Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.02.28 № 264 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 26-бабы 8-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы белгіленсін:
1) І, II топтардағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін - 0,5 пайыз;
2) соғыс ардагерлеріне және соғыс мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалар үшін - 0,5 пайыз;
3) ауылдың (селоның) әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін - 30 пайыз;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін - 2 пайыз;
5) жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін - 1 пайыз.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1)«"Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде адамдардың жекелеген санаттары үшін қабылдау квотасын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы N 1188 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 39, 404-құжат);
2)«"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы N 1188 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 желтоқсандағы N 1276 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 48, 612-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов