«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау, пайдалану ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 2134 қаулысымен
бекітілген
Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен
тіндерін алу, сақтау және пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін aлу, сақтау және пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін (бұдан әрі - биологиялық материал) алу, сақтау және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалын алуды, сақтауды және пайдалануды денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
3. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалын алу мынадай:
радиациялық аварияны жою кезінде белгіленген мөлшерден артық сәуле алған адамдардан;
иондаушы сәулелендіру көздерінен қызметшілер үшін радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген шектен артық сәуленің әсерлі мөлшерін алған және осы сәуле алумен байланысты ауруы бар адамдардан;
1949 — 1965 жылдар кезеңінде әуедегі және жердегі ядролық жарылыстар өткізу кезінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызметін (оның ішінде мерзімді) өткерген адамдардан;
1966 — 1990 жылдар кезеңінде жер асты ядролық жарылыстарын жүргізу кезінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызметін (оның ішінде мерзімді) өткерген адамдардан;
сәулеленуге ұшыраған адамдардың балалары мен барлық кейінгі ұрпақтарынан алынады.
2. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардан биологиялық
материал алу
4. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардан биологиялық материал алу ерікті түрде хабардар етілген келісімі болғанда, алдыңғы үш ай ішінде қан препараттарын құю және рентгендік зерттеулер жүргізілмеген жағдайда жүзеге асырылады.
5. Биологиялық материал алуды емдік-диагностикалық манипуляциялар жүргізу (биопсиялық материалды алу, онкологиялық аурулар бойынша операция жасау) кезінде денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жүргізеді.
6. Қан пробиркаға бөтен биологиялык материалдардың түсуін болдырмайтын талаптарға сәйкес көктамырдан алынады.
7. Биологиялық материалды алу кезінде оны таңбалау жүргізіледі.
8. Биологиялық материалды алу кезінде ілеспе құжаттар толтырылады, оларда мынадай ақпарат болады: зерттелуші адам паспортының деректері, тұрғылықты жері, биологиялық материал алынған күн, денсаулық жағдайы туралы мәліметтер, жақын туыстары туралы ақпарат.
9. Биологиялық материал үлгілерін сақтау орнына дейін тасымалдау Цельсий бойынша +4-тен +6 градусқа дейінгі температуралық режим сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық
материалын сақтау және пайдалану
10. Биологиялық материал денсаулық сақтау ұйымында сақталады.
11. Сақтауға түскен биологиялық материалға код беріледі, ол өзіне мынадай ақпаратты қамтиды: зерттелуші адам паспортының деректері, тұрғылықты жері, биологиялық материалдың түрі, биологиялық материал алынған күн.
12. Қан үлгілерін және тіндердің үлгілері салынған балауыз блоктарды сақтау Цельций бойынша +5-тен +22 градусқа дейінгі температуралық режим сақталынатын жеке үй-жайларда жүзеге асырылады.
13. Қан үлгілері мұздатудың және жасушалық материалды сақтаудың автоматтандырылған жүйесінде сұйық азотта не Цельсий бойынша -135-тен -196 градусқа дейінгі температуралық режим сақталынатын тоңазытқыш қондырғыларда сақталады.
14. Әрбір қан үлгісі арнайы сыйымдылықтарда - криопробиркаларда немесе криофлакондарда сақталады.
15. Сақтауға арналған сыйымдылықтар азоттың деңгейін және оның толу уақытын бақылауға мүмкіндік беретін автоматты дабыл жүйесімен жабдықталуы тиіс.
16. Биологиялық материал үлгілерін сақтауға арналған арнайы жабдықты күтуді аталған жабдықпен жұмыс істеуге рұқсаты бар персонал жүзеге асырады.
17. Биологиялық материалды сақтау кезінде температуралық режим тұрақты бақыланады.
18. Электр жабдығы жарамды және бақыланатын режимде (үздіксіз, резервтік қоректендірумен қамтамасыз етілген) болуы тиіс.
19. Биологиялық, материалды және жабдықты сақтауға арналған үй-жайға қойылатын талаптар қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.
20. Биологиялық материал туралы мәліметтер биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының базасында құрылатын электронды дерекқорға енгізілуі тиіс.
21. Биологиялық материалдың электронды дерекқоры иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалының тіркелімі түрінде ресімделеді.
22. Иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалын ғылыми мақсаттарда ғылыми ұйымдар немесе ғылыми қызметті жүзеге асыратын зерттеушілер пайдаланады.
23. Биологиялық материалды алу үшін биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымына мынадай құжаттарды ұсыну кажет:
биологиялық материал үлгісінің мөлшері және зерттеу мерзімі керсетілген етініш;
этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссияның қорытындысы.
24. Биологиялық материалды зерттеу үшін беру туралы шешімді биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының басшысы қабылдайды.
25. Зерттеу аяқталғаннан кейін зерттеу жүргізген ғылыми ұйым немесе зерттеуші биологиялық материалды берген ұйымның басшысына:
зерттеу үдерісінде пайдаланылмаған биологиялық материалдың үлгілерін;
биологиялық материалдың әрбір үлгісін зерттеу туралы есепті ұсынады.
26. Биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы зерттеу жүргізген ғылыми ұйымның немесе зерттеушінің келісімімен зерттеу туралы есептер нәтижелерін пайдалана алады, не үшінші тұлғаға бере алады.