Темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнайды, мұнай өнімдері мен газды тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметтері, телекоммуникация және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға түзу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 1286 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнайды, мұнай өнімдері мен газды тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметтері, телекоммуникация және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға түзу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 25 желтоқсандағы
N 1286 қаулысымен   
бекітілген   

Темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай, мұнай өнімдерін және газ тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметі, телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға белгілеу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай, мұнай өнімдерін және газ тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметі, телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға белгілеу ережесі (бұдан әрі - Ереже)»"Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай, мұнай өнімдерін және газ тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметі, телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Ереже олардың меншік нысандарына қарамастан, темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнай, мұнай өнімдерін және газ тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметі, телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілеріне (бұдан әрі - тауар нарығының субъектілері) қолданылады.

      3. Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      баға белгілеу - тауар нарығы субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) бағаларды қалыптастыру және қарау процестері;
      монополиялық өндірілетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) - тиісті тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие тауар нарығының субъектілері өндіретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);
      өзіндік құн - Реттеуші орган монополиялық өндірілетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасында ескеретін шығындар жиынтығы;
      бәсекелес баға - бәсекелестік жағдайда қалыптасқан баға;
      негізделген баға - осы Ережеде белгіленген тәртіппен тауар нарығы субъектісінің негізделген шығындарының және пайдасының негізінде айқындалған баға.
      Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолданылады.

2. Тауар нарығы субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) бағаны қалыптастыру және қарау тәртібі

      4. Реттеуші орган тауар нарығының субъектісі ұсынған негіздеуші құжаттарды қарау және олар жоспарлап отырған бағаны сол немесе салыстырмалы тауар нарықтарында басқа субъектілер белгілеген ұқсас тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларымен салыстыру жолымен монополияға қарсы орган белгілеген тәртіппен монополиялық жоғары немесе төмен баға белгілеу мәніне бағалардың жобаларына талдау жүргізеді.

      5. Бәсекелі бағаны айқындау мүмкін болмаған кезде монополиялық тауарды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге (өткізуге, сатып алуға) және негізделген пайдаға байланысты тауар нарығы субъектісінің нақты (жоспарланған) шығындарын талдау негізінде негізделген баға есептеледі.

      6. Тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалар қалыптастыру тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) әрбір түрі бойынша шығындарды бөлек есепке алу негізінде жүзеге асырылады. Тауар нарығы субъектілерінде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша шығындарды бөлек есепке алу болмаған жағдайда, тауар нарығы субъектілерінің шығындары тауар нарығы субъектісінің жалпы шығындарындағы кірістердің үлес салмағы (көлемі, өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығындары) бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізетін тауар нарығы субъектілерінің белгілі бір қызмет түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістердің негізінде өткізілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша бөлінеді.

      7. Тауар нарығының субъектілері өндіріс (жеткізу) көлемін төмендеткен жағдайда негіздеме ұсынылады.

      8. Тауар нарығы субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) негізделген баға қалыптастыру кезінде мыналар ескеріледі:
      1) өзіндік құнға енгізілетін материалдық шығыстар растайтын құжаттарда (шарттарда, шот-фактураларда) көзделген бағаларға және өнімнің (көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының қолданылатын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып, материалдық ресурстардың нақты көлеміне негізделе отырып айқындалады;
      2) тауар нарығының субъектілеріне мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидия бағаның шығын бөлігін азайтуда ескеріледі;
      3) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар бағаларды қалыптастыру кезінде ескеріледі;
      4) амортизациялық аударымдар тауар нарығы субъектісінің есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалады және негізгі құралдардың құнын арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыруға алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады;
      5) инвестициялық жобаны іске асыру үшін немесе көрсетілетін қызметтерді ықтимал жеткізушілерді қаржыландыру шарттарын растайтын құжаттар бар болған кезде тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өндірісінде тартылған активтерді сатып алуға арналған қарыз қаражаты үшін сыйақы төлеу шығыстары (инвестициялық жоба болмаған жағдайда);
      6) монополиялық өндірілетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге (көрсетуге) тікелей жатқызылған, сондай-ақ негіздемелік материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық және басқа да құжаттар) расталған басқа да шығыстар.

      9. Монополиялық өндірілетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасына енгізілетін пайданың деңгейін айқындау кезінде тауар нарығы субъектілерінің тиімді жұмыс істеуі және дамуы үшін қажетті қаражат ескеріледі.

      10. Тауар нарығы субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) бағалар қалыптастыру кезінде өзіндік құнда:
      1) монополиялық өндірілетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіру (көрсету) кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
      2) ластайтын заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшін төлемдер;
      3) үмітсіз борыштар;
      4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыбы, санкциялардың басқа да түрлері және сот шығындары;
      5) табысты жасырғаны (кеміткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;
      6) ұрлықтан болған залалдар;
      7) өндірісте тартылмаған қызмет көрсетуші шаруашылықтар мен учаскелерді ұстауға арналған (үй-жайларды тегін беру, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына коммуналдық қызмет көрсету құнын төлеу және т.б.); 
      8) денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар ұйымдарын, кәсіптік-техникалық училищелерді қоспағанда, оқу орындарын ұстауға арналған;
      9) сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын ұстауға арналған;
      10) ұйым қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, саяжай үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған несиелерін (пайызсызды қоса алғанда) өтеуге арналған;
      11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды (демалыс кештерін, концерттер және басқалар өткізуге) өткізуге арналған;
      12) саяжай серіктестіктерін абаттандыруға (жолдар салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) арналған;
      13) демеушілік көмек көрсетуге арналған;
      14) ақаудан болған ысыраптарға арналған;
      15) өндірісті вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, тауар нарығы субъектілерінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлерден орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған;
      16) мерейтойлар күніне немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін сыйлықтарды сатып алуға арналған;
      17) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауар-материалдық құндылықтардың және қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетіспеушілігіне, басқа өндірілмейтін шығыстарға;
      18) монополиялық өндірілетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге тікелей жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық және басқа да құжаттар) расталмаған шығыстар ескерілмейді.

      11. Реттеуші орган қалыптасқан негіздемелік бағаны қарау кезінде:
      тауар нарығының субъектісі өнімнің (көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бір бірлігін шығаруға арналған шикізаттың, материалдардың, отынның, материалдың ресурстар энергиясының қолданатын шығыс нормаларын және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларын тиісті салалық нормалармен немесе салыстырмалы тауар нарықтарында қызметтер көрсететін нарық субъектілері қолданатын нормалармен салыстыру жолымен;
      салыстырмалы тауар нарықтарында қызметтер көрсететін нарық субъектілерінің еңбегіне ақы төлеу шығындары бар тауар нарығының субъектісі персоналына еңбекақы төлеуге арналған шығыстарға;
      тауар нарығы субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) бағалардың ұлғаюына елеулі әсер ететін басқа да шығыстарға салыстырмалы талдау жүргізуі мүмкін.

      12. Тауар нарығы субъектісінің монополиялық жоғары бағалар белгілеуі және (немесе) осы Ережеде белгіленген баға белгілеу тәртібінің бұзылуы айқындалған жағдайда Реттеуші орган тауар нарығы субъектісіне тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды арттыруға дәлелді қорытындымен тыйым салады.

      13. Тауар нарығы субъектісінің монополиялық төмен бағалар белгілеуі анықталған жағдайда Реттеуші орган тауар нарығы субъектісін хабардар ете отырып, монополияға қарсы органға тиісті материалдарды жібереді. Монополияға қарсы орган қарау нәтижелері туралы Реттеуші органды хабардар етеді.

      14. Тауар нарығы субъектілері осы Ережеде белгіленген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың негізсіз артуына (кемуіне) алып келген баға белгілеу тәртібін бұзған жағдайда, оларға қатысты заңнамада белгіленген тәртіппен монополияға қарсы ден қою шарасы қолданылады.