Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 20 ақпандағы N 175 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2008 жылғы 20 ақпандағы
N 175 қаулысымен
бекітілген    

Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін
(дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын)
азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу тәртібін анықтайды.
      Ереже азықтарды және азық қоспаларын өндіретін (дайындайтын) және әкелетін (импорттайтын) барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Тіркеу сынақтарын өткізу үшін қажетті үлгілерді өндіру (дайындау) және әкелу (импорттау) жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасында азықтарды және азық қоспаларын өндіруге (дайындауға), әкелуге (импорттауға) және өткізуге олар мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғана рұқсат етіледі.

      4. Алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын басқа мемлекеттерде өткізілген мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының азықтар мен азық қоспаларының мемлекеттік тізіліміне (бұдан әрі - Тізілім) енгізу үшін негіз болып табылмайды.

      5. Түрі бірдей, атауы бірдей және бір өндіруші шығарған азықтарды және азық қоспаларын бірнеше рет мемлекеттік тіркеуге рұқсат етілмейді.

      6. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) азықтарды және азық қоспаларын байқаудан өткізу - азықтардың және азық қоспаларының биологиялық қасиеттерін, ветеринариялық практикада пайдалану тиімділігін, азықтардың және азық қоспаларының әсер ету салдарының болмауын, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздігін анықтау мақсатында зертханалық немесе өндірістік жағдайда өткізілетін сынақтар;
      2) Тізілім - азықтардың және азық қоспаларының олардың мемлекеттік тіркелуі туралы қажетті мәліметтерді қамтитын және ветеринария саласындағы уәкілетті орган жүргізетін тізбесі;
      3) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу - заңнамада белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы уәкілетті органның азықтарды және азық қоспаларын сараптау, байқаудан өткізу және тіркеу сынақтарының нәтижелері бойынша Тізілімге енгізуі және белгіленген нысандағы тіркеу куәліктерін беру;
      4) азықтарды және азық қоспаларын тіркеу сынақтары - азықтардың және азық қоспаларының ветеринариялық нормативтердің және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қолданылатын әдістердің, әдістемелердің кешені;
      5) жетілдірілген азықтар мен азық қоспалары - тиісті тіркеу сынақтарынан өткеннен кейін оларды дайындау, оларды өндіру технологиясындағы олардың қасиеттеріне әсер етуге қабілетті құрамдастарының, сондай-ақ оларды пайдаланудың (қолданудың, сақтаудың) басқа да тәсілдерінің немесе пайдалануға берілген көрсеткіштерінің өзгерістерімен Тізілімге енгізілген азықтар мен азық қоспалары;
      6) тіркеу куәлігі - азықтарға және азық қоспаларына оның мемлекеттік тіркелуін растау және Тізілімге енгізу мақсатында ветеринария саласындағы уәкілетті орган беретін құжат;
      7) өтініш беруші (өндіруші) - азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеуге өтініш берген жеке немесе заңды тұлға.

2. Алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және алғаш рет
әкелінетін (импортталатын) азықтарды және азық қоспаларын
мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу

      7. Мемлекеттік тіркеуге мыналар кіреді:
      1) өтініш беруші ұсынатын азықтарға және азық қоспаларына арналған құжаттарға сараптама жасау;
      2) ғылыми және зертханалық зерттеулер нәтижелеріне сараптама жасау;
      3) Тізілімге енгізу.

      8. Азықтарды және азық қоспаларын Тізілімге енгізу мемлекеттік тіркеудің қорытынды сатысы болып табылады және тіркеу куәлігінің берілуімен бірге жүреді.

      9. Азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші ветеринария саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) азықтарды және/немесе азық қоспаларын мемлекеттік тіркеуге
арналған өтініш;
      2) азықтарға және азық қоспаларына нормативтік-техникалық құжаттама (бұдан әрі - НТҚ) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдері қауіпсіздігі саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен келісілген, Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) азықтардың және азық қоспаларының НТҚ;
      3) уәкілетті орган бекітетін тізбеге енген ғылыми-зерттеу мекемесінің НТҚ-ға қорытындысы;
      4) мынадай көлемде: азықтар - үш орамда немесе 5 килограмнан аспайтын, азық қоспалары - үш орамда немесе 500 грамнан 1 килограмға дейін азықтардың және азық қоспаларының үлгілері.

      10. НТҚ-ға мыналар кіреді:
      1) азықтардың және азық қоспаларының қауіпсіздік көрсеткіштері;
      2) азықтардың және азық қоспаларының жарамдылық мерзімі;
      3) азықтарды және азық қоспаларын буып-түюге, таңбалауға, әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау) айналымы процестері (сатылары) жағдайларына қойылатын талаптар;
      4) азықтардың және азық қоспаларының қауіпсіздігін өндірістік бақылау бағдарламалары;
      5) зерттеу әдістері, қауіпті бағалау, оларды барынша азайту тәсілдері;
      6) қауіпті азықтарды және азық қоспаларын кәдеге жарату мен жою тәсілдері.

      11. Өтініш беруші ұсынған құжаттарды уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде осы Ереженің талаптарына сәйкестігіне қарайды.
      Тапсырылған құжаттар сәйкес келмеген немесе дұрыс емес мәліметтер берілген жағдайда уәкілетті орган себебін жазбаша түрде көрсете отырып, өтініш беруші тапсырған барлық құжаттарды қайтарып береді.

      12. Азықтардың және/немесе азық қоспаларының үлгілерімен бірге тапсырылған құжаттардың көшірмесі Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік монополияға жатқызылған азықтарға және азық қоспаларына тіркеу сынақтарын жүргізу және байқаудан өткізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық зертханаға жіберіледі.
      Зертханалық зерттеулер азықтарды және азық қоспаларын тіркеу сынақтарын жүргізуді және/немесе байқаудан өткізуді қамтиды.

      13. Тіркеу сынақтары азықтарға және азық қоспаларына НТҚ-да көрсетілген бақылау әдістеріне сәйкес 60 күнтізбелік күннен аспай жүргізіледі.

      14. Азықтарды және азық қоспаларын, сондай-ақ жетілдірілген азықтарды және азық қоспаларын байқаудан өткізу үшін өтініш берушімен (өндірушімен) бірлесіп, Өндірістік сынақтар бағдарламасы жасалады, оны уәкілетті орган бөлімшесінің басшысы бекітеді.
      Азықтарды және азық қоспаларын байқаудан өткізу 2 жылдан аспай жүргізіледі.

      15. Азықтарды және азық қоспаларын тіркеу сынақтарын жүргізуге және байқаудан өткізуге кететін шығындарды өтініш беруші көтереді.

      16. Азықтарды және азық қоспаларын қайта тіркеу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
      1) өтініш берушінің (өндірушінің) атауы, орналасқан жері өзгергенде немесе қайта ұйымдастырылғанда;
      2) тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанда.

      17. Өтініш берушінің (өндірушінің) атауы, орналасқан жері өзгерген немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда тіркеу куәлігінің түпнұсқасы қоса беріліп, уәкілетті органға қайта тіркеуге өтініш беріледі. Азықтарды және азық қоспаларын қайта тіркеу өтініш түскен күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде Тізілімге тиісті өзгерістер енгізу және жаңа тіркеу куәлігін беру жолымен жүргізіледі.

      18. Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткен соң азықтарды және азық қоспаларын қайта тіркеу үшін өтініш беруші осы Ереженің 9-тармағына сәйкес тіркеу куәлігінің түпнұсқасын қоса беріп, уәкілетті органға құжаттарды тапсырады.
      Азықтарды және азық қоспаларын байқаудан өткізуді қоспағанда, қайта тіркеу мемлекеттік тіркеу негізіндегі сияқты тәртіппен жүргізіледі.

      19. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері негізінде уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бас тартылған жағдайда орган өтініш берушіге (өндірушіге) себебін көрсете отырып, жазбаша түрде хабарлайды.

      20. Тізілімге енгізілгеннен кейін өтініш берушіге тіркеу куәлігі беріледі.

      21. Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі 6 жыл. Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі бітуіне бір ай қалғанда азықтарды және азық қоспаларын қайта тіркеуге өтініш беріледі.

      22. Азықтарға және азық қоспаларына тіркеу куәлігінің қолданылуының тоқтатылуы мыналар болып табылады:
      1) азықтарды және азық қоспаларын мемлекеттік тіркеудің қолданылу мерзімінің бітуі;
      2) заңды тұлғаның таратылуы;
      3) азықтар және азық қоспалары құрамдастарының, оны дайындау технологиясының өзгеруі;
      4) соттың шешімі.

      23. Азықтар және азық қоспаларын тіркеу куәлігінің түпнұсқасы жоғалған, бүлінген жағдайда өтініш беруші уәкілетті органға уақтылы хабарлауға және тіркеу куәлігінің түпнұсқасын беруге өтініш беруге тиіс. Тіркеу куәлігінің түпнұсқасын өтініш түскен күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде уәкілетті орган береді.