Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық диагностикалық орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 421 Қаулысы

Қолданыстағы

       "Мемлекеттік кәсіпорын туралы"  Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңына және "Астана қаласында жаңа орталықтардың базасында медициналық қызметтер кластерін құру жөніндегі жоспарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 шілдедегі N 719  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1.   Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық диагностикалық орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.

      3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні денсаулық сақтау саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) кәсіпорынның Жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізсін;

      2) кәсіпорынды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-78-жолмен толықтырылсын:
      "9-78. "Республикалық диагностикалық орталық"
      республикалық мемлекеттік кәсіпорны
      (шаруашылық жүргізу құқығында)              Астана қаласы";

      2) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1117  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 41, 529-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      "Мемлекеттік кәсіпорындар" деген 1-бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 39-2-жолмен толықтырылсын:
      "39-2. Республикалық диагностикалық орталық";

      3) "Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы N 483  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 19, 214-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 257-1-жолмен толықтырылсын:
      "257-1. Республикалық диагностикалық орталық" республикалық мемлекеттік кәсіпорны".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов