Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы N 220 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 2011 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы N 220 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., N 12, 86-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:
      596-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Бағдарламалық сыртқы қарыз - саланы, оның ішінде көрсетілген мақсаттарға жұмсалған бюджеттің ағымдағы шығындарын жабу жолымен де реформалау және институционалдық дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға тартылатын сыртқы үкіметтік қарыз түрі.";
      мынадай мазмұндағы 596-1-тармақпен толықтырылсын:
      "596-1. Бағдарламалық сыртқы қарыздар әкімші іс-шараларды іске асыру басталатын бірінші жылдың алдындағы қаржы жылында бюджеттік өтінімнің құрамында берген және жобаны іске асырудың бүкіл кезеңіндегі іс-шаралардың тізбесі мен есептеулерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген салалық сараптамаларды ұсына отырып, іс-шаралардың жүзеге асырылуын және тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтитын бағдарламалық құжатының іс-шаралары бойынша іске асырылады.";
      599-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "599 Республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін тартылатын үкіметтік қарыздар бойынша кезекті қаржы жылына арналған болжамды деректер мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп:
      1) қолданыстағы және тартылуы болжанған сыртқы үкіметтік қарыз қаражатын игеру болжамын;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы борышының жинақталған қалдық деңгейін және халықаралық қаржы ұйымдары мен қарыз беруші елдердің үкіметтерімен, басқа да сыртқы қарыз берушілермен өзара іс-қимылдың перспективаларын ескере отырып, болжанған бағдарламалық және инвестициялық үкіметтік сыртқы қарыздардың тізбесін қалыптастыру жолымен болжанатын үкіметтік қарыздарды;
      3) ішкі және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қоса алғанда, бюджет тапшылығының жоғарыда санамаланған көздер жаппаған бөлігін қаржыландыру үшін өзге де болжанған қарыз алу көздері мен құралдарын анықтауды қамтиды.".
      602-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "602. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан сыртқы қарыз тартуды жобаны болжанған бағдарламалық және инвестициялық үкіметтік сыртқы қарыздар тізбесінің шеңберінде іске асыруға бағытталған әрбір бюджеттік инвестициялық жоба және/немесе бюджеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі негізінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.";
      603-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "603. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті кезеңге арналған болжанған бағдарламалық және инвестициялық үкіметтік сыртқы қарыздар тізбесінің шеңберінде белгілі бір қарызды тарту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін дайындау үшін мүдделі министрліктер мен ұйымдарды тарта отырып:";
      66-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "66-тарау. Үкіметтік сыртқы қарыздар есебінен қаржыландырылатын жобаларды іске асыру";
      615-тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында, 616-тармақтың 1) тармақшасында, 617-тармақтың 4) тармақшасында және 621-тармақта "инвестициялық" деген сөз алынып тасталсын;
      764-тармақта "инвестициялық" деген сөз алынып тасталсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов