Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 маусымдағы N 914 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 5 қарашадағы № 1162 Қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.11.05 № 1162 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 24-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесі бекітілсін.
      2. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы N 813 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 16 маусымдағы
N 914 қаулысымен    
бекітілген      

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесі (бұдан әрі — Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (бұдан әрі - Ұлттық қор) республикалық бюджетке берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін белгілеу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ереженің қосымшасына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін, қайтарымсыз түсім болып табылатын Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдік берілген трансферт белгілі бір кезеңге бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығындардың орташа көлеміне негізделе отырып қалыптастырылған республикалық бюджетке трансферттің кепілдік берілген ең төменгі деңгейін қамтамасыз ететін "А" константадан, сондай-ақ үш жылдық кезеңге арналған "b" коэффициентін айқындайтын жылдың алдындағы бес жылдық кезеңде Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістің орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент туындысынан, Ұлттық қор активтерінің сомасынан және Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасына қатысты теңге бағамынан тұрады.
      3. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдік берілген трансферт мұнайға қатысты емес сектор ұйымдарынан түсетін түсімдер мен республикалық бюджет шығыстары арасындағы айырмаға сәйкес келетін бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының мөлшері ескеріле отырып айқындалады.

2. Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансферттің мөлшерін айқындау тәртібі

      4. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында кепілдік берілген трансфертті қалыптастыру мемлекеттік бюджеттің жиынтық шығыстарының өсу қарқынын елдің жалпы ішкі өнімінің номиналды өсу қарқынынан аспайтын деңгейде қамтамасыз етуге бағдарланады.
      5. Кепілдік берілген трансферттің мөлшері республикалық бюджетті әзірлейтін жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауға тиіс.
      6. Кепілдік берілген трансферт есептерін жүзеге асырудың бірінші жылында Ұлттық қордың активтері бойынша деректер үш жылдық кезеңге арналған кепілдік берілген трансфертті айқындайтын жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша нақты, ал келесі жылдары болжамды болып табылады.

Қазақстан Республикасының 
Ұлттық қорынан берілетін  
кепілдік берілген трансферттің
үш жылдық кезеңге арналған 
мөлшерін айқындау ережесіне
қосымша           

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау формулалары

      Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдік берілетін трансферттің мөлшері мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
      Gо = А + b х NFRKt-l х е, мұнда
      Gо — Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансферт;
      А — константа;
      b - үш жылдық кезеңге арналған "b" коэффициентін айқындайтын жылдың алдындағы бес жылдық кезең ішінде Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістің орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент;
      NFRKt-l — республикалық бюджетті әзірлейтін жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы Ұлттық қордың активтері (Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасымен);
      е — Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасына қатысты теңге бағамы.
      Кепілдік берілген трансферт есептерін жүзеге асырудың бірінші жылында NFRKt-1 және е көрсеткіштері үш жылдық кезеңге арналған кепілдік берілген трансфертті айқындайтын жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша нақты, ал келесі жылдары болжамды болып табылады.
      Бұл ретте:
      А + b х NFRKt - 1 х е = (DB - (D) + (Gno - СВЕ))), мұнда
      DВ - даму бюджеті;
      D - таза үкіметтік қарыз алу (тартылатын және өтелетін қарыздардың арасындағы айырма);
      Gnо — мұнайға қатысты емес сектор ұйымдарының кірістері;
      СВЕ - ағымдағы бюджеттік шығыстар.
      Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер мен ағымдағы бюджеттік шығыстар арасындағы айырмашылық таза үкіметтік қарыз алудан асып кетпеуге тиіс:
       D > (Gno - СВЕ),
      өйткені, мұндай асып кету "А" константасының бір бөлігін ағымдағы бюджеттік шығыстарды қаржыландыруға даму бюджетіне зиян келтіре отырып алып қоюды талап етеді.