Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі N 858 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІz1100000477 қараңыз

      1. Қоса беріліп отырған Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 29 қыркүйектегі
N 858 қаулысымен  
бекітілген    

Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленді және оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізудің тәртібін көздейді. z1100000477 қараңыз

2. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы
өтініштерді беру және қарау тәртібі

      2. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуі уәкілетті органның аумақтық органына өзі әкеліп береді. Өзі өтініш беруге мүмкіндігі болмаған жағдайда өтініш беруші уәкілетті өкіліне оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішпен баруға нотариалды куәландырылған сенімхат береді.

      3. Көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш беруші оралмандар мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш;
      2) өмірбаян;
      3) өтініш берушінің және онымен бірге қоныс аударушылар оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі (паспорттың немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігінің, кәмелетке толмаған балалардың тууы туралы куәлігінің);
      4) бар болса дипломның, еңбек кітапшасының, сондай-ақ қажет болған кезде неке немесе ажырасу туралы куәліктің көшірмелері;
      5) бар болса біліктілігі туралы куәлікті және тиісті аумақтық бірліктегі жұмыс орнынан анықтама;
      6) Қазақстан Республикасы аумағындағы тұрғылықты жерінен отбасының құрамы туралы анықтама;
      7) тиісті аумақтық бірлікте тіркелгенін куәландыратын Халықты тіркеу кітабының көшірмесі.

      4. Оралмандардың отбасыларын көшіп келу квотасына енгізу:
      1) деректердің растығын тексеру (бағалау) мақсатында қолдаухат берілген құжаттарды зерделеуді;
      2) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуді көздейді.

      5. Оралмандардың көшіп келу квотасына оралманның отбасын енгізу туралы өтінішті қарауды, сондай-ақ осы мәселе бойынша шешім қабылдауды уәкілетті органның аумақтық органында тіркелген күннен бастап екі ай ішінде уәкілетті органның аумақтық органы жүзеге асырады.

      6. Уәкілетті органның аумақтық органы шешім қабылдаған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіні қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      7. Уәкілетті органның аумақтық органдарының шешімдеріне уәкілетті органға және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасыныңзаңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

3. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу тәртібі

      8. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін отбасыларды іріктеу осы Ережеде айқындалған өлшемдерге сәйкес жүргізіледі.

      9. Оралмандардың көшіп келу квотасына әрбір өлшем бойынша баллдарды жинақтау арқылы осы Ережеде көзделген тәртіппен айқындалатын, шешім қабылданған күні ең жоғары балл жинаған отбасылар енгізіледі. Баллдардың сомасы "Оралман" электронды деректер базасы бойынша әрбір отбасы деректерінің негізінде айқындалады.

      10. Оралмандардың көшіп келу квотасына қабылданатын отбасылардың саны әрбір айға қоныс аудару іс-шараларына арналған қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың көлеміне қарай айқындалады.

4. Оралмандардың көшіп келу квотасына іріктеу өлшемдері

      11. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу кезінде мынадай өлшемдер ескеріледі:
      1) мамандығы мен біліктілігінің болуы;
      2) білім деңгейі;
      3) кәмелетке толмаған балалардың саны.

      12. Мамандығы мен біліктілігінің болуы жөніндегі баллдардың ең жоғары саны отбасының әрбір мүшесі үшін 10 баллды құрайды.

      13. Білімі бойынша баллдың ең жоғары саны отбасының әрбір мүшесі үшін 6 баллды құрайды.

      14. Білім деңгейі бойынша іріктеу өлшемдері бойынша орта техникалық, орта кәсіби, орта білімнен кейінгі білімінің және жоғары білімінің, сондай-ақ оралман және оралманның отбасы мүшелері бітірген жоғары оқу орындарының саны ескеріледі.

      15. Орта техникалық, орта кәсіби және орта білімнен кейінгі білімі болған кезде, мұндай білімі бар әрбір отбасы мүшесіне 2 балл беріледі.

      16. Оралманның не оның отбасы мүшелері бітірген жоғары оқу орындарының санына қарай мынадай балл беріледі:
      біреуден артық жоғары білімі болса - 5 балл;
      бір жоғары білімі болса - 3 балл.
      Отбасының бірнеше мүшесінің бір немесе одан артық жоғары білімі болған кезде, тиісті баллдар отбасының бір немесе одан артық жоғары білімі бар әрбір мүшесіне беріледі.

      17. Білімінің болуы білімі туралы құжаттардың түпнұсқасымен не нотариалды расталған көшірмелерімен расталады.

      18. Оралманның отбасы мүшелерінің кәмелетке толмаған балаларының саны жөніндегі баллдың ең жоғары саны әр отбасына 10 баллды құрайды.

      19. Оралманның отбасы мүшелерінің кәмелетке толмаған балаларының саны жөніндегі іріктеу өлшемі оралман отбасының жасы кәмелетке толмаған мүшелерінің саны ескеріледі.

      20. Отбасы құрамындағы кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың санына қарай мынадай баллдар беріледі:
      бес және одан да көп бала - 10 балл;
      үш немесе төрт бала - 5 балл;
      бір немесе екі бала - 3 балл.