"Терроризмге қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 қазандағы N 956 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Терроризмге қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

"Терроризмге қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының
Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

       1-бап.  "Терроризмге қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шiлдедегi  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 19, 649-құжат; 2002 ж. N 4, 32-құжат; 2005 ж. N 23, 142-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) 1-бапта:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "террористiк ұйым - Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыратын және сот террористiк деп таныған заңды тұлға немесе заңды тұлғалар бiрлестiгi, шетелдiк немесе халықаралық ұйым не террористiк мақсатты көздейтiн қылмыстарды жасау үшiн құрылған қылмыстық топтар бiрлестiгi;";
      8) тармақшаның екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi күзет ic-шаралары терроризмге қарсы операцияларға жатады";
      мынадай мазмұндағы 11), 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын;
      "11) терроризмге қарсы күрес - террористiк iс-әрекеттiң алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның зардаптарын барынша азайту жөнiндегi iс-қимыл;
      12) терроризмдi қаржыландыру - террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыру үшiн террористердi және (немесе) террористiк ұйымдарды ақшалай және (немесе) өзге де мүлiкпен қамтамасыз ету;
      13) терроризмге қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн және терроризмге қарсы күрес саласында мемлекеттiк реттеудi өзiнiң өкiлеттiгi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.";
      2) 2-бапта:
      тақырыптағы "күрес саласындағы" деген сөздер "күрес туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Терроризмге қарсы күрес туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының осы Заңынан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады";
      3) 3-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) терроризмге қарсы операцияларды жүргiзудiң техникалық әдiстерi мен тактикаларын, сондай-ақ көрсетiлген операцияларға қатысушылардың құрамын барынша аз жариялау";
      4) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "4-бап. Терроризмге қарсы күрестiң жалпы мемлекеттiк жүйесi
      1. Қазақстан Республикасының Президентi терроризмге қарсы күрес саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын анықтайды.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi терроризмге қарсы күрестi тiкелей жүзеге асырушы мемлекеттiк органдардың қызметiн қажеттi күштермен, құралдармен және ресурстармен қамтамасыз етудi ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу үшiн көлiк құралдары мен байланыс құралдарын беру тәртiбiн анықтайды.
      3. Терроризмге қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
      2) Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi;
      3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi;
      4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi;
      5) Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жасау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган.
      4. Терроризмге қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган терроризмге қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарынан белгiленедi.
      Терроризмге қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
      өз өкiлеттiгi шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының терроризмге қарсы күрес саласындағы қызметiн үйлестiредi және олардың өзара iс-қимылдарын ұйымдастырады;
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының қауiпсiздiк жүйелерiн және террористiк қатерлердi бейтараптандыруға дайындықтарын күшейту жөнiндегi кешендi шаралардың iске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      терроризмге қарсы күрес саласындағы Мемлекеттiк бағдарламаны заңнамада белгiленген тәртiппен әзiрлейдi және оның iске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының Президентiне терроризмге қарсы iс-қимыл жасау бойынша қабылданатын шаралар туралы жыл сайын баяндама ұсынады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiн және Қазақстан Республикасының Үкiметiн террористiк қауiп-қатерлер туралы ағымдағы хабардар етудi жүзеге асырады.
      5. Террористiк көрiнiстердiң алдын алу, анықтау және жолын кесу жөнiндегi iс-әрекетке өз құзыретi шегiнде басқа да мемлекеттiк органдар қатысады.";
      5) 7-бапта:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес күзетiлуi тиiс өзге де күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi";
      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жасау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган террористiк iс-әрекеттi қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiн пайдалану фактiлерiн болдырмау мақсатында ақшалай және (немесе) өзге де мүлiктiк операциялар туралы ақпараттарды жинауды және талдауды жүзеге асырады.";
      6) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "8-бап. Терроризмге қарсы күрестегi өзге де мемлекеттiк органдардың құзыретi
      Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде:
      1) терроризмдi тудыратын әрi терроризмге және террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға, сондай-ақ террористiк iс-әрекеттiң зардаптарын барынша азайтуға бағытталған алдын ала ақпараттық-насихаттау, тәрбиелiк, ұйымдастырушылық, құқықтық, режiмдiк, күзет және өзге де шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
      2) материалдық-техникалық және ақшалай қаражатты, ақпаратты, көлiк құралдарын, байланыс құралдарын, медициналық жабдықтарды, дәрi-дәрмектер мен медициналық қызмет көрсетудi, құтқару және басқа да құралдарды бередi, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес мақсатында өзге де шұғыл көмек көрсетедi;
      7) 12-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасында террористiк акциялардың жолын кесу жөнiндегi iс-шараларды дайындау және жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимыл тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.";
      2-тармақта:
      "тiкелей жүзеге асыру" деген сөздер "дайындау және жүргiзу" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "республикалық немесе аймақтық оралымды штабтар құрылады" деген сөздер "терроризмге қарсы операцияларды жүргiзудi республикалық және (немесе) облыстық жедел штабтар жүзеге асырады" деген сөздермен ауыстырылсын.";
      8) 13-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Объектiлерi күзетiлетiн адамдар болып табылатын террористiк акциялардың жолын кесу бойынша терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезiнде операцияларға басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi жүзеге асырады.";
      3-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi сөйлеммен толықтырылсын:
      "Жедел штаб басшысы терроризмге қарсы операцияны жүргiзуге жеке жауап бередi.";
      4-тармақта:
      "террористiк акцияның" деген сөзден кейiн "күш қолданбай" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Террористермен келiссөз жүргiзу оларды жасаған iс-әрекеттерi үшiн жауапкершiлiктен босатуға негiз немесе жағдай жасау болып табылмайды.";
      9) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Терроризмге қарсы операцияны жүргiзу үшiн жедел штаб басшысының шешiмi бойынша меншiк нысандарына қарамастан, басқа да мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың күштерi және құралдары тартылуы мүмкiн.";
      10) 15-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      "8) заир және жеке тұлғаларға байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата түру немесе желiлер мен байланыс құралдарын пайдалануды шектеуге" 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Терроризмге қарсы операцияны жүргiзу аймағында бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң болуына және олардың дыбыс жазу, суретке және бейне түсiрудi жүзеге асыруға тек жедел штаб басшысының рұқсатымен жол берiледi.";
      11) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "21-бап. Ұйымдарды террористiк деп тану және оның террористiк iс-әрекеттерi үшiн жауапкершiлiгi
      1. Ұйымдар террористiк деп сот тәртiбiмен танылады.
      2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдарды террористiк деп тану туралы арызды прокурор сотқа бередi.
      3. Қазақстан Республикасы аумағында және (немесе) басқа мемлекетте террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды террористiк деп тану туралы арызды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Астана қаласының сотына бередi.
      4. Егер де ұйымның құрылымдық бөлiмшелерiнiң бiрi осы ұйымға басшылық ететiн органдарының бiрiнiң рұқсатымен террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыратын болса, ол ұйым террористiк деп танылады.
      Ұйымды террористiк деп тану Қазақстан Республикасының аумағында оның қызметiн тоқтатуға, ал егер мұндай ұйымдар заңды тұлғалар болып табылған жағдайда оларды таратуға да алып келедi.
      Террористiк деп танылған ұйымдарды тарату кезiнде оған тиесiлi мүлiк тәркiленедi және Қазақстан Республикасының кiрiсiне берiледi.
      Өзiне қатысты террористiк деп тану туралы арыз берiлген ұйым мүлiктерiн сатуы немесе жасыруы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде арыз берушi көрсетiлген ұйым мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етуге барлық қажеттi шараларды қолдана алады.
      5. Сот шетелдiк немесе халықаралық ұйымды террористiк деп таныған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында осы ұйымның iс-әрекетi тоқтатылады, ал оның бөлiмшелерi мен өкiлдiктерi жойылады, оларға тиесiлi мүлiк пен көрсетiлген ұйымдардың мүлкi тәркiленедi және мемлекет кiрiсiне 6ерiледi.
      6. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары және меншiк нысанына қарамастан, ұйымдар өз құзыретi шегiнде, ұйымды террористiк деп тануға қажеттi дәлелдеушi бағаны қалыптастыру үшiн прокуратура органдарына материалдар беруге мiндеттi.";
      12) мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:
      "21-1-бап. Террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыру үшiн желiлер мен байланыс құралдарын пайдалануға, террористiк сипаттағы материалдарды басып шығару мен таратуға жол бермеу
      Қазақстан Республикасының аумағында террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыру үшiн желiлер және байланыс құралдарын пайдалануға, сондай-ақ террористiк сипаттағы материалдарды басып шығару мен таратуға тыйым салынады.
      Террористiк iс-әрекеттi жүзеге асыру үшiн жеке адам, қоғам мен мемлекет мүдделерiне зиян келтiретiн желiлер немесе байланыс құралдары пайдаланылған жағдайда мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес желiлер мен байланыс құралдарының қызметiн тоқтата тұрады және оларды пайдалануға тыйым салады.
      Ақпараттық материалдарда террористiк iс-әрекет белгiлерiнiң болуын анықтауды прокурордың арызы негiзiнде осындай материалдарды шығаруды жүзеге асырған ұйым орналасқан жердегi сот жүзеге асырады.".

       2-бап.  Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi