Денсаулық сақтау саласында аттестаттауды өткiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 қарашадағы N 1115 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Денсаулық сақтау жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Денсаулық сақтау саласында аттестаттауды өткiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Денсаулық сақтау саласында аттестаттауды өткiзу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 21 қаңтардағы N 60 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., N 2, 31-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 23 қарашадағы
N 1115 қаулысымен    
бекiтiлген    

Денсаулық сақтау саласында аттестаттауды өткiзу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау саласында аттестаттауды өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы Заңына сәйкес әзiрлендi және оны өткiзудiң тәртiбi мен шарттарын айқындайды. K090193, V095906

      2. Денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау - денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары мен басшылары орынбасарларының, сондай-ақ облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарына ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының (бұдан әрi - аттестатталушы тұлғалар) кәсiби құзыретiнiң деңгейiн айқындайтын, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсiм.

      3. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - мемлекеттiк орган) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары және олардың құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының, сондай-ақ республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары орынбасарларының кәсiби құзыретiн аттестаттауды жүргiзедi.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары (бұдан әрi - денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органы) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсiби құзыретiн аттестаттауды жүргiзедi.

      4. Аттестаттауды объективтi және құзыреттi жүзеге асыру мақсатында мемлекеттiк орган және денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органы аттестаттау комиссияларын құрады.

      5. Аттестатталушы тұлғалар әрбiр келесi үш жыл өткен сайын, бiрақ тиiстi лауазымға орналасқан күнiнен бастап бiр жылдан ерте емес мерзiмде аттестаттаудан өтедi.

2. Аттестаттауды өткiзуге дайындықты ұйымдастыру

      6. Аттестаттауды өткiзуге дайындық мынадай iс-шараларды қамтиды:
      1) аттестатталушы тұлғаларға қажеттi құжаттарды дайындау;
      2) аттестаттауды өткiзу кестелерiн әзiрлеу және бекiту;
      3) аттестаттау комиссияларының құрамын айқындау;
      4) аттестаттауды өткiзу мақсаттары мен тәртiбi туралы түсiндiру жұмысын ұйымдастыру;
      5) аттестаттауды өткiзу басталғанға дейiн 30 күннен кешiктiрмей аттестатталушы тұлғаларды оны өткiзу мерзiмi туралы жазбаша хабардар ету;
      6) аттестатталушы тұлғалардың құжаттарын қабылдауды және олардың аттестаттау кезiнде қойылатын талаптарға сәйкестiгi мәнiне талдауды жүзеге асыру;
      7) тестiлеуден өткен күннен бастап 3 күннен кешiктiрмей өткiзiлген тестiлеудiң қорытындылары бойынша аттестатталушы тұлғаларды тестiлеу нәтижелерiн аттестаттау комиссиясына жолдау (қағаз және электронды тасығыштарда).

      7. Мемлекеттiк органның басшысы денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының кадр қызметi ұсынған ақпарат негiзiнде бұйрық шығарады, онда аттестаттауға жататын тұлғалардың тiзiмi бекiтiледi, аттестаттауды өткiзу мерзiмi және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесi белгiленедi.
      Денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органының басшысы кадр қызметiнiң ұсынысы бойынша бұйрық шығарады, онда аттестаттауға жататын адамдардың тiзiмi бекiтiледi, аттестаттауды өткiзу мерзiмi және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс iстеу кестесi белгiленедi.

      8. Денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының кадр қызметтерi аттестаттау үшiн аттестаттау комиссиясына әрбiр аттестатталушы тұлғаға қатысты мынадай құжаттарды жiбередi:
      1) денсаулық сақтау органының немесе ұйымының басшысы қол қойған, аттестатталушы тұлғаның қолы қойылған, "таныстым" деген белгi бар қызметтiк мiнездеме;
      2) кадрларды есепке алу жөнiндегi жеке парақ;
      3) өмiрбаян;
      4) бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi;
      5) соңғы 3 жылда бiлiктiлiктi арттыру циклдарынан өткенi туралы куәлiктердiң көшiрмелерi;
      6) ғылыми дәрежесiнiң, атағының бар екендiгi туралы (олар болған кезде) куәлiктердiң көшiрмелерi;
      7) маман сертификатының көшiрмесi;
      8) еңбек кiтапшасының көшiрмесi.

      9. Аттестаттау комиссиясының хатшысы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестатталушы тұлғаға аттестаттау парағын ресiмдейдi.

3. Аттестаттауды өткiзу тәртiбi

      10. Аттестаттау екi кезеңнен тұрады: тестiлеу және әңгiмелесу.

      11. Тестiлеуден өту кезiнде өту мәнiнен төмен баға алған аттестатталушы тұлға әңгiмелесуге жiберiлмейдi және аттестатталмады деп танылады.

      12. Аттестатталушы тұлғалармен әңгiмелесудi аттестаттау комиссиялары жүргiзедi.

      13. Аттестаттау комиссиясы комиссия мүшелерiнен және хатшысынан тұрады. Аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң iшiнен төраға тағайындалады. Аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң саны кемiнде жетi адамнан тұруы тиiс.
      Мемлекеттiк органның аттестаттау комиссиясының құрамына мемлекеттiк органның, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң, практикалық денсаулық сақтау, медицина ғылымының, үкiметтiк емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкiлдерi кiредi.
      Денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының аттестаттау комиссиясының құрамына денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының, практикалық денсаулық сақтау, медицина ғылымының, үкiметтiк емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкiлдерi кiредi.

      14. Егер аттестаттау комиссиясының отырысына оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, ол заңды болып саналады.

      15. Дауыс беру нәтижелерi комиссия мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

      16. Тестiлеуде немесе аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелдi себептермен болмаған аттестатталушы тұлға жұмысқа шыққаннан кейiн аттестаттау комиссиясы белгiлеген мерзiмде аттестаттаудан өтедi.
      Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептерсiз келмеген аттестатталушы тұлға аттестатталмады деп танылады.

      17. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделеп, аттестатталушы тұлғамен әңгiмелесе отырып, мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) аттестатталды;
      2) қайта аттестаттауға жатады;
      3) аттестатталмады.

      18. Аттестаттау комиссиясының аттестатталмау туралы шешiм қабылдауы аттестатталушы тұлғамен еңбек қатынастарын бұзу үшiн негiз болып табылады.

      19. Аттестаттау комиссиясының шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады.

      20. Қайта аттестаттау осы Ережеде айқындалған тәртiппен бастапқы аттестаттау өткен күннен бастап алты айдан кейiн өткiзiледi.
      Тестiлеуде өту мәнiнен жоғары баға алған, бiрақ әңгiмелесуден өтпеген аттестатталушы тұлға қайта аттестаттау кезiнде тестiлеуден өтпей-ақ әңгiмелесуге жiберiледi.
      Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау қорытындылары бойынша мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) аттестатталды;
      2) аттестатталған жоқ.

      21. Аттестаттау комиссиясының шешiмi отырыс хаттамасымен ресiмделедi, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және хатшы қол қояды.

      22. Аттестатталушы тұлға аттестаттау комиссиясының шешiмiмен танысуға тиiс.

      23. Аттестаттау комиссиясының шешiмi аттестаттау өткен күннен бастап аттестаттауды өткiзген органның бiрiншi басшысының бұйрығымен бiр ай мерзiмде бекiтiледi.

      24. Аттестаттау комиссиясының бекiтiлген шешiмдерi аттестатталушы тұлғалардың аттестаттау парақтарына жазылады.
      Аттестаттаудан өткен аттестатталушы тұлғаның аттестаттау парағы және оған берiлген қызметтiк мiнездеме жеке iсте сақталады.

4. Аттестаттау комиссиясының шешiмдерiне шағымдану

      25. Аттестаттауды өткiзу (тестiлеу, әңгiмелесу) кезiнде туындаған дауларды мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен апелляциялық комиссия қарайды немесе сот тәртiбiмен қаралады.

Денсаулық сақтау саласында  
аттестаттауды өткізу ережесіне
қосымша           

      Аттестаттау парағы

Аттестатталушы тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты _________________
_________________________________________________________________
Туған күні ______________________________________________________
Білімі туралы мәліметтер ________________________________________
_________________________________________________________________
Біліктілігін арттыру туралы мәліметтер (соңғы 3 жылдағы) ________
_________________________________________________________________
Лауазымы және тағайындалған (осы лауазымға бекітілген) күні
_________________________________________________________________
Жалпы еңбек стажы _______________________________________________
Осы лауазымдағы жұмыс стажы _____________________________________
Біліктілік санатын беру туралы немесе онсыз маман сертификатының
болуы _______________________
Тестілеу нәтижелері ___________ %     
Отырысқа аттестаттау комиссиясының _______ мүшелері қатысты
Дауыстар саны:
_______ "иә" деп дауыс берді
_______ "қарсы" деп дауыс берді
_______ "дауыс беруден қалыс қалғандар"
Аттестаттау комиссиясының шешімі
________________________________________________________________
Аттестаттау комиссиясының төрағасы _________________________
Аттестаттау комиссиясының хатшысы __________________________
Аттестаттау комиссиясының мүшелері:_________________________
                                   _________________________
                                   _________________________

Аттестаттау өткізілген күн 200 ___ жылғы "___" ___________
аттестаттау парағымен таныстым _________________________________
                            (аттестатталушы тұлғаның қолы және күні)

      М.О.