Мемлекеттік материалдық резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 қарашадағы № 1184 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 10 қарашадағы
№ 1184 қаулысымен   
      бекітілген      

Мемлекеттік материалдық резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидасы

      1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидасы (бұдан әрі - Қағида) мемлекеттік материалдық резервтің (бұдан әрі - мемлекеттік резерв) материалдық құндылықтарының жетіспеуі, ұрлануы немесе жоғалуы нәтижесінде пайда болған дебиторлық берешекті есептен шығару тәртібін айқындайды.
      2. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын орналастыруды, есепке алуды және оларды саны мен сапасы үшін бақылауды «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттік резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылады.
      Қағидаға сәйкес мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері бойынша қарызға алу тәртібімен және белгіленген мерзімде қалпына келтірілмеген, сондай-ақ уәкілетті органның шарттық қарым-қатынастары бойынша материалдық құндылықтарды шығару;
      сақтау пункттеріндегі материалдық құндылықтардың жоғалуы немесе ұрлануы нәтижесінде, оның ішінде олардың банкротқа ұшырауы мен таратылуы, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде лауазымды және басқа адамдарды жауапқа тарту үшін негіз болмаған кезде пайда болған мемлекеттік резервтің дебиторлық берешегін есептен шығаруға жатады.
      4. Дебиторлық берешекті анықтауды:
      сақтау пункттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы материалдық құндылықтардың сақталуына бақылау тексеруін жүргізу (тексеріс);
      есеп беру материалдарын жыл сайын салыстырып тексеру және талдау;
      тиісті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тарта отырып, тексеру (тексеріс) материалдарын құқық қорғау органдарына тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жазбаша түрде сұрау салу және жіберу нәтижесінде уәкілетті орган жүзеге асырады.
      5. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бойынша дебиторлық берешек материалдық құндылықтардың салу құны бойынша оның пайда болған сәтінен бастап есептеледі.
      6. Дебиторлық берешектің осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес анықталған есептен шығаруға негіз құжаттық расталуға жатады. Осы мақсаттар үшін мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган растайтын құжаттарды жинауды жүзеге асырады және негіз болған жағдайда дебиторлық берешекті есептен шығару туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.
      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасына:
      материалдық құндылықтардың тиісті атауларының тізбесін көрсете отырып, есептен шығаруға жататын дебиторлық берешек, олардың саны мен есептік құны;
      дебиторлық берешектің пайда болуының себептерін талдай отырып, негіздеме-анықтама, оны қалпына келтіру (қайтару) бойынша уәкілетті органның қабылдаған шаралары;
      растайтын құжаттар қоса беріліп отыр.
      8. Растайтын құжаттарға:
      жоспарлы және есеп беру құжаттарына негізделген материалдық құндылықтардың саны, атауы, сомасы, салу уақыты және дебиторлық берешектің пайда болған уақыты туралы деректер;
      материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығару туралы Үкіметтің шешімдері, уәкілетті органның шығаруға арналған шарттары (болған жағдайда);
      уәкілетті органның тексеру (тексеріс) және түгендеу актілері;
      тиісті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мамандарының тексеру (тексеріс) материалдары;
      материалдық құндылықтар орналасқан ұйымдардың банкротқа ұшырауын (таратылуын) растайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (құқық қорғау, сот, әділет, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс істеу бойынша, статистика, мемлекеттік мұрағат) құжаттары;
      жетіспеушілік, ұрлану, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың нәтижесінде материалдық құндылықтар жоғалған жағдайда құқық қорғау органдарының немесе соттың материалдық құндылықтардың жоғалу фактілерін және оларды қалпына келтіру бойынша мүмкіндіктің және/немесе перспективалардың жоқтығын растайтын іс жүргізу шешімдері және басқа да құжаттары;
      материалдық құндылықтарды және баска да материалдарды сақтауды жүзеге асыратын ұйымдардың (банкротқа ұшырау, тарату) заңды мәртебесі туралы құзыретті органдардың мәліметтері жатады.
      9. Дебиторлық берешекті есептен шығару туралы шешім дайындау кезінде сақтау пунктінің уәкілетті органға соңғы есеп беру сәтінен бастап есептелетін материалдық құндылықтардың жойылу мерзімінің өтуі, жойылған материалдық құндылықтардың қазіргі заманда пайдалануға мардымсыздығы (құнсыздығы) немесе жарамсыздығы сияқты жағдайлары назарға алынады.
      10. Дебиторлық берешекті есептен шығару туралы қаулы жобасын дайындау және жіберу оны өндіріп алу (қайтару) жөнінде шаралар қабылдау үшін негіз болып табылмайды және уәкілетті орган болашақта мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары бойынша дебиторлық берешектің пайда болуы үшін жағдайдың туындауының алдын алу жөнінде барлық қажетті шаралар қабылдайды.
      11. Қазақстан Республикасының Үкіметі келіп түскен құжаттарды қарау нәтижелері бойынша оң шешім қабылдаған жағдайда дебиторлық берешек, материалдық құндылықтар және олар орналастырылған сақтау пункттері уәкілетті органның есебінен алып тасталады.