Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 23 шілдедегі N 1122 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 23 шілдедегі
N 1122 қаулысымен    
мақұлданған      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және
кейіннен пайдалану туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1992 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Отын-энергетика кешені салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып,
      1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      электр энергетикасы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудегі мүдделілікті негізге ала отырып,
      "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" акционерлік қоғамын, оның ішінде Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану жолымен дамыту қажеттігін басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өте отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану (бұдан әрі - жоба) жөніндегі ынтымақтастық шарттарын айқындайды.

2-бап

      Жобаны іске асыруды "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) жүзеге асырады, мыналар оның қатысушылары болып табылады:
      Қазақстандық тараптан - "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы;
      Ресейлік тараптан - "ИНТЕР РАО ЕЭС" ашық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - уәкілетті ұйымдар).
      Уәкілетті ұйымдар ауысқан жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар мыналарды негізге алады:
      - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетикалық жүйелері қосарлас режимде жұмыс істейді, бұл үшін Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін аталған шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін зиян келтірмейтін ынтымақтастықты қамтамасыз ететін барлық қажетті шарттар мен келісімдер жасалатын болады;
      - уәкілетті ұйымдар жобаның, оның ішінде Қоғамның қолда бар инфрақұрылымын пайдалануды және жаңа жабдықты қазіргі уақытта пайдаланатындармен біріздендіруді көздейтін негізгі техникалық шешімдерін келісті. Жобаны іске асыру мақсаттары үшін жаңа жабдықты жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тендерлік негізде жүзеге асырылады.

4-бап

      Уәкілетті ұйымдар Жобаны қаржыландыруды тең жағдайларда және жобаны іске асыру үшін қажетті көлемде қамтамасыз етеді.
      Тараптар Жобаны қаржыландырудың неғұрлым тиімді нысаны қарыз қаражатын, оның ішінде уәкілетті ұйымдардың корпоративтік кепілдіктері және/немесе Қоғам мүлкінің кепілзаты және/немесе Қоғам акцияларының кепілзаты түрінде қамтамасыз етуімен тарту болып табылатынын негізге алады.
      Тараптар Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қаржы ұйымдарынан, оның ішінде ұлттық даму банктерінен және халықаралық қаржы ұйымдарынан, сондай-ақ өзге де ықтимал қаржы институттарынан қарыз қаражатын тартуға жәрдем көрсетеді.

5-бап

      Тараптар қарыздық қаржыландыруды алу мақсатында қоғамда электр энергиясын өткізуге арналған ұзақ мерзімді келісім-шарттардың болуы қажет деп санайды. Бұл ретте Қазақстандық тарап:
      қоғам үшін электр энергиясын өткізуге арналған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдармен келісілген мерзімдерде жобаның өтелуін қамтамасыз ететін тарифін белгілеуді;
      қоғамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының электр желілері бойынша экспортталатын электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге арналған тарифке төмендетуші коэффициентті беруді;
      қоғам Ресей Федерациясына электр энергиясын жеткізуді жүзеге асырған кезде қуаттың орташа сағаттық қуатын құжаттамалық растауды қамтамасыз етеді.
      Тараптар белгіленген тәртіппен Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторымен келісілген көлемде Ресей Федерациясына қоғам өндіретін электр энергиясын ұзақ мерзімді жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігі туралы уағдаласты.

6-бап

      Тараптар Уәкілетті ұйымдардың қызметін басқарудың корпоративті жүйесі арқылы бақылауды жүзеге асырады және жобаны іске асыруда қоғамға жәрдем көрсетеді.

7-бап

      Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтық преференцияларды пайдалануға құқылы.

8-бап

      Қазақстан Республикасының заңнамасына қоғамға және оның жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымдарына салық салу шарттарын нашарлатуға алып келетін кемсітушілік өзгерістер енгізілген жағдайда, онда жобаны іске асыруға инвестицияланған қаражатты қайтару кезеңінде оларға салық салу осы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      Осы баптың ережелері қоғам мен оның жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымдары жүзеге асыратын жоба бойынша жұмыстарды (қызметтерді) өткізу жөніндегі кірістер мен операцияларға қолданылады.
      Осы Келісімнің мақсаттары үшін салық салу шарттарының нашарлауы деп жаңа салықтарды, алымдарды, баждарды және (немесе) өзге де ұқсас төлемдерді енгізу (белгілеу), салық ставкаларын, алымдардың, баждардың және (немесе) өзге де ұқсас төлемдердің мөлшерін арттыру түсініледі.
      Осы баптың ережелері тек қана жобаны іске асыруға байланысты қызметке салық салуға қатысты қолданылады.

9-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіру мен оның орындалуын бақылауды мынадай Құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі;
      Ресейлік тараптан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

10-бап

      Тараптардың бірінің өз міндеттемелерін орындауы үшін кедергі келтіретін жағдайлар не келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары туындаған жағдайларды не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар өткізеді.
      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі және (немесе) қолданудағы уәкілетті органдар арасындағы консультациялар жолымен жоюға болмайтын келіспеушіліктер хаттамаларды ресімдей отырып, Тараптардың арасындағы келіссөздер жолымен шешілетін болады.

11-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін күшіне енеді және осы Келісім бойынша міндеттемелер толық орындалған күні өзінің қолданылуын тоқтатады.
      2. Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісімімен өзгертілуі мүмкін. Осы Келісімге кез келген өзгерістер осы баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.
      3. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде жасалған шарттарда (келісім-шарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.
      4. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес оған қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.

      200___ жылғы "___" ___________ ___________ қаласында әрқайсысы
орыс және қазақ тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.

      Қазақстан Республикасының                Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін