Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуін кедендік бақылау кезінде ақпараттық технологияларды қолданудағы бірыңғай тәсілдер туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуін кедендік бақылау кезінде ақпараттық технологияларды қолданудағы бірыңғай тәсілдер туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 5 маусымдағы
N 828 қаулысымен
мақұлданған
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуін кедендік бақылау кезінде ақпараттық технологияларды қолданудағы бірыңғай тәсілдер туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын тиімді кедендік бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта тең құқықты бәсекелестікке, макроэкономикалық тұрақтылыққа және келісілген салық, ақша-кредит, валюта-қаржы және кеден саясатын қамтамасыз етуге жәрдемдесуді қалай отырып;
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді жеделдету мен оңайлатуға, тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау қауіпсіздігін және Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын заңсыз өткізудің алдын алуға ниет ете отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
автоматтандырылған жүйе - персоналдан және көрсетілген персоналдың қызметін автоматтандыру құралдарының кешенінен тұратын, белгіленген функцияларды орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын жүйе;
ақпаратты қорғау - ақпараттың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету, оны рұқсатсыз өзгертуге немесе жоюға жол бермеу, қол жеткізуге шектеу қойылған ақпараттың құпиялылығын сақтау, ақпаратқа қол жеткізу құқығын іске асыру, сондай-ақ ақпаратты өңдеу, беру және сақтау құралдарына рұқсатсыз ықпал етуге жасауға жол бермеу мақсатында құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларды қабылдау;
ақпарат - оларды беру нысанына қарамастан тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процесстер туралы мәліметтер;
ақпараттық ресурс — ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттандырылған ақпарат жиынтығы (дерекқор, ақпараттың басқа да массивтері);
ақпараттық жүйе - дерекқорда қамтылған ақпараттың және оны өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдардың жиынтығы;
ақпараттық технологиялар - ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, өңдеу, беру, тарату процестері, әдістері және осындай процестер мен әдістерді жүзеге асыру тәсілдері;
ақпараттық-телекоммуникациялық желі - қол жеткізу есептеу техникасы құралдарын пайдалана отырып, жүзеге асырылатын ақпаратты байланыс желілері арқылы беруге арналған технологиялық жүйе;
куәландыратын орталық - қолтаңба кілттерінің сертификаттарын басқару және Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің заңнамасына сәйкес өзге қызметтерді ұсыну жөніндегі функцияларды орындайтын заңды тұлға.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаты мынадай міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыру үшін Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу болып табылады:
ақпаратты тиісті дәрежеде қорғау кезінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тетіктерінің ақпараттық ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету;
кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау уақытын қысқарту;
Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларында кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату үшін, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттерінде бірлескен кедендік бақылауды ұйымдастыру үшін жағдай жасау;
ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарын ықпалдастыру;
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің автоматтандырылған жүйелерінің ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында ақпарат алмасудың жеделдігін арттыру.
3-бап
Ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу үшін Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері мынадай міндеттерді бірлесіп шешеді:
халықаралық практиканы ескере отырып, Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық технологияларды пайдалану саласында Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасын және Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі халықаралық шарттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;
кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарын қалыптастыру және пайдалану тәртібін және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қарамағындағы ақпараттық ресурстарда қамтылған ақпаратты құжаттандыруға қойылатын талаптарды әзірлеу;
куәландыратын орталықтардың жұмыс істеуін ескере отырып, Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің тиімді ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін ықпалдасқан ақпараттық-телекоммуникациялық желіні дамыту;
ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын кеден мақсаттары үшін пайдалану тәртібі мен шарттарын әзірлеу;
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты жіктеудің және кодтаудың біріздендірілген жүйесін қалыптастыру;
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері қызметінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері үшін жаңа ақпараттық жүйелерді жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және консультациялар өткізу.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпарат алмасуды өз құзыреті шегінде және Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
5-бап
Кедендік реттеу мәселелері жөніндегі ақпаратқа мемлекетаралық деңгейде қол жеткізуді қамтамасыз ету және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде оны бірлесіп пайдалану үшін Тараптар ақпараттық ресурстарды ықпалдастыру және оларға регламенттелген рұқсаты бар уәкілетті тұлғаларды айқындау жөнінде іс-шаралар өткізеді.
6-бап
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ықпалдасқан ақпараттық-телекоммуникациялық желісі:
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтеріне байланыс және деректер беру желілерінің техникалық мүмкіндіктерін біріктіру негізінде қазіргі заманғы телекоммуникациялық қызметтер кешенін ұсынуға;
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде пайдаланылатын техникалық шешімдерді біріздендіруге;
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында ақпаратты сапалы және сенімді беру мақсатында байланыс желілерін қосуды қамтамасыз етуге;
Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің кеден қызметіне басқа Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарына қол жеткізуді ұсынуға арналған.
7-бап
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимыл жасау және Тараптардың электрондық құжаттардың заңды күшін тану тәртібі Тараптардың жеке Келісімімен айқындалады.
8-бап
Тараптар осы Келісімге сәйкес алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің осы Келісімге сәйкес алған ақпаратын Тараптар кедендік мақсаттарда пайдаланады және ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз оны үшінші тараптарға бере алмайды.
9-бап
Ақпаратты ашық пайдалану байланыс желілері арқылы берген кезде Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес сертификатталған ақпаратты рұқсатсыз қол жеткізуден немесе өзгертуден, сондай-ақ компьютерлік шабуылдар мен вирустардың әсерінен қорғау құралдарын пайдалану негізінде Тараптар автоматтандырылған жүйелердегі, ақпараттық ресурстардағы және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердегі Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінде қолданылатын ақпаратты қорғауды қамтамасыз етеді.
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Тараптар мемлекеттерінің тиісті қызметтерімен ақпаратты қорғау құралдарының сертификатталған тізбесін қалыптастырады.
10-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес бағдарламалық-техникалық құралдарды және ақпараттық технологияларды пайдалану кезінде өзара іс-қимыл процесінде алынған зияткерлік меншіктің қорғалуын қамтамасыз етеді.
11-бап
Ақпараттық технологияларды енгізу және пайдалану процесін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық технологияларды пайдаланудың ұдайы мониторингін жүзеге асырады және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қызметіндегі ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттік саясатты түзету жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дауды кез келген мүдделі Тарап Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.
13-бап
Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізуі мүмкін.
14-бап
Күшіне енгеннен кейін осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа кірген басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылатын мемлекетке қатысты осы Келісім қосылу туралы құжатты депозатарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
15-бап
Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Кез келген Тарап депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 12 ай өткеннен кейін тоқтатылады.
Осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттеме оның қолданысы тоқтатылғандығына немесе қандай да бір Тараптың одан шығуына қарамастан күшінде қалады.
2009 жылғы "___"______ ______қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Түпнұсқа дана Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін депозитарийде сақталады.
Беларусь Қазақстан Қырғыз
Республикасының Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Ресей Тәжікстан Өзбекстан
Федерациясының Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін