"Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандумды бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 наурыздағы N 192 Қаулысы

Жаңартылған

      "Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар құру және олардың қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 13 қаңтардағы N 274  Жарлығының  1-тармағының 3) тармақшасын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң        
2007 жылғы 14 наурыздағы
N 192 қаулысымен   
бекiтiлген   

  "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум

1. Құру мақсаты

      "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ) құрудың мақсаты мемлекеттiк және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлiк әдiс негiзiнде бiрыңғай экономикалық нарықты құру, инвестициялар мен инновациялар тарту үшiн қолайлы экономикалық орта қалыптастыру, өңiрлердi әлеуметтiк дамытуға, сондай-ақ пайдалы қазбаларды, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен пайдалы қазбалар түрлерi мен қорлары көлемнiң тiзбесiне сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге, қайта өңдеуге бағытталған бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруға қатысу жолымен Ақмола, Қарағанды облыстарын және Астана қаласын экономикалық дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ға мыналар берiлетiн болады:
      жарғылық капиталды капиталдандыру үшiн қаржылай қаражат;
      инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн жер учаскелерi;
      жер қойнауын пайдалану құқығы;
      пайдаланылуына ақы төлеу есебiнен кiрiстердi жинақтауға қабiлеттi инфрақұрылым объектілері, инженерлік коммуникациялар мен желілер;
      мемлекеттiк меншiктегi жылжымалы және жылжымайтын мүлiк объектiлерi;
      акционерлiк қоғамдардың акциялары, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерге қатысу үлестерi және мемлекеттiк меншiктегi мемлекеттiк кәсiпорындар (бұдан әрi - ұйымдар).

  2. "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары

      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның қызметi айқындылық, кешендiлiк және басымдылық қағидаттарына негiзделетiн болады.
      Айқындылық қағидаты корпоративтiк басқарудың ашық жүйесiн құруды және менеджерлердiң жауапкершiлiгiн, қаржы ресурстарының тиiмдi пайдаланылуына тиiстi бақылауды болжамдайды. Осы қағидатты iске асыру үшiн мiнсiз iскерлiк беделi бар кәсiби менеджерлердi тарта отырып, тәуелсiз директорлар институты белсендi түрде пайдаланылатын болады.
      Кешендiлiк қағидаты белгiлi бiр операцияларда және/немесе қызмет түрлерiнде ұйымдардың мамандануын қолдаудың әр түрлi көздерi мен бағыттары болған кезде экономиканың жеке және мемлекеттiк секторларының бастамаларын теңгерiмдi қолдау жүзеге асырылатынын бiлдiредi.
      Басымдылық қағидаты iске асырылатын жобаларды дайындау және таңдау жөнiндегi жұмыста тиiстi өңiрдiң әлеуметтiк маңызды проблемаларын шешу көрсетiлетiн жобаларға басымдық берiлетiнiн бiлдiредi.

  3. "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның мiндеттерi

       Ескерту. 3-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.05.07 N  363  Қаулысымен.

      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ны құру мақсатына қол жеткiзу мынадай негiзгi мiндеттердi шешуге негiзделетiн болады:
      Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларының, индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясының және Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi аумақтық даму стратегиясының ережелерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларды дамыту мәселелерi жөнiндегi мамандандырылған кеңестiң (бұдан әрi - Мамандандырылған кеңес) ұсынымдары негiзiнде мақсаттар мен мiндеттерге ұйымдардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк активтердi басқарудың тиiмдi жүйесiн құру;
      өңiрлерде бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi қағидаттарын енгiзу;
      мемлекеттiк-жеке әрiптестiк негiзiнде бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бағдарланған өндiрiстердi құру;
      инвестицияларды тарту мен инновацияларды енгiзу үшiн қолайлы орта қалыптастыру;
      бизнес-жобаларды, оның iшiнде концессиялар мен кластерлiк бастамалар негiзiнде iске асыру;
      шағын және орта бизнестi дамыту үшiн институционалдық жағдайлар жасау;
      өңiрлiк әлеуметтiк проблемаларды шешуге пайданы бағыттау;
      мемлекеттiк активтер мен кәсiпкерлiк бастаманы шоғырландыру жолымен өңiрлердiң серпiндi дамуын қамтамасыз ету;
      өңiрдiң iшкi және сыртқы нарықтардағы экономикалық беделiн жылжыту;
      кластерлiк өндiрiстi дамыту және жаңа технологияларды енгiзу жолымен шағын және орта кәсiпкерлiктiң өнiмдiлiгiн арттыру;
      мемлекеттiк кәсiпорындарды оңалту, қайта құрылымдау, олардың негiзiнде жаңа бәсекеге қабiлеттi өндiрiстер мен технологияларды дамыту;
      бизнес-жобалардың базасын қалыптастыру, қаржыландыру және оларды iске асыру үшiн жағдайлар жасау.
      Жоғарыда көрсетiлген мiндеттердi шешудi "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ меншiктi және бiрлескен жобаларды iске асыру, сондай-ақ "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ға берiлген ұйымдардың қызметiне қатысу жолымен жүзеге асыратын болады.

  4. "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның функциялары

      Ұйымдардың жалпы жиналыстары және Директорлар кеңестерi арқылы оларды корпоративтiк басқаруды жүзеге асыру шеңберiнде "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның негiзгi функциялары мыналар болып табылады:
      Мамандандырылған кеңестiң ұсынымдары негiзiнде ұйымдар үшiн мақсаттар қою;
      ұйымдардың қойылған мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған орта мерзiмдi бизнес-жоспарларын, инвестициялық бағдарламалары мен жылдық бюджеттерiн бекiту;
      жеке сектордың бастамаларын iске асыруға бөлiнетiн ақша қаражатының тиiмдi пайдаланылуын бақылау;
      ұйымдардың басшыларын iрiктеу және уәждеу.

  5. "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ны басқару мәселелерi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан мемлекет "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның жалғыз акционерi болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамы айқындалады.
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң (орталық атқарушы органдардың), Ақмола және Қарағанды облыстары мен Астана қаласы әкiмдiктерiнiң, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның Басқарма төрағасы кiредi.
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ Директорлар кеңесiнiң құзыретiне мыналар кiредi:
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметiнiң басым бағыттарын айқындау;
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ қызметiнiң мақсаттарын қою;
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның бюджетiн бекiту;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер.
      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның қызметiн қаржыландыру заңнамаға сәйкес жарғылық капитал қаражаты, инвестициялық кредиттер, гранттар немесе өзге де кiрiстер есебiнен жүзеге асырылады.

  6. Қазақстан Республикасының Yкiметi мен "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар

       Ескерту. 6-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.05.07 N  363 , 2008.06.11  N 576  Қаулыларымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар Мамандандырылған кеңес - Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган арқылы жүзеге асырылады, оны құру туралы шешiмдi және оның қызметi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқаратын Мамандандырылған кеңестiң құрамына Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда, Қаржы министрліктерінің және басқа да орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары кiредi. Мамандандырылған кеңес екi жылда бiр рет орта мерзiмдi негiзде ұйымдарды басқару жөнiндегi негiз қалаушы мақсаттар мен мiндеттер бойынша ұсынымдар әзiрлеудi жүзеге асырады және мақсаттарға қол жеткiзу мен қаржылық нәтижелердi бағалауды жүргiзедi.
      Мамандандырылған кеңес өз қызметiн тұрақты негiзде жүзеге асырады және бір айда кемiнде бiр рет отырыс өткiзедi. Мамандандырылған кеңестiң қызметiн ұйымдық-ақпараттық қамтамасыз етудi Мамандандырылған кеңестiң қызметi туралы ережеде айқындалған жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ұйымдардың қызметiне олардың бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын орындауына негiзделмеген мемлекеттiк органдардың араласуына жол берiлмейдi.

  7. "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ мен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар

      "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ мен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар оның жоғарыда көрсетiлген функцияларымен айқындалады. Бұл ретте "Сарыарқа" ӘКК" ҰК" АҚ-ның ұйымдар қызметiне әсерi акционер функцияларын жүзеге асыру және ұйымдардың тиiстi директорлар кеңестерiнде өкiлдiк ету, сондай-ақ ұйымдарға қатысу функциясы арқылы корпоративтiк басқару шеңберiнде шектеледi.