Кеден қызметін дамыту жобасы жөніндегі Байқау комитетін құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 наурыздағы N 358 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Кеден қызметін дамыту жобасы) 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Кеден қызметін дамыту жобасы жөніндегі Байқау комитеті құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Кеден қызметін дамыту жобасы жөніндегі Байқау комитеті туралы ереже бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден қызметін дамыту жобасын іске асыру жөніндегі басшылықтың қабылдануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қ азақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 20 наурыздағы
N 358 қаулысымен
бекітілген   

Кеден қызметін дамыту жобасы жөніндегі Байқау комитетінің құрамы

Жәмішев                       - Қазақстан Республикасының Қаржы
Болат Бидахметұлы               министрі, төраға

Кәрбозов                      - Қазақстан Республикасы Қаржы
Қозы-Көрпеш Жапарханұлы         министрлігі Кедендік бақылау
                                комитетінің төрағасы, төрағаның
                                орынбасары

Нұрбаев                       - Қазақстан Республикасы Қаржы
Төлеген Болатұлы                министрлігі Кедендік бақылау
                                комитетінің ұйымдастырушылық
                                жұмыс және бақылау басқармасының
                                бастығы, хатшы

Есекеев                       - Қазақстан Республикасы
Қуанышбек Бақытбекұлы           Ақпараттандыру және байланыс
                                агенттігінің төрағасы

Айтжанова                     - Қазақстан Республикасының
Жанар Сейдахметқызы             Индустрия және  сауда вице-министрі

Смайылов                      - Қазақстан Республикасының Қаржы
Әлихан Асханұлы                 вице-министрі

Барменқұлов                   - Қазақстан Республикасы Көлік және
Әділет Назарбайұлы              коммуникация министрлігі Көліктік
                                бақылау комитетінің төрағасы

Ерғожин                       - Қазақстан Республикасы Қаржы
Дәулет Еділұлы                  министрлігі Салық  комитетінің
                                төрағасы

Сүлейменов                    - Қазақстан Республикасы Ауыл
Серік Ирмашұлы                  шаруашылығы министрлігі
                                Агроөнеркәсіптік кешендегі
                                мемлекеттік инспекция комитетінің
                                төрағасы

Пак                           - Қазақстан Республикасы Денсаулық
Лариса Юн-боевна                сақтау министрлігі Фармацевтикалық
                                бақылау комитеті төрағасының
                                орынбасары

Ахметова                      - Қазақстан Республикасы Қаржы
Гүлнар Дулатқызы                министрлігі Стратегиялық даму және
                                халықаралық ынтымақтастық
                                департаменті директорының міндетін
                                атқарушы

Күнтубаев                     - Қазақстан Республикасы Қаржы
Думан Жаппарбекұлы              министрлігі Ақпараттық технологиялар
                                департаменті директорының міндетін
                                атқарушы

Бөденеев                      - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Кеңесбек Дәуітқұлұлы            қауіпсіздік комитетінің Шекара
                                қызметі директорының орынбасары
                                - Шекаралық бақылау Бас басқармасының
                                бастығы

Кучерова                      - Қазақстан Республикасы Экономика
Светлана Александровна          және бюджеттік жоспарлау министрлігі
                                Қорғанысты, құқық қорғау жүйесін
                                және мемлекеттік органдарды дамыту
                                департаменті директорының
                                орынбасары

Үмбетова                      - Қазақстан Республикасы Қаржы
Инесса Тілеутайқызы             министрлігі Стратегиялық даму және
                                халықаралық ынтымақтастық
                                департаментінің халықаралық қаржы
                                ұйымдарымен өзара іс-қимылдар
                                басқармасы бастығының міндетін
                                атқарушы

Перуашев                      - "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық
Азат Тұрлыбекұлы                экономикалық палатасының төрағасы

Қожасбай                      - Қазақстан Республикасы Сауда-
Ерлан Сәдуақасұлы               өнеркәсіп палатасының президенті

Шведюк                        - Қазақстан кәсіпкерлері форумы
Владимир Федорович              төрағасының кеңесшісі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 20 наурыздағы
N 358 қаулысымен
бекітілген   

Кеден қызметін дамыту жобасы жөніндегі Байқау комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Кеден қызметін дамыту жобасы (бұдан әрі - Жоба) жөніндегі Байқау комитеті (бұдан әрі - Байқау комитеті) Жобаға басшылық жасауды және оны қадағалауды, сондай-ақ Жобаны іске асыру жөніндегі басшылықта көрсетілген талаптарға, өлшемдер мен операциялық рәсімдерге сәйкес оны іске асыруды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында құрылған.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Байқау комитетініңжұмыс органы болып табылады.
      3. Байқау комитеті өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын , 2008 жылғы 19 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Кеден қызметін дамыту жобасы), Қазақстан Республикасының заңдарын , Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      4. Байқау комитеті Жоба қолданыста болған кезеңге құрылады.

2. Байқау комитетінің құқықтары мен міндеттері

      5. Байқау комитеті:
      1) жобаның мақсатына қол жеткізуді, сондай-ақ ведомствоаралық ынтымақтастық пен іс-әрекеттердің келісімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жобаны іске асыруды қадағалауды жүзеге асыруға;
      2) Жобаның сатып алу жоспарын және Жобаны іске асыру жоспарын, Жоба бойынша жылдық есептерді қарауға және бекітуге;
      3) Жоба шеңберінде өткізілген іс-шаралардың нәтижелерін қарауға және бағалауға;
      4) пилоттық жобаларды зерделеу мен мақұлдауға, пилоттық жобалардың басшыларын тағайындауға және олардың функцияларын бекітуге;
      5) Жобаны іске асыруға байланысты өзге де мәселелерді қарауға міндетті.
      6.Байқау комитетінің:
      1) Жобаны іске асыру шеңберінде активтерді шығыстау және өзге де ақпараттар туралы аудиторлық есептің көшірмесін жұмыс органынан алуға;
      2) тиісті жағдайларда Қазақстан Республикасы кеден органдарының, басқа мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың мамандарын консультация алу үшін тартуға құқығы бар.

3. Байқау комитетінің қызметін ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Байқау комитетінің төрағасы болып табылады.
      8. Байқау комитетінің Төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және Байқау комитеті отырыстарының нәтижелері бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын жалпы бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес Байқау комитеті жүзеге асыратын қызметке және Байқау комитеті әзірлейтін шешімдерге жеке жауапкершілікте болады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Байқау комитеті төрағасының орынбасары орындайды.
      9. Байқау комитеті отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізеді. Отырыс егер, оған Байқау комитеті мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.
      10. Байқау комитеті отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және отырыстан кейін хаттаманы ресімдеуді Байқау комитетінің хатшысы жүзеге асырады.
      11. Хатшы Байқау комитетінің мүшесі болып табылмайды.
      12. Төрағамен келісілгеннен кейін, Байқау комитетінің жұмыс отырыстарының материалдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің сайттарында жарияланады.
      13. Байқау комитетінің шешімдері ашық дауыс беру жолымен қабылданады және Байқау комитеті мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      14. Байқау комитеті отырыстарының нәтижелері бойынша оның барлық мүшелері қол қоятын хаттама жасалады.