Ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы N 71 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шiлдедегi  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану ережесi бекітiлсiн.

      2. "Жол шаруашылығын құқықтық қамтамасыз етудi жетiлдiру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 5 қыркүйектегi N 845  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., N 31, 269-құжат) мынадай өзгерiс енгiзiлсiн:
      1-тармақтың үшiншi абзацы алынып тасталсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2007 жылғы 30 қаңтардағы 
N 71 қаулысымен    
бекiтiлген    

  Ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану ережесi

      1. Осы Ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Ережеде "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шiлдедегi Заңында көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      ақылы автомобиль жолын және көпiр өткелiн пайдалану - автомобильдердiң және басқа көлiк құралдарының белгiленген жүктемелерiмен, габариттерiмен үздiксiз, қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру және автомобиль жолдарының және көпiр өткелдерiнiң пайдалану кезеңiнде талап етiлетiн техникалық деңгейi мен көлiктiк-пайдалану жай күйiн ұстау;
      пайдаланушы - ақылы автомобиль жолдарын және (немесе) көпiр өткелдерiн пайдаланатын концессионер;
      уәкiлеттi орган - автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган.

      3. Ақылы автомобиль жолын немесе көпiр өткелiн пайдалану пайдаланушының көгалдандыруды, ағымдағы, орташа және күрделi жөндеудi қоса алғанда, оларды жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi iс-шараларды уақтылы жүргiзуiн, сондай-ақ автомобиль көлiгiнiң толассыз және қолайлы қозғалысын қамтамасыз етудi көздейдi.

      4. Ақылы автомобиль жолдары мен көпiр өткелдерiн пайдалану жөнiндегi барлық iс-шаралар уәкiлеттi органмен бекiтiлген Автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын пайдалану кезiндегi жұмыстарды жiктеу жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес жүргiзiледi.

      5. Ақылы автомобиль жолдары мен көпiр өткелдерiн пайдалануды бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      6. Ақылы автомобиль жолдары мен көпiр өткелдерiн пайдалану кезiнде пайдаланушы көлiк құралдары қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында:
      қысқы кезеңде жолдарды және жол құрылыстарын қардан тазартады және төсемнiң тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;
      автомобиль жолдарын пайдаланушыларды қауiптi метеорологиялық құбылыстар (көктайғақ, тұман, күштi жел, бұрқасын, қар көшкiнi), табиғи (жер сiлкiнiсi, сел тасқыны, су басу, көшкiн, дауыл және т.б.), сондай-ақ техногендiк (көлiк авариялары, апаттар, жарылыстар, өрт, улы заттар тараған авариялар және т.б.) сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабардар етедi;
      қауiптi метеорологиялық құбылыстар, табиғи немесе техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған, автомобиль жолдарының немесе олардағы құрылыстардың көтеру қабiлетi жоғалған кезде, жол-жөндеу жұмыстарын, бұқаралық және спорттық iс-шараларды жүргiзу кезiнде қозғалысты шектейдi немесе тоқтатады;
      қауiптi метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жояды;
      жол полициясы органдарымен өзара iс-әрекет ете отырып оларды жою жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу мақсатында жол-көлiк оқиғаларының есебiн жүргiзедi, олардың пайда болуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларға талдау жасайды;
      байланыс желiлерi мен жол бойындағы автосервис пункттерi желiсiнiң дамуына ықпал етедi;
      авариялар, автомобиль апаттары, табиғи зiлзалалар жағдайында мүмкiн болатын дәрiгерге дейiнгi медициналық жәрдемдi қамтамасыз етедi және қозғалысқа қатысушыларды құтқару жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      жол полициясы бөлiмшелерiне жол-көлiк оқиғаларын тексеруге жәрдем көрсетедi, сондай-ақ егер жол-көлiк оқиғасы жол жағдайына байланысты болса, қызметтiк тексеру жүргiзедi;
      көлiк ағыны құрамының, жүйелiлiгiнiң және жүк тасу қауырттылығының есебiн жүргiзедi.

      7. Жүрiп өту үшiн төлемдi пайдаланушы ақылы автомобиль жолдарына және көпiр өткелдерiне кiру немесе одан шығу кезiнде автомобиль көлiгiнiң ең аз кiдiрiсiн қамтамасыз ететiн жүрiп өту үшiн төлем жасауға арналған арнайы құрылғылармен жарақталған арнайы жабдықталған пункттерде алады.

      8. Жүрiп өту үшiн төлем бақылаушы-кассирге немесе автоматты құрылғы арқылы қолма-қол ақшамен, сондай-ақ кредиттiк немесе абонементтiк карточкалардың көмегiмен жүргiзiлуi мүмкiн. Жүрiп өту үшiн төлемдi қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша алуға жол берiледi.

      9. Ақылы автомобиль жолдарымен және көпiр өткелдерiмен жүрiп өту үшiн төлем әрбiр автомобиль жолы участкесi және (немесе) көпiр өткелi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметiмен бекiтiлетiн ставкалар бойынша алынады.
      Ақылы автомобиль жолдарымен және көпiр өткелдерiмен жүрiп өту үшiн ақы төлеуден заңнамаға сәйкес жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың көлiк құралдары босатылады.