Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Үкiметiнің 2006 жылғы 17 тамыздағы N 778 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.

      "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу ережесi бекiтiлсiн.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының
Үкiметiнің       
2006 жылғы 17 тамыздағы 
N 778 Қаулысымен    
бекітілген      

Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу ережесi

      Ескерту. Тақырыпта және мәтін бойынша «кесімдерді», «кесімдерге», «кесімдердің», «кесімдері», «кесімдер», «кесімнің», «кесімді», «кесімдерін», «кесім», «кесімдерді», «кесімге», «кесімдеріне», «кесімде» деген сөздер тиісінше «актілерді», «актілерге», «актілердің», «актілері», «актілер», «актінің», «актіні», «актілерін», «акті», «актілерді», «актіге», «актілеріне», «актіде» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу ережесi (бұдан әрi - Ереже):
      1) мемлекеттiк тiркеу мерзiмдерiн, нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттік тiркеуге ұсыну тәртiбiн;
      2) мемлекеттiк тiркеуге ұсынылатын нормативтiк құқықтық актілерге қойылатын талаптарды;
      3) Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiн жүргiзудi;
      4) нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргiзбей керi қайтару тәртiбiн;
      5) тiркелген нормативтiк құқықтық актілердi қолданысқа енгiзудi;
      6) тiркелген нормативтiк құқықтық актілердiң қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртiбiн айқындайды.

2. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу

      2. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге қолданылу мерзіміне қарамастан (тұрақты немесе уақытша), азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері, Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі - орталық органдар), сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің (бұдан әрі - жергілікті органдар) нормативтік құқықтық актілері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, мемлекеттік құпияларды қамтитын актілер жатады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.
      3. Нормативтік құқықтық актінің Ереженің 2-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкестігін Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары айқындайды.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.10.12.  N 938 Қаулысымен.
      4. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi мен оның аумақтық органдарының мемлекеттiк тiркеу қажеттiлiгi туралы мәселенi шешу үшiн сол немесе өзге актінi ұсыну туралы сауалдарын орталық және жергiлiктi органдар мұндай сауал келiп түскен сәттен бастап екi аптаның iшiнде орындайды.
      5. Орталық органдардың нормативтiк құқықтық актілерiн мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi, жергiлiктi органдар - аумақтық әдiлет органдары құжаттар ұсынылған күннен бастап 30 күн iшiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.
      5-1. Жергілікті органдардың жергілікті бюджеттерді бекіту және нақтылау, әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуді аумақтық әділет органдары құжаттар ұсынылған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.
      6. Нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу мыналарды қамтиды:
      1) заң сараптамасын:
      құқық нормасының болуы және мемлекеттiк тiркеудiң қажеттiлiгi мәнiне;
      актінiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуiне;
      2) орталық органның нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындысын - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң немесе оның орынбасарының, жергiлiктi органының - аумақтық әдiлет органының басшысының бекiтуi;
      3) нормативтiк құқықтық актінi Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiне оған мемлекеттiк тiркеу нөмiрiн бере отырып енгiзу;
      4) нормативтiк құқықтық актінiң негiзгi түрiнiң бiрiншi бетiнiң жоғарғы оң бұрышында және туынды түрiнiң бiрiншi бетiнiң жоғарғы сол бұрышында нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан қою, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының бiрiншi бетiнiң жоғарғы оң бұрышында Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң немесе оның аумақтық органының елтаңбалық мөрiн қою. Нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының үлгiлiк нысаны мен мөртабан нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi бекiтедi;
      5) тiркелген нормативтiк құқықтық актілердi жiберу:
      бiр данасы (түпнұсқалары) нормативтiк құқықтық актінi ұсынған органға жiберiледi;
      екiншi және үшiншi даналары Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жiберiледi (осы тәртiп мемлекеттiк құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актілерге қолданылмайды);
      нормативтiк құқықтық актінiң төртiншi данасы Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде немесе оның аумақтық органдарында қалады.
      Нормативтiк құқықтық актінiң әрбiр жiберiлетiн данасына нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытынды қоса берiледi (егер нормативтiк құқықтық акті азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты болса, қорытындыда оны ресми жариялау қажеттiлiгi көрсетiледi).
      7. Мемлекеттiк тiркеуден өткен нормативтiк құқықтық актілерге енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар осы Ережемен белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

3. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуге
ұсыну тәртiбi

      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының осы актілер қабылданған отырысы күнінен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде ұсынылатын осы органның нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына оларды тиісті орталық немесе жергілікті органның бірінші басшысы бекіткен күннен бастап екі апта ішінде елтаңбалық мөрмен расталған баспа және электрондық түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпнұсқасын (түпнұсқа мәтінін) қоса алғанда төрт данада ұсынылады.
      Нормативтік құқықтық акті бірнеше мүдделі мемлекеттік органмен келісілген (бекітілген) жағдайда, нормативтік құқықтық акті мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен (бекіткен) күннен бастап екі апта ішінде мемлекеттік тіркеуге ұсынылады.
      Осы органның бiрiншi басшысының мiндетiн атқаратын адамның бекiткен нормативтiк құқықтық актінi ұсынған орталық немесе жергiлiктi орган оған тиiстi мiндеттер жүктелгенi туралы құжаттың көшiрмесiн де ұсынуға тиiс.
      Нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге қайта ұсынған жағдайда, ол тиiстi орталық немесе жергiлiктi органның қайта бекiтуiне жатады және осы тармақта белгiленген тәртiппен және мерзiмде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына ұсынылады.
      Техникалық сипаттағы (қате басу, грамматикалық және орфографикалық қателер) бұзушылықтарды жоюмен байланысты қайта бекіту жағдайларын және осы Ереженің 8, 9-тармақтың, 10-тармағы 4)-10) тармақшаларының талаптарын қоспағанда, нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынған кезде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіге қайта бекітілген нормативтік құқықтық актіге жасалған қайталама сараптамалық қорытындының және қосымша ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындысының көшірмелері қоса беріледі.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12 N 938, 2010.12.13 № 1347, 2011.09.16 N 1067 Қаулыларымен.
      9. Нормативтiк құқықтық актіге Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі белгілеген нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде анықтама-негiздеме қоса берiледi және мынадай:
      1) нормативтiк құқықтық актінiң тиiстi нормасына сiлтемемен нормативтiк құқықтық актінi қабылдау негiзi (органның құзыретi);
      2) нормативтiк құқықтық актінi қабылдау қажеттілiгiнiң негiздемесi (нақты мақсаттар, дәлелдер және неге байланысты акті қабылданады);
      3) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық актілер және оларды өзгерту немесе нормативтiк құқықтық актінi қабылдауға байланысты күшi жойылды деп тану туралы ұсыныстар дайындау туралы;
      4) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық актілер, олардан бас тарту туралы актілердiң деректемелерi көрсетiле отырып, мемлекеттiк тiркеуден бас тартылуы немесе заңдық сараптама жүргiзiлмей керi қайтарылуы туралы;
      5) республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайту немесе түсiмдерiн қысқарту туралы;
      6) нормативтiк құқықтық актінi келiсу туралы негiзгi мәлiметтердi;
      7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларының интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау туралы мәліметтерді;
      8) сараптамалық қорытындыларды ұсынбаған кәсіпкерлердің аккредиттелген бірлестіктерінің тізімін (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын актілер үшін) қамтуы тиіс.
      Қоса берiлетiн анықтама-негіздемеге осы актінi шығарған органның заң қызметiнiң басшысы не оның міндетін атқаратын адам қол қоюы тиiс.
      Бірлескен нормативтік құқықтық актіні ұсынған жағдайда қоса берілетін анықтама-негіздемеге оны мемлекеттік тіркеуге ұсынған органның заң қызметінің басшысы не оның міндетін атқаратын адам қол қоюы тиіс. Жергілікті органда заң қызметі болмаған жағдайда анықтама-негіздемеге осы актіні мемлекеттік тіркеуге ұсынған органда заңгер функцияларын орындайтын адам қол қояды.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.03.20 N 217, 2007.10.12 N 938, 2010.12.13 № 1347 Қаулыларымен.

4. Мемлекеттiк тiркеуге ұсынылған нормативтiк құқықтық
актілерге қойылатын талаптар

      10. Мемлекеттiк тiркеуге ұсынылатын нормативтiк құқықтық акті мынадай талаптарға сәйкес келуi тиiс:
      1) нормативтiк құқықтық актінi қабылдау рәсiмiнiң сақталуына;
      алқа (сайланбалы) органы үшiн - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігі;
      орталық және жергiлiктi орган үшiн - бiрiншi басшының не оның мiндетiн атқарушы адамның қолының болуы;
      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкестiгi:
      Қазақстан Республикасының Конституциясына;
      Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдарға;
      Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасының кодекстерiне, заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң нормативтiк қаулыларына;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтік қаулыларына;
      орталық және жергiлiктi органдардың нормативтік құқықтық актілерiне;
      3) егер келiсу қажет болса, нормативтiк құқықтық актінiң келiсiмiнiң болуы;
      4) нормативтiк құқықтық актінiң деректемелерiнiң болуы:
      5) негізгi нормативтiк құқықтық актіде оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмiн қамтитын нормалардың болуы;
      6) нормативтiк құқықтық актінің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуы;
      7) нормативтiк құқықтық акті мәнiнiң мазмұндалу стилiне қойылатын талаптардың сақталуы;
      8) егер нормативтiк құқықтық актінiң мәтiнiнде оларға сiлтеме жасалған жағдайларда қосымшалардың болуы;
      9) нормативтiк құқықтық актілердiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi, соның iшiнде қосымшалардағы мәтiндерiнiң де сәйкес келуi;
      10) нормативтiк құқықтық актінiң барлық беттерiнде осы актінi қабылдаған (келiскен) органның заң қызметi басшысы не оның міндетін атқаратын адам беттер бойынша дәйектендiруiнiң жүргiзiлуi;
      11) «Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес нормативтік құқықтық актіге сараптамалық қорытынды көшірмесінің болуы;
      12) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіге сараптамалық қорытынды көшірмесінің болуы;
      13) жүргізілуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тиісті сараптамалық қорытындылар көшірмесінің болуы.
      Нормативтік құқықтық актіні қабылдаған орган сараптамалық қорытындымен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда ілеспе хатта сараптамалық қорытындымен және/немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысымен келіспеу себептеріне дәлелді негіздеме келтіреді.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.
      11. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.
      12. Нормативтiк құқықтық актілердiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкес келуiн нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған орталық және жергiлiктi орган қамтамасыз етедi.

5. Нормативтік құқықтық актілердi мемлекеттік тіркеу
тізілімін жүргізу

      13. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiн жүргiзудi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
      14. Тiзiлiмде тiркеу күнi, берiлген нөмiрi, нормативтік құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған органның атауы, күнi, нормативтiк құқықтық актінiң нөмiрi және атауы, енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар, нормативтік құқықтық актінiң қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату туралы мәлiметтер көрсетiледi.
      Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi белгiлейдi.

6. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк
тiркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргiзбей
керi қайтару тәртiбi

      15. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуден, егер мұндай акті: азаматтардың заңнамада белгiленген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалса; жоғары тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актілерге қайшы келсе; оны шығарған орган құзыретiнiң шегiнен шықса; егер келiсу қажет болғанда мүдделi органдармен келiсiлмесе; жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері ұсынған сараптамалық қорытындылар түрінде қосымшалары болмаса; осы Ережеде, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесінде белгiленген тәртiп бұза отырып қабылданса, бас тартылуы мүмкiн. Бас тарту туралы бас тартудың негiздемесi көрсетiле отырып, нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған органға жазбаша хабарланады.
      Мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан жағдайда нормативтiк құқықтық актінiң бiр данасы (көшiрмесi) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органында қалады.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12. N 938, 2009.09.14. N 1370 Қаулыларымен.
      16. Нормативтiк құқықтық акті осы Ереженiң 8, 9-тармақтарында 10-тармағының 4) - 8, 10, 11) тармақшаларында көрсетiлген талаптар сақталмаған жағдайда оны мемлекеттiк тiркеуге ұсынған сәттен бастап жетi күн iшiнде заң сараптамасы жүргiзiлмей керi қайтарылады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12 N 938, 2010.12.13 № 1347 Қаулыларымен.
      17. Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартуды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде орталық немесе жергілікті органның басшысы не оның міндетін атқаратын адам тіркеуден бас тартылған нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы тиісті акт шығарады және оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына жібереді.
      Бұл тәртіп алқалы түрде шешім қабылдайтын орталық органдарға және мәслихатқа қатысты қолданылмайды, олар кезекті (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекіткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы актіні ұсынады.
      Нормативтік құқықтық актіні заң сараптамасын жүргізбей кері қайтарған жағдайда, орталық немесе жергілікті орган анықталған бұзушылықтарды жояды және оны осы Ереженің 8-тармағында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынады.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.

7. Нормативтiк құқықтық актілердi қолданысқа енгiзу

      18. Мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiс нормативтiк құқықтық актілердің күшіне енуі үшiн қажеттi шарт болып табылады.
      Тiркелмеген нормативтiк құқықтық актілердiң құқықтық күшi болмайды.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.
      19. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi нормативтiк құқықтық актілер "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес қолданысқа енгiзiледi.
      Жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актінi қолданысқа енгiзу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн талаптарға байланысты қызметтi жүзеге асыруға дайындау үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне қажеттi мерзiмдерден көрiне отырып белгiленуге тиiс.
      Нормативтiк құқықтық актілердi қолданысқа енгiзу тәртiбi мен мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс.
      20. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актілердi қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты оларды ресми жариялау болып табылады.
      21. Нормативтiк құқықтық актінi ресми жариялау және жiберу кезiнде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнiн көрсету мiндеттi болып табылады.
      Орталық және жергiлiктi органдардың нормативтiк құқықтық актілерiн ресми жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

8. Тiркелген нормативтiк құқықтық актілердiң
қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың тәртiбi

      22. Нормативтiк құқықтық актінiң күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуын белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұрған кезде осы актінi қабылдаған орган немесе осыған уәкiлеттi орган бiр апта мерзiмде растайтын актінiң көшiрмесiн қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне немесе оның аумақтық органдарына және ресми баспа басылымдарына хабарлайды.
      Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды немесе тоқтатылды деп оларды бірлесе қабылдаған орталық немесе жергілікті органдар таниды.
      Бұл тәртіп өзге мемлекеттік органдармен келісім бойынша қабылданған актілерге де қолданылады.
      Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi немесе оның аумақтық органдары Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiне, Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тиiстi жазбалар жасайды.
      Нормативтiк құқықтық актінiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру жекелеген нормативтiк құқықтық актімен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.13 № 1347 Қаулысымен.
      23. Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, құқықтық мирасқорға нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.

Қазақстан Республикасының
Үкiметiнің       
2006 жылғы 17 тамыздағы 
N 778 қаулысына    
қосымша        

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiретiн де, кiрмейтiн де орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының нормативтiк құқықтық актiлерi мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының актiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., N 48, 427-құжат);

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 және 1999 жылғы 11 наурыздағы N 223 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 14 маусымдағы N 733 қаулысы ;

      3. "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 24 қаңтардағы N 122 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 3, 46-құжат);

      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 11 наурыздағы N 341 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 10, 113-құжат);

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 2 қазандағы N 1082 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 33, 355-құжат);

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 26 қарашадағы N 1184 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 44, 484-құжат);

      7. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 1 қазандағы N 1017 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 37, 485-құжат);

      8. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 14 ақпандағы N 99 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2006 ж., N 5, 46-құжат).