Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы N 1154 Қаулысы

Қолданыстағы

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі жұмысты жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің "Ақ Берен", "Құтқарушы", "Көмір" әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі", "Кен" әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары оларды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің орталық штабы" (бұдан әрі - кәсіпорын) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына біріктіру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару жұмыстарын, сондай-ақ өрттерді сөндіруге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге байланысты жұмыстарды әрі төтенше және авариялық жағдайларда жүргізілетін басқа да арнайы жұмыстарды, сондай-ақ алдын алу жұмыстарын орындау болып белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитеті кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бір ай мерзімде кәсіпорын жарғысын бекітуге ұсыныс;
      2) әділет органдарында кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитеті" деген бөлімде:
      реттік нөмірлері 109-19, 109-20, 109-21, 109-22-жолдар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 109-23-3-жолмен толықтырылсын:
      "109-23-3 "Кәсіби әскерилендірілген
      авариялық-құтқару қызметінің
      орталық штабы" республикалық мемлекеттік
      қазыналық кәсіпорны                        Астана қаласы";

      2) "Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы N 483  қаулысында :
      көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесіндегі "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" деген бөлімде:
      реттік нөмірлері 94, 98, 99, 102-жолдар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 105-1-жолмен толықтырылсын:
      "105-1. "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің орталық штабы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі