Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы N 1299 Қаулысы

Жаңартылған

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2007 жылғы 26 желтоқсандағы
N 1299 қаулысымен    
бекітілген       

  Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш
заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру
ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды анықтау және өтемді негізде алып қою жөніндегі алдын алу іс-шараларының тиімділігін арттыру, жұмысты жетілдіру мақсатында әзірленді.

      2. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) қару - конструкциялық жағынан алғанда тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар;
      2) атыс қаруы - оқ дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қару;
      3) оқ-дәрі (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиісті түрінен ату үшін және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар;
      4) жарылғыш зат - сыртқы әсер етудің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөле отырып және газдың пайда болуымен өздігінен жылдам таралатын химиялық өзгеруге қабілетті зат.

      3. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар осы Ереженің 17-тармағында белгіленген мөлшерде ақшалай сыйақы алады.

      4. Атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өтемді тапсыруға шығыстарды қаржыландыру осы мақсаттар үшін көзделген республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      5. Ерікті түрде тапсырылған барлық атыс қаруы, оқ-дәрі, жарылғыш заттар заңнамада белгіленген тәртіппен кәдеге жаратуға жатады.
      Антикварлық қару (орталық соққыдағы біртұтас патрондармен атуға арналып жасалған атыс қаруынан басқа, 1899 жылға дейін жасалған атыс қаруы) және мәдени құндылығы бар қару комиссияның шешімі бойынша Ішкі істер министрлігінің, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың және көліктегі ішкі істер департаменттерінің жедел-криминалистикалық бөлімшелерінің заттай коллекцияларына немесе мұражайларына берілуі мүмкін.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

  2. Атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды
тапсыру және тіркеу тәртібі

      6.   Өзінде заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдірген азамат қалалық, аудандық ішкі істер органдарының кез келгеніне арыз береді, онда өзінің деректерін, тапсырылатын қару-жарақ заттарының атауын, қарудың маркасын, калибрін, нөмірін, оқ-дәрінің санын және оларды алған (сатып алған) жерін көрсетеді.

      7. Ерікті түрде тапсыру туралы арыз, сондай-ақ ерікті түрде тапсырылған барлық атыс қаруы, оқ-дәрі мен жарылғыш заттар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркеледі және ресімделеді.

      8. Азамат ішкі істер органына телефонмен немесе басқа да электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, атыс қаруын, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсыру ниеті туралы арыз берген (хабарлаған) кезде аталған заттардың тұрған жеріне ішкі істер органының қызметкері шығады, ол арызды және аталған заттарды қабылдауды жүргізеді.

      9. Азаматтар тапсыратын атыс қаруы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Криминалдық қару" және "Тіркелген қару" Біріктірілген деректер банкінің (бұдан әрі - ҚР ІІМ "Криминалдық қару" және "Тіркелген қару" БДБ) есептері бойынша тексеріледі.
      Егер тапсырылатын қарудың сәйкестендіру нөмірі болса және "Тіркелген қару" есебінде тұрмаса, онда қаруға "КримҚ" деген ақпараттық-іздестіру карточкасы толтырылады және "Криминалдық қару" деген деректер банкіне ақпарат енгізу үшін ақпараттық-техникалық қызметтің өңірлік бөлімшесіне жіберіледі.

      10. Тапсырылған ойық ұңғылы қарудан міндетті түрде атыс жүргізіледі. Атылған оқтар мен гильзалар тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалистикалық оқ-гильзотекасына жіберіледі.
      Атылған оқтар мен гильзаларды сақтау және жою Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі.

  3. Тапсырылған атыс қаруы, оқ-дәрі және жарылғыш
заттар үшін сыйақы белгілеу жөнінде комиссия құру
және оның жұмыс тәртібі

      11. Тапсырылған атыс қаруы, оқ-дәрі мен жарылғыш заттар үшін азаматтарға сыйақы белгілеу туралы мәселелерді комиссия шешеді.
      Комиссия құрамы облыстардың, Алматы, Астана қалаларының ішкі істер департаменттері бастықтарының бұйрықтарымен бекітіледі әрі тыл және қаржылық қамтамасыз ету, лицензиялық-рұқсат беру жұмысы, криминалдық полиция, өзіндік қауіпсіздік, жедел-криминалистикалық және ақпараттық-техникалық қызметтер бөлімшелерінің қызметкерлерінен тұрады.
      Комиссия төрағасы болып қалалық немесе аудандық ішкі істер органының (бұдан әрі – ҚАІІО) бастығы орынбасарларының бірі тағайындалады.
      Комиссия хатшысы болып комиссия отырысын ұйымдастыратын ҚАІІО-ның лицензиялық-рұқсат беру жұмысының қызметкері тағайындалады.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Комиссия облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Ішкі істер департаменттерінің әрбір ҚАІІО-сында құрылады.

      13. Комиссия бір айдан аспайтын мерзімде ұсынылған материалдарды қарайды, ерікті түрде тапсырылған заттар мен құралдардың техникалық жай-күйін, сондай-ақ олардың ерікті түрде тапсырылғаны үшін берілетін сыйақы мөлшерін анықтайды.

      14. Комиссияның хатшысы азаматтың бұйымдар мен заттарды ерікті түрде тапсыру туралы өтініші негізінде мынадай материалдардан:
      1) ерікті түрде тапсыру туралы өтініштен;
      2) осы заттар атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып табылатындығы, сондай-ақ қарудың атуға жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы криминалист-маманның қорытындысынан;
      3) ҚР ІІМ "Криминалдық қару" және "Тіркелген қару" атты АДБ есептері бойынша тексеру туралы материалдардан;
      4) атылған оқтар мен гильзаларды (ойық ұңғылы қару) Қазақстан Республикасы ІІМ Криминалистикалық оқ-гильзатекасы бойынша тексеру туралы анықтамадан тұратын "Заттар мен құралдарды ерікті түрде өтемді тапсыру туралы істі" (бұдан әрі - Іс) қалыптастырады.

      15. Көзделген тексерулерді жүргізгеннен кейін комиссия тапсырылатын заттардың, құралдардың техникалық жай-күйі мен сыйақылар мөлшері туралы екі данада (1-қосымша) жазбаша қорытынды шығарады, оны ҚАІІО бастығы бекітеді және елтаңбалық мөрмен бекітіледі.
      Қорытындының бірінші данасы облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Ішкі істер департаменттерінің бухгалтериясына жіберіледі және ол тапсырылған қару үшін азаматқа сыйақы төлеуге негіз болып табылады.
      Екінші данасы комиссияның хатшысында сақталатын Іске тігіледі.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. ҚАІІО комиссияларының жұмыс материалдарын апта сайын облыстардың, Алматы және Астана қалаларының ішкі істер департаменттері жинақтайды, есептіліктің бекітілген нысандары бойынша Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының тиісті қызметтеріне (әкімшілік және криминалдық полиция комитеттері және қаржылық қамтамасыз ету департаментіне) жібереді.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

  4. Сыйақы төлеу тәртібі

      17. Өздерінде заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды тапсырған азаматтарға Қазақстан Республикасының тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңында белгіленген мынадай айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде:
      1) автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін бір жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      2) ойық ұзын ұңғылы атыс қаруының (винтовкалар, карабиндер) әр бірлігі үшін елу еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      3) қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының (пистолеттер, револьверлер) әр бірлігі үшін қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      4) тегіс ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін отыз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      5) жарақат салатын тапаншаның немесе револьвердің әр бірлігі үшін он еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      6) әрбір граната, мина, жару құрылғысы және артиллериялық снаряд үшін жеті еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      7) жарылғыш заттардың әрбір 1000 грамы үшін алты еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;
      8) ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жиырма төрттен бір бөлігіне дейін сыйақы белгіленеді.

      18. Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескеруі қажет.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18-1. Комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін айқындау кезінде осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес 3 санатты қолданады.
      1-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100 %-ы есебінен жүргізіледі.
      2-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 70 %-ы есебінен жүргізіледі.
      3-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 30 %-ы есебінен жүргізіледі.
      Ескерту. Ереже 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Мыналарға:
      1) криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған;
      2) ҚР ІІМ-нің АДБ-да "Криминалдық қару" және "Тіркелген қару" есебінде тұрған бұйымдар мен заттарға;
      3) қолдан жасалған оқ-дәріге;
      4) тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қаруға сыйақы төленбейді.

      20. Сыйақы төлеуді аумақтық ішкі істер органдарының қаржы қызметтері тұрғындардан атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды өтемді түрде алып қою жөніндегі шығындардың орнын толтыру үшін ашылған бюджет шотынан аудару арқылы жүзеге асырады.

      21. ҚАІІО лицензиялық-рұқсат беру жүйесінің қызметкерлері (комиссиялар мүшелері) ақшалай қаражат төлеу үшін облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Ішкі істер департаменттерінің қаржымен қамтамасыз ету қызметтеріне (бухгалтерияларына) мынадай құжаттарды жібереді:
      1) ҚАІІО бастығы бекіткен және барлық комиссия мүшелері қол қойған азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйі және оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі қорытынды;
      2) атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе оқ-дәріні ерікті түрде тапсырған адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе оқ-дәріні ерікті түрде тапсырған адамның салық төлеушінің тіркеу нөмірінің (СТН) көшірмесі;
      4) ақшаны алушының деректері және ақшаны алушының таңдауы бойынша банкте ашылған жинақ шотының немесе төлем карточкасының (карт-шотының) нөмірі көрсетілген салымшы кітапшасы (жинақ кітапшасы) парақтарының көшірмесі.

      22. Азамат сыйақы сомасын оның карт-шотына, жеке шотына ақшалай қаражатты аудару жолымен не ішкі істер органының кассасы арқылы алады.

      23. Ақша қаражатын заңсыз төлеуге әкеп соқтырған осы Ереженің талаптарын бұзғаны үшін оған жол берген кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

                                                   Ережеге 1-қосымша

                                       «БЕКІТЕМІН»
                                       __________________ ІІО бастығы
                                       ______________________________
                                       201   жылғы «  »

     Азаматтар тапсыратын атыс қаруының, жарылғыш заттардың,
   оқ-дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін
             сыйақы белгілеу жөніндегі комиссияның
                          ҚОРЫТЫНДЫСЫ

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Төрағасы: ___________________________________________________________
Комиссия мүшелері: 1) _______________________________________________
                   2) _______________________________________________
                   3) _______________________________________________
                   4) __________________________ құрамындағы комиссия
______________________________________ тұратын азамат _______________
         (үйінің мекенжайы)                               (Т.А.Ә.)
______________________________________________________________ қаруды
      (атауы, маркасы, калибрі, нөмірі, шығарылған жылы)
___________________________________________________ жарылғыш заттарды
               (атауы, салмағы, саны)
____________________________________________________ оқ-дәріні ерікті
          (саны, калибрі, қандай қарудан)
түрде тапсыруы туралы материалдарды қарап, олардың техникалық
жай-күйін тексеріп, мыналарды

                              АНЫҚТАДЫ:

Азамат ____________________________________________________ тапсырған
                              (Т.А.Ә.)
________________________________ қаруға _____________________________
жарылғыш заттарға _________________________________________ оқ-дәріге
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы «___» _____ № __ қаулысы
қолданылды, оларды тапсырғаны үшін:
қаруға ______________ - еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,
жарылғыш заттарға ___ - еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,
оқ-дәріге ___________ - еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде
сыйақы төлеу қажет.
Мынадай себептер бойынша ____________________________________________
_____________________________________________________________________
тапсырылған қаруға жоғарыда көрсетілген қаулының күші қолданылмайды
_____________________________________________________________________
                   (қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар)
Төлеуге жататын жиыны: ______________________________________________
                                       (cомасы жазумен)

Комиссия төрағасы ___________________________________________________
Комиссия мүшелері ___________________________________________________
                  ___________________________________________________
                  ___________________________________________________

201__ жылғы «___» ______________

Ережеге 2-қосымша

Атыс қаруының санаттары

      Ескерту. Ереже 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 17.04.2013 № 370 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. 1-санаттағы қаруға:
      1) пайдалануда болмаған және техникалық ақаулықтары жоқ қару;
      2) бұрын пайдалануда болған, бірақ көрінетін немесе жасырын ақаулықтары жоқ, тауарлық түрін жоймаған қару жатады.

      2. 2-санаттағы қаруға:
      пайдалануда болмаған не пайдаланылған, одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, оларды жоюды не тораптарын және тетіктерін ауыстыруға немесе қалпына келтіруге байланысты емес жөндеу жолымен жоюды талап етпейтін, жекелеген техникалық ақаулықтары немесе тауарлық түрінің ақаулары бар қару жатады.
      Оған:
      1) декоративтік, коррозияға қарсы жабындары мен элементтері ішінара (жергілікті) жоғалған; жөндеу арқылы жойылатын немесе орны толатын, зақымдаудан немесе жоғалудан болған жекелеген ақаулықтары;
      2) дұрыс жинамаудан, ретке келтірмеуден немесе кірлеуден туындайтын, ауыстырмай немесе қалпына келтірмей жөндеу не тазалау және майлау арқылы жойылатын, жекелеген тораптар мен тетіктердің қызмет көрсетуінде бұзушылықтары немесе ақаулықтары;
      3) жойылғаннан кейін бетінде айтарлықтай ақау қалдырмайтын бөлшектердің сыртқы және ішкі жабындарында аз байқалатын жергілікті коррозиясы бар қарулар жатады.

      3. 3-санаттағы қаруға:
      негізгі тораптарының, тетіктерінің, бөлшектерінің техникалық ақаулықтары болуы салдарынан одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалану қауіпті, оларды жөндеу, қалпына келтіру немесе ауыстыру техникалық немесе экономикалық себептер бойынша орынсыз болатын қару жатады.
      Оған:
      1) бөлшектердің сыртқы және ішкі жабындарының кеңінен коррозияға ұшырауы немесе оның терең ойық түріндегі іздері; коррозиялық процестер салдарынан бөлшектердің пішіні мен көлемінің өзгеруі; сыналану және коррозиядан болған тетіктер функцияларының өзге де бұзылулары;
      2) ұңғының жабылуына кедергі келтіретін немесе қаруға механикалық әсер ету кезінде (шайқау, соғу, ұру, «қирауға» күш салу) олардың өздігінен ашылуына әкелетін тетікті жабатын бөлшектердің бұзылуы немесе болмауы;
      3) ұңғының кез келген бөлігіндегі жарылу, майысу, қампаю түріндегі бұзылулары;
      4) ұңғының стандарттық профилі мен көлеміне және оның арналарына, патрон салатын орындарға (қоспаларын қыру, жонып өңдеу, үлкейту, кеңейту, бұрғылау, тығыздау) енгізілген өзгерістері;
      5) мамандандырылған шеберханалар жағдайынан тыс жасалған (дәнекерлеу, балқыту, бандаждар орнату, сынықтарды біріктіру, жамаулар мен қаптамалардың, өздігінен жасалған қару бөлшектерінің немесе қарудың басқа модельдері бөлшектерінің және оларды басқа алмастырушылардың болуы) жөндеу белгілері бар;
      6) кездейсоқ атуға алып келетін (сыртқы шүріппелердің сақтандырушы взводтарының тозуы, сақтандырғыштардың өздігінен қосылуы немесе олардың оқталғаннан кейін жұмыс істемеуі) сақтандыру құрылғыларының ақаулықтары;
      7) соғу-басу тетігі бөлшектерінің тозуынан болған немесе оларға өзгерістер енгізу жолымен әдейі қол жеткізілген қарудың тиісті модельдері немесе топтары үшін белгіленген нормамен салыстырғанда оқталған жағдайдан шүріппені (сыртқы шүріппелердің) басу үшін қажет күштің 20 пайыздан астамға азаюы;
      8) қалыппен қосылған жерінде табанның қозғалуы (люфт); табанның бұзылуынан, жабу тетігі бөлшектерінің бұзылуынан туындаған қалыпқа қатысты ұңғының қозғалуы (люфт); ұңғының тұрақты бөлігі мен қалыптың арасында 0,2 мм-ден асатын саңылаудың болуы;
      9) табанның бұзылуы, табанның пішіні мен мөлшерін стандарттық түрмен салыстырғанда өздігінен өзгертулері бар қарулар жатады.