Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы N 1297 Қаулысы

Қолданыстағы

      Стратегиялық мақсаттарға жетуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың тұтас, тиімді жүйесін қалыптастыру және түпкі нәтижелерге жетуге бағытталған бюджеттеу жүйесін құру үшін бюджеттік жоспарлауды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Әділет министрліктері, Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру және денсаулық сақтау департаменттері нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық органдар болып белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде белгіленген тәртіппен келісілген Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2007 жылғы»26 желтоқсандағы
N 1297 қаулысымен    
мақұлданған       

  Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау
жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама

Астана, 2007 жыл

Мазмұны

       1.   Кіріспе
       2.   Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
       3.   Ағымдағы ахуалды талдау
       4.   Тұжырымдаманың мақсаттарына қол жеткізу және міндеттерін
          орындау жөніндегі шаралар
       4.1  Мемлекеттік жоспарлау жүйесі
       4.2  Нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуді енгізу
       4.3  Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін
          енгізуді қолдау тетіктері
       5.   Қорытынды

  1. Кіріспе

      Мемлекет басшысының ел халқына жыл сайынғы»"Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" Жолдауында корпоративтік басқару, нәтижелілік, транспаренттілік және қоғам алдындағы есептілік қағидаттары негізінде мемлекеттік басқарудың сапалық жаңа үлгісін түзу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі жұмысының маңызды бағытын бөліп көрсетті.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі өз кезегінде 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасында өз қызметінің басымдықты мақсаты етіп мемлекеттік жоспарлаудың стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықты міндеттерін іске асыруға бағдарланған тұтас және тиімді жүйесін құруды айқындайды.
      Мемлекеттік басқарудың сапалық жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында:
      Қазақстан Республикасындағы қазірде бар стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың тиімді үндестігін қамтамасыз ету;
      мемлекеттік органдардың қызметін мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге, нақты нәтижелер алуға бағдарлау;
      бюджеттік үдерісті бюджет қаражатын ашық бөлуге және мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес қаражатты барынша тиімді басқаруға бағдарлай отырып, қысқа мерзімді бюджеттік жоспарлаудан орта мерзімді бюджеттік жоспарлауға көшуді қамтамасыз ету;
      азаматтарға көрсетілетін қызметтер сапасын талдауға және бағдарламалық құжаттарды іске асыру нәтижелеріне бағытталған мемлекеттік органдар қызметі тиімділігінің кешенді бағасын енгізу қажет.
      Мемлекеттік басқарудың сапалық жаңа үлгісін түзу үшін стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың қолданыстағы тетігін кезең-кезеңмен және жүйелі қарау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдаманы (бұдан әрі - Тұжырымдама) әзірледі.

  2. Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері

      Осы Тұжырымдаманың мақсаты мемлекеттік жоспарлаудың тиімді жұмыс істейтін жаңа үлгісін кезең-кезеңмен қалыптастыруға және енгізуге негізгі тәсілдер мен қағидаттарды әзірлеу болып табылады.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер қойылды:
      мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау мен оларды орындаудағы дербестігін арттыруға, сондай-ақ нысаналы көрсеткіштер (индикаторлар) арқылы олардың ұсынылатын қызметтер мен соңғы нәтижелерге қол жеткізу жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бағдарламалық құжаттарды әзірлеудің және ұстаудың жаңа тәсілдерін тұжырымдау;
      мемлекеттік жоспарлаудың қисынды жігін құру: елдің дамуының мақсаттары - мемлекеттік органдарды дамытудың стратегиялық мақсаттары - нақты міндеттер - индикаторлар - бюджеттік ресурстар;
      бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен іске асыру және мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын пайдалануына байланысты олардың қызметінің ашықтығын және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік үдерісті реформалау.

  3. Ағымдағы ахуалды талдау

      Қазіргі уақытта стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау үндестігі мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік (бұдан әрі - салалық бағдарламалар) және бюджеттің бағдарламалар түрінде жүзеге асырылады. Алайда, салалық және бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асырудың қалыптасқан рәсімдері мен әдіснамасы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді және мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруды қамтамасыз етпейді.
      Көптеген салалық бағдарламалардың мақсаттары мен күтілетін нәтижелері шашыраңқы, оларға қол жеткізудің нақты өлшемдері мен индикаторларынсыз қалыптастырылған, бағдарламаның едәуір бөлігі мемлекеттік органдардың құзыретіне жатпайтын функцияларға бағдарланған, қаржылық қамтамасыз етудің нақты рәсімдері жоқ және болжамды шығыстар қолданыстағы бағдарламаларды қолда бар қаражатпен іске асыруға сәйкес келмейді, қандай да бір салалық бағдарламаларды іске асыру жауапкершілігі көпшілік жағдайда бірнеше мемлекеттік органдар арасында шашырап кеткен.
      Нәтижесінде көптеген салалық бағдарламаларға бөлінген қаражат, бір жағынан мемлекеттік органдарды бюджеттік қаржыландырудың қосымша бөлігі болып табылады, ал екінші жағынан - осы қаражаттың көлемі үнемі өзгеріске ұшырайды, сөйтіп бағдарламалардың мақсаттары мен күтілетін нәтижелердің айқын тұжырымдалмауы мен оларға қол жеткізу жауапкершілігінің жеткіліксіздігі орын алады.
      Бағдарламаларды іске асыру нәтижелілігі индикаторларының, олардың тиімділігін бағалаудың нақты тетігінің, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаулар арасындағы өзара байланыстың жоқтығынан бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауды қоса алғанда, бағдарламаларды тиімді іске асыруды сапалы бақылауды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұдан басқа, жүргізілген ішкі және сыртқы бақылау қорытындылары бойынша алынған нәтижелер бюджеттерді әзірлеу мен қарау үдерісіне нашар біріктірілген.
      Салалық және бюджеттік бағдарламаларды әзірлеген кезде стратегиялық міндеттерді орындау мен елдің дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге әсер ететін проблемалар толық көлемінде анықталмайды.
      Салалық бағдарламалар саны жылдан жылға ұлғайып келеді, қазіргі уақытта 120-дан астам мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарлама мен 370-тен астам өңірлік бағдарлама бар.
      2002 жылы бюджеттік ақшаны жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету және олар бойынша бюджеттік бақылау жүргізу мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жүктелген функцияларды орындау жөнінде олардың қызметінің негізгі құжаты ретінде бюджеттік бағдарламалар паспорттары енгізілді. Осындай жаңа енгізу бюджеттік бағдарламаларды тиімді жоспарлау мен орындауға, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, мемлекеттік мекемелердің бюджет ақшасын тиімді пайдалану жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Алайда, іс жүзінде бағдарламалардың мақсаттары мен міндеттері нақты қалыптастырылмайды, іс-шаралар жоспары сол іс-қимылдарға емес, шығындарға негізделеді, бюджеттік бағдарламалардың атқарылу көрсеткіштері не анық айқындалмайды немесе қажетті талдау жүргізуге жетерлік ақпараттары болмайды. Осылайша, қойылған мақсаттардың қабылданатын бюджеттік шешімдермен байланыстары қадағаланбайды, қол жеткізілген нәтижелер үшін мемлекеттік органдардың жауапкершіліктері байқалмайды. Нәтижесінде тиімсіз бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру жалғаса береді.
      Мұндай жағдай мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жалпы экономика мен мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына кедергі жасайды.

  4. Тұжырымдаманың мақсаттарына қол жеткізу және міндеттерін орындау жөніндегі шаралар

  4.1 Мемлекеттік жоспарлау жүйесі

      Стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың нақты өзара байланысын белгілеу мақсатында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа үлгісін енгізу ұсынылып отыр.
      Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа үлгісі Тұжырымдаманың қосымшасында берілген мынадай элементтерден тұрады:
      1) стратегиялық бағдарламалық құжаттар -»"Қазақстан - 2030 Стратегиясы. Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы" (бұдан әрі -»"Қазақстан - 2030" Стратегиясы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттар;
      2) макроэкономикалық болжам және фискалдық саясаттың негізгі параметрлері;
      3) мемлекеттік орган дамуының стратегиялық жоспары;
      4) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе облыс (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудан әкімі және мемлекеттік органдар арасындағы меморандум;
      5) республикалық (жергілікті) бюджет;
      6) мемлекеттік органның нысаналы бағдарламалары;
      7) мемлекеттік органның операциялық жоспары;
      8) мемлекеттік органның есебі.
      Макроэкономикалық болжам және фискалдық саясаттың негізгі өлшемдері (бұдан әрі - Макроэкономикалық болжам) - бұл экономиканың ағымдағы жай-күйіне оның әр түрлі бөлінділерінде жасалған талдау мен құрастырылған кезде қабылданған стратегиялық бағдарламалық құжаттарды, сондай-ақ салық-бюджет және әлеуметтік саясат бағыттарын ескере отырып елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қамтитын құжат.
      Макроэкономикалық болжамды бес жыл мерзімге республикалық деңгейде экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, жергілікті деңгейде - экономикалық жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар әзірлейді.
      Макроэкономикалық болжам бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлігінде бюджеттің параметрлері мен бюджет шығыстары лимиттерін, шоғырланған бюджет пен үш жылға арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының параметрлерін қамтуы тиіс.
      Мемлекеттік органның стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі - Стратегиялық жоспар) - бұл мемлекеттік органға бөлінген бюджеттік лимиттермен өзара байланыста оның орта мерзімді кезеңге арналған қызметінің негізгі стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын қамтитын құжат.
      Стратегиялық жоспарды жыл сайын үш жыл мерзімге орталық және жергілікті мемлекеттік органдар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Парламенті немесе жергілікті өкілетті органдар бюджетті қабылдағаннан кейін тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
      Стратегиялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қызметінің миссиясын, көрінісін, талдауын, қызметтің стратегиялық бағыттарын, даму мақсаттарын, міндеттерді, әрбір стратегиялық бағыттар бойынша қызметтердің саны мен сапасының нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін, мемлекеттік органның функционалдық мүмкіндіктерін, оларды іске асырудың мүмкін құралдарын, негізінде Стратегиялық жоспар әзірленген нормативтік құқықтық актілерді қамтуы тиіс.
      Стратегиялық жоспардың құрамына Макроэкономикалық болжамда айқындалған бюджеттік өлшемдер мен бюджеттік лимиттер шеңберінде мемлекеттік органдар үш жылға әзірлейтін бюджеттік бағдарламалар кіреді.
      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе облыс (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудан әкімінің арасындағы меморандум - бұл мемлекеттік орган басшысының Стратегиялық жоспарда алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету ниетін растайтын құжат.
      Меморандумға Стратегиялық жоспар бекітілгеннен кейін жыл сайын мемлекеттік органның басшысы мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе облыс (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудан әкімі қол қояды және ол ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.
      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдар Меморандум жасаспайды.
      Республикалық (жергілікті) бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар Макроэкономикалық болжам мен Стратегиялық жоспарлар жобалары негізінде жыл сайын үш жылға арнап әзірлейді.
      Мемлекеттік органның нысаналы бағдарламасы (бұдан әрі - Нысаналы бағдарлама) - бұл Стратегиялық жоспарды іске асыру бағыттарын нақтылау қажет болған жағдайда әзірленетін құжат.
      Нысаналы бағдарлама экономика салаларын немесе мемлекеттік органдардың қызметі салаларын дамыту мақсаттары мен міндеттерін, оларды іске асырған жағдайда Стратегиялық жоспарда алға қойылған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және жоспарланған нәтижелерді алуға әкелетін іс-шаралар кешенін қамтиды. Нысаналы бағдарлама міндетті құжат болып табылмайды, орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңдерге арналып әзірленеді және оны мемлекеттік орган бекітеді.
      Мемлекеттік органның операциялық жоспары - мемлекеттік органның Стратегиялық жоспарда айқындалған мақсаттарға, міндеттерге, тиісті қаржы жылына арналған нәтижелерге қол жеткізу жөніндегі нақты іс-әрекеттерін қамтитын құжат.
      Мемлекеттік органның операциялық жоспарын жыл сайын мемлекеттік орган бір жыл мерзімге арнап әзірлейді және оны мемлекеттік органның жауапты хатшысы бекітеді.
      Мемлекеттік органның есебі - бұл мемлекеттік органның өткен жылғы Стратегиялық жоспары мен бюджеттік бағдарламаларын іске асыру туралы есебін, көрсетілген мемлекеттік қызметтер туралы есепті, мемлекеттік орган қызметінің нәтижелілігі индикаторларына әсер ететін сыртқы факторларды бағалай отырып, мемлекеттік орган қызметінің тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізуі туралы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойылған мақсаттарына қол жеткізуге қажетті ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру туралы ақпараттарды қамтитын құжат.
      Мемлекеттік органның есебі Қазақстан Республикасының Парламентіне немесе жергілікті өкілетті органдарға қарауға ұсынылады және оны мақұлдайды.
      Мемлекеттік органның есебі ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс және ол Стратегиялық жоспарда айқындалған нысаналы индикаторларды қайта қарау (түзету) үшін негіз болуы мүмкін.

  4.2 Нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуді енгізу

      Мемлекеттік жоспарлаудың жүргізіліп отырған реформасының қажетті және маңызды элементі нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуді енгізу болып табылады.
      Осы Тұжырымдамада көзделген нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуді енгізудің негізгі қағидаттары мен бағыттары Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің барлық деңгейлерінің бюджеттеріне жатады.
      1) Бюджетті жоспарлау сатысы
      Жоспарлау сатысында бюджет үдерісін реформалаудың негізгі бағыты бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру рәсімдерін сапалы қайта қарастыру болып табылады.
      Бюджеттік бағдарламалар мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызметтерге негізделеді және стратегиялық бағыттар мен мақсаттарға сәйкес оларды пайдаланудың жоспарланған (іс жүзіндегі) нәтижелері мен бюджет қаражатын бөлу арасындағы тікелей байланысты көрсететін болады.
      Бюджеттік жоспарлау мемлекеттік органдардың Стратегиялық жоспарларында белгіленген мемлекеттік органдар қызметі нәтижелілігінің нысаналы индикаторларына қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
      Бюджет үдерісінде нақты орта мерзімді бағдарлар шеңберінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджет үдерісінің барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттыру мен дербестігін кеңейту арқылы "бюджет қаражатын басқару" әдісінің»"нәтижелерді басқару" әдісіне көшуін қамтамасыз ету қажет.
      "Нәтижелерді басқару" әдісін пайдаланған кезде бюджет мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен жоспарланған нәтижелерін негізге ала отырып, қалыптастырылады.
      Бюджет қаражаттары көрсетілетін қызметтерге немесе қызмет түрлеріне тығыз байланысты болады, оларды жоспарлау кезінде бюджеттік бағдарлама шеңберіндегі тікелей және түпкі нәтижелердің негіздемесіне басты назар аударылады.
      Бюджеттік бағдарламаларға қойылатын талаптар:
      көрсетілетін қызметке сәйкес келетін бағдарламалардың атауын нақты тұжырымдау;
      бюджеттік бағдарламалардың мемлекеттік органның стратегиялық бағыттары мен мақсаттарына байланысы;
      тікелей нәтижелерді де (белгіленген көлемдегі қызметтерді көрсету), сондай-ақ түпкі нәтижелерді де (көрсетілген қызметтердің оны алушыларға тиімділігі) қоса алғанда, бюджеттік бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелерді сандық бағалауына берілетін нұсқау;
      сапа мен тиімділікті өлшеу үшін көрсеткіштер жүйесінің болуы;
      бағдарламалар нәтижелеріне қол жеткізу үшін бюджет ресурстарына қажеттіліктің болуы және негіздемесі болып табылады.
      Бюджеттік бағдарламаның құрылымы қызметтерді қаржыландыру және мониторинг тұрғысынан тиімді болуы тиіс.
      Мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу қағидаттарын нормативтік құқықтық акт ретінде бірыңғай түсінуі мақсатында мемлекеттік органдар көрсететін қызметтер түсінігі, қызмет көрсеткіштері (индикаторлары), оның ішінде, саны, сапасы, тиімділік пен нәтижелілік көрсеткіштері, сондай-ақ оларды әзірлеудің негізгі қағидаттары айқындалатын бағдарламалық құжаттарды әзірлеу ережесі бекітілетін болады.
      Бюджеттік бағдарламаларды Стратегиялық жоспардың құрамында, Макроэкономикалық болжамда айқындалған бюджеттік өлшемдер мен бюджет лимиттері шеңберінде мемлекеттік органдар үш жылға арнап әзірлейді.
      Мемлекеттік органның бюджеттік бағдарламаларының жиынтығы нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың бірыңғай үдерісі барысында әзірленген стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, түпкі нәтижелермен байланысындағы бюджет шығыстарының жоспарын білдіруі тиіс.
      Түпкі нәтижелерге қол жеткізуге арналған бюджет үдерісін қайта бағдарлау кезінде бірыңғай бюджеттік сыныптама бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметтерінің ашықтығына кепілдік беретін және бюджет үдерісінің бюджет жобасын әзірлеудің өткен жылғы қызметінің қаржы нәтижелерін талдаудан және оның қаржы жылының ішінде орындалуынан бастап қаржы есептілігін құрғанға дейінгі барлық кезеңдерінде қаржылық ақпараттың қажетті көлемін қамтамасыз ететін сенімді және сапалы құрал болуы тиіс.
      Жаңа бірыңғай бюджеттік сыныптама:
      шығыстарды сыныптау құрылымын мемлекеттік органдар көрсететін негізгі қызметтермен және олардың қызмет түрлерімен сәйкестендіруге;
      әртүрлі бюджет кезеңдеріндегі бюджет деректерін салыстыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
      Нәтижелерге бағдарланған бюджеттеуге көшу бір жылдан асатын кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуді жоспарлау, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде бар және олар басқаратын ресурстар көлемінің болжамдылығын арттыру мақсатында орта мерзімді бюджетті қалыптастыруды көздейді.
      Өйткені, көптеген бюджеттік бағдарламалар бір қаржы жылының шегінде аяқталмайтындықтан, бюджеттік шығыстарды жоспарлау орта мерзімді перспективада жүзеге асырылуы қажет. Республикалық (жергілікті) бюджетті әзірлеудің жоспарланған мерзімі үш жылды құрайды. Бұл ретте, бекітілген бюджеттің екінші жылының жоспарланған көрсеткіштері сыртқы және ішкі факторлар мен жағдайлардың өзгеруін талдау есебінен келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасын әзірлеу кезіндегі бастапқы қадам болады.
      Бюджет шығыстары базалық және жаңадан бекітілетін болып бөлінуі тиіс.
      Базалық шығыстар - бұл тұрақты сипаттағы шығыстар, сондай-ақ басталған (жалғасатын) жобаларға арналған шығыстар.
      Жаңадан бекітілетін шығыстар - бұл мемлекеттік органды дамытудың жаңа басымдықты бағыттарына арналған қосымша қаражатты бөлуге байланысты шығыстар. Шығыстарды бұлай бөлу бюджетті құру және қарау кезінде басты назарды жаңадан бекітілетін шығыстарға аударуға мүмкіндік береді.
      Бюджетті әзірлеу және бекіту үдерісі нақты шығыстық басымдықтарды әзірлеу мен оны іске асыруды бағалауға қайта бағдарлануы қажет. Бұл бюджетті әзірлеу мен бекіту ережесінің, бюджеттік құжаттар тізбесі мен форматының, сондай-ақ бюджет шығыстары көлемі мен құрылымының одан кейінгі өзгеруінің нақты тәртібін белгілеуге алып келеді.
      2) Бюджетті атқару сатысы
      Бюджетті атқару сатысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын шығыстардың функционалдық тобы бойынша бюджет қаражаты көлемінің шегінде бюджеттік бағдарламалар арасында да және бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері арасында да қайта бөлу жолымен оларды жедел басқару мүмкіндігі беріледі.
      Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға үлкен жауапкершілік беріледі. Бюджетті атқару барысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Көрсеткіштердің стратегиялық жоспарларында әзірленген және бекітілген мониторингі негізінде өзіне алған міндеттемелерді орындау деңгейін қадағалайды.
      Бюджеттің атқарылуы туралы есеп және мемлекеттік органның оның қызметінің нәтижелілігі мен тиімділігінің көрсеткіштері туралы есебі ерекше маңызды, өйткені осы есептерді қамтитын деректер Стратегиялық жоспарда айқындалған нысаналы индикаторларды қайта қарау үшін (түзету) саяси шешімдер қабылдауға және алдағы кезеңге арналған бюджеттердің жобасын жасау үшін негіздеме қызметін атқаратын болады.
      3) Бюджеттің атқарылуын бақылау сатысы
      Бюджеттің атқарылуын бақылау сатысында мемлекеттік органдардың қызмет нәтижелеріне қол жеткізуін бақылауға және бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін бағалауға маңызды рөл беріледі.
      Шешімдер қабылдау жауапкершілігі бюджет қаражатын алушыларға - бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне беріледі.
      Жауапкершілікке:
      мемлекеттік орган қызметінің есептілігі, мониторингі және көрсеткіштерді бақылау;
      мемлекеттік органдардың бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін қызметтерді ұсынудың санына, сапасына және уақтылығына жауапкершілікті нақты бөлу арқылы қол жеткізілуі тиіс.

  4.3. Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау
жүйесін енгізуді қолдау тетіктері

      Реформаларды жүргізу кезінде ескерілуі тиіс маңызды нәрсе - мемлекеттік қызметшілердің белгіленген рәсімдерді пайдалануға қабілеттілігі. Сондықтан мемлекеттік жоспарлаудың ұсынылатын жүйесінің жұмыс қабілетін қамтамасыз етудің төтенше маңызды шарты - бұл оның рәсімдері бойынша әрекет етуге тартылған қызметшілердің барабар деңгейіне қол жеткізу болып табылады.
      Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін енгізудің бастапқы сатысында мемлекеттік органдарды білікті кадрлармен жинақтауға мүмкіндік беретін сыртқы сарапшыларды тарту, бар кадрлардың білімдерін толықтыру орынды болады.
      Қызметкерлердің мемлекеттік жоспарлаудың жаңа әдістерін игеруін жеңілдету және жеделдету үшін жол берілген және жіберілуі мүмкін қателіктер мен бұзушылықтарды анықтап әрі талдау жүргізе отырып, олардың жұмыстың жаңа тәсілдеріне арнайы ұйымдастырылған оқуларын өткізу қажет.
      Нысаналы көрсеткіштердің (индикаторлардың) шынайылығы мен мемлекеттік органдардың оларға қол жеткізу сапасы статистика жөніндегі уәкілетті органның қызметіне және оның статистикалық есептілігінің толықтығына байланысты болады. Мемлекеттік органдарға статистика жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу үшін бұдан әрі сенімді есептік деректерді алуға мүмкіндік беретін көрсеткіштер тізбелерін қайта қарап және бекітіп беруі қажет.
      Мемлекеттік жоспарлау реформасы соншалықты қарқынды басталуы мүмкін, тіпті бұл үдерісті қолдауы тиіс ақпараттық жүйелердің қолда бар техникалық мүмкіндіктерінен едәуір асып кететінін көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Әсіресе тиімді талдау, нәтижелерді өлшеу және есептілік жүйесін енгізу үшін қажетті деректер беру тұрғысынан жүйелердің мүмкіндіктері артта қалып отыр.
      Ақпараттық жүйелер бағдарламалар бойынша шығыстарды бөлуді қамтамасыз ететін функционалдық мүмкіндіктерді және әрбір бағдарламаны іске асыруға жұмсалатын шығындардың толық көлемінің есебін қамтуы тиіс.
      Бюджетті қалыптастырудың барлық кезеңдерінің рәсімдері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып автоматтандырылуы, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, бюджетті атқару және статистика жөніндегі уәкілетті органдардың жүйелерімен ықпалдасуы тиіс.
      Мұндай ұстаным мемлекеттік органдардың бюджеттік жоспарлау жөніндегі жұмыс сапасын арттыруға және мемлекеттік шығыстарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

  5. Қорытынды

      Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшу үшін мемлекеттік басқарудың барлық жүйесіне түбегейлі қайта құру қажет. Оны өте жылдам енгізу қаржы тәртібінің әлсіреуіне, бюджет қаражатын пайдаланудың есептілігінің және ашықтығының төмендеуіне, басқарушылық шығыстарының өсуіне, бюджеттік әкімшілендірудің негізсіз күрделенуіне алып келуі мүмкін. Осы жүйеде көзделген әдістер мен рәсімдер іс жүзінде пысықтауды талап етеді. Бұдан басқа, осы Тұжырымдамада көзделген ұсыныстарды іске асыру мемлекеттік жоспарлаудың, бюджет жүйесінің жұмыс істеу негіздерін қозғайды және айтарлықтай заңнамалық өзгерістер енгізуді талап етеді.
      Осыған байланысты мемлекеттік жоспарлауға жаңа ұстанымдарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі нәтижеге бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық мемлекеттік органдарды айқындады.
      Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізгі элементтері 2008 жылдан бастап әділет, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінде, Оңтүстік Қазақстан облысының білім және денсаулық сақтау департаменттерінде енгізілетін болады.
      Одан әрі Тұжырымдаманы республикалық деңгейде іске асыруды негізгі ұстанымдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік жоспарлаудың жаңа үлгісі шеңберіндегі құзыретіне қатысты»"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және бюджет үдерісін реттеуге және бюджет жүйесінің барлық деңгейінде нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді енгізуге қатысты Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлеу болып табылатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шаралар жоспары шеңберінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.
      Жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі өз жоспарларын бекітуі қажет.

                                                      Тұжырымдамаға
                                                          қосымша

                  Мемлекеттік жоспарлау жүйесі

______________________________  ________________________
|"Қазақстан - 2030" Стратеги-|  |Макроэкономикалық бол-|
|ясы, Президентінің          |  |жам және фискалдық    |
|Қазақстан халқына Жолдаула- |  |саясаттың негізгі     |
|ры, мемлекеттік бағдарлама- |  |параметрлері (5 жылға |
|лар және стратегиялық құжат-|  |арналған)             |
|тар                         |  |                      |
------------------------------   ----------------------
      |                               |     |       _______________
      |                      ____________________   |Премьер-     |
      |                      |Мемлекеттік орган-|   | Министр     |
      |----------------------|ның дамуының      |   |(әкім) мен   |
                             |стратегиялық жос- |-- |мемлекеттік  |
                             |пары (3 жылға     |   |орган арасын-|
                             |арналған)         |   |дағы меморан-|
                             |                  |- ||дум (жыл     |
                             |                  |  ||сайын)       |
                             --------------------  |---------------
                             ____________________  |
                             |Республикалық бюд- | |
                             |жет, жергілікті    |-|
                             |бюджет (3 жылға    | |
                             |арналған)          | |
                             --------------------- |
                             ____________________  | ---------------
                             |Мемлекеттік орган-|- | |  Нысаналы   |
                             |ның операциялық   |  | |бағдарламалар|
                             |жоспары (1 жылға  |  | ---------------
                             |арналған)         |  |
                              ------------------   |
                             ____________________  |
                             |Мемлекеттік орган-|  |
                             |ның есебі (жыл    |  |
                             |сайын)            |- |
                              ------------------