Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қазандағы N 1044 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 25 маусымдағы N 529 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. "Электр энергетикасы қондырғылары объектілерін қайта жаңарту мен кеңейту үшін қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қазандағы N 1044  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 37, 495-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      1) 3-тармақ алынып тасталсын;
      2) мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Жергілікті атқарушы органдар 2007 жылғы 31 шілдеден кешіктірмей қалалардың, аудандар мен облыстардың жылу және энергетика желілерін дамыту жоспарларын әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз етсін.";
      3) көрсетілген қаулымен бекітілген Электр энергетикасы қондырғылары объектілерін қайта жаңарту мен кеңейту үшін қосымша қуаттарды қосу және шығындарды өтеу ережесінде:
      мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:
      "13-1. Электр және жылу желілеріне бұрын қосылған тұтынушыларға энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетуді, сондай-ақ тұтынушының деректері (атауы, деректемелері, тегі, аты, әкесінің аты) өзгерген кезде энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетуді жаңарту, сонымен бірге энергиямен жабдықтау объектісінің меншік иесі ауысқан кезде, бұрын берілген техникалық шарттар шегінде қосымша қуаттарды қосу болып табылмайды.".
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі