Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттама бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К Мәсімов.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 22 қазандағы
N 1644 қаулысымен
бекітілген
Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және
Ресей Федерациясының кеден органдары арасында тауарлардың
кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу
туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің ережелеріне сүйене отырып,
кедендік төлемдерді төлеуден жалтаруға қарсы әрекет ету мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын тиімді бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
тауарлардың кедендік құнын бақылауды жетілдіруге ықпал ететін ақпаратпен және мәліметтермен уақтылы алмасудың қажеттілігін тани отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау үшін қажетті ақпарат алмасады.
2-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Хаттаманың ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелерді айқындайды.
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары жылына кемінде бір рет тұрақты негізде осы Хаттаманың ережелерін іске асыруға байланысты ағымдағы мәселелерді шешу мақсатында сарапшылардың жұмыс кездесулерін өткізеді.
3-бап
Тараптар мемлекеттері кеден органдарының кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылдары сұраулар жіберу арқылы жүзеге асырылады.
4-бап
Сұрау жазбаша нысанда жолданады және мыналарды қамтуы тиіс:
осы Хаттамаға сілтеме;
сұрауға бастамашы болған кеден органының атауы;
сұраудың мәні мен себебі.
Сұрауда сілтеме жасалған құжаттар Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары куәландырған көшірмелермен коса берілуі тиіс.
5-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес және өз құзыретінің шегінде сұрауларды орындауда бір-біріне жәрдем көрсетеді.
Сұрауды орындау сұрау түскен күнінен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
Сұрауды орындаудан:
осы Хаттаманың 4-бабының талаптары сақталмаған;
егер оны орындау сұрау салушы Тарап мемлекетінің егемендігіне қауіпсіздігіне залал келтіруі мүмкін, мемлекет заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін жағдайларда бас тартылады.
Сұрауды орындаудан бас тарту туралы, сондай-ақ бас тарту себептері туралы сұрау салушы кеден органы жазбаша нысанда дереу хабардар етіледі.
6-бап
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерді тексеру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары сұрау бойынша немесе өз бастамасы бойынша тиісті түрде Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары куәландырған кедендік декларациялардың және өзге құжаттардың көшірмелерін бір-біріне ұсынады.
7-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Хаттамаға сәйкес алынған ақпаратты тек кедендік мақсатта ғана пайдалануға міндеттенеді.
Ақпарат оны берген кеден органының жазбаша келісімімен ғана берілуі немесе басқа мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.
8-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары тауарлардың кедендік құны мәселелері бойынша өз мемлекетінің нормативтік құқықтық актілерімен тұрақты алмасуды жүзеге асырады.
9-бап
Тараптар бұдан әрі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес берілетін ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз ете отырып, нақты уақыт режимінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мен бақылау мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыруға ұмтылатын болады.
10-бап
Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.
11-бап
Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, кез келген мүдделі Тарап мұндай дауларды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.
12-бап
Осы Хаттамаға Тараптардың уағдаластығы бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясына депозитарийдің функциялары берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін