Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.07.2015 № 591 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.07.18. N 820 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөнінде өзара іс-қимыл жасау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 12 қыркүйектегі
N 798 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөнінде өзара іс-қимыл жасау ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөнінде өзара іс-қимыл жасау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.07.18. N 820 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
2. Ереже уәкілетті органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөнінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
3. Осы Ереже мемлекеттік жер кадастрының жүргізілуін ұйымдастыруды жүзеге асыратын орталық уәкілетті органға, сәулет, қала құрылысы және құрылысы істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға, сәулет, қала құрылысы мен құрылыс қызметімен сабақтас болып табылатын мәселелер бойынша олардың арнайы өкілеттіктерінің шегінде өзге де орталық атқарушы органдарға, олардың арнайы өкілеттіктері шегінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына, көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органға, жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекеттік техникалық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарға, тіркеуші органдарға (бұдан әрі - уәкілетті органдар) қолданылады.
4. Уәкілетті органдардың негізгі міндеті құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу үшін қажетті ақпарат алмасу болып табылады.
2. Уәкілетті органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөнінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі
5. Құқықтық кадастрды тіркеуші органдар жүргізеді және жылжымайтын мүлікке қолданыстағы және тоқтатылған құқықтар, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары туралы ақпаратты, құқық иелері туралы мәліметтерді, құқықтық кадастрдан мәліметтерді сұратудың болуы туралы ақпаратты қамтиды.
6. Құқықтық кадастр тіркеуші органға оларды тіркеуге уәкілетті мемлекеттік органдар берген азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, "өзен-теңізде" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді қамтиды.
7. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын), жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы барлық жазбаларды тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.07.18. N 820 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
8. Азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, "өзен-теңізде" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті орган осы мәліметтерді құқықтық кадастрға беру үшін бірыңғай ақпараттық жүйеге қалыптастырады.
9. Уәкілетті органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөніндегі ақпараттық жүйелерінің ақпараттық өзара іс-қимылын кіріктіруді ұйымдастыруды ақпараттандыру және байланыс саласындағы орталық атқарушы орган қамтамасыз етеді.
10. Құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізуге қажетті ақпарат алмасу заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне рұқсат беру жолымен электрондық коммуникация құралдары арқылы жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттік органдарда республикалық деңгейде бірыңғай ақпараттық жүйе болмаған жағдайда, құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсаты үшін қажетті ақпарат алмасу осындай жүйе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
12. Уәкілетті органдар бірыңғай ақпараттық жүйеге көшкенге дейін қажетті мәліметтерді қағаз және (немесе) электронды жеткізгіштерде ұсыну жолымен ақпарат алмасуға болады.
13. Берілетін ақпараттың құрамын, деректерді берудің режимі мен тәсілдерін, деректерді беру уақытының режимін, форматтарын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі уәкілетті органдармен келісім бойынша белгілейді.
14. Қажет болғанда берілетін мәліметтер электрондық-цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.
15. Осы Ереженің 3-тармағында санамаланған уәкілетті органдар өтеусіз негізде ақпаратпен алмасады.