"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне есептік нөмірлер беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 11 ақпандағы
N 125 қаулысымен
бекітілген
Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне
есептік нөмірлер беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне есептік нөмірлер беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне (бұдан әрі - өндіріс объектілері) есептік нөмірлер беру тәртібін белгілейді.
2. Есептік нөмірлер беруге Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін барлық өндіріс объектілері жатады.
3. Ветеринарлық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне (бұдан әрі - ветеринарлық объект) есептік нөмірлер беруді және олардың Тізілімін жүргізуді ветеринария саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілеріне (бұдан әрі - санитарлық объект) есептік нөмірлер беруді және олардың Тізілімін жүргізуді халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
5. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ветеринарлық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектісі - тамаққа тиісті өңдеусіз пайдаланылмайтын, жануардан алынатын тамақ өнімдері мен шикізатты, сондай-ақ азық және азық қоспаларын өндіретін (дайындайтын) кәсіпорын;
2) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектісі - ветеринарлық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерін қоспағанда, тамақ өнімдерін өндіретін (дайындайтын) кәсіпорын;
3) өндіріс субъектісі - тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) - өз құзыреттері шегінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар (ветеринария және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар);
5) есептік нөмір - өндіру объектісінің қызмет түрі мен нөмірін қамтитын код.
2. Өндіріс объектілеріне есептік нөмірлер беру тәртібі
6. Ветеринарлық және санитарлық объектілерге есептік нөмірлер беру олардың Қазақстан Республикасының ветеринария және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ветеринарлық-санитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды негізінде жүзеге асырылады.
7. Ветеринарлық объектіге ветеринарлық-санитарлық қорытындыны оны тексеру нәтижелері бойынша ветеринария саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - бөлімше) береді.
8. Санитарлық объектіге санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны оны тексеру нәтижелері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалануға тиісті тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) береді.
9. Есептік нөмір алу үшін өндіріс субъектісі бөлімшеге немесе жергілікті атқарушы органға мыналарды ұсынады:
1) есептік нөмірді алуға өтініш;
2) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
3) өндірілетін тамақ өнімдерінің тізімі.
10. Бөлімше немесе жергілікті атқарушы орган өтініш түскен сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде өндіріс объектісін зерттеуді жүзеге асырады.
11. Оң қорытынды болған кезде бөлімше немесе жергілікті атқарушы орган уәкілетті органға өндіріс объектісіне есептік нөмір беруге өтінім жібереді.
Теріс қорытынды болған кезде бөлімше немесе жергілікті атқарушы орган өндіріс субъектісіне себептері көрсетілген дәлелді бас тарту жібереді.
12. Уәкілетті органдар өтінім түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде өндіріс объектілеріне есептік нөмір береді және Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерін өндіру (дайындау) объектілері есептік нөмірлерінің тізіліміне (бұдан әрі - Тізілім) енгізеді. Тізілімге енгізілгеннен кейін одан үзінді көшірме беріледі.
13. Өндіріс объектісіне берілетін есептік нөмір:
өндіріс объектісінің қызмет түрін;
өндіріс объектісінің реттік нөмірін қамтиды.
14. Тізілімнен үзінді бөлімшеге немесе жергілікті атқарушы органға жіберіледі, ол түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде өндіріс объектісінің заңды мекен-жайына жіберіледі немесе қолына беріледі.
15. Өндіріс объектісінің атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, тұрғылықты жері өзгерген жағдайда бір ай ішінде өндіріс субъектісі бөлімшеге немесе жергілікті атқарушы органға тиісті құжаттарды қоса бере отырып, есептік нөмірді қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
16. Техникалық регламентпен анықталған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерінде және (немесе) олардың орамасында (ыдысында) міндетті түрде өндіріс объектісінің есептік нөмірі көрсетіледі.