"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 шілдедегі N 1100 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 13 ақпандағы Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) "Қазақстанның ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының 11,3 пайыз мөлшеріндегі акцияларының мемлекеттік пакетін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына (бұдан әрі - "Самұрық-Қазына" АҚ) қарасты "КАZNЕХ" экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы" акционерлік қоғамының 100 пайыз акцияларының орнына "Самұрық-Қазына" АҚ-ның меншігіне беруді;
      2) оны мемлекеттік меншікке қабылдағаннан кейін "КАZNЕХ" экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы" акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне беруді;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтыру мен өзгеріс енгізілсін:
      1) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында :
      көрсетілген қаулыға қосымшада:
      "Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне" деген бөлім:
      мынадай мазмұндағы 237-33-жолмен толықтырылсын:
      "237-33. "КАZNЕХ" экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы" АҚ";
      2) "Мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 мамырдағы N 668 қаулысында :
      3-тармақтың 2) тармақшасы алынып тасталсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов