Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 2016 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу ережесі бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Республикалық бюджет қаражаты есебінен республика азаматтарын шетелге емделуге жіберудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 ақпандағы N 326 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 9-10, 117-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 ақпандағы N 326 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қарашадағы N 1206 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 40, 409-құжат).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 4 желтоқсандағы
N 2016 қаулысымен 
бекітілген     

Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен
шетелге емделуге жіберу ережесі

      1. Шетелдік медицина ұйымдарына емделуге жіберу азаматтарда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі алынбаған, ал шетелдік медицина ұйымдарында Қазақстан Республикасында қолданылмайтын дәлелді медицина негізінде емдеудің жоғары технологиялық әдістері қолданылуы мүмкін айғақтар болған кезде жүзеге асырылады.
      2. Құрамын және ережесін уәкілетті орган бекітетін, тұрақты жұмыс істейтін Республика азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарына емделуге жіберу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу мәселелерін мынадай құжаттардың негізінде қарайды:
      1) бюджет қаражаты есебінен жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсеткен медицина ұйымдарының қорытындысына негізделген шетелдік медицина ұйымдарына емделуге жіберу туралы, дәлелді медицинаның негізінде емдеудің жоғары технологиялық әдісі неғұрлым тиімді жүргізілетін шетелдік медицина ұйымы туралы ұсынымымен Қазақстан Республикасының аумағында емдеудің жоғары технологиялық әдісін көрсетудің мүмкін еместігі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының қолдаухаты;
      2) негізгі және қосымша ауруларды, диагностикалық зерттеулердің, жүргізілген емдеу курсының нәтижелері көрсетілген ауру тарихынан егжей-тегжейлі үзінді көшірме;
      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бейінді мамандарының қорытындысы.
      Егер жоғарыда санамаланған құжаттардың біреуі болмаса, Комиссия құжаттарды қарауға қабылдамайды.
      3. Шетелге емделуге жіберілуге тиіс азаматтар (бұдан әрі - өтініш беруші) Комиссияға құжаттарды мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынады.
      4. Осы Ереженің 2-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардың негізінде Комиссия азаматтарды шетелге емделуге жіберудің орындылығын құжаттар түскен күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде айқындайды, оларды тіркеуді жүзеге асырады және науқас туралы мәліметтерді күту парағына жазады.
      Комиссия науқаспен ілесіп жүретін адамның болу негізділігін, науқаспен ілесіп жүретін адамның жол жүруіне ақы төлеуді де қарайды.
      5. Медициналық араласу кезек күттірмейтін ерекше жағдайда, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы құжаттарды Комиссияның кезектен тыс отырысында қарау туралы шешім қабылдайды.
      6. Комиссияның науқасты шетелге емделуге жіберу немесе жіберуден бас тарту туралы шешімі Комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді. Комиссия үш күн мерзімде өтініш берушіге шығарылған шешім туралы жазбаша хабарлама береді.
      7. Комиссияның оң шешімінен кейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган медицина ұйымдарының қорытындылары негізінде емдеудің қажетті түрінің тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып, шетелдік медицина ұйымын немесе оның Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалын таңдауды жүзге асырады.
      8. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган Комиссия қорытындысының негізінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган мен шетелдік медицина ұйымының немесе оның Қазақстан Республикасындағы филиалының арасында Қазақстан Республикасының азаматтарына дәлелді медицина негізінде емдеудің жоғары технологиялық әдісін ұсынуға арналған ақылы медициналық қызмет көрсету туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасасады.
      Пациент емдеу процесі кезінде қайтыс болған жағдайда, шетелдік медицина ұйымы шартта көрсетілетін қажетті іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға осы жүргізілген іс шараларға ақы төлеуге арналған қосымша шотты ұсынады.
      9. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган орталық уәкілетті органның аумақтық-қазынашылық бөлімшесіне Комиссияның қортындысын, азаматтық құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімді және түпнұсқасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның мөрімен расталған шарттың көшірмесін ұсынады.
      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аумақтық қазынашылық бөлімшесіне "түпкілікті" дәрежесі бар төлем шотын ұсынған кезде бір мезгілде шарттың түпнұсқасын ұсынады.
      10. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен ақшалай қаражатты айырбастайды және оны шетелдік медицина ұйымына аударады.
      11. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ақшалай қаражатты төлегеннен кейін Комиссия үш жұмыс күнінің ішінде азаматқа шетелге шығуға рұқсатты заңнамада белгіленген тәртіппен ресімдеу қажеттілігі туралы жазбаша хабарлайды.
      12. Шетелдік медицина ұйымында немесе оның Қазақстан Республикасындағы филиалында емделуден өткен Қазақстан Республикасының азаматтары немесе олармен ілесіп жүретін адамдар уәкілетті органға ауруханадан шығарылған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) шетелдік медицина ұйымының ұсынымдары бар ауру тарихынан үзінді;
      2) егер емделуге жол жүруді қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылатын болса, жол жүру құжаттары;
      3) орындалмаған жұмыстар актісі.
      Науқас қайтыс болған жағдайда, аурумен ілесіп жүрген адам немесе жақын туыстары болмаған жағдайда, жоғарыда көрсетілген құжаттаманы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның сұрауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес болған елдегі Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері жібереді.