Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Орал қаласының қала маңы аймағының шекаралары осы қаулыға қосымшаға сәйкес белгіленсін.
2. Қоса беріліп отырған Орал қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану ережесі мен режимі бекітілсін.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 19 мамырдағы
N 472 қаулысына
қосымша
Орал қаласының қала маңы аймағының шекаралары
Солтүстік шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Махамбет және Чувашин ауылдық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Зеленов ауданының Краснов ауылдық округімен және Ресей Федерациясы Орынбор облысының Первомай ауданымен шекаралас жатыр.
Шығыс шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Зеленов ауданының Чувашин, Трекин ауылдық округтерінің және Теректі ауданының Ақсуат, Новопавлов ауылдық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Ресей Федерациясы Орынбор облысы Первомай ауданының, Дариян ауылдық округінің, Январцево орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің, Теректі ауданының Покатилов және Ұзынкөл ауылдық округтері жерлерімен шекара бойымен өтіп жатыр.
Оңтүстік шекарасы
Шаған ауылдық округінің және Орал қаласы жерлерінің шекараларымен бірыңғай орналасып және тиісінше Сырым ауданының Шолақ Аңқаты ауылдық округінің, Теректі ауданының Аңқаты ауылдық округінің жерлерімен, Теректі ауданының Ұзынкөл ауылдық округінің жоларалық учаскесімен, Орал орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің жерлерімен өтіп жатыр.
Батыс шекарасы
Орал қаласы жерлерінің шекарасы бойымен өтеді және Зеленов ауданының Шапов және Переметный ауылдық округтерінің жерлерімен шекаралас, бұдан әрі ол қала маңы аймағына енгізілген Белес, Мичурин және Махамбет ауылдық округтерінің жерлерімен бірыңғай орналасып және тиісінше Зеленов ауданының Переметный, Железнов, Первосовет ауылдық округтерінің жерлерімен шекаралас жатыр.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 19 мамырдағы
N 472 қаулысына
қосымша
Орал қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді
пайдалану ережесі мен режимі
1. Осы Орал қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану осы ережесі мен режимі Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес әзірленді.
2. Орал қаласының қала маңы аймағына енгізілген елді мекендердің жерлері осы кенттер, ауылдар, селолар мен басқа да тұрғылықты жерлердің (бұдан әрі - елді мекендер) бас жоспарлары, олардың аумақтарын жер-шаруашылық қондырғысы мен аймақтарға бөлу схемасы негізінде пайдаланылады.
3. Қала маңы аймағына енгізілген жер-шаруашылық орналастыру қондырғыларының, елді мекендерді жоспарлау және салу жобаларының Орал қаласының бас жоспарына сәйкестігін анықтау үшін тиісті ауылдық (селолық) округ әкімі оларды Орал қаласының жергілікті атқарушы органына келісуге ұсынады.
Орал қаласының жергілікті атқарушы органы үш ай мерзімде жобаны тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау органдарының, санитарлық-эпидемиологиялық және басқа да қызметтердің қарауын қамтамасыз етеді әрі олардың қорытындылары негізінде ұсынылған жобаларды келісу туралы шешім қабылдайды.
Жобалар бас жоспарға сәйкес келмеген жағдайда Орал қаласының жергілікті атқарушы органы аумақтары қала маңы аймағына енгізілген тиісті аудандардың жергілікті атқарушы органдарының алдына оларды бас жоспарға сәйкес келтіру үшін жобаларды түзету туралы өтініш білдіреді.
4. Қала маңы аймағы елді мекендерінің түзетілген жобаларын заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жергілікті өкілді органдар бекітеді.
5. Орал қаласының қала маңы аймағына енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсаты үшін пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды дамыту аймағына енгізілген жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін алып қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден басқа түріне ауыстыруды аумақтары қала маңы аймағына енгізілген жергілікті атқарушы органдар өздерінің құзыретіне сәйкес жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
6. Ормандар, орман парктері және басқа да орман екпелері алып жатқан жасыл аймақтардың жерлері қорғаныш және санитарлық-гигиеналық функцияларды атқарады және орман қоры жерлеріне жатады. Жасыл аймақтар жерлері мәдени-сауықтыру, рекреациялық және туристік мақсаттарда пайдаланылады. Бұл жерлерде жасыл аймақтарды қорғау, санитарлық-гигиеналық функциялармен және халықтың демалысын ұйымдастыру мақсаттарына сай келмейтін құрылыстар мен ғимараттарды салуға жол берілмейді.
7. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына енгізілген жерлер Орал қаласын дамытуға, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрылыстарды орналастыруға және салуға арналған резервтік аумақтар болып табылады. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу Орал қаласының сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген, көрсетілген аймақта орналасқан елді мекендердің бас жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыру көзделген, қаланың сәулетіне және экологиясына әсер ететін, оларға елді мекендердің шегінен тыс жерден жер учаскелері көзделген объектілер бойынша, Орал қаласының жергілікті атқарушы органы және аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандардың жергілікті атқарушы органдары осы объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін таңдау жөніндегі арнайы комиссия құрады.
9. Көрсетілген комиссияның құрамына Орал қаласының, аумақтары қала маңы аймағына енгізілген Зеленов пен Теректі аудандары жергілікті атқарушы органдарының және тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері кіреді.
10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертуді жергілікті атқарушы органдар өздерінің құзыреті шегінде, заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.