Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы N 1888 Қаулысы

Жаңартылған

       "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 19 қарашадағы
N 1888 қаулысымен    
бекітілген     

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру
ережесі

      Осы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (бұдан әрі - ТМККК) көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже тиісті медициналық қызмет түріне лицензиясы бар мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында (бұдан әрі - өнім берушілер) ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асырудың тәртібін айқындайды.
      2. ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді мемлекеттік сатып алудың тиісті жылға бекітілген не нақтыланған жылдық жоспарының (бұдан әрі - жылдық жоспар) негізінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі не облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары тұлғасында бюджеттік бағдарламаның әкімшісі (бұдан әрі - Әкімші) қабылдайды.
      3. Әкімші тиісті бюджеттің негізінде жылдық жоспарды бекітеді.
      4. Стационарлық және стационарды алмастыртын медициналық қызметтерді, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын медициналық ұйымдардағы психикалық, инфекциялық аурулармен және туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық қызметтерді, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыруды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің аумақтық департаменттері тұлғасында ТМККК Бірыңғай төлеушісі (бұдан әрі — Тапсырыс беруші) республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
      5. Психикалық, инфекциялық аурулармен және туберкулезбен ауыратын науқастарға амбулаториялық-емханалық көмек, жедел медициналық жәрдем (санитариялық авиацияны қосқанда), стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыруды тапсырыс берушілер - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары - облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің қаражаты есебінен жүзеге асырады.

2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру
қағидаттары және шектеулер

      6. ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алу:
      1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы әрі тиімді жұмсау;
      2) сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру;
      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;
      4) сатып алу үдерісінің жариялылығы мен ашықтығы;
      5) отандық өнім берушілерді қолдау қағидаттары сақтала отырып жүргізіледі.
      7. Әлеуетті өнім берушінің, егер:
      1) осы әлеуетті өнім берушінің басшыларының және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не Тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының өкілі болып табылса;
      2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның қызметкері Тапсырыс берушіге не сатып алуды ұйымдастырушыға өткізілетін сатып алуды дайындау жөнінде сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе;
      3) сатып алуға қатысуға ниет білдіруші әлеуетті өнім беруші басшыларының сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғаларды басқаруға, құруға, олардың жарғылық капиталына қатысуға байланысты қатыстары бар болса және осындай заңды тұлғаларды сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін негіз болған бұзушылықтарға жол берген деп сот шешімімен танылса, өткізілетін сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.
      8. Сатып алу мүддесіне жүзеге асырылатын Тапсырыс берушінің мұндай сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға құқығы жоқ.

3 Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      9. ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші мынадай жалпы және арнайы біліктілік  талаптарына сәйкес келуі тиіс:
      1) құқық қабілеттілігі болуы;
      2) төлем қабілетінің болуы, үш айдан асатын мерзімде салық берешегінің болмауы;
      3) банкроттық рәсіміне не таратуға ұшырамауы;
      4) сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, қаржылық және еңбек ресурстары болуы.

4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және
жүзеге асыру

      10. ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және жүзеге асыру мынадай реттегі іс-шараларды орындауды көздейді:
      1) Әкімшінің ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді
сатып алуды ұйымдастырушыны (бұдан әрі - сатып алуды ұйымдастырушы)
айқындауы;
      2) сатып алуды ұйымдастырушының қызметтерді сатып алуға арналған құжаттаманы (бұдан әрі - құжаттама) әзірлеуі және бекітуі;
      3) сатып алуды ұйымдастырушының ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) құрамын, комиссияның хатшысын жасақтауы және бекітуі;
      4) сатып алуды ұйымдастырушы аптасына үш реттен сиретпей шығарылатын, мерзімді баспа басылымдарында жарияланатын және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тиісті аумақтарына және Тапсырыс берушінің интернет-ресурсында таратылатын хабарландыруларды беру арқылы қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру туралы әлеуетті өнім берушілерге хабарлауы;
      5) сатып алуды ұйымдастырушының ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуға қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерге құжаттаманы ұсынуы;
      6) сатып алуды ұйымдастырушының құжаттаманы алған әлеуетті өнім берушілерге оның ережелерін түсіндіруі;
      7) біліктілік талаптары мен құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді анықтау үшін қатысуға өтінімдерді комиссияның қарауы;
      8) қызметтерді ұсынушыларды айқындау;
      9) комиссияның ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы ресімдеуі және оған қол қоюы;
      10) сатып алудың қорытындысы туралы ақпаратты орналастыру;
      11) қызметтерді сатып алу туралы өнім берушілермен шарттар жасасу.
      11. Сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер болуы тиіс:
      1) сатып алуды ұйымдастырушының толық атауы, электрондық және почталық мекен-жайы;
      2) жүзеге асырылатын қызметтерді сатып алудың атауы;
      3) сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, оның лауазымы және байланыс телефоны;
      4) қызметтердің атауы, сондай-ақ талап етілетін көлемі, көрсетілетін орны мен мерзімдері;
      5) құжаттаманы алу орны мен тәсілдері;
      6) қатысуға өтінімдерді беру орны, басталуы мен соңғы мерзімі, сондай-ақ қатысуға өтінімдерді қарау күні, уақыты мен орны;
      7) әлеуетті өнім берушінің өкілінде құжаттаманы алу бойынша өкілеттіктерінің болуы.

5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді сатып алуды өткізу жөніндегі
комиссияның құрамын бекіту

      12. Қызметтерді сатып алуды өткізу рәсімдерін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы комиссия құрады және комиссияның хатшысын белгілейді.
      Комиссияның құрамына комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары және мүшелері кіреді. Төраға болмаған уақытта оның функциясын оны алмастыратын тұлға орындайды. Комиссияның жалпы саны тақ саннан тұруы және бес адамнан кем болмауы тиіс, олардың біреуі қоғамдық ұйымның өкілі болып табылады.
      Комиссияның төрағасы болып сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысының орынбасарының деңгейінен темен емес лауазымды тұлға белгіленуі тиіс.
      Комиссия төрағасы:
      1) комиссияның жұмысын жоспарлайды және қызметіне басшылық етеді;
      2) комиссияның отырыстарына төрағалық етеді;
      3) осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      13. Комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күнінен бастап жұмыс істейді және ТМККК көрсету шеңберіндегі медициналық қызметтерді сатып алу бойынша шарт жасасқан күнінен бастап өзінің қызметін тоқтатады.
      14. Комиссияның отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі қатысқан жағдайда өткізіледі және комиссияның қатысқан мүшелері, оның төрағасы, орынбасары және комиссияның хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Комиссия қандай да бір мүшесі болмаған жағдайда комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі.
      15. Комиссияның шешімі ашық дауыспен қабылданады және егер отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі ол үшін дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы немесе ол болмаған кезде оны алмастыратын тұлға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда осы комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікірін білдіруге құқылы, ол жазбаша түрде жазылуы және комиссия отырысының хаттамасына қосылуы тиіс.
      16. Комиссияның ұйымдастырушылық қызметін комиссия хатшысы қамтамасыз етеді. Комиссияның хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
      Комиссияның хатшысы сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуге жауапты сатып алуды ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесінің лауазымды тұлғаларының арасынан белгіленеді.

6. Құжаттаманы әзірлеу, келісу және бекіту

      17. Сатып алуды ұйымдастырушы сатып алуды өткізудің шарттары мен тәртібін белгілеу үшін құжаттаманы әзірлейді.
      18. Құжаттама мыналарды қамтуы тиіс:
      1) әлеуетті өнім беруші ұсынатын, оның мынадай жалпы және арнайы біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі:
      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариаттық куәландырылған көшірмесі, жеке куәліктің немесе паспорттың көшірмесі (жеке тұлға үшін);
      тиісті мемлекеттік орган берген, заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқығын растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі (жеке тұлға үшін);
      Жарғының нотариаттық куәландырылған көшірмесі (егер Жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмеген жағдайда, акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзінді көшірме немесе құрылтайшылардың, құрылтайшылардың құрамы туралы үзінді көшірме немесе құрылтай шартының нотариаттық куәландырылған көшірмесі);
      егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе, онда бұл әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті еместігі және салық есебінде тіркеуде тұрмайтыны туралы Қазақстан Республикасының салық органының анықтамасының түпнұсқасы немесе нотариаттық куәландырылған көшірмесі беріледі;
      әлеуетті өнім берушінің қызметтерді көрсетуге арналған лицензияларының және/немесе патенттерінің, куәліктерінің, сертификаттарының, дипломдарының, басқа да құжаттарының көшірмелері;
      конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ұсынған күннің алдындағы бір айдан кешіктірмей берілген, төлем мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ұзартылған жағдайларды қоспағанда, салық берешегінің және жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша берешегінің жоқтығы (бары) туралы тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы, салық органы басшысының не орынбасарының қолымен және аталған салық органы мөрімен бекітіледі;
      қызметкерлер құрамының мамандықтары бойынша біліктілігі мен жұмыс өтілі, соңғы үш жылда көрсеткен медициналық қызметтердің көлемдері мен түрлері, бейіндік төсектердің саны (стационарлық көмек көрсететін ұйымдар үшін) диагностика мен емдеудің арнайы әдістерін және күрделі технологияларды талап ететін аурулар болған кезде медициналық қызметтер көрсетуге арналған жабдықтардың бар-жоғы көрсетілген әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер;
      әлеуетті өнім берушіде оны қызметтерді ұсынушы деп белгілеген күнінен бастап сатып алу туралы шарттың талаптарында көзделген төлемақыны алғанға дейін қызметтерді көрсету үшін материалдық ресурстардың екі апталық артық қоры (дәрілік заттар, тамақ өнімдері) болуын растайтын құжаттар;
      2) сатып алынатын медициналық қызметтер түрлерінің тізбесі;
      3) сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері;
      4) ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарттың жобасы (1-қосымша);
      5) осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтерді сатып алуға қатысуға өтінімнің үлгісі;
      6) барлық өлшемдердің сипаттамасы, олардың негізінде өнім беруші айқындалады;
      7) қатысуға өтінімдерді ұсыну тәртібі, тәсілі, орны мен соңғы мерзімі;
      8) әлеуетті өнім берушілер құжаттаманың мазмұны бойынша түсіндірме, сондай-ақ құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша әлеуетті өнім берушілермен кездесу өткізу орнын, күні мен уақытын сұрата алатын тәсілдер;
      9) қатысуға өтінімдерді қарау орны, күні мен уақыты;
      10) қызметтерді сатып алу үшін бөлінген қаражаттың көлемі туралы мәліметтер;
      11) жариялауға жататын ақпаратты орналастыру жоспарланатын тапсырыс берушінің интернет-ресурсының электрондық мекен-жайы.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 613 Қаулысымен.
      19. Медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастырушы әзірлеген құжаттаманы Әкімшінің бірінші басшысы немесе оның орынбасары бекітеді.

7. Қатысуға өтінімдердің мазмұны және оны ұсыну

      20. Қатысуға өтінім құжаттамада көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушінің қызметтерді көрсетуге келісім беруінің нысаны болып табылады.
      21. Сатып алуды ұйымдастырушыға әлеуетті өнім беруші ұсынып отырған қатысуға өтінім ТМККК көрсету бойынша ұсынылып отырған медициналық қызметтердің тізбесі мен көлемін (өткізгіш қабілетін қоса алғанда), әлеуетті өнім берушінің жалпы және арнайы біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін ұсынатын құжаттарды қамтуы тиіс.
      22. Қатысуға өтінім мөрмен бекітілуі немесе өшірілмейтін сиямен жазылуы тиіс және әлеуетті өнім беруші медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастырушыға тігілген түрде, нөмірленген беттерімен береді және соңғы беті оның қолымен және мөрімен (жеке тұлға үшін, егер ондай бар болса) куәландырылады.

8. Қатысуға өтінімдерді қарау, қатысуға рұқсат беру, қаралатын
өтінімдерді бағалау, шарт жасасу

      23. Комиссия қатысуға өтінімдерді ұсынудың соңғы күні аяқталған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімдерді қарайды және әлеуетті өнім берушілерге қатысуға рұқсат беру туралы шешім қабылдайды.
      Төраға және комиссияның отырысқа қатысушы барлық мүшелері, сондай-ақ комиссия хатшысы әлеуетті өнім берушілерге қатысуға рұқсат беру туралы шешім қабылданған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қатысуға рұқсат беру (қатысушыларды тану) туралы хаттаманың әрбір парағына қол қояды. Қатысуға рұқсат беру хаттамасына бар болған жағдайда сараптама қорытындысы немесе комиссия мүшесінің ерекше пікірі, сарапшының (сараптама комиссиясы мүшесінің) ерекше пікірі қоса берілуі мүмкін.
      24. Қатысуға өтінім қабылданған бір жұмыс күнінен кешіктірмей комиссия хатшысы:
      1) қатысуға өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия отырысының күнін және уақытын төрағамен, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасының орынбасарымен келіседі;
      2) қатысуға өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия отырысының күні мен уақыты туралы комиссия мүшелерін хабардар етеді;
      3) әлеуетті өнім берушінің құжаттамада көзделген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды комиссияның қарауына ұсынады.
      25. Өтінімдерді қарау жөніндегі комиссияның отырыстары мұндай комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігінің қатысуымен өткізіледі.
      26. Қатысуға өтінімдерді комиссия отырысын өткізбей қарауға болмайды.
      27. Комиссия:
      1) әлеуетті өнім берушілердің қатысуға өтінімдерінің құрамындағы құжаттар пакетінің толықтығына және тиісінше ресімделуі мәніне қарайды;
      2) құжаттар тізбесі толық емес және (немесе) тиісінше ресімделмеген құжаттарды ұсынған әлеуетті өнім берушілерді анықтайды;
      3) қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету үшін қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірмелерді жазбаша түрде сұратады;
      4) қатысуға өтінімдерде бар мәліметтерді нақтылау мақсатында комиссия жазбаша түрде тиісті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратады. Қатысуға өтінімді құжаттама талаптарына сәйкес келтіруге байланысты комиссияның сұраныс жасауына және өзге де әрекеттеріне жол берілмейді. Қатысуға өтінімді құжаттама талаптарына сәйкес келтіру ретінде қатысуға өтінімде ұсынылған жеткіліксіз құжаттарды толықтыруға, құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде рәсімделмеген құжаттарды түзету жолымен оларды сәйкес келтіруге бағытталған комиссия қызметі танылады;
      5) біліктілік және құжаттаманың өзге де талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді анықтайды және оларды сатып алуға қатысушы ретінде таниды.
      28. Қарауға ұсынылған өтінімдерді салыстыру жөніндегі комиссия отырысының нәтижелері бойынша:
      төраға, ол болмаған жағдайда комиссия төрағасының орынбасары өтінімдерді бағалау мен салыстыруды жүргізу күні;
      комиссия отырысына қатысушы тұлғаларға өткізілген қызметтерді сатып алу нәтижелерін хабарлайды және сатып алуға жіберілген әлеуетті өнім берушілер мен қызметтерді ұсынушылар туралы жариялайды;
      қызметтерді ұсынушылар деп танылған тұлғаларға комиссия төрағасы немесе оның міндетін атқарушы тұлға қол қойған жазбаша хабарлама береді;
      қатысушыларды немесе оның уәкілетті өкілдерін өткізілген қызметтерді сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін беру күні, уақыты мен орны туралы хабардар етеді.
      29. Сатып алуды ұйымдастырушы комиссия қорытынды шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушілерді сатып алудың нәтижелері туралы хабардар етеді.
      30. Сатып алуды ұйымдастырушы комиссия қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушілерге қол қойылған сатып алу туралы шартты жібереді. Өнім берушілер қол қойылған сатып алу туралы шартты алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оған қол қояды. Егер ресми өнім беруші деп танылған әлеуетті өнім беруші осы мерзім ішінде шартқа қол қоймаса, ол шартқа қол қоюдан жалтарған деп есептеледі және сатып алуды ұйымдастырушы одан сатып алынатын көлемдерді басқа өнім берушілер арасында бөлуге құқылы.
      31. Сатып алу туралы шарт, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, оған Тараптардың өкілдері қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.
      32. Тапсырыс беруші өткізгіш қабілеттілігіне және өтінім берілген медициналық қызметтердің көлемдеріне сәйкес ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтердің көлемін олардың арасында бөлетін Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша тізбесі анықталған өнім берушілермен шарттар жасасады.
      33. ТМККК көрсету бойынша шарттар жасасуға артықшылық құқық аккредиттелген денсаулық сақтау ұйымдарында болады.
      34. Екі және одан көп әлеуетті өнім берушілер болған кезде олардың бірі Қазақстан Республикасының резиденті болмаса, артықшылық отандық өнім берушіге беріледі.
      35. Әкімшілік-аумақтық бірлікте жалғыз медициналық ұйым болған кезде Тапсырыс беруші жалпы және арнайы біліктілік талаптарына сәйкес келген медициналық ұйымнан медициналық қызметтерді сатып алу туралы шешім қабылдайды.
      36. Шарт жасалған өнім берушілердің тізімі олар көрсететін медициналық қызметтердің тізбелері көрсетіле отырып, аптасына үш реттен сиретпей шығарылатын және тиісті облыстың аумағында таратылатын мерзімдік баспа басылымдарында, сондай-ақ Тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жарияланады.
      Өнім берушілермен шарттар тиісті қаржы жылына міндеттемелері бойынша бюджеттік бағдарлама Әкімшісінің қаржыландыру жоспарына сәйкес Әкімшіге бөлінген қаражат шегінде жасалады.
      37. Көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылау ескеріле отырып, өнім беруші ұсынған шот-тізілімдерге және Өнім беруші мен Тапсырыс беруші қол қойған орындалған жұмыстар туралы актілерге сәйкес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      Шот-тізілімдерді өнім беруші Әкімшіге он күн сайын және бір айдағы жұмыстың қорытындылары бойынша жиынтық түрінде береді.
      Өнім берушілермен шарттардың сомасын Тапсырыс беруші ТМККК көрсету бойынша медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша экономикалық ықпал ету шараларын қолдану арқылы түзетеді.

Тегін медициналық көмектің  
кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді 
сатып алуды жүзеге асыру    
ережесіне            
1-қосымша            

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде
медициналық қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шарт

      _________________                ________ж."___" _____________
      (орналасқан жері)

      Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталатын, бұдан әрі "Тапсырыс беруші" деп аталатын, _______________________________________________
                           (Тапсырыс берушінің толық атауы)
_____________________________________________ негізінде әрекет ететін ______________________________________________________________ атынан
      (уәкілетті тұлғаның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты)
бір тараптан және бұдан әрі "Өнім беруші" деп аталатын ______________
_____________________________________________________________________
      (меншік нысанына қарамастан, Өнім берушінің толық атауы)
_____________________________________________ негізінде әрекет ететін
      (Жарғының, Ереженің және т.б.)
______________________________________________________________ атынан
            (уәкілетті тұлғаның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты)

екінші тараптан, төмендегілер туралы осы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шартты (бұдан әрі - Шарт) жасасты:

Шарттың мәні

      1.1. Медициналық көмектің түрлері мен нысандарына сәйкес Тапсырыс беруші тапсырма береді, ал Өнім беруші тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтер (бұдан әрі - қызметтер) көрсетуге міндеттеме қабылдайды.
      1.2. Шарттың сомасы __________ жылға __________ теңгені құрайды.

2. Есеп айырысу тәртібі

      2.1. Тапсырыс беруші Өнім берушіге іс жүзінде көрсетілген медициналық көмекке бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражат шегінде ақы төлейді.
      2.2. Тапсырыс беруші уәкілетті орган бекіткен медициналық-экономикалық тарифтер бойынша Өнім берушіге ақы төлеуді (шығындарды өтеуді) жүзеге асырады.
      2.3. Ақы төлеу ай сайын, орындалған жұмыстар актісіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу және Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеттерінің (бұдан әрі - Комитеттер) аумақтық бөлімшелері жүргізген көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылау нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
      2.4. Өнім берушіге аванстың сомасын жоспарланатын бөлуді көрсете отырып, Өнім берушінің ұсынылған өтінімі негізінде Шарттың жалпы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерде аванс беруге рұқсат етіледі.
      2.5. Шарттың сомасы іс жүзінде көрсетілген медициналық көмектің көлемін және медициналық көмектің сапасы мен көлеміне сараптама жүргізілген кезде оның нәтижелерін ескере отырып түзетілуі тиіс.

3. Тараптардың міндеттері

      3.1. Өнім беруші:
      азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтер көрсетуге;
      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі, көлемі, көрсету шарттары туралы ақпаратты азаматтарға ұсынуға;
      стационарлық (стационарды алмастыратын) көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында емделген науқастардың дербестендірілген дерекқорын қалыптастыруды және тиісті облыстың (астананың, республикалық маңызды қаланың) МАТО-ға өспелі қорытындымен күн сайын электрондық (қағаз) хабарлама арқылы беруді қамтамасыз етуге;
      он күн сайын Тапсырыс берушіге шот-тізілімдерді ұсынуға;
      Тапсырыс берушіге осы Шарттың орындалуын тексеру жүргізу үшін қажетті барлық медициналық және қаржылық құжаттарды ұсынуға;
      іс жүзінде көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттаманы Комитеттерге ұсынуға;
      сатып алуды ұйымдастырушы Құжаттамада айқындайтын нысан бойынша өтініш берілген бағыттар мен мерзімдерге қатаң сәйкес аванстау қаражатын жұмсауды жүзеге асыруға міндетті.
      3.2. Тапсырыс беруші:
      көрсетілген медициналық көмек үшін Өнім берушінің шығындарын өтеуді уақтылы жүргізуге;
      Өнім берушіні осы Шарттың шеңберінде оның жұмысын регламенттейтін қажетті нормативтік құжаттармен қамтамасыз етуге;
      Қазақстан Республикасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету мәселелері жөнінде халықты ақпараттандыруға бағытталған қажетті ұйымдастыру іс-шараларын өткізуге міндеттенеді.

4. Тараптардың жауапкершілігі

      4.1. Өнім беруші:
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша жіберілген бұзушылық (медициналық қызметтер көлемі мен сапасының тиісінше көрсетілмеуі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жататын қызметтер үшін азаматтардан ақы алу) үшін;
      аванстау қаражатының мақсатты және уақтылы пайдаланылуы үшін;
      заңнамада белгіленген тәртіппен Тапсырыс берушіден алынған қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны үшін жауапты болады.
      4.2. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс жүзінде көрсеткен медициналық көмек көлемдері үшін шығындарын өтеуге Өнім берушіге ақша қаражатын уақтылы аударуға жауапты болады.
      4.3. Өнім берушінің тарапынан Медициналық көмек көрсету жөніндегі шарт талаптарын бұзу оған мынадай санкциялар салынуына әкелуі мүмкін: Шартты бұзу немесе Шарт сомасының _________ мөлшерінде тұрақсыздық төлемін төлеу.

5. Шартты өзгерту немесе бұзу

      5.1. Осы Шарттың талаптары Тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.
      5.2. Шартты мерзімінен бұрын тоқтату ниеті туралы тараптар Шартты тоқтатудың болжанатын күніне дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын бірін-бірі хабардар етуге міндетті.
      5.3. Шарт талаптарының бұзылғаны үшін Тапсырыс беруші міндеттемелерді орындамағаны туралы Өнім берушіге жазбаша ескерту хат жолдай отырып, осы Шартты бір жақты тәртіппен бұза алады.

6. Форс-мажор

      6.1. Форс-мажор жағдайлары туындаған кезде Өнім беруші Тапсырыс берушіге мұндай жағдайлар және олардың себептері туралы дереу жазбаша хабарлама жіберуі тиіс.
      6.2. "Форс-мажор" жағдайларына Өнім беруші тарапынан бақылауға бой бермейтін, оның қателігіне немесе ұқыпсыздығына қатысы жоқ және тосын сипатқа ие оқиғалар жатады. Мұндай оқиғаларды соғыс қимылдары, табиғи немесе дүлей апаттар, індет, карантин сияқты жағдайларға жатқызуға болады, бірақ шектелмейді.

7. Қорытынды ережелер

      7.1. Тараптардың ешқайсысының екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша өзінің міндеттемелерін үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.
      7.2. Осы Шарт бірдей заңды күші бар екі данада жасалды, бір данасы Тапсырыс берушіде, екіншісі Өнім берушіде болады.
      7.3. Осы Шарт Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің аумақтық органында тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және 200____  жылғы _________________ дейін қолданылады.
      Тараптардың мекен-жайлары мен деректемелері:

Тегін медициналық көмектің  
кепілдік берілген көлемін көрсету
бойынша медициналық қызметтерді
сатып алуды жүзеге асыру  
ережесіне           
2-қосымша           

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін
көрсету бойынша қызметтерді сатып алуға қатысуға өтінім

      Сатып алуды ұйымдастырушыға
      _______________________________________________________________
            (әлеуетті өнім берушінің толық атауы көрсетіледі)
      1. Сатып алуға қатысуға ниет білдірген заңды тұлға (әлеуетті өнім беруші) туралы мәліметтер:
      1) әлеуетті өнім берушінің заңды, пошталық мекен-жайы мен байланыс телефондары;
      2) заңды тұлғаның банктік деректемелері (СТН, БИК, ЖСК), сондай-ақ заңды тұлғаға қызмет көрсететін банктің немесе оның филиалының толық атауы және мекен-жайы;
      3) заңды тұлға бірінші басшысының Т.А.Ә.
      2. _________________________________(заңды тұлғаның толық атауы
көрсетіледі) осы өтініммен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде қызметтерді сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға ниет білдіреді және осы Ережеде көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес қызметтерді жүзеге асыруға келісімін береді.
      3. Әлеуетті өнім беруші осы өтініммен осы Ережеде көзделген шектеулерді бұзушылықтың болмағанын растайды.
      4. Әлеуетті өнім беруші Ережемен танысқанын және сатып алуды ұйымдастырушыға және комиссияға өзінің заңдылығын, біліктілігін, көрсетілетін қызметтердің сапалы және өзге де сипаттамалары, өзінің авторлық және аралас құқықтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де шектеулерді сақтауы туралы жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілік туралы хабардар екенін растайды.
      Әлеуетті өнім беруші сатып алуға қатысуға осы өтінімде және оған қоса берілетін құжаттарда осындай жалған мәліметтер бергені үшін толық жауапкершілікте болады.
      5. Осы өтінімнің _____ күн бойы қолданылады.
      6. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарт жасасқан сәтке дейін сатып алуға қатысуға осы өтінім оның жеңімпазын тану туралы Сіздің хабарламаңызбен бірге біздің арамызда міндетті шарттың рөлін атқаратын болады.

      _______________________________
      _________________/_____________/

      (заңды тұлғаның - әлеуетті өнім берушінің бірінші басшысының не оның орынбасарының лауазымы, Т.А.Ә. және оның қолы)

      Толтырылған күні _____________________

      М.О