Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 қаңтардағы № 6 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Астана қаласында 2009 жылғы 6 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы
келісім

(2011 жылғы 25 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
      1992 жылғы 23 қыркүйекте Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Достық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы шарттың ережелері негізінде іс-қимыл жасай отырып,
      2008 жылғы 8 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Стратегиялық серіктестік жөніндегі ниеттер туралы декларацияны басшылыққа ала отырып,
      1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлант шартына қатысушы мемлекеттер мен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қатысушы басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің статусына қатысты келісімнің және оған қосымша хаттаманың (бұдан әрі - SOFA PfP келісімі) маңыздылығын мойындай отырып,
      2008 жылғы 8 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты сақтауды өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің ережелеріне негіздей отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қалыптасқан достық байланыстарға сүйене отырып,
      халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың шеңберін тереңдетуге және кеңейтуге, олардың қағидаттары мен талаптарын айқындауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты әскери салада Тараптар арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және оны одан әрі дамыту болып табылады.
      Тараптар ынтымақтастықты халықаралық құқық нормаларына және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

2-бап

      Осы Келісімде мынадай анықтамалар қолданылады:
      жіберуші Тарап - осы Келісімге сәйкес қабылдаушы Тараптың аумағына әскери және азаматтық персоналын жіберетін Тарап;
      қабылдаушы Тарап - осы Келісімге сәйкес өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тараптың әскери және азаматтық персоналын қабылдайтын Тарап.

3-бап

      Мыналар осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Француз Тарапынан - Француз Республикасы Қорғаныс министрлігі.

4-бап

      Тараптар әскери ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге асырады:
      - әскери құрылыс және қарулы күштерді реформалау;
      - әскери қызметшілерді француз тіліне оқыту;
      - кадрлар даярлау;
      - қарулы күштерді ұйымдастыру, күштер мен әскери доктринаны қолдану саласында тәжірибе алмасу;
      - бірлескен оқу-жаттығулар өткізу;
      - қару-жарақ саласындағы ынтымақтастық;
      - қару-жарақты бақылау саласында тәжірибе алмасу;
      - әскери медицина;
      - халықаралық ұйымдардың қызметі шеңберіндегі ынтымақтастық;
      - әуе кеңістігін бақылау мен басқару саласында ақпарат және
тәжірибе алмасу;
      - Тараптардың өзара келісуі бойынша басқа да салалар.
      Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген келісімдер жасасуы мүмкін.

5-бап

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
      - Тараптардың уәкілетті органдары өкілдерінің ресми сапарлары мен жұмыс кездесулері;
      - әскери мамандармен және сарапшылармен өзара алмасу;
      - консультацияларға, конференцияларға, келіссөздерге, коллоквиумдар мен семинарларға қатысу;
      - жеке құрамның бірлескен оқу-жаттығулары мен жаттығуларын ұйымдастыру;
      - Тараптардың әскери оқу орындарында оқу тағылымдамалары;
      - тілдерді оқыту;
      - мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу;
      - өзара келісім бойынша басқа да нысандар.

6-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген қорғаныс саласындағы іс-шараларды айқындауға, ұйымдастыру мен үйлестіруге уәкілетті Бірлескен қазақстан-француз әскери комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссияны әрбір Тараптан баламалы атақтары бар өкілдер - тең төрағалар басқарады. Комиссияның іс-шараларына екі Тараптың қорғаныс мәселелері жөніндегі атташелері және/немесе олардың уәкілетті өкілдері, сондай-ақ қаралатын мәселелерге байланысты Тараптар уәкілетті органдарының офицерлері және/немесе азаматтық өкілдері қатысады.
      Комиссия Тараптардың келісуі бойынша Қазақстан Республикасының немесе Француз Республикасының аумағында жылына бір рет отырыс жасайды.
      Екі жақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі мәселелер Тараптар арасында келісілгеннен кейін оларды Тараптар Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізуі мүмкін.
      Комиссия жыл сайын өткен жылдағы ынтымақтастық қорытындыларын шығарады.

7-бап

      Осы Келісім негізінде Тараптардың уәкілетті органдары Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарын әзірлейді.
      Уәкілетті органдар ағымдағы жылғы 15 қазанға дейін оларды екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарының жобасына қосу үшін ұсыныстар алмасады.
      Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспары іс-шаралардың атауларын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімдері мен орындарын, адамдар саны мен іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты басқа да мәселелерді қамтиды.
      Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарына Тараптар уәкілетті органдарының өкілдері жоспарды іске асыратын жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанына дейін қол қояды.

8-бап

      Осы Келісімді орындау шеңберінде қабылдаушы Тараптың аумағына келетін Тараптың әскери және азаматтық персоналы мүшелерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі SOFA PfP келісімімен белгіленеді.

9-бап

      Басқа Тарап мемлекетінің аумағына келетін әскери және азаматтық персонал мүшелері қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтайды.
      Жіберуші Тараптың әскери қызметшілері қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін тәртіппен өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген әскери киім нысанын киеді және айрықша белгілерін тағады.
      Жіберуші Тарап өзінің әскери және азаматтық персоналына қатысты тәртіп мәселелеріне жауапты болады. Қабылдаушы Тараптың әскери және азаматтық персоналына қолданылатын тәртіптік талаптар жіберуші Тараптың әскери және азаматтық персоналының әрбір мүшесінің назарына жеткізіледі.
      Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тараптың әскери және/немесе азаматтық персоналының мүшесі жасаған құқық бұзушылықтар туралы жіберуші Тарап мемлекетінің елшілігін хабардар етеді.

10-бап

      Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына келу немесе транзит кезінде әскери немесе азаматтық персонал мүшелерінің бірі қайтыс болған жағдайда қайтыс болуы туралы факт жіберуші Тараптың уәкілетті органына хабарланады. Қайтыс болуды қабылдаушы Тараптың дәрігері анықтайды, ол қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес қайтыс болуы туралы акт жасайды.
      Егер қабылдаушы Тараптың құзыретті органы мәйітті ашуды талап етсе, онда ашуды осы орган тағайындаған дәрігер жүзеге асырады. Қайтыс болған адам қарамағында болған Тараптың әскери дәрігері мен құзыретті органының өкілі мәйітті ашу кезінде қатысуы мүмкін.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың жазбаша хабарламасын алғаннан кейін мәйітті алуы мүмкін. Мәйітті тасымалдау қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мәйітті тасымалдау жөніндегі шығыстарды жіберуші Тараптың өзі көтереді.

11-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар дербес көтереді.

12-бап

      Жіберуші Тараптың әскери және азаматтық персоналы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында медициналық және стоматологиялық қызметтерді алуға құқылы.
      Қабылдаушы Тарап көтеретін медициналық және стоматологиялық қызметтердің шығыстарын жіберуші Тарап өтейді.
      Шұғыл жедел жәрдем қызметтері мен әскери көлік құралдарымен медициналық тасымалдау тегін көрсетіледі. Қабылдаушы Тарап көтеретін азаматтық көлік құралдарымен медициналық тасымалдау шығыстарын жіберуші Тарап өтейді.
      Әскери және азаматтық персонал мүшелері қабылдаушы Тараптың әскери қызметшілері сияқты шарттарда асханаларға, клубтарға, әскери демалыс үйлеріне немесе басқа да мекемелерге баруға құқылы.

13-бап

      Тараптар арасында кез келген құпия ақпарат алмасу 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты сақтауды өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

14-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

15-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

16-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      Әрбір Тарап басқа Тарапты бұл туралы жазбаша хабарлай отырып осы Келісімді бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірінің осындай хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткен соң күшін жояды.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптарды оны қолдану кезеңінде қабылдаған міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
      200 __ жылғы «__» ____________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының             Француз Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін