтаруға жатпайды.
      20. Өтініш берушінің алынған геологиялық ақпаратты кез-келген нысанда жария етуге немесе үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ.

Конкурстық ұсыныс

      21. Конкурсқа қатысуға жіберілген қатысушының конкурстық ұсынысты беру мерзімі конкурсқа қатысуға қабылданғаны туралы ресми хабарландыруда айқындалады.
      22. Конкурстық ұсынысты құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына беру мерзімі конкурс жарияланған күннен бастап үш айдан аспауы тиіс.
      Конкурстық ұсыныс берген конкурсқа қатысушының конкурстық ұсыныстарды беру мерзімі аяқталған күннен бастап оны кері қайтарып алуға немесе өзгертуге құқығы жоқ.
      23. Конкурстық ұсыныста:
      1) қол қойылатын бонустың ұсынылатын мөлшері;
      2) мәлімделген қол қойылатын бонусты толық көлемде төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау мүмкіндігін растайтын құжаттар (жеке қаражат, банктердің кепілдігі);
      3) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
      4) қазақстандық кадрларды оқыту мен олардың біліктілігін арттырудың міндетті бағдарламаларының іске асырылуына қарай өсіп отыруға тиіс кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша міндеттемелер;
      5) қазақстандық кадрларды оқыту жөніндегі міндеттемелер;
      6) келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті тауарлардағы, жұмыстар мен қызметтердегі қазақстандық қамту бойынша міндеттемелер;
      7) келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшері;
      8) кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныстарды қоспағанда, келісімшартқа қол қойғанға дейін Қазақстан Республикасындағы өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасын іске асыруға қатысты Өзара түсіністік туралы меморандумға қосылу жөніндегі міндеттемелер;
      9) геологиялық ақпаратты сатып алғаны үшін ақы төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі қамтылуға тиіс.
      24. Конкурсты өткізу туралы хабарламада конкурсқа қатысушы Қазақстан Республикасының аумағында өңделуін қамтамасыз етуге міндеттенетін минералдық шикізаттың ең төменгі мөлшері белгіленген жағдайда конкурстық ұсыныс осындай талапқа сай болуға тиіс.
      25. Осы Қағиданың 22-тармағында, сондай-ақ 13-тармақтың 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сай келмейтін конкурстық ұсыныс қабылданбауға тиіс.
      26. Өтінім беруші мәлімделген қол қойылатын бонусты толық көлемде төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау мүмкіндігін растау мақсатында келесі құжаттарды қоса береді:
      егер төлемді жеке қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделіп отырған жағдайда, өтінім берушінің банк шотында тиісті соманың барын растайтын құжатты ұсынады.
      егер қаржыландыру қарыз қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделіп отырған жағдайда кредиттік ұйымнан растау құжаттарының түпнұсқаларын немесе олардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін қоса береді.
      Өтінім беруші өзінің қаржылық мүмкіндігін растайтын қосымша құжаттар ұсына алады. Бұл ретте, ұсынылатын құжаттар жеңімпазды анықтау кезінде басымдық болып табылмайды.
      27. Конкурстық ұсыныстың түпнұсқасы мен өтінім беруші куәландырған көшірмесін өтінім беруші мемлекеттік немесе орыс тілдерінде береді. Конкурстық ұсыныс пен оған қоса берілетін құжаттар тігілуі, жуылғанда кетпейтін сиямен нөмірленуі, өтінім берушінің қолымен, ал мөр болған жағдайда - өтінім берушінің мөрімен куәландырылуы тиіс.
      28. Конкурстық ұсыныстың ұсынуға қажетті көшірмелерінің санын конкурсқа қатысуға өтінім қабылдау туралы ресми хабарламада құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы айқындайды, бірақ ол Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) мүшелерінің санынан аспауы тиіс. Өтінім беруші конкурстық ұсыныстың түпнұсқасы мен оның көшірмелері мәтінінің бірдейлігін қамтамасыз етеді.
      29. Конкурстық ұсыныстың түпнұсқасы «Түпнұсқа» деген жазуы бар жеке мөрленіп жабылған пакетте ұсынылады. Конкурстық ұсыныстың көшірмелері «Көшірме» деген жазуы бар жеке мөрленіп жабылған пакеттерде ұсынылады.
      30. Конкурстық ұсыныстың түпнұсқасы мен көшірмелері салынған пакеттерге өтінім беруші өзі куәландырған, пакетке салынған құжаттардың тізімдемесін салады.
      Пакеттерде мынадай ақпарат көрсетілуге тиіс:
      1) конкурстың атауы;
      2) конкурстық ұсыныс беріліп отырған конкурсқа шығарылған жер қойнауы учаскесінің атауы;
      3) өтінім берушінің атауы (Т.А.Ә.) және пошталық мекенжайы;
      4) «Ашуға болмайды. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның қарауына» деген жазу.
      31. Конкурстық ұсыныста өтініш беруші ұсынған міндеттемелер мен ниеттер келісімшартқа енгізіледі.
      Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазын айқындау тәртібі
      32. Конкурстың жеңімпазы конкурстық ұсыныстарды қарау қорытындылары:
      1) қол қойылатын бонустың мөлшері;
      2) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстардың мөлшері бойынша айқындалады.
      Кең таралғандарынан басқа, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныстарды табыс еткен өтініш берушілер арасына конкурс жеңімпазын жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссия айқындайды.
      33. Конкурстың қорытындыларын шығару жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның) барлық қатысушы мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
      Конкурстың қорытындыларын шығару мерзімі конкурстық ұсыныстарды беру мерзімі аяқталған күннен бастап он бес күннен аспауға тиіс.
      Конкурстың қорытындыларын шығару мерзімі жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның) шешімі бойынша, бірақ бір айдан аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін.
      34. Конкурстың нәтижелері ресми баспа басылымында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ конкурсты өткізетін мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс. Конкурстың нәтижелері туралы ақпаратты жариялайтын баспа басылымын құзыретті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес айқындайды.

Конкурсты өткізілмеді деп танудың тәртібі мен негіздері

      35. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты Комиссия мынадай жағдайларда:
      1) екіден кем өтінім берілгенде;
      2) егер конкурсқа қатысуға екіден кем қатысушы жіберілгенде;
      3) егер қабылданған бір ғана конкурстық ұсыныс қалғанда өткізілмеді деп таниды.
      36. Конкурсты өткізілмеді деп тану туралы хабарландыру ресми баспа басылымында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ конкурсты өткізетін мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс. Конкурсты өткізілмеді деп тану туралы хабарландыруды жариялайтын баспа басылымын құзыретті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген ресімдерге сәйкес айқындайды.

Қайталама конкурс өткізудің тәртібі мен негіздері

      37. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда Жер қойнауы туралы заңның 53-бабына сәйкес құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы:
      1) конкурсты қайтадан өткізу туралы;
      2) конкурстық құжаттаманы өзгерту (конкурсты өткізу туралы хабарламада көрсетілген конкурстың шарттарын) және конкурсты қайтадан өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдауы мүмкін.
      38. Қайталама конкурс Жер қойнауы туралы заңда көзделген тәртіппен және мерзімдерде өткізіледі.
      39. Егер конкурс бір ғана өтінімнің немесе конкурстық ұсыныстың келіп түсуіне байланысты өткізілмеді деп танылған жағдайда, қайталама конкурс кезінде осындай конкурстық ұсынысты тапсырған өтініш берушіден конкурсқа қатысу жарнасы және геологиялық ақпарат топтамасының құны алынбайды.
      40. Егер қайталама конкурс қабылданған бір ғана конкурстық ұсыныстың болуы салдарынан өткізілмеді деп танылған жағдайда құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Жер қойнауы туралы заңның 54-бабына сәйкес осындай конкурстық ұсынысты тапсырған конкурсқа қатысушымен конкурстық ұсыныста жазылғандардан нашар болмайтын талаптарда тікелей келіссөздер жолымен келісімшарт жасасуға құқылы.

4. Тікелей келіссөздер негізінде келісімшарт жасасу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын беру

      41. Конкурс өткізбей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде:
      1) барлауға арналған келісімшарт негізінде коммерциялық табумен байланысты өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға айрықша құқығы бар тұлғамен өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
      2) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге;
      3) жалпыға ортақ пайдаланатын теміржол мен автомобиль жолдарын  және көпірлерді салу (реконструкциялау, жөндеу) кезінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
      4) ұлттық компаниямен барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
      5) барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге егер қайталама конкурс бір ғана конкурстық ұсыныстың қабылдануы салдарынан өткізілмеді деп танылған жағдайда;
      6) қойнауында жерасты сулары бар жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушысы осы учаскеде арнаулы су пайдалану құқығын иеленген жағдайда, онымен халықты ауыз сумен немесе шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшін тәулігіне екі мың текше метрден астам көлемдегі жерасты суларын өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге келісімшарттар жасалады.
      42. Кең таралғандардан басқа, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздерді құзыретті органның жұмыс тобы жүргізеді.
      43. Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүргізеді.
      44. Барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздерді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның жұмыс тобы жүргізеді.
      45. Барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      46. Барлауға арналған келісімшарт негізінде коммерциялық табумен байланысты өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға айрықша құқығы бар тұлғамен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелерін қоспағанда, тікелей келіссөздер негізінде кең таралғандардан басқа пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелерін құзыретті орган айқындайды.
      47. Тікелей келіссөздер негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге берілетін жер қойнауы учаскелерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы айқындайды.
      48. Ұлттық компанияға барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын берген жағдайларда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы құзыретті органнан хабарлама алған кезден бастап жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін жерді резервтеуді Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
      49. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлға тікелей келіссөздерге қатысу үшін өтінімді Жер қойнауы туралы заңда белгіленген талаптар сәйкес құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      50. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім қабылданғаннан кейін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган өтініш беруші жүгінгеннен кейін бір ай ішінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша геологиялық ақпарат топтамасын ақылы түрде береді.
      51. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Жер қойнауы туралы заңның 59-бабына сәйкес өтініш берушіні тікелей келіссөздерге қатысуға арналған өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы немесе тікелей келіссөздор жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етеді.
      Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы өтініш берушіні тікелей келіссөздер жүргізілетін күн туралы хабардар етеді.
      52. Тікелей келіссөздер Жер қойнауы туралы заңның 58-бабының талаптарына сәйкес ресімделген өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен ұзартылуы мүмкін.
      53. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған жағдайда өтініш берушімен келісімшарт Жер қойнауы туралы заңның 60-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Жер қойнауы туралы заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалады.
      54. Өтініш беруші тікелей келіссөздер барысында ұсынған және құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдаған жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары міндетті түрде тікелей келіссөздер хаттамасына, ал кейіннен келісімшартқа қосылады.

Барлау сатысынан өндіру сатысына ауысу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ерекшеліктері

      55. Барлауға арналған келісімшарт негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушының конкурс өткізілмей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде өндіруге арналған келісімшарт жасасуға айрықша құқығы болады.
      56. Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орындарын табу мен бағалауды жүргізген тұлға Жер қойнауы туралы заңның 60-бабына сәйкес барлауға арналған келісімшарт қолданысының мерзімі ішінде не барлауға арналған келісімшарт аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы өтініммен құзыретті органға жүгінуге құқылы.

5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу тәртібі

      57. Құзыретті органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органның тікелей келіссөздер негізінде келісімшарт жасасу туралы шешімі немесе Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның конкурстың жеңімпазын айқындау туралы шешімі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу үшін негіздеме болып табылады.
      58. Барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қол қойылғанға және ол тіркелгенге дейін конкурстың жеңімпазы не тікелей келіссөздер негізінде келісімшарт жасалатын тұлға Жер қойнауы туралы заңның 64-бабында белгіленген тәртіппен іздестіру жұмыстарының жобасын әзірлейді, ал өндіруге арналған келісімшарт бойынша Жер қойнауы туралы заңның 66-бабында белгіленген тәртіппен жобалық құжаттарды әзірлейді.
      59. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасы модельдік келісімшарттың, тікелей келіссөздер хаттамасының немесе жеңімпаздың конкурстық ұсынысының және белгіленген тәртіппен әзірленген және бекітілген құжаттардың негізінде Жер қойнауы туралы заңның 62-бабында белгіленген тәртіппен жасалып, бекітілген жұмыс бағдарламасының негізінде әзірленеді.
      60. Жұмыс бағдарламасы Жер қойнауы туралы заңның 63-бабында белгіленген тәртіппен жасалады.
      61. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт келісімшарттың, жұмыс бағдарламасының талаптарын белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық құжаттар негізінде құзыретті органмен немесе облыстық, республикалық, қалалық, астаналық жергілікті атқарушы органымен түпкілікті келіскеннен кейін, сондай-ақ келісімшарт жасасуға мүмкіндік беретін міндетті сараптамалар нәтижелерін алғаннан кейін Жер қойнауы туралы заңның 68-бабында көзделген тәртіппен жасалады.
      62. Келісімшарт құзыретті органда немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органында міндетті тіркеуге жатады және тіркелген кезінен бастап күшіне енеді.

6. Жер қойнауын пайдалану құқығын уәкілетті органның жазбаша рұқсаты немесе шарт негізінде беру

      63. Келісімшарт аумағындағы немесе одан тысқары жерлердегі барлаумен немесе өндірумен байланысты емес және радиоактивті қалдықтарды, зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларға арналған жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі  уәкілетті органның жазбаша рұқсаты негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      64. Шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық мақсатындағы жерасты суларын тәулігіне елу текше метрден екі мың текше метрге дейін алу лимиттерімен өндіру құқығын беру, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, суды бұру саласындағы уәкілетті орган берген рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      65. Жер қойнауын пайдаланушыға пайдалы қазбаны өндірудің технологиялық схемасына сәйкес өндірістік-техникалық жерасты суларын тәулігіне екі мың және одан да көп текше метр көлемінде қаттарға айдау үшін оларды барлау немесе өндіру не тау-кен өнімдерін пайдалану кезінде суды азайту мақсатында жерасты суларын өндіру құқығын беру, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның рұқсат беруі арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      66. Кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін, сондай-ақ тәулігіне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру қойнауында кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бар жер учаскесін жеке меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі. Жер учаскесін уақытша жер пайдалануға беру кезінде кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін, сондай-ақ тәулігіне елу текше метрден аспайтын көлемде өндірілетін жерасты суларын пайдалану талаптары уақытша жер пайдалану туралы шартта көзделуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2010 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1456 қаулысына    
қосымша         

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын берудің тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы № 108 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 3, 39-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы № 108 және 2000 жылғы 7 ақпандағы № 183 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 сәуірдегі № 531 қаулысының 1-тармағының 1)тармақшасы.
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы № 108 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 маусымдағы № 894 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 24-25, 307-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы № 108 қаулысына толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 1 қарашадағы № 1160 қаулысы.
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 сәуірдегі № 340 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 148-құжат).
      6. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 4 желтоқсандағы № 1164 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 46, 493-құжат).