Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.30 N 674 Қаулысымен.
Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Тауарларды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 15 қазандағы N 1054 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 42, 440-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген тауарларды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдері:
мынадай мазмұндағы 1, 2, 3 және 4-ескертпелермен толықтырылсын:
"1-ескертпе
1.1. Осы тауарларды жеткіліқті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерінің (бұдан әрі - өлшемдер) алғашқы екі бағандарында шикізатты немесе материалдарды өңдеу/қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнім туралы деректер көрсетіледі. Өлшемдердің бірінші бағанында СЭҚ ТН бойынша өнім коды, екінші бағанда - бірінші бағанада көрсетілген кодқа сәйкес өнім сипаттамасы беріледі. Алғашқы екі бағандарда сипатталған әрбір нақты өнім үшін оның шығу тегін айқындайтын шарттар, өндірістік немесе технологиялық операциялар (бұдан әрі - шарттар мен операциялар) үшінші бағанда көрсетілген.
Өлшемдердегі тауарлар тек СЭҚ ТН бойынша тауар кодымен айқындалады, тауар атауы пайдалану қолайлығы үшін ғана берілген.
Егер тауардың СЭҚ ТН бойынша кодына "-дан/-ден" деген жалғау жалғанған болса, бұл үшінші бағандағы шарттар мен операциялар осы тауар позициясында жіктелген және екінші бағанда көрсетілген тауарларға ғана қолданылатынын көрсетеді. Бұл жағдайда да тауар атауын басшылыққа алу керек.
1.2. Егер бірінші бағанда бірнеше тауар позицияларының нөмірлері немесе топ нөмірі берілсе және онымен бірге екінші бағанда өнімдердің жалпы сипаттамасы берілсе, онда үшінші бағанда көрсетілген тиісті шарттар мен операциялар СЭҚ ТН сәйкес бірінші бағанда көрсетілген тауар позицияларында жіктелетін барлық өнімдерге немесе бірінші бағанда көрсетілген тауар позицияларының кез келгеніне қолданылады.
1.3. Егер бірдей тауар позициясында жіктелетін тауарлардың бір бөлігіне қатысты бір шарттар мен операциялар қолданылып, ал басқа бөлігіне (бөліктеріне) қатысты өзге шарттар мен операциялар қолданылса, онда екінші бағанда абзацтардың тиісті саны болады, олардың әрқайсысында тауарлардың нақты сипаты беріледі және тиісінше үшінші бағанда сипаты екінші бағанның қандай да бір абзацында берілген тауарларға қатысты шарттар мен операциялар көрсетіледі.
2-ескертпе
2.1. "дайындау" деген термин жинауды немесе қандай да бір ерекше операцияларды қоса алғанда, өндірістік немесе технологиялық операциялардың кез келген түрін орындауды білдіреді. Бұл ретте 3.4-ескертпенің ережелерін назарға алған жөн.
2.2. "материал" деген термин өнім дайындау үшін пайдаланылатын кез келген ингредиенттерді, шикізатты, құрамдас элементтерді, бөліктерді және т.с.с. білдіреді.
2.3. "өнім" деген термин, тіпті ол басқа өндірістік операцияларда одан әрі пайдалануға арналса да, дайындалған өнімді білдіреді.
2.4. "тауар" деген термин материалдарды да, өнімдерді де білдіреді.
2.5 "Келісімге қатысушы мемлекет" деген термин - 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге және 1999 жылғы 2 сәуірдегі осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қатысушы мемлекет.
2.6 "үшінші елдер" деген термин - 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге және 1999 жылғы 2 сәуірдегі осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер.
3-ескертпе
3.1. Осы өлшемдердің үшінші бағанында көрсетілген шарттар мен операциялар өнім дайындау үшін пайдаланылатын, Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында шығарылмайтын материалдарға (бұдан әрі - шетелде шығарылған материалдар) қатысты ғана жүзеге асырылуға тиіс. Үшінші бағандағы шарттармен және операциялармен айқындалған шектеулер, сондай-ақ өнім дайындау үшін пайдаланылатын, шетелде шығарылған материалдарға ғана қолданылады.
3.2. Егер шарттармен және операциялармен өнім өндіруде кез келген тауар позицияларының материалдары пайдаланылуы мүмкін деп белгіленген жағдайда, бұл өнім сияқты сол тауар позициясында жіктелетін материалдарды шарттармен және операциялармен айқындалуы мүмкін ерекше шектеулер сақталған жағдайда ғана пайдалануға болатындығын білдіреді.
3.3. Егер шетелде шығарылған материалдардан дайындалған өнім тауар позициясының өзгеруіне орай немесе өлшемдерге сәйкес оған қатысты ерекше шартқа немесе операцияларға орай қайта өңдеу жүзеге асырылатын және содан соң басқа өнім өндіру үшін материал ретінде пайдаланылатын Келісімге қатысушы мемлекеттен шыққан мәртебеге ие болатын жағдайда, оны дайындау кезінде пайдаланылатын өнімге қатысты қолданылатын шарттар мен операциялар оған қолданылмайды.
3.4. Егер сол не өзге өнімге қатысты Қазақстан Республикасының Кеден кодексі 35-бабының 5-тармағында көрсетілген операциялар жүргізу нәтижесінде жеткілікті өңдеу/қайта өңдеу өлшемдерін орындауға қол жеткізілсе (Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 4-тармағы), онда осы өнім бұл операциялар орын алған елден шықты деп саналмайтын болады.
3.5. Тауарларды СЭҚ ТН бойынша жіктеу ережелеріне сәйкес жіктеудің дербес объектісі ретінде айқындалатын сол немесе басқа өнім шарттар мен операцияларды қолдану объектісі болып табылады. СЭҚ ТН-ді түсіндірудің 3-ші негізгі ережесіне орай жіктелетін өнімдер жиынтығының шығу тегі айқындалған жағдайда, жиынтық құрамына кіретін әрбір жеке элемент шарттар мен операцияларды қолдану объектісі ретінде қарастырылады.
Тиісінше:
элементтер тобынан тұратын немесе бірқатар бөліктерден жиналған және СЭҚ ТН ережелеріне сәйкес жеке тауар ретінде жіктелетін өнім тұтастай алғанда, шарттар мен операцияларды қолдану объектісі ретінде қарастырылады;
егер тауарлар партиясы СЭҚ ТН-нің бір тауар позициясында жіктелетін ұқсас өнімдерден тұрса, онда әрбір өнім шарттар мен операциялардың қолдану мақсаты үшін жеке қарастырылуға тиіс;
егер СЭҚ ТН-ді түсіндірудің 5-ші негізгі ережесіне орай орам оған салынған өнімдермен бірге жіктелсе, онда осы тауардың шығу тегін айқындау кезінде орам тауардың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс.
3.6. Элементтер тобынан тұратын немесе бірқатар бөліктерден жиналған және тауарларды СЭҚ ТН бойынша жіктеу ережесіне сәйкес жеке тауар ретінде жіктелетін өнім, егер оның барлық құрауыштары осы шарттар мен операцияларды қанағаттандырса, шарттар мен операцияларды қанағаттандыратын ретінде қарастырылуға тиіс.
Егер осы өнім құрауыштарының бір бөлігі шарттар мен операцияларды қанағаттандырса, ал бір бөлігі қанағаттандырмаса немесе дайын өніммен бірдей тауар позициясына ие болса, онда, егер шарттар мен операцияларды қанағаттандырмайтын немесе тауар позициясы түпкі өніммен бірдей құрауыштардың құны түпкі өнімнің франко-зауыттық бағасының 15 %-ынан аспаған жағдайда, осы өнім шарттар мен операцияларды қанағаттандыратын болып саналады.
Бұл ереже өлшемдерде олар үшін өзге шарт көрсетілген тауарлардан басқа барлық жағдайларда қолданылуы мүмкін.
4-ескертпе
4.1. Осы өлшемдердің үшінші бағанында келтірілген шарттар мен операциялар өндірістік немесе технологиялық операцияларды орындаудың ең аз көлемін белгілейді. Белгіленген өндірістік немесе технологиялық операциялардың ең аз көлемде орындалуы өнімнің шығу тегін айқындамайды.
4.2. Егер өлшемдерде келтірілген шарттар мен операцияларда өнім бірден артық материалдан дайындалуы мүмкін екендігі белгіленген жағдайда, бұл бір немесе одан көп материал пайдаланылуы мүмкін екендігін білдіреді. Бұл ретте барлық материалдардың пайдаланылуы міндетті емес.
Алайда, егер бір шарт немесе операция шеңберінде бір материалға қатысты белгіленген қандай да бір шектеу белгіленсе және сонымен бірге өзге материалдарға қатысты белгіленген өзге шектеулер болса, онда бұл шектеулер өнімді дайындау кезінде нақты пайдаланылған материалдарға қатысты ғана қолданылады.
4.3. Егер тізімде келтірілген шарттар мен операцияларда өнім белгілі бір материалдан дайындалуға тиіс екендігі белгіленген жағдайда, бұл өз табиғатына қарай осы шарт немесе операция ережесін бұза алмайтын басқа материалдарды пайдалану үшін осы шарт кедергі болып табылмайтындығын білдіреді. (Мысалы: егер шарттар мен операцияларда дәнді дақылдарын немесе олардан өндірілгендерді пайдалану айрықша ескерілетін болса, бұл дәнді дақылдарынан өндірілмейтін минералды тұздарды, химиялық және басқа қоспаларды пайдалануға кедергі болмайды).".
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов