Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы N 1072 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереже (бұдан әрi - Үлгi ереже) бекiтiлсiн.

      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ведомстволар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар:

      1) осы Yлгi ережеге сәйкес тиiстi құрылымдық бөлiмшелердiң ережелерiне тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзсiн;

      2) өзiнiң аумақтық бөлiмшелерiнiң заң қызметтерiн нығайтуды қамтамасыз етсiн, заң қызметтерiнiң жұмыс сапасын арттыру әрi республикалық және өңiрлiк деңгейде заңдылық режимiн нығайту жөнiндегi шаралар кешенiн әзiрлесiн;

      3) қабылданатын кесiмдердiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн бақылауды күшейтсiн және алқа отырыстарында құқықтық жұмыстың жай-күйiн кезең-кезеңмен қарасын.

      3. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi мемлекеттiк органдардың заң қызметтерi қызметкерлерiнiң тиiстi мемлекеттiк органның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманың нормаларын бiлуiне тестiлеудi үнемi жүргiзудi қамтамасыз етсiн.

      4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

      1) "Мемлекеттiк басқару органдарының және оларға қарасты кәсiпорындардың, мекемелердiң заң қызметi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 5 мамырдағы N 624  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1995 ж., N 17, 187-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасының министрлiктерiнде, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдарында заң қызметiнiң жай-күйiн жақсарту және оның жұмысының сапасын арттыру шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 29 сәуiрдегi N 521  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 18, 152-құжат);

      3) "Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда заң жұмысының сапасын арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 7 маусымдағы N 868  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., N 26, 303-құжат).

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 9 қарашадағы 
N 1072 қаулысымен  
бекiтiлген  

  Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлгi ереже орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ведомстволардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) заң қызметтерiнiң жұмыс сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерiн (бұдан әрi - заң қызметтерi) ұйымдастыруға және олардың қызметiне қойылатын бiрыңғай талаптарды белгiлейдi.

      2. Заң қызметтерiн заңнамаға сәйкес бекiтiлген штат санының лимиттерi шегiнде дербес құрылымдық бөлiмшелер ретiнде мемлекеттiк органдар құрады.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25  N 283  Қаулысымен. 

      3. Заң қызметтерiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады: 
      мемлекеттiк органдардың қызметiнде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету; 
      мемлекеттiк оpгандардың заңнаманы қолдану практикасын қорыту;
      Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсiндiру, мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру;
      Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң және заңдық сипаттағы басқа да құжаттардың жобаларын әзiрлеуге қатысу.

  2. Заң қызметтерiн ұйымдастыру туралы

      4. Тиiстi заң қызметтерiндегi лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен заңгерлiк бiлiмi бар адамдар тағайындалады. 

      5. Мемлекеттiк органның өзiн қайта ұйымдастыру немесе тарату жағдайларын қоспағанда, заң қызметтерiн таратуға жол берiлмейдi. 

      6. Заң қызметтерi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Үлгi ереженi басшылыққа алады.

      7. Мемлекеттiк органда бөлiнген бюджет қаражатының шегiнде заң қызметтерiнiң тиiмдi және сапалы қызметi үшiн мыналарды қоса алғанда, тиiстi жағдай жасалады:
      жеке үй-жаймен, заңнамалық-анықтамалық материалдармен, құқықтық мәселелер жөнiндегi мерзiмдi баспасөз басылымдарымен, заң әдебиетiмен, сондай-ақ оқтын-оқтын жаңартылып отыратын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң электрондық қорымен қамтамасыз ету;
      заң қызметтерi қызметкерлерiнiң кәсiптiк деңгейiн арттыру, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясында заң қызметтерi қызметкерлерiн жүйелi түрде тағылымдамадан өткiзу үшiн тұрақты негiзде iс-шаралар ұйымдастыру.

  3. Заң қызметтерiнiң қызметi туралы

      8. Заң қызметтерi:
      сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда мемлекеттiк орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органның мүдделерiн бiлдiредi;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне мониторинг жүргiзудi тұрақты негiзде үйлестiредi;
      мемлекеттiк орган әзiрлейтiн Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң жобаларын, оның iшiнде оларды мемлекеттiк органның басқа да құрылымдық бөлiмшелерi әзiрлеген жағдайда келiсу жолымен дайындауға қатысады;
      мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының тапсырмасы бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлейдi және мемлекеттiк органның құқықтық мәселелер жөнiндегi құжаттарын дайындайды;
      мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау, жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi жыл сайынғы iс-шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
      заңнамалық кесiмдерде көзделген жағдайда мемлекеттiк органның құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттiк органның атынан түсiнiктеме дайындайды;
      мемлекеттiк органға келiп түсетiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң жүйелендiрiлген есебiн және олардың сақталуын ұйымдастырады;
      мемлекеттiк органның норма жасау қызметiн талдайды және талдау нәтижелерi бойынша мемлекеттiк органның бiрiншi басшысына, сондай-ақ орталық атқарушы органың жауапты хатшысына (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаға) оны жетiлдiру және анықталған кемшiлiктердi жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25  N 283  Қаулысымен. 

      9. Заң қызметтерi:
      осы Yлгi ереженiң 8-тармағына сәйкес өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi құжаттарды және мәлiметтердi мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнен сұратуға;
      мемлекеттiк орган басшысының немесе орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаның) келiсiмiмен Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң жобаларын және мемлекеттiк органның құқықтық мәселелер жөнiндегi құжаттарын әзiрлеу үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөнiндегi iс-шаралар мен мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды iске асыру үшiн басқа құрылымдық бөлiмшелердiң қызметкерлерiн тартуға құқылы.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25  N 283  Қаулысымен. 

      10. Басқа құрылымдық бөлiмшелер әзiрлеген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобалары оларды заң қызметтерiмен алдын ала келiспестен мемлекеттiк органдарға келiсуге жiберiлмейдi.

      11. Осы Үлгi ережеге сәйкес заң қызметтерiне олардың қызметiне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.

  4. Заң қызметтерi қызметкерлерiн материалдық ынталандыру туралы

      12. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы сыйлық берудiң қолданылып жүрген жүйесiн және бар мүмкiндiктердi ескере отырып, заң қызметiнiң қызметкерлерiне қосымша материалдық ынталандыру белгiлеуге құқылы.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25  N 283  Қаулысымен.