Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Машина жасау саласына арналған техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталық" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 1196 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Мемлекет басшысының 2005 - 2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 - 2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі N 319 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Машина жасау саласына арналған техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталық" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі кәсіпорынның мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.
      3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні білім беру саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.
      4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге ұсынуды;
      2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
      3) Машина жасау саласына арналған техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталығын салуды;
      4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай
толықтырулар енгізілсін:
      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 470-184-11-жолмен толықтырылсын:

"470-184-11

"Машина жасау саласына арналған техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталық" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

Өскемен қаласы";

      2) "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 40, 522-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауындағы ұйымдардың тізбесінде:
      "1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 77-11-жолмен толықтырылсын:
      "77-11. "Машина жасау саласына арналған техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталық".
      6. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов