Жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1254 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 шілдедегі № 574 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.07.2015 № 574 қаулысымен.

      "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңының 8-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне жүктелсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2006 жылғы 23 желтоқсандағы
N 1254 қаулысымен   
бекiтiлген      

Жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Жасалған концессия шарттарының және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмi концессия шарттары бойынша жасалған концессия шарттарын және берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiн мемлекеттiк есепке алудың ақпараттық жүйелерiнiң кешенiн бiлдiредi.

      2. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган концессия шарттары бойынша берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi.

      3. Республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган республикалық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi.

      4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының тiзiлiмiн жүргiзедi.

2. Тiзiлiмдердi жүргiзу тәртiбi

      5. Республикалық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша және коммуналдық меншiкке жататын концессия объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарының (бұдан әрi - концессия шарттары) тiзiлiмдерiне мынадай мәлiметтер енгiзiледi:
      1) концедент пен концессионердiң атауы және деректемелерi;
      2) концессия объектiсi;
      3) концессия шартының жасалған күнi, қолданылу мерзiмi және тiркеу нөмiрi;
      4) концессия шартының мәтiнi;
      5) концессиялық жобаның бағасы;
      6) концессия шартының тiзiлiмге енгiзiлген күнi.

      6. Концессия шарттары бойынша берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiнiң тiзiлiмiне мынадай мәлiметтер енгiзiледi:
      1) қарыз алушы (концессионердiң) мен қарыз берушiнiң атауы және деректемелерi;
      2) мемлекеттiк кепiлдiктiң (мемлекет кепiлгерлiгiнiң) сомасы;
      3) мемлекеттiк кепiлдiктiң (мемлекет кепiлгерлiгiнiң) берiлген күнi және тiркеу нөмiрi;
      4) мемлекеттiк кепiлдiктiң (мемлекет кепiлгерлiгiнiң) тiзiлiмге енгiзiлген күні.

      7. Тiзiлiмдердi жүргiзу тiзiлiмдердi басқаруды оңтайландыруға және ақпаратқа қол жеткiзудi әкiмшiлдендiруге мүмкiндiк беретін, деректердiң сенiмдiлiгi мен сақталуын қамтамасыз ететiн мамандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердiң базасында ақпаратты жинаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерi құралдарының көмегiмен жүзеге асырылады.

      8. Осы Ереженің 5 және 6-тармақтарында көрсетiлген мәлiметтер концессия шарты жасалған сәттен немесе мемлекеттiк кепiлдiк (мемлекет кепiлгерлiгi) берiлген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде электронды түрдегi тiзiлiмдерге енгiзiлуге тиiс.

      9. Республикалық меншiктiң жұмыс iстеп тұрған объектiлерi бойынша немесе құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттарының негiзiнде жүзеге асырылатын республикалық меншiк объектiлерi бойынша жасалған концессия шарттарына қатысты тиiстi саланың мемлекеттiк органы (бұдан әрi - басқару органы) тиiстi шарт жасалғаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi заңнамада белгiленген тәртiппен басқару органының мөрiмен расталған немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған баспа және электронды түрде республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жiбередi.

      10. Қажет болған кезде республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган басқару органынан тiзiлiмдi жүргiзу үшiн қажеттi басқа да қосымша мәлiметтердi немесе құжаттарды сұратуға құқылы.

      11. Жасалған концессия шартына және мемлекеттiк кепiлдiк (мемлекет кепiлгерлiгi) шартына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда тiзiлiмдерге сондай-ақ осы бөлiмде көзделген тәртiппен осы Ереженiң 5 және 6-тармақтарында көрсетiлген мәлiметтерге ұқсас енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар туралы мәлiметтер енгiзiледi.

      12. Тiзiлiмдер мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жүргiзiледi.

      13. Осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген "аса маңызды", "өте құпия", "құпия" деген белгісi бар концессия шарттарының мәтiндерi немесе шарттың жария етуге жатпайтын құпия мәлiметтердi қамтитын бөлімдерi мен бөлiктерi тiзiлiмге енгiзiлмеуге тиiс.

      14. Тізiлiмдердi жүргiзу жүктелетiн уәкiлеттi органдар тiзiлiмдердегi мәлiметтердi тұрақты талдау мен қорытуды жүзеге асырады.

3. Қорытынды ережелер

      15. Тiзiлiмдердi жүргiзудің ұйымдастырушылық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етiлуiн оларды жүргiзу жүктелетiн уәкiлеттi органдар тиiстi қаржы жылына бөлiнген бюджет қаражаты шеңберiнде жүзеге асырады.

      16. Мүдделi мемлекеттiк органдардың сұрау салулары мен заңды және жеке тұлғалардың өтiнiштерi бойынша тiзiлiмдердi жүргiзу жүктелетiн уәкiлеттi органдар тiзiлiмдерден сұратылған мәлiметтердi бередi.
      Сұратылған мәлiметтердi беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесiн пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкiн.