Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы»7 ақпандағы
N 120 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі»"Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
1992 жылғы 23 қыркүйекте Парижде жасалған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартты негізге ала отырып,
екі мемлекет арасында немесе құпия ақпарат алмасуға уәкілеттік берілген ұйымдар арасында алмасатын немесе жасалатын және оларға Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері қолданылатын құпия ақпарат пен материалдарды қорғауды қамтамасыз ету ниетін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
1.1 "құпия ақпарат" - олардың нысанына, табиғатына немесе беру тәсіліне қарамастан әзірленген немесе әзірлеу процесіндегі ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі немесе қорғау дәрежесі беріледі және олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде әрі Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес кез келген бұзушылықтан, жойылудан, иемденуден, жария етуден, жоғалып кетуден, рұқсатсыз қол жеткізуден немесе беделін түсірудің кез келген басқа да түрінен қорғауды талап етеді;
1.2 "құпия жұмыстарды орындауға арналған шарт" - әзірленуі мен орындалуы құпия ақпаратқа қол жеткізуді немесе құпия ақпаратты пайдалану мен жасауды талап ететін шарт немесе қосалқы мердігер туралы шарт;
1.3 "контрагент" - келіссөздер жүргізуге және құпия жұмыстарды орындауға арналған шарттарды жасауға өкілеттігі мен заңи қабілеті бар Тараптар мемлекеттерінің жеке немесе заңды тұлғасы;
1.4 "құзыретті орган" - әрбір Тарап үшін осы Келісімді жалпы бақылау мен оның іске асырылуы үшін жауапкершілік жүктелген мемлекеттік орган;
1.5 "уәкілетті орган" - Тараптар мемлекеттерінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін және/немесе пайда болатын құпия ақпаратты алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға және қорғауға уәкілетті мемлекеттік орган немесе ұйым;
1.6 "жөнелтуші Тарап" - екінші Тарапқа құпия ақпарат беретін Тарап, оның ішінде құпия ақпарат алмасуға уәкілеттік берілген, осы Тарап мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері қолданылатын ұйым;
1.7 "алушы Тарап" - екінші Тараптан құпия ақпарат алатын Тарап, оның ішінде құпия ақпарат алмасуға уәкілеттік берілген, осы Тарап мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері қолданылатын ұйым;
1.8 "қабылдаушы Тарап" - мемлекетінің аумағында объектінің болатын орны бар Тарап.
2-бап
Келісімнің қолдану аясы
Осы Келісім Тараптар арасында құпия ақпаратты кез келген алмасуға қолдануға болатын немесе олардың осы ақпаратпен алмасуға уәкілеттік берілген әрі Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері қолданылатын ұйымдары арасындағы жалпы тәртіпті белгілейді.
3-бап
Құзыретті органдар
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құзыретті органдарды белгілейді, ол туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.
4-бап
Құпия ақпаратты қорғау қағидаттары
4.1 Тараптар өз мемлекеттерінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес осы Келісім шеңберінде берілген, алынған немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдайды және осы ақпаратқа арналған осы Келісімнің 5-бабы 5.1-тармағының ережелеріне сәйкес олардың жеке құпия ақпаратына қатысты қабылданатын шараларға сәйкес келетін қорғау шараларын белгілейді.
4.2 Жөнелтуші Тараптан құпия ақпаратты алған сәттен бастап бұл ақпаратқа алушы Тарап осы Келісімнің 5-бабының 5.1-тармағында белгіленген құпиялылық белгісін береді.
4.3 Құпия ақпаратқа рұқсат Тараптар мемлекеттерінің тиісті құпиялылық дәрежесіндегі ақпаратқа рұқсаты бар азаматтарына ғана, осы ақпаратқа рұқсаттың қажеттілігі негізінде беріледі.
4.4 Алушы Тарап оған берілген құпия ақпараттың құпиялылық белгісін немесе құпиясыздандыруды жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз төмендете алмайды.
4.5 Тараптар осы Келісімнің шеңберінде берілген, алынған немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты қорғауға әсер ете алатын кез келген өзгеріс туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
4.6 Берілген құпия ақпарат осы Келісімнің шеңберінде беруге арналған мақсаттардан басқа, өзге де мақсаттарға пайдаланыла алмайды.
4.7 Тараптар құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қажетті талаптардың Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиісті ұйымдарда бақылау іс-шараларын жүзеге асыру жолымен орындалуын қамтамасыз етеді.
4.8 Баламалы қорғау нормаларын қолдау мақсатында Тараптардың бірінің сұрауы бойынша екінші Тарап құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін қолданылатын ұлттық заңдарға, өзге де нормативтік құқықтық актілер мен рәсімдерге қатысты қажетті мәліметтерді береді.
5-бап
Құпиялылық белгілерінің салыстырмалылығы
5.1 Тараптар ақпараттың маңыздылығы дәрежесін және өз мемлекеттерінің заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген қорғау шаралары мен жауапкершілігін ескере отырып, осы Келісімнің шеңберінде берілетін ақпаратты тиісті қорғауды, мынадай салыстырмалы кестеге сәйкес қамтамасыз етеді:
Қазақстан Республикасы Француз Республикасы
ӨТЕ ҚҰПИЯ/ SECRET DEFENSE
СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО (СЕКРЕ ДЕФАНС)
ҚҰПИЯ/СЕКРЕТНО CONFIEDENTIEL DEFENSE
(КОНФИДАНСЬЕЛ ДЕФАНС)
ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА DIFFUSION RESTREINTE
ПАЙДАЛАНУ ҮШІН/ (ДИФФЮЗЬОН РЕСТРЭНТ)
ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО
ПОЛЬЗОВАНИЯ
5.2 Тараптардың құзыретті органдары немесе уәкілетті органдары осы Келісімнің шеңберінде берілген немесе жасалған кез келген қосымша белгі, сондай-ақ тиісті қорғау шаралары туралы бірін-бірі хабардар етеді.
6-бап
Рұқсат беру рәсімі
6.1 Құпия ақпаратқа рұқсат беруді қамтамасыз ету үшін әрбір Тарап өз мемлекетінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құпия ақпаратқа қол жеткізу мақсатында өз мемлекеттерінің азаматтарын тексеру рәсімін жүргізеді.
6.2 Әрбір Тарап өзара негізде екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құпия ақпаратқа берілген рұқсатын мойындайды.
6.3 Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары немесе уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде өз мемлекеттері азаматтарының рұқсатына қатысты өзгерістер туралы, атап айтқанда, құпия ақпаратқа рұқсат қайтып алынған немесе оның деңгейі төмендетілген жағдайда бірін-бірі хабардар етеді.
7-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс істеу
Алушы Тараптың осы Келісім шеңберінде алынған және/немесе бірлесіп жасалған құпия ақпаратты жөнелтуші Тараптың құзыретті органының немесе тиісті уәкілетті органдарының алдын ала жазбаша келісімінсіз құпиясыздандыруға, құпиялылық белгісін төмендетуге немесе үшінші мемлекетке, халықаралық ұйымға, үшінші тарап мемлекетінің заңды немесе жеке тұлғасына беруге құқығы жоқ.
8-бап
Ақпаратты аудару, көбейту және жою
8.1 Алушы Тарап құжаттардың түпнұсқаларының құпиялылық белгісіне сәйкес олардың көбейтілген көшірмелеріне және аудармаларына құпиялылық белгісін қояды және осы көшірмелер мен аудармаларға түпнұсқаларындағы сияқты дәл сондай қорғауды қамтамасыз етеді.
8.2 "SECRET DEFENSE/ӨТЕ ҚҰПИЯ/ СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО" құпиялылық белгісі бар ақпаратты аудару және көбейту тек жөнелтуші Тарап мемлекетінің құзыретті органының немесе уәкілетті органдарының жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.
8.3 Құпия ақпарат оны толық немесе ішінара қалпына келтіру мүмкіндігі болмайтындай етіліп жойылады немесе жөнелтуші Тарапқа оның жазбаша сұрау салуы бойынша қайтарылады.
9-бап
Тараптар арасында ақпарат беру
9.1 Құпия ақпарат Тараптар арасында жөнелтуші Тарап мемлекетінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
9.2 Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мен уәкілетті органдары құпия ақпаратты басқа жолмен беру туралы дипломатиялық арналар оларды беруге қабілетсіз болған немесе дипломатиялық арналар арқылы мұндай беру қиындық келтірген жағдайларда ғана уағдаласа алады.
9.3 Құпия ақпараттың үлкен көлемін беру тәсілін әрбір нақты жағдайда Тараптардың құзыретті органдары айқындайды.
9.4 Құпия ақпаратты электрондық байланыс арналары арқылы беру Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тек шифрленген түрде жүзеге асырылады. Мұндай беру үшін пайдаланылатын құралдар мен техника Тараптардың құзыретті органдары арасындағы келісім бойынша айқындалады.
10-бап
Құпия жұмыстарды орындауға арналған шарт
10.1 Құпия ақпаратты контрагенттерге бергенге дейін алушы Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары контрагенттерде құпия ақпаратты тиісінше қорғауды қамтамасыз ету және объектілерде құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды орындау үшін бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінің бар екендігімен куәландырылады.
10.2 Жөнелтуші Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары құпия ақпаратпен алмасу басталғанға дейін алушы Тарап мемлекетінің тиісті уәкілетті органдарын құпия жұмыстарды орындауға арналған әрбір шартты жасасу туралы хабардар етеді.
Осы хабарламада пайдаланылуы құпия жұмыстарды орындауға арналған тиісті шартта көзделетін ақпараттың ең жоғары құпиялылық белгісі көрсетіледі.
10.3 Тарап немесе екінші Тарап мемлекетінің контрагентімен құпия жұмыстарды орындауға арналған шарт жасасу немесе өз мемлекетінің контрагенттерінің біріне жасасуға рұқсат беру ниеті бар оның мемлекетінің уәкілетті органдары екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органында немесе уәкілетті органында осы екінші Тарап мемлекетінің контрагентінде құпия жұмыстарды жүргізуге арналған рұқсаттың, ал контрагенттің қызметкелерінде құпия жұмыстарды орындауға арналған шартты іске асыру үшін қажетті тиісті құпиялылық дәрежесіне рұқсатының бар екендігі куәландырылады.
Тиісті рұқсат қағазы және рұқсаты болмаған жағдайда алушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы немесе уәкілетті органдары оларды алу рәсімін жүргізуді ұйымдастырады.
10.4 Тарап немесе оның мемлекетінің уәкілетті органдары басқа Тараптың заңи құзыретіндегі контрагентпен құпия жұмыстарды орындауға арналған шартты жасасу немесе өз мемлекетінің контрагенттерінің біріне басқа Тарап мемлекетінің аумағында құпия жұмыстарды орындауға арналған шарт жасасуға рұқсат беру алдында басқа Тарап мемлекетінің құзыретті органынан болжалды контрагенттің тиісті құпиялылық дәрежесіне рұқсатының бар екендігі және құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдағаны туралы алдын ала жазбаша растауын алады.
10.5 Құпия жұмыстарды орындауға арналған әрбір шартқа ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды қамтитын қауіпсіздік жөніндегі ереже мен құпиялылық белгілерін беру тәртібі туралы ереже жасалады. Бұл ережеде жөнелтуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы немесе уәкілетті органдары алушы Тараптың қорғауы тиіс мәліметтердің тізбесін белгілейді.
Мұндай ережеде айқындалған ақпараттың құпиялылық белгісін өзгерту құқығы тек жөнелтуші Тарапта ғана болады.
10.6 Жөнелтуші Тарап мемлекетінің құзыретті органы немесе уәкілетті органдары алдыңғы тармақта айтылған қауіпсіздік жөніндегі қосымшаның көшірмесін алушы Тараптың құзыретті органына немесе уәкілетті органдарына береді.
10.7 Мемлекетінің аумағында құпия жұмыстарды орындауға арналған шарттарды іске асыру жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары осы Тарап өз мемлекетінің контрагенттерімен жасасқан құпия жұмыстарды орындауға арналған тиісті шарттарға сәйкес келетін құпия ақпараттың қорғалу деңгейінің сақталуын қадағалауға міндетті.
10.8 Әрбір контрагент қосалқы мердігермен құпия жұмыстарды орындауға арналған шартты жасасу алдында өз мемлекетінің уәкілетті органдарының рұқсатын алуы тиіс. Қосалқы мердігерлер құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етудің контрагент сақтаған талаптарын сақтауы тиіс.
11-бап
Объектілерде болу
11.1 Құпия ақпаратқа рұқсаты бар басқа Тарап өкілінің Тараптардың бірінің объектілерінде болуы немесе құпия ақпаратқа тікелей қол жеткізу мүмкіндігі бар объектілерде болу тек қабылдаушы Тараптың құзыретті органының немесе уәкілетті органдарының алдын ала жазбаша рұқсаты негізінде мүмкін болады.
11.2 Тараптар берген немесе жасаған құпия ақпаратқа қол жеткізуді ұйғарған үшінші мемлекет азаматтарының Тараптардың бірінің объектілерінде болуы, сондай-ақ бұл азаматтардың осы ақпаратқа тікелей қол жеткізу мүмкіндігі бар объектілерде болуы тек Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органының жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады.
11.3 Осы Келісімнің 11.1 және 11.2-тармақтарында көрсетілген объектілерде болу үшін әрбір келушінің тиісті құпиялылық дәрежесіне рұқсаты болуы және ақпаратқа қол жеткізу қажеттілігін растауы қажет.
11.4 Болуға арналған өтінімді Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары уәкілетті органдармен бірлесіп тікелей қарайды. Өтінімдер болжалды болу күніне дейін 3 аптадан кешіктірмей жіберіледі. Болуға арналған өтінімдер осы Келісімге қосымшада көрсетілген мәліметтерді қамтуы тиіс.
11.5 Әрбір Тарап объектіде болуға арналған рұқсатты 12 айдан аспайтын мерзімге сұрата алады. Егер болуды белгіленген мерзімде жүзеге асыра алмайтын жорамал бар болған жағдайда немесе рұқсаттың қолданылу мерзімін қажеттілігіне қарай ұзарту қажет болса, сұрау салушы Тарап ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 аптадан кешіктірмей жаңа рұқсат алу туралы өтініммен жүгінуге құқылы.
11.6 Барлық келушілер қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың құпия ақпаратты қорғау шараларына қатысты басқа да нұсқаулықтарын сақтауы тиіс.
12-бап
Көп мәрте болу
12.1 Тараптар екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары айқындаған жалпы талаптарға сәйкес нақты жобалар немесе шарттар шеңберінде көп мәрте болуға рұқсат берілетін тұлғалардың тізбесін жасай алады. Бастапқыда тізімдер 12 айға жасалады, бұл мерзім Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының келісімі бойынша бір немесе жалпы алғанда 12 айдан аспайтын бірнеше кезеңге ұзартылады.
12.2 12.1-тармақта көрсетілген тұлғалардың тізімдері қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жасалады. Оларды қабылдаушы Тарап бекіткеннен кейін әрбір келушінің жалпы талаптарын осы тізімге енгізілген тұлғалар келетін ұйымдардың тікелей өздері айқындай алады.
13-бап
Құпия ақпаратты қорғауға қатысты заңдар мен өзге де
нормативтік құқықтық актілерді бұзу
13.1 Тараптардың бірінің мемлекетінің осы Келісімнің шеңберінде берілген құпия ақпаратты қорғауға қатысты заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері болжалды бұзылған жағдайда, не осындай бұзушылық анықталған кезде, атап айтқанда, құпия ақпараттың жоғалғаны немесе беделін түсірудің кез келген басқа да түрі анықталған немесе болжанған жағдайда, осы Тарап мемлекетінің құзыретті органы бұл туралы басқа Тарап мемлекетінің тиісті органдарын қысқа мерзімде жазбаша хабардар етеді.
13.2 Бұзушылық туралы хабарлама жөнелтуші Тарап бұзушылықтың салдарын жан-жақты бағалауға кірісе алатындай болуы үшін жеткілікті түрде егжей-тегжейлі болуы тиіс.
13.3 Бұзушылықты тапқан немесе бұзушылықтың болуын болжаған Тарап өз мемлекетінің аумағында қолданылатын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес тексеруге (қажет болған кезде басқа Тараптың көмегімен) дереу кіріседі.
Тексеруді жүргізуші Тарап тексерудің мән-жайлары, нәтижелері, бұзушылықты жою жөнінде қабылданған шаралар мен іс-қимылдар туралы қысқа мерзімде басқа Тарап мемлекетінің құзыретті органын хабардар етеді.
14-бап
Шығыстар
Осы Келісімнің қолданылуына байланысты Тараптардың біреуінде шығыстар туындаған жағдайда мұндай шығыстарды сол Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген бюджет қаражаты шегінде дербес көтереді.
15-бап
Дауларды реттеу
15.1 Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау қандай да болмасын үшінші тарапқа немесе халықаралық сот органына өтініш жасамай-ақ, Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана реттеледі.
15.2 Кез келген дау реттелгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.
16-бап
Қорытынды ережелер
16.1 Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейінгі екінші айдың алғашқы күнінен бастап күшіне енеді.
16.2 Осы Келісімнің шеңберінде әрбір Тарап өз мемлекетінің құпия ақпаратты қорғауға ықпал ете алатын заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің барлық өзгерістері туралы басқа Тарапты дереу хабардар етеді. Мұндай жағдайда Тараптар осы Келісімге тиісті өзгерістер енгізудің орындылығы туралы консультациялар жүргізеді. Айтылған консультациялар кезеңінде берілген құпия ақпаратты қорғау осы Келісімнің ережелеріне сәйкес қамтамасыз етіледі.
16.3 Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер осы Келісімнің 16.1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
16.4 Осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы соңғысының жазбаша түрде хабарламасын алған күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалады. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптардың осы Келісімнің шеңберінде берілген құпия ақпаратқа қатысты құқықтары мен міндеттемелерін тиісті құпиялылық белгісінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қозғамайды.
Осыны куәландыру үшін төменде қол қойған, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген екі Тараптың өкілдері осы Келісімге қол қойдық.
2008 жылғы 8 ақпанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ және француз тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2008 жылғы 8 ақпандағы
Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Француз Республикасының Үкіметі
арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын
өзара қамтамасыз ету туралы келісімге
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің 11 және 12-баптарында көрсетілген объектіде болуға арналған өтінім мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) келушінің тегі, аты және әкесінің аты, туған күні мен жері, азаматтығы, паспортының немесе жеке куәлігінің нөмірі;
2) келушінің лауазымы, ол жұмыс істейтін ұйымның атауы;
3) сұрау салушы Тараптың құзыретті немесе уәкілетті органы берген құпия ақпаратқа (құпиялылық дәрежесін көрсете отырып) рұқсат туралы анықтама;
4) болудың болжалды күні және болу мерзімі;
5) болу мақсаты және ақпараттың құпиялылық дәрежесін көрсете отырып, құпия ақпаратқа қатысы бар мәселелердің қажетті тізбесі;
6) мүдделі тұлға болатын ұйымдарды объектілер мен үй-жайларды көрсету;
7) келуші кездесуді ұйғарып отырған тұлғалардың тегі, аты және әкесінің аты;
8) күні және сұрау салушы Тараптың құзыретті органының қолы (ресми мөрмен куәландырылған).