Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне авиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 ақпандағы № 61 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 28 ақпандағы № 285 қаулысында:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы ережеде:
      3-тармақтың бірінші абзацында «лицензиялық және» деген сөздер алынып тасталсын;
      4-тармақта:
      бесінші және алтыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерінен;
      бортында тек қана король тектілер, мемлекет басшылары және үкімет басшылары бар ұшуларды жүзеге асыратын әуе кемелерінен.»;
      39-тармақ алынып тасталсын;
      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «41. Шетелдік азаматтық әуе кемелері үшін чартерлік (бір жолғы) халықаралық ұшуларды орындауға рұқсатты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Тұрақты емес ұшуларды орындауға рұқсат беру ережесіне және рұқсат беруден бас тарту үшін негіздерге сәйкес береді.
      Азаматтық әуе кемелеріне жатпайтын әуе кемелерінің бір жолғы ұшуларын орындауға рұқсатты сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен алдын ала келісе отырып береді.»;
      2) «Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнінде қызмет көрсету үшін авиабағыттарға конкурс өткізу және куәліктер беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 401 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 10, 100-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Жолаушылар, теңдеме жүк, жүк және почтаны тасымалдау жөнінде қызмет көрсету үшін авиабағыттарға конкурс өткізу және куәліктер беру ережесінде:
      16-тармақтың бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Конкурс, осы Ереженің 25-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылына екі рет, күзгі-қысқы навигация (қазанның соңғы жексенбісі) және көктемгі-жазғы навигация (наурыздың соңғы жексенбісі) басталғанға дейін алдын ала жүргізіледі.»;
      21-тармақтағы «бес күн мерзімде» деген сөздер «бес жұмыс күні ішінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 23-1-тармақпен толықтырылсын:
      «23-1. Конкурстық комиссия конкурс жеңімпазы анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс қорытындылары туралы хаттаманы ресімдейді, оған төраға және отырысқа қатысқан конкурстық комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей:
      1) хаттаманың мәтінін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады;
      2) конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген мәліметтері бар конкурсқа қатысушының жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей оған конкурс қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін қайтарымсыз негізде ұсынады.
      Конкурс қорытындылары туралы хаттамадағы және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер ақы алмастан барлық мүдделі тұлғалар танысу үшін қол жетімді болуы тиіс»;
      25-тармақтағы «14 күн» деген сөздер «14 жұмыс күні» деген сөздермен ауыстырылсын;
      25-1-тармақта:
      «танылуы мүмкін» деген сөздер «танылады» деген сөзбен ауыстырылсын;
      27-тармақтағы «бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін» деген сөздер «бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге беріледі» деген сөздермен ауыстырылсын;
      30, 31-тармақтар алынып тасталсын;
      3) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 712 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 30, 290-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі ережесінде:
      1-тармақта:
      екінші абзацтағы «аумағының үстіндегі» деген сөздер «аумағында және әуе кеңістігінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
      үшінші абзацтағы «қамтиды» деген сөздің алдынан «, әуеайлақтың жұмыс алаңында әуе кемелерінің қозғалысын басқару тәртібін» деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «Әуеайлақтың жұмыс алаңы - маневр жасау алаңы мен перроннан (перрондардан) тұратын әуе кемелерінің ұшуына, қонуына және оларды рөлдеуге арналған әуеайлақ бөлігі.»;
      46-тармақта:
      бірінші абзацтағы «жергілікті әуе желілерінің» деген сөздер «жергілікті әуе желілері,» деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші абзац алынып тасталсын;
      124-тармақтың он жетінші абзацы алынып тасталсын;
      152-тармақ «азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 21-1-тараумен толықтырылсын:
      «21-1-тарау. Әуеайлақтарда адамдар және көлік құралдарының қозғалысын басқару тәртібі
      277-1. Әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы, тіркеп сүйрелетін әуе кемелерін қоса алғанда, адамдардың немесе көлік құралдарының қозғалысы олар үшін немесе қонуды, рөлдеуді немесе ұшуды орындайтын әуе кемелері үшін туындайтын қауіпті болдырмау үшін әуеайлақтың диспетчерлік пунктімен басқарылады. Барлық жағдайларда рөлдеу жолдары мен ұшу-қону жолағында адамдар мен көлік құралдарының әуеайлақ диспетчерлік пунктінің рұқсатынсыз жүруіне рұқсат етілмейді.
      277-2. Көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда көзделген ережелердің қолданылу шарттарында:
      1) әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы жұмыс істеуші адамдар мен көлік құралдарының саны қажетті минимуммен шектеледі және II санатты немесе III санатты аспаптар бойынша қонуға дәл бет алған кезде ILS Сезімтал аймағын (аймақтарын) қорғауға қойылатын талаптарға ерекше назар аударылады;
      2) 277-3-тармақтағы ережелерді сақтауды ескере отырып, әуеайлақ диспетчерлік пунктінің тиісті диспетчері қолда бар техникалық құралдарды назарға ала отырып белгілеген көлік құралдары мен рөлдейтін әуе кемелері арасындағы ең аз қашықтық сақталады;
      3) сол бір ҰҚЖ-ға қонуға нақты бет алу тұрақты орындалған кезде II санатты немесе III санатты аспаптар бойынша ILS-пен бірлесіп, ILS-тің неғұрлым шектейтін сыни және сезімтал аймақтарын қорғау қамтамасыз етіледі.
      Көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда көзделген ережелердің қолданылу мерзімі көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда әуеайлақта операцияларды орындауға қатысты нұсқаулық материалына сәйкес белгіленеді, Жер үстіндегі қозғалысты басқару және оны бақылау жүйелері жөніндегі басшылықта көрсетіледі (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы, doc 9476) және әуеайлақтың аэронавигациялық паспортында жазылады.
      277-3. Зардап шеккен әуе кемесіне көмек көрсету үшін жүретін авариялық-құтқару көлік құралдары жер үстіндегі барлық басқа қозғалыс түрлерінің алдында басымдыққа ие болады.
      277-4. 277-3-тармақ ережелерінің сақталуы шартымен маневр жасау алаңында орналасқан көлік құралдары мынадай ережелерді сақтайды:
      1) көлік құралдары және әуе кемелерін тіркеп сүйрейтін көлік құралдары қонатын, ұшатын және рөлдейтін әуе кемелеріне жол береді;
      2) көлік құралдары әуе кемелерін тіркеп сүйрейтін басқа көлік құралдарына жол береді;
      3) әуеайлақ диспетчерлік пункті диспетчерінің нұсқауларына сәйкес көлік құралдары басқа көлік құралдарына жол береді;
      4) көлік құралдары мен әуе кемелерін тіркеп сүйрейтін көлік құралдары әуеайлақ диспетчерлік пункті диспетчерінің нұсқауларын орындайды»;
      282-тармақтағы «498» деген сандар «414» деген сандармен ауыстырылсын;
      352-тармақтың 1) тармақшасы «(ҰҚЖ шегі) немесе орташа теңіз деңгейіне келтірілген әуеайлақтағы атмосфералық қысымның шамасы бойынша (ҰҚЖ шегі)» деген сөздермен толықтырылсын;
      353-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      «Экипаж орташа теңіз деңгейіне келтірілген әуеайлақтағы атмосфералық қысымның шамасын (ҰҚЖ шегін) пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда экипаж мүшелері барометрлік биіктік өлшегіштің стрелкаларын әуеайлақтан ұшу биіктігіне қояды және қысым шкаласының көрсеткенін теңіздің орта деңгейіне келтірілген әуеайлақтағы атмосфералық қысым шамасымен салыстырады.»;
      354-тармақта:
      «әуеайлақтағы атмосфералық қысымға» деген сөздерден кейін «(немесе теңіздің орта деңгейіне келтірілген әуеайлақтағы атмосфералық қысымға (ҰҚЖ шегі),» деген сөздермен толықтырылсын;
      355-тармақта:
      «қону әуеайлағындағы» деген сөздерден кейін «(немесе теңіздің орта деңгейіне келтірілген әуеайлақтағы атмосфералық қысымға)» деген сөздермен толықтырылсын;
      «229-тармақта» деген сөздер «әуе кемесінің ұшуды пайдалану жөніндегі нұсқаулығында» деген сөздермен ауыстырылсын;
      357-тармақтағы «әуеайлақтағы қысым» деген сөздерден кейін «(оны пайдалану туралы экипаж шешім қабылдаған жағдайда)» деген сөздермен толықтырылсын;
      506-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «506. Таулы әуеайлақтарда АҰЕ бойынша ұшу кезінде төменгі қауіпсіз эшелоннан төмендеу және белгіленген схема бойынша қонуға бет алуды орындауға рұқсат меже ұшуларын жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген радиолокациялық бақылау, навигациялық жабдықтың тұрақты жұмысы кезінде ұшып өткеннен, экипаж бен диспетчердің әуе кемесінің орналасқан жерін білгеннен кейін беріледі.
      Радиолокациялық бақылаудың болмауы, бірақ навигациялық жабдықтың тұрақты жұмыс жасауы кезінде ӘК экипажы қатаң түрде АҰЕ-де жарияланған қонуға төмендеу сызбаларын ескере отырып ұшуға төмендеуді жүзеге асыра алады.
      РЛБ болуы және навигациялық жабдықтың тұрақты емес жұмыс жасауы кезінде ӘК экипажы осы ережеге және әуеайлақтың векторлық картасына сәйкес ӘКҚҰ қызметінің диспетчері арқылы басқарылатын радиолокациялық айналысты пайдалана отырып, ұшуға төмендеуді жүзеге асыра алады.
      Радиолокациялық бақылаудың болмауы және навигациялық жабдықтың тұрақсыз жұмыс істеуі кезінде төменгі қауіпсіз эшелоннан төмендеуге рұқсат етілмейді. Бұл жағдайда әуе кемесі қосалқы әуеайлаққа бағыт алуы тиіс»;
      604-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «604. Өндірістік немесе әдістемелік ұшуды орындайтын экипаж құрамына сапқа кіру бағдарламасы бойынша ұшуларды орындайтын бір ғана тексерушіні немесе нұсқаушыны жіберуге рұқсат етіледі. Ұшуға рұқсаты бар азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғалары тексеру жүргізу кезінде экипаж кабинасында бос орын болған кезде басқа тексерушінің болуына қарамастан экипаж құрамына енгізіледі.
      Экипаждағы ұшқыштар құрамы тұлғаларының ішінен тексерушілердің жалпы саны екеуден артық болмауы тиіс.
      Азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның ұшуға рұқсаты бар лауазымды тұлғалары мамандығын көрсете отырып, тексеру жүргізу кезінде әуе кемесі экипажының кабинасында болу құқығымен ұшу тапсырмасының «Тексерушілер» деген бағанына, ал мұндай рұқсаты жоқтар әуе кемесін пайдаланушылармен келісім бойынша бос орындар болған кезде жолаушылар салонында болу құқығымен «Қызметтік жолаушылар» деген бағанына жазу арқылы ұшу тапсырмасына белгіленген тәртіппен енгізілуі мүмкін.»;
      654-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «654. Мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерін меңгермеген және Қазақстан Республикасының әуежайында (әуеайлағында) қонуды жоспарлаған халықаралық мәртебесі жоқ шетелдік әуе кемесінің экипажы қауіпсіздік үшін әуе кемесінің бортында Қазақстан Республикасы ұшқышының немесе штурманының қолданыстағы куәлігі бар тұлғамен қамтамасыз етіледі. Әуе кемелерін жүргізуге рұқсат етілген ұшқыштар құрамы тұлғаларының тізбесін Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының мүдделі ұйымдарының ұсынымы бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган анықтайды»;
      мынадай мазмұндағы 46-1-тараумен толықтырылсын:
      «46-1-тарау. Тікұшақтармен ұшу
      683-1. Жолаушыларды тасымалдау мақсатында тікұшақтармен ұшу әуеайлақтарға (қону алаңдары) қону арқылы орындалады. Почтаны, жүктерді тасымалдау, сондай-ақ авиациялық жұмыстарды орындау кезінде (соның ішінде қызметтік жолаушылар мен тапсырыс берушінің жолаушыларын тасымалдау) әуеден таңдап алынған алаңдарға қонуға рұқсат етіледі.
      Тау басында, ойпаттарда, террасаларда, ғимараттардың шатырында, көтеріңкі платформаларда, теңіз (ішкі сулар) кемелерінің палубаларында, жүзбелі бұрғылау қондырғыларында жабдықталған қону алаңдарынан ұшулар ҚР ӘК ҰНЕ белгілеген ережелерге, ҰПБ талаптарына және алаңдарда ұшуларды жүргізу жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес жүргізіледі.
      683-2. Ұшақтар мен тікұшақтар бір мезгілде пайдаланатын әуеайлақтарда тікұшақтар үшін жеке старты бар арнайы алаңдар жабдықталады.
      Ұшақтар мен тікұшақтардың бірлесіп ұшуын ұйымдастыру осы әуеайлақта ұшуларды жүргізу жөніндегі нұсқаулықпен реттеледі.
      683-3. Әуеден қону алаңдарын таңдауға құқығымен ұшуға жіберілген ӘҰЕ бойынша ұшуға шешім қабылдаған кезде тікұшақ командиріне ұшуларды жүргізу жөніндегі нұсқаулықтары бар тапсырыс берушінің қону алаңдарынын қосалқы ретінде пайдалануына рұқсат етіледі.
      683-4. Тікұшақ қозғалтқышын (қозғалтқыштарын) қосар алдында көтергіш бұрамасынан шыққан ағынға ұшырауы мүмкін заттар оның шетінен кемінде бір диаметр қашықтыққа алыстатылуы тиіс.
      683-5. Көтергіш жүйені қосып, қозғалтқышты (қозғалтқыштарды) қосуға және сынақтан өткізуге экипаж құрамы толық болған кезде тікұшақ командиріне ғана рұқсат етіледі.
      Арқандап байлау бекітпесімен арнайы жабдықталған алаңдарда, сондай-ақ теңіз (ішкі су) кемелері палубаларында берік арқандап байлау қамтамасыз етілген кезде көтергіш жүйені қосып, қозғалтқышты сынақтан өткізуге және қосуға тікұшақ командиріне, сондай-ақ бортмеханикке және арнайы дайындықтан өткен ИАҚ-тың тұлғаларына рұқсат етіледі.
      683-6. Тікұшақты рөлдеген кезде көтергіш бұрамалар қалақтарының шетінен кедергілерге дейінгі ара қашықтық көтергіш бұрама диаметрінің жартысынан кем болмауы тиіс.
      Теңіз (ішкі су) кемесінің палубасында, көтеріңкі платформада және басқа да арнайы алаңдарда орналасқан тікұшақтың көтергіш бұрамасы қалақтарының шетінен ең төмен арақашықтық әр үлгідегі алаңдардан ұшуларды жүргізу жөніндегі нұсқаулықтармен реттеледі және осы алаңдардың конструкциясымен қамтамасыз етілуі тиіс.
      683-7. Әрбір ұшу алдында тікұшақ командирі тартым қоры бойынша ұшу әдісінің мүмкіндігін анықтау мен таңдау, теңдестіруді есептеу, басқару органдарының жарамдылығын тексеру мақсатында бақылау қалықтауын орындайды. Бақылау қалықтауының биіктігін тікұшақ командирі таңдап алынған ұшу әдісі мен орындалатын жұмыс түріне қарай анықтайды. АХЖ ұшулары кезінде, сондай-ақ оқу және ұшу жаттығу ұшуларын орындау кезінде бақылау қалықтауы ұшулардың басталуы алдында және отынның әрбір қосымша құйылуына дейін жүргізіледі. Бақылау қалықтауынан кейін тікұшақтың жерге қонуы міндетті емес.
      683-8. Тікұшақтың қалықтап тұрған, 10 метрге дейінгі биіктікте қозғалған, ұшу және қонуы кезінде көтергіш бұрама қалақтарының шетінен арақашықтық кемінде:
      1) әуе кемелеріне дейін - көтергіш бұраманың екі диаметрі;
      2) басқа кедергілерге дейін - көтергіш бұрама диаметрінің жартысы, бірақ 10 метрден кем емес;
      3) теңіз (ішкі су) кемелерінің палубалары, көтеріңкі платформалар және басқа да арнайы алаңдардың үстіндегі кедергілерге дейін - тиісті үлгідегі тікұшаққа арналған осы алаңдардың таңбалануына сәйкес болуы тиіс.
      683-9. Егер топырақтың жай-күйі немесе тікұшақ конструкциясы рөлдеуге мүмкіндік бермесе 10 метрге дейін биіктікте қозғалу орындалады.
      683-10. Азаматтық авиация саласында тікұшақ командирінің минимумына қарамастан 10 метрге дейінгі биіктікте қалықтауға және қозғалуға көру мүмкіндігі кемінде 500 метр және бұлттардың биіктігі 50 метрден төмен емес болған кезде рұқсат етіледі.
      Мемлекеттік авиация саласында тікұшақ командирінің минимумына қарамастан, 10 метрге дейінгі биіктікте қалықтауға және қозғалуға көру мүмкіндігі кемінде 300 метр және бұлттардың биіктігі 30 метрден төмен емес болған кезде рұқсат етіледі.
      683-11. Тікұшақтың тұрақтан ұшуы мен қонуына мынадай жағдайларда рұқсат етіледі, егер:
      1) тікұшақ басқа әуе кемелерінің ұшуы мен қонуына кедергі жасамаса;
      2) 683-3-тармақтың талаптары қамтамасыз етілсе;
      3) көтергіш бұрамалар жер үсті бағдарларын көру мүмкіндігінен айыруға әкелетін құйынды болдырмаса.
      683-12. Биіктеу және қонуға бет алу кезінде кедергілердің үстінен 10 метрден кем емес, ал жердегі әуе кемелерінің үстінен тікұшақтың көтергіш бұрамасының 2 диаметрінен кем емес биіктікте асып ұшуға рұқсат етіледі.
      683-13. Әуеден таңдап алынған бетінің жай-күйі белгісіз алаңға қону оның жер үсті тексерілуінен, оның қону үшін беріктігі мен жарамдылығы анықталғаннан кейін орындалады. Алаңды тексеруді және бағалауды экипаж мүшелерінің бірі немесе ИАҚ-тың арнайы дайындалған қызметкері жүргізеді. Экипаж мүшелерінің бірін (ИАҚ қызметкерін) түсіру қалықтап тұру режимінде, ал тікұшақты қондыру, оның рұқсаты мен сигналдары бойынша жүргізіледі.
      Қондыру мүмкін емес жағдайда тікұшақты жүктен босату және тиеу тиісті үлгідегі тікұшақтың ҰПБ ұсынымдарына сәйкес экипаж мүшелерінің бірінің немесе ИАҚ-тың арнайы дайындалған қызметкерінің басшылығымен орындалады.
      683-14. Ауа жастығы ықпал ету аймағынан тыс, сондай-ақ әуеде таңдап алынған жер бедері күрделі аландарға қону және ұшу немесе қарлы (шаңды) құйын туындауы мүмкін жағдайда тікұшақтың қалықтап тұру режимін қолдануды қажет ететін жұмыстар ауа жастығы ықпалынан тыс қалықтап тұру режимінде маневр жасауға мүмкіндік беретін ұшу массасымен орындалады.
      683-15. Қону алаңында қар (шаң) болған кезде қарлы (шаңды) құйын туындау мүмкіндігін болдырмайтын немесе азайтатын шаралар қабылдануы тиіс.
      683-16. Ұшу алдында қарлы (шаңды) құйын туындаған жағдайда экипаж жер үсті бағдарлары тұрақты түрде көрінгенше қарды (шаңды) көтергіш бұрамасынан шыққан ағынмен үрлеуге міндетті.
      Қар (шаң) басқан алаңға қону кезінде қалықтау ауа жастығының ықпал ету аймағынан тыс орындалады. Төмендеуді жалғастыру және қону жер үсті бағдарларымен тұрақты көзбен шолу байланысында болған кезде рұқсат етіледі.
      683-17. Қалықтап тұрған уақытта бағдарларды кору мүмкіндігі жойылған кезде экипаж тікұшақты құйын аймағынан жоғары шығаруға міндетті. Қарлы (шаңды) құйынды жер үсті бағдарларын көру мүмкіндігінен айырылған кезде қалықтап тұру, ұшуға және қонуға тыйым салынады.
      683-18. Су бетінде тікұшақтың қалықтап тұруы көтергіш бұрамасынан кем дегенде бір диаметр биіктікте жүргізіледі. Биіктік радиобиіктік өлшегіш бойынша және суда жүзіп жүрген заттар бойынша көзбен шолу арқылы анықталады.
      Судағы адамдарға көмек көрсету кезінде оларды көтергіш бұрамадан шыққан ағыннан туындаған толқынның ұруын және жүзу құралдарын алып кетуін болдырмау үшін қалықтап тұру және төмендеу тігінен-тік түрде орындалады.
      683-19. Ұшу барысында ауа райы жағдайы төменгі минимумнан және қауіпті метеоқұбылыстармен кездескен жағдайларда тікұшақ командирі әуеден таңдап алынған алаңға қонуға рұқсат етіледі. Бұл алаңнан ұшу нақты ауа райы кезінде тікұшақ командирінің минимумына сәйкес жағдайда рұқсат етіледі. Өзінің іс-әрекеті туралы тікұшақ командирі ӘҚҰ органына хабарлауға міндетті.
      683-20. ҰҚЖ бөлігінде метеоқұбылыстар немесе көру мүмкіндігін минимумнан төмен деңгейге жеткізетін өндірістік түтін болған кезде тікұшақ командиріне қозғалыс қызметі диспетчерімен келісе отырып, ҰҚЖ-ның метеожағдайы оның минимумына сай келетін бөлігінде ұшуға немесе қонуға рұқсат етіледі.
      Көрсетілген жағдайларда ұшу қауіпсіздігі үшін тікұшақ командирі жауапты болады.
      683-21. Таулы жерде ұшу кезінде шатқалдар бойынша бағыт алуға рұқсат етіледі, бұл ретте ұшу биіктігінде шатқалдың ең төменгі ені кемінде 500 метрден кем болмауы және қажет жағдайда 180о-қа бұрылу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұрылуды орындау кезінде көтергіш бұрама қалақтарының шетінен тау бектеріне дейінгі ең аз қашықтық 50 метрден кем болмауы тиіс.».
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов