Нормативтiк құқықтық кесімдерді мемлекеттiк тiркеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Үкiметiнің 2006 жылғы 17 тамыздағы N 778 Қаулысы

Жаңартылған

      "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының
Үкiметiнің       
2006 жылғы 17 тамыздағы 
N 778 Қаулысымен    
бекітілген      

Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу ережесi (бұдан әрi - Ереже):
      1) мемлекеттiк тiркеу мерзiмдерiн, нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттік тiркеуге ұсыну тәртiбiн;
      2) мемлекеттiк тiркеуге ұсынылатын нормативтiк құқықтық кесiмдерге қойылатын талаптарды;
      3) Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiн жүргiзудi;
      4) нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргiзбей керi қайтару тәртiбiн;
      5) тiркелген нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолданысқа енгiзудi;
      6) тiркелген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртiбiн айқындайды.

2. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу

      2. "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабына сәйкес мемлекеттiк тiркеуге орталық мемлекеттік органдардың, Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрi - орталық  органдар), сондай-ақ мәслихаттардың, әкiмдiктер мен әкiмдердiң (бұдан әрi - жергiлiкті органдар) нормативтiк құқықтық кесiмдерi, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң,  Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларын қоспағанда, жалпыға  мiндеттi маңызы бар, оларды қолданылу мерзiмiне қарамастан азаматтардың құқықтарына бостандықтары мен міндеттерiне қатысты (тұрақты немесе уақытша) мемлекеттiк құпияларды қамтитын кесiмдер жатады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12. N 938 Қаулысымен.
      3. Нормативтік құқықтық кесімнің Ереженің 2-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкестігін Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары айқындайды.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.10.12.  N 938 Қаулысымен.
      4. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi мен оның аумақтық органдарының мемлекеттiк тiркеу қажеттiлiгi туралы мәселенi шешу үшiн сол немесе өзге кесiмдi ұсыну туралы сауалдарын орталық және жергiлiктi органдар мұндай сауал келiп түскен сәттен бастап екi аптаның iшiнде орындайды.
      5. Орталық органдардың нормативтiк құқықтық кесiмдерiн мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi, жергiлiктi органдар - аумақтық әдiлет органдары құжаттар ұсынылған сәттен бастап 30 күн iшiнде жүзеге асырады.
      6. Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу мыналарды қамтиды:
      1) заң сараптамасын:
      құқық нормасының болуы және мемлекеттiк тiркеудiң қажеттiлiгi мәнiне;
      кесiмнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуiне;
      2) орталық органның нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындысын - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң немесе оның орынбасарының, жергiлiктi органының - аумақтық әдiлет органының басшысының бекiтуi;
      3) нормативтiк құқықтық кесiмдi Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiне оған мемлекеттiк тiркеу нөмiрiн бере отырып енгiзу;
      4) нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi түрiнiң бiрiншi бетiнiң жоғарғы оң бұрышында және туынды түрiнiң бiрiншi бетiнiң жоғарғы сол бұрышында нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан қою, сондай-ақ нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының бiрiншi бетiнiң жоғарғы оң бұрышында Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң немесе оның аумақтық органының елтаңбалық мөрiн қою. Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының үлгiлiк нысаны мен мөртабан нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi бекiтедi;
      5) тiркелген нормативтiк құқықтық кесiмдердi жiберу:
      бiр данасы (түпнұсқалары) нормативтiк құқықтық кесiмдi ұсынған органға жiберiледi;
      екiншi және үшiншi даналары Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жiберiледi (осы тәртiп мемлекеттiк құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдерге қолданылмайды);
      нормативтiк құқықтық кесiмнiң төртiншi данасы Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде немесе оның аумақтық органдарында қалады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң әрбiр жiберiлетiн данасына нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытынды қоса берiледi (егер нормативтiк құқықтық кесiм азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты болса, қорытындыда оны ресми жариялау қажеттiлiгi көрсетiледi).
      7. Мемлекеттiк тiркеуден өткен нормативтiк құқықтық кесiмдерге енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар осы Ережемен белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

3. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеуге
ұсыну тәртiбi

      8. Нормативтiк құқықтық кесiмдер Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне немесе оның аумақтық органдарына оларды тиiстi орталық немесе жергiлiктi органның бiрiншi басшысы бекiткен (қол қойған) сәттен бастап екi аптаның iшiнде елтаңбалық мөрiмен расталған баспа және электрондық түрiнде немесе электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi төлнұсқасын (түпнұсқа мәтiнiн) қоса алғанда төрт данада (мемлекеттiк құпияны қамтитын құжаттар мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде баспа түрiнде екi данада ұсынылады) ұсынылады.
      Нормативтік құқықтық кесім бірнеше мүдделі мемлекеттік органмен келісілген (қол қойылған) жағдайда, нормативтік құқықтық кесім мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен (қол қойған) күннен бастап екі апта ішінде мемлекеттік тіркеуге ұсынылады.
      Осы органның бiрiншi басшысының мiндетiн атқаратын адамның бекiткен (қолы қойылған) нормативтiк құқықтық кесiмдi ұсынған орталық немесе жергiлiктi орган оған тиiстi мiндеттер жүктелгенi туралы құжаттың көшiрмесiн де ұсынуға тиiс.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуге қайта ұсынған жағдайда, ол тиiстi орталық немесе жергiлiктi органның қайта бекiтуiне (қайта қол қоюына) жатады және осы тармақта белгiленген тәртiппен және мерзiмде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына ұсынылады.
      Iс қағаздары тек мемлекеттiк тiлде жүргiзiлетiн орталық және жергілiктi органдардың нормативтiк құқықтық кесiмдерi мемлекеттiк тiркеуге Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне және оның аумақтық органдарына орыс тiлiне аударылмастан ұсынылады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12. N 938 Қаулысымен.
      9. Нормативтiк құқықтық кесiмге Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама-негiздеме қоса берiледi және мынадай:
      1) нормативтiк құқықтық кесiмнiң тиiстi нормасына сiлтемемен нормативтiк құқықтық кесiмдi қабылдау негiзi (органның құзыретi);
      2) нормативтiк құқықтық кесiмдi қабылдау қажеттілiгiнiң негiздемесi (нақты мақсаттар, дәлелдер және неге байланысты кесiм қабылданады);
      3) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық кесiмдер және оларды өзгерту немесе нормативтiк құқықтық кесiмдi қабылдауға байланысты күшi жойылды деп тану туралы ұсыныстар дайындау туралы;
      4) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық кесiмдер, олардан бас тарту туралы кесiмдердiң деректемелерi көрсетiле отырып, мемлекеттiк тiркеуден бас тартылуы немесе заңдық сараптама жүргiзiлмей керi қайтарылуы туралы;
      5) республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайту немесе түсiмдерiн қысқарту туралы;
      6) нормативтiк құқықтық кесiмдi келiсу туралы негiзгi мәлiметтердi қамтуы тиiс.
      Қоса берiлетiн анықтама-негіздемеге осы кесiмдi шығарған органның заң қызметiнiң басшысы қол қоюы тиiс.
      Заң қызметiнiң басшысы болмаған кезде анықтама-негiздемеге осы кесiмдi шығарған органның бiрiншi басшысы не оның мiндетiн атқарушы адам қол қояды.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық кесiмге сараптамалық қорытындының көшiрмесi де қоса берiледi.
      Нормативтік құқықтық кесімді қабылдаған орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда ілеспе хатта сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіздеме келтіруге тиіс.
      "Hopмa шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысымен бекiтiлген Ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жататын нормативтiк құқықтық актiге тиiстi сараптамалық қорытындының көшiрмесi қоса берiледi.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметін
ің 2007.03.20. N 217 , 2007.10.12. N 938 Қаулыларымен.

4. Мемлекеттiк тiркеуге ұсынылған нормативтiк құқықтық
кесiмдерге қойылатын талаптар

      10. Мемлекеттiк тiркеуге ұсынылатын нормативтiк құқықтық кесiм мынадай талаптарға сәйкес келуi тиiс:
      1) нормативтiк құқықтық кесiмдi қабылдау рәсiмiнiң сақталуына;
      алқа (сайланбалы) органы үшiн - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігі;
      орталық және жергiлiктi орган үшiн - бiрiншi басшының не оның мiндетiн атқарушы адамның қолының болуы;
      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкестiгi:
      Қазақстан Республикасының Конституциясына;
      Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдарға;
      Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасының кодекстерiне, заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң нормативтiк қаулыларына;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк жарлықтарына;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтік қаулыларына;
      орталық және жергiлiктi органдардың нормативтік құқықтық кесiмдерiне;
      3) егер келiсу қажет болса, нормативтiк құқықтық кесiмнiң келiсiмiнiң болуы;
      4) нормативтiк құқықтық кесiмнiң деректемелерiнiң болуы:
      5) негізгi нормативтiк құқықтық кесiмде оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмiн қамтитын нормалардың болуы;
      6) нормативтiк құқықтық кесiмнің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуы;
      7) нормативтiк құқықтық кесiм мәнiнiң мазмұндалу стилiне қойылатын талаптардың сақталуы;
      8) егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде оларға сiлтеме жасалған жағдайларда қосымшалардың болуы;
      9) нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi, соның iшiнде қосымшалардағы мәтiндерiнiң де сәйкес келуi;
      10) нормативтiк құқықтық кесiмнiң барлық беттерiнде осы кесiмдi қабылдаған (келiскен) органның заң қызметi басшысы беттер бойынша дәйектендiруiнiң жүргiзiлуi.
      Заң қызметiнiң басшысы болмаған кезде беттер бойынша дәйектендiру жүргiзудi осы кесiмдi шығарған (келiскен) органның бiрiншi басшысы не оның мiндетiн атқарушы адам жүргiзедi.
      11. Мемлекеттiк тiркеуге ұсынылған нормативтiк құқықтық кесiмдердiң рәсiмделуi және келiсiлуi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      12. Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкес келуiн нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған орталық және жергiлiктi орган қамтамасыз етедi.

5. Нормативтік құқықтық кесiмдердi мемлекеттік тіркеу
тізілімін жүргізу

      13. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiн жүргiзудi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
      14. Тiзiлiмде тiркеу күнi, берiлген нөмiрi, нормативтік құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған органның атауы, күнi, нормативтiк құқықтық кесiмнiң нөмiрi және атауы, енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар, нормативтік құқықтық кесiмнiң қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату туралы мәлiметтер көрсетiледi.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi белгiлейдi.

6. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк
тiркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргiзбей
керi қайтару тәртiбi

      15. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеуден, егер мұндай кесiм: азаматтардың заңнамада белгiленген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалса; жоғары тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық кесiмдерге қайшы келсе; оны шығарған орган құзыретiнiң шегiнен шықса; егер келiсу қажет болғанда мүдделi органдармен келiсiлмесе; осы Ережеде, сондай-ақ Нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесінде белгiленген тәртiп бұза отырып қабылданса, бас тартылуы мүмкiн. Бас тарту туралы бас тартудың негiздемесi көрсетiле отырып, нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған органға жазбаша хабарланады.
      Мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан жағдайда нормативтiк құқықтық кесiмнiң бiр данасы (көшiрмесi) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органында қалады.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12. N 938 Қаулысымен.
      16. Нормативтiк құқықтық кесiм осы Ереженiң 8, 9-тармақтарында 10-тармағының 4)-10) тармақшаларында көрсетiлген талаптар сақталмаған жағдайда оны мемлекеттiк тiркеуге ұсынған сәттен бастап жетi күн iшiнде заң сараптамасы жүргiзiлмей керi қайтарылады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.12. N 938 Қаулысымен.
      17. Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуден бас тартуды алған күннен бастап он бес күн iшiнде орталық немесе жергiлiктi органның басшысы не оның мiндеттерiн атқаратын адам тiркеуден бас тартылған нормативтiк құқықтық кесiмдi жою туралы тиiстi кесiмдi шығарады және оның көшiрмесiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне немесе оның аумақтық органдарына жiбередi.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдi заң сараптамасын жүргiзбей керi қайтарған жағдайда, орталық немесе жергiлiктi орган анықталған бұзушылықтарды жояды және оны осы Ереженiң 3-тарауында белгiленген тәртiппен керi қайтарылған сәттен бастап отыз күн iшiнде мемлекеттiк тiркеуге қайта ұсынады.
      Осы тәртiп алқалы түрде шешiм қабылдайтын орталық және жергiлiктi органдарға және оны кезектi (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекiткен сәттен бастап осы Ереженiң 3-тарауында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеуге қайта ұсынатын мәслихатқа қатысты қолданылмайды.

7. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолданысқа енгiзу

      18. Мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiс нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолданысқа енгiзу үшiн қажеттi шарт болып табылады.
      Тiркелмеген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң құқықтық күшi болмайды.
      19. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмдер "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес қолданысқа енгiзiледi.
      Жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық кесiмдi қолданысқа енгiзу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн талаптарға байланысты қызметтi жүзеге асыруға дайындау үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне қажеттi мерзiмдерден көрiне отырып белгiленуге тиiс.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолданысқа енгiзу тәртiбi мен мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс.
      20. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық кесiмдердi қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты оларды ресми жариялау болып табылады.
      21. Нормативтiк құқықтық кесiмдi ресми жариялау және жiберу кезiнде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнiн көрсету мiндеттi болып табылады.
      Орталық және жергiлiктi органдардың нормативтiк құқықтық кесiмдерiн ресми жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

8. Тiркелген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң
қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың тәртiбi

      22. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуын белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұрған кезде осы кесiмдi қабылдаған орган немесе осыған уәкiлеттi орган бiр апта мерзiмде растайтын кесiмнiң көшiрмесiн қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне немесе оның аумақтық органдарына және ол бұрын жарияланған ресми баспа басылымдарына хабарлайды.
      Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi немесе оның аумақтық органдары Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiне, Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тиiстi жазбалар жасайды.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру жекелеген нормативтiк құқықтық кесiммен жүзеге асырылады.
      23. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, олардың қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату туралы мәселелердi оның құқықтық мирасқоры немесе жоғары тұрған орган шешедi.

Қазақстан Республикасының
Үкiметiнің       
2006 жылғы 17 тамыздағы 
N 778 қаулысына    
қосымша        

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiретiн де, кiрмейтiн де орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының нормативтiк құқықтық актiлерi мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының актiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., N 48, 427-құжат);

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 және 1999 жылғы 11 наурыздағы N 223 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 14 маусымдағы N 733 қаулысы ;

      3. "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 24 қаңтардағы N 122 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 3, 46-құжат);

      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 11 наурыздағы N 341 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 10, 113-құжат);

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 2 қазандағы N 1082 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 33, 355-құжат);

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 26 қарашадағы N 1184 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 44, 484-құжат);

      7. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 желтоқсандағы N 1278 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 1 қазандағы N 1017 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 37, 485-құжат);

      8. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 14 ақпандағы N 99 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2006 ж., N 5, 46-құжат).