РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1157 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібі туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі - кеден одағына қатысушы мемлекеттер) бірыңғай кеден аумағында тауарларды кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім оның негізінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде кеден одағында (бұдан әрі - кеден одағы) кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары әзірленетін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағында тауарларды кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібін айқындайды.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
"декларант" - тауарларды декларациялайтын не оның атынан тауарлар декларацияланатын тұлға;
"бірыңғай кеден аумағы" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден аумақтарынан тұратын аумақ;
"кедендік мақсаттарға арналған тауарлардың мәртебесі" - кедендік заңнамада белгіленген бірыңғай кеден аумағында тауарларға иеленуге, пайдалануға және билік етуге тыйым салулар мен шектеулердің болуы немесе болмауы;
"кедендік шекара" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ерекше экономикалық аймақтарында және құрлықтық қайраңдарында орналасқан жасанды аралдардың, қондырғылардың, құрылыстардың және оларға қатысты кеден одағына қатысушы мемлекеттер заңдық құзырына ие болатын өзге де объектілердің шектерін қоса алғанда, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағының шектері, сондай-ақ егер бұл кез келген кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңнамасымен белгіленсе, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында құрылған арнайы (еркін немесе ерекше) экономикалық аймақтардың шектері;
"кедендік құжаттар" - кедендік мақсатта ғана жасалатын құжаттар;
"кедендік заңнама" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттары және кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағы органдарының шешімдері және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әрқайсысының кедендік заңнамасы;
"кедендік бақылау" - кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып, кеден органдары жүзеге асыратын шаралардың жиынтығы;
"кедендік операциялар" - тұлғалар және кеден органдары кедендік заңнамаға сәйкес кедендік ресімдеу кезінде тауарларға қатысты жасайтын жекелеген іс-әрекеттер;
"кеден органдары" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары;
"кедендік ресімдеу" - кедендік режимдермен немесе кедендік рәсімдермен орналастырылған (орналасқан), кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларға қатысты жасалатын кедендік операциялардың жиынтығы;
"тауар" - кедендік шекара арқылы өткізілетін кез келген қозғалатын мүлік, оның ішінде ақпарат таратушылар, валюталық құндылықтар, энергияның электр және өзге де түрлері, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар.
3-бап
Бірыңғай кеден аумағындағы кедендік мақсаттарға арналған тауарларда кеден одағы тауарларының мәртебесі немесе кеден одағының тауарлары емес мәртебесі болады.
Кеден одағы тауарларының мәртебесі мынадай тауарларда болады:
толықтай бірыңғай кеден аумағында шығарылған;
кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағы тауарларының мәртебесін алған бірыңғай кеден аумағына әкелінген;
толықтай бірыңғай кеден аумағында шығарылған және (немесе) кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағы тауарларының мәртебесін алған бірыңғай кеден аумағына әкелінген тауарлардан бірыңғай кеден аумағында жасалған.
Бірыңғай кеден аумағынан әкету кезінде кеден одағы тауарларының мәртебесі бар тауарлар (бұдан әрі - кеден одағының тауарлары) мұндай мәртебесін жоғалтады.
Кеден одағының тауарлары мәртебесі жоқ тауарларда осы баптың үшінші-алтыншы абзацтарына сәйкес кеден одағының тауарлары емес мәртебесі (бұдан әрі - кеден одағының тауарлары емес) бар.
4-бап
Кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар кедендік заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда кедендік ресімдеуге және кедендік бақылауға жатады.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарымен кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік ресімдеу жүргізілмейтін және (немесе) олар кедендік бақылаудың жекелеген нысандарынан босатылған жағдайлар айқындалуы мүмкін.
5-бап
Тауарларға кедендік ресімдеу жүргізудің тәртібі мен технологиясы кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлардың түрлеріне, мұндай өткізу үшін пайдаланылатын көліктің (автомобиль, әуе, темір жол, теңіз, өзен және басқа) түріне, тауарларды өткізетін тұлғалардың санаттарына қарай белгіленеді.
Кедендік ресімдеу жүргізу кезінде кеден органдарының талаптары кедендік заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті талаптармен негізделген және шектелген болуы тиіс.
Тауарларды кедендік ресімдеу кезінде кедендік операциялар тауарлардың шығарылған, жөнелтуші және межелі еліне қарамастан бірдей қолданылады.
6-бап
Тауарларды кедендік ресімдеу кезінде кедендік операциялар кеден органдары орналасқан жерлерде және осы кеден органдарының жұмыс уақытында жасалады.
Тауарларға кедендік ресімдеу жүргізу кезінде декларанттың не өзге мүдделі тұлғаның дәлелді сұрау салуы бойынша жекелеген кедендік операциялар кеден органдары орналасқан жерлерден тыс және жұмыс уақытынан тыс жасалуы мүмкін.
7-бап
Кедендік ресімдеу жүргізу кезінде кедендік заңнамада белгіленген тұлғалар кеден органдарына кедендік ресімдеу жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Кеден органдары кедендік ресімдеу жүргізу кезінде кедендік заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ғана ұсынуды талап етуге құқылы.
Кедендік ресімдеу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну мерзімдері кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес белгіленеді.
Кедендік ресімдеу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтердің тізбесі тауарларды өткізетін тұлғалардың санаттарын, тауарлардың түрлерін, тауарларды пайдалану мақсатын, кедендік режимдер мен кедендік рәсімдердің талаптарын ескере отырып және (немесе) тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде пайдаланатын көлік түрін негізге ала отырып айқындалады.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кедендік ресімдеуді оңайлату және жеделдету мақсатында басқа мемлекеттердің кедендік ресімдеу үшін пайдаланатын кедендік құжаттары қолданылуы мүмкін.
Кедендік ресімдеу үшін қажетті құжаттар кеден органына электронды құжат түрінде берілуі мүмкін.
8-бап
Кедендік құжаттарды толтыруды қоса алғанда, кедендік ресімдеу орыс тілінде жүргізіледі.
Кеден органдары кеден мақсаты үшін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және шет тілдерінде жасалған құжаттар мен мәліметтерді қабылдауы және пайдалануы мүмкін.
9-бап
Дүлей зілзалаларды, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін қажетті тауарларды, сондай-ақ тез бұзылуға ұшырайтын тауарларды, тірі жануарларды, радиоактивті материалдарды, жарылғыш заттарды, гуманитарлық және техникалық көмектің жедел жүктерін, бұқаралық ақпарат құралдары үшін хабарламалар мен материалдарды және басқа да осындай тауарларды бірыңғай кеден аумағына әкелу және бұл аумақтан әкету кезінде кедендік ресімдеу бірінші кезектегі тәртіппен жүргізіледі.
10-бап
Кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен тауарларды кедендік ресімдеудің оңайлатылған тәртібі және оны қолдану шарттары айқындалады.
11-бап
Кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде іріктеу қағидатын негізге алады және кедендік бақылаудың кедендік заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті нысандарымен шектеледі.
Кедендік бақылаудың нысандарын таңдау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланылады. Бұл ретте тәуекел ретінде кеден органдары бағалаған кедендік заңнаманы сақтамау мүмкіндігі түсініледі.
Кедендік бақылауды кеден органдары кедендік заңнамаға сәйкес жүргізеді.
Кеден органдары кедендік бақылауды жетілдіру мақсатында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен ынтымақтастық жасайды.
12-бап
Мұндай тауарларды пайдалану және (немесе) иелік ету бойынша шектеулерге байланысты кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді ұсына отырып сол кедендік режиммен орналастырылған тауарларды қоспағанда, бірыңғай кеден аумағына әкелінген тауарлар кедендік шекараны кесіп өткен сәттен бастап еркін айналыс үшін шығару кедендік режимімен, сондай-ақ кері импорт, мемлекет пайдасына бас тарту кедендік режимдерімен орналастырылған сәтке дейін не тауарларды іс жүзінде бірыңғай кедендік аумақтан тыс әкеткенге дейін кедендік бақылауда болады.
Кеден одағының тауарлары оларды бірыңғай кедендік аумақтан әкету кезінде кедендік декларацияны немесе кедендік декларация ретінде пайдаланылатын өзге де құжаттарды қабылдаған не тікелей тауарларды бірыңғай кедендік аумақтан әкетуді жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылдарды жасаған сәттен бастап кедендік шекараны кесіп өткенге дейін кедендік бақылауда болады.
Кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен тауарлардың кедендік бақылауда болуының өзге шарттары айқындалады.
13-бап
Кеден органдары тауарларды кедендік ресімдеуді аяқтаған соң кедендік ресімдеу кезінде мәлімделген мәліметтердің дұрыстығын тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
14-бап
Тауарларды кедендік бақылаудың, сақтаудың жекелеген түрлерін жүргізу мақсаты үшін, сондай-ақ кедендік заңнамада айқындалған өзге де мақсаттарда кедендік бақылау аймақтары құрылады.
Кедендік бақылау аймақтары кедендік ресімдеу жүргізу, кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу, тауарларды уақытша сақтау орындарында және кедендік заңнамада айқындалған өзге де орындарда құрылады.
Кедендік бақылау аймақтары тұрақты және уақытша болуы мүмкін.
Кедендік заңнамада кедендік бақылау аймақтарын құру және белгілеу тәртібі, сондай-ақ оларға қойылатын талаптар айқындалады.
15-бап
Кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсаты үшін кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен кедендік бақылау нысандары және оларды қолдану тәртібі айқындалады.
16-бап
Кедендік бақылау жүргізуде көмек көрсету үшін кеден органдары кедендік заңнамада белгіленген тәртіппен арнайы білімі және дағдылары бар сарапшылар мен мамандарды тартуға құқылы.
17-бап
Кедендік бақылау жүргізу уақытын қысқарту және оны оңтайландыру мен тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары тізбесі мен қолдану тәртібі кедендік заңнамада айқындалатын техникалық құралдарды пайдалануы мүмкін.
Көрсетілген техникалық құралдар адамның өмірі мен денсаулығы, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі үшін қауіпсіз болуы тиіс.
18-бап
Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары зерттеу үшін қажетті тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін алуға құқылы.
Сынамалар және (немесе) үлгілер оларды зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде алынады.
19-бап
Кеден мақсаттары үшін кеден органдары кедендік пломбаларды, мөрлерді, әріптік және өзге де таңбалауды, сәйкестендіру белгілерін қолдануы, мөртаңбалар қоюы, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алуы, тауарларға егжей-тегжейлі сипаттау жүргізуі, сызбалар жасауы, ауқымды бейнелер, фотолар, суреттер, бейне материалдар дайындауы және сәйкестендірудің өзге құралдарын қолдануы мүмкін.
Тауарларды жою, жоғалту немесе елеулі түрде бұзылудың айқын қаупі болған жағдайларды қоспағанда, қолданылған сәйкестендіру құралдарын тек кеден органдары немесе олардың рұқсат етуімен жояды немесе өзгерте алады.
20-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда кез келген мүдделі Тараптың бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
21-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
22-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы "__" ______ ________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийдің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі Үкіметі Үкіметі
үшін үшін үшін