Еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау үшін жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.05.2014 № 441 қаулысымен.
3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні мәдениет саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) кәсіпорын жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге беруді;
2) кәсіпорынды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен;
2) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 25-1-жолмен толықтырылсын:
«25-1. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны»;
3) «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 610 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 31,316-құжат);
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қарамағына берілетін ұйымдардың тізбесінде:
«Тарихи-мәдени қорықтар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 30-1-жолмен толықтырылсын:
«30-1. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны».
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов.