"Еуразия су орталығы" ғылыми-өндірістік бірлестігі" акционерлік қоғамын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 14 наурыздағы N 247 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Мемлекет басшысының 2005 - 2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 - 2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі N 319  қаулысын  іске асыру мақсатында, су объектілері экологиясы, су сапасы, су ресурстарын қорғау мәселелерін кешенді шешу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. "Аstі grup", "Денсаулық сақтау және экожобалау орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің және "Juwenta DB GmbH" жарғылық капиталына мемлекеттің 51% (елу бір пайыз) мөлшеріндегі қатысу үлесімен "Еуразия су орталығы" ғылыми-өндірістік бірлестігі" акционерлік қоғамын (бұдан әрі - қоғам) құру туралы ұсыныстары қабылдансын.

      2. Қоғам қызметінің негізгі мәні мыналарды:
      1) су саласындағы ірі серпінді жобалардың іске асырылу мүмкіндіктерін экологиялық негіздеуді;
      2) орнықты дамудың трансшекаралық аймақтарын құруды ғылыми негіздеу мен қолдауды;
      3) климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында Қазақстан Республикасының және Еуразия континентінің су бассейндерінде шаруашылық қызметтің күшеюіне байланысты су ресурстарының көлемі мен сапасын өзгерту үрдістерін қалыптастыру және болжау заңдылықтарын ғылыми зерттеуді;
      4) континент елдері экономикасының су секторының дамуын талдауды;
      5) физика, химия және су физиологиясы саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мен өткізуді;
      6) адам ағзасының физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес ауыз су сапасының қазіргі заманғы стандарттарын әзірлеуді;
      7) рекреациялық объектілердің желісін құра отырып, судың клиникалық-алдын алу қасиеттерін пайдаланудың негізінде Қазақстан Республикасының халқын сауықтыру жүйесін ғылыми негіздеу мен енгізуді қоса алғанда, су ресурстарын зерттеу және қорғау мәселелерін шешу болып белгіленсін.

      3. Қоғамның жарғылық капиталына 27846000 (жиырма жеті миллион сегіз жүз қырық алты мың) теңге мөлшерінде мемлекеттің 51 пайыз қатысу үлесін қалыптастыру Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Ұлттық метеорология орталығы ғимаратының бір бөлігі есебінен көзделсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды:
      1) "Аstі grup", "Денсаулық сақтау және экожобалау орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің және "Juwenta DB GmbH" қоғамды құру туралы құрылтай шартын жасасуды;
      2) қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне беруді;
      3) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі N 405  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері коммуналдық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-99-жолмен толықтырылсын:
      "21-99. "Еуразия су орталығы" ғылыми-өндірістік бірлестігі" АҚ";

      2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659  қаулысында :
      көрсетілген қаулыға қосымшада:
      "Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 300-1-жолмен толықтырылсын:
      "300-1. "Еуразия су орталығы" ғылыми-өндірістік бірлестігі" АҚ";

      3) "Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 желтоқсандағы N 1201  қаулысында :
      Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 5-жолмен толықтырылсын:
      "5. "Еуразия су орталығы" ғылыми-өндірістік бірлестігі" акционерлік қоғамы".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі