"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрi дамытудың тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 633 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222  қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру стратегиясы" атты Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желiлiк кестесiнiң 11-тармағын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрi дамытудың тұжырымдамасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi 2006 жылғы 10 қазанға дейiнгi мерзiмде Қазақстан Республикасының Үкiметiне белгiленген тәртiппен келiсiлген көрсетiлген Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрi дамыту бағдарламасын енгiзсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                          Қазақстан Республикасы 
                                                Үкіметінің 
                                          2006 жылғы 30 маусымдағы 
                                             N 633 қаулысымен
                                                 мақұлданған

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрi дамыту тұжырымдамасы Кiрiспе

      Қытай Халық Республикасымен кең ауқымды және өзара тиiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстарын дамытудың жалпы стратегиясының басты бағыттарының бiрi болып табылады. 
      Бүгiнгi күнi Қытай Қазақстанның негiзгi сауда-экономикалық әрiптестерiнiң бiрi болып табылады. 
      Алайда, екi ел арасындағы сыртқы сауда айналымының оң өсу серпiнiне қарамастан, өзара сауда көлемi екi елдiң нақты мүмкiндiктерiн көрсетпейдi және тұтастай алғанда, сауда саласындағы екi жақты қатынастар деңгейi мемлекеттердiң қолдағы әлеуетiне сәйкес келмейдi.
      Қазақстанның шекара маңы аудандарын дамытудың әлеуетi инвестициялық ахуалдың ерекшелiктерiмен, игерiлетiн нарықтың өндiрiстiк факторларының құнымен және мемлекеттiк шекараны кесіп өтумен байланысты транзакциялық шығындармен, көлiк жағдайлары, шекаралық өтпелердiң және кедендiк бекеттердiң инфрақұрылымымен айқындалады.
      Бұл аспектiлер өңiрлердiң де, сол сияқты тұтастай алғанда елдiң де әлеуметтiк-экономикалық дамуының құрамдас бөлiгi ретiнде, шекара маңы аумақтарының экономикасын көтеру мақсатында Қазақстан Республикасында шекара маңы ынтымақтастығына қарым-қатынасты өзгертудiң қажеттiлiгiн айқындайды. 
      Қазiргi уақытта республиканың әлеуетi халықаралық жүк ағындары жүйесiнде толық көлемде әрекет етпейді, негізгi халықаралық көлiк дәлiздерінің мамандануы соңына дейiн қалыптастырылмаған, елдiң аумағы бойынша көлiк жүк ағындарын толыққанды қалыптастыруды қамтамасыз етуге арналған халықаралық стандарттарға сәйкес көлiк жолдарының сервистiк қызметтерi мен сапасының деңгейiн арттыру талап етiледi.
      Көлiк дәлiздерiнің қызметi халықаралық бизнес, трансұлттық компаниялар, отандық және шетелдiк инвесторлар өкiлдерiнiң неғұрлым көп санын, ең алдымен, бизнестi жүргiзудiң өзiнiң либералдық жағдайларымен, әсіресе, елдің орта және шағын кәсіпкерлiгін ойдағыдай дамыту үшiн қажеттi нарықтық шығындарды барынша азайтумен тартады.
      Осыған байланысты "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын одан әрi дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамытудың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерiн қоюды әрi шешудi халықаралық трансконтинентальдық дәлiздiң бастапқы базалық элементi ретiнде болжайды.

Шекара маңы саудасын дамытудағы әлемдiк тәжiрибе

      Әлемдiк тәжiрибенi талдау әлем елдерiнiң көпшiлiгiнде шекара маңы саудасы бастапқы негiзiнен iрi көлiк тораптарының - теңiз порттарының, әуежайлардың, темiр жол тораптарының, ал кейiннен олардың маңындағы аудандардың аумақтарында арнайы экономикалық аймақтар құру жолымен дамыған және олар "еркiн порт" ұғымымен берiлген. Еркiн порт ұғымы бiрiншi кезекте iшкi нарықты дамыту үшiн, содан кейiн сыртқы нарыққа шығуға жәрдемдесу үшiн сатып алушыларды iздестiру кезеңiнде тауарларды бажсыз қоймалау аумағын бiлдiредi.
      Мұндай аймақтар әкелiнген тауарлар әдетте импорт құқығына және тиiстi салыққа қатысы бойынша кедендiк аумақтан тыс орналасқан және жай кедендiк бақылауға ұшырамайтын тауарлар ретiнде қаралатын бiртұтас мемлекеттік аумағының бiр бөлiгi болды.
      Кейiннен шекара маңы саудасы аймақтарының аумақтарында тауарларды қайта өңдеу үлкен мәнге ие бола бастады. Мұндай аймақтар Ирландияда ("Шеннон" еркін экономикалық аймағы), Ұлыбританияда, Филлипиндерде, Сингапурда, Тайваньда құрылған.
      Қытай Халық Республикасының шекара маңы сауда ұйымының тәжірибесі айтарлықтай үлгi болып табылады.
      Қытайдағы шекара маңы саудасының арнайы режимi салықтық және кедендiк жеңілдiктердi пайдаланумен сипатталады.
      Қытайда шекара маңы саудасын дамытудың екi негiзгi бағыты бөлiп алынады. Бiрiншiсi, мемлекеттiк шекара сызығынан 20 км шектен шекара маңы аудандарының арасындағы белгiленген мемлекеттiк пунктерде немесе нарықта және белгiленген сомалар немесе тауар саны шегiнде өзара сауданы дамыту. Екiншiсi, құрлықтағы шекарада орналасқан және сыртқы ортамен сауда үшiн ашық бекiтілген шекара маңы уездерi мен қала аудандарындағы аз ауқымды шекара маңы саудасын дамыту. Бұл қызметпен шекара маңы саудасын мемлекет белгілеген бақылау-өткiзу бекеттерi аудандарында жүргiзу құқығы бар кәсіпорындар айналысады.
      Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi таза шекара маңы саудасынан iрi сауда арналарын ұйымдастыруға көшу болып табылады.
      Осыған байланысты, Қытай Халық Республикасының Yкiметi экономикалық даму аймақтарының бiр-бiрiне жанасқан жүйесi есебiнен шетел компанияларының қаржылық және технологиялық ресурстарын iске қосып, сондай-ақ табиғи ресурстар мен басқа елдердiң ғылыми әзiрлемелерiн пайдалана отырып, қытай тауарларының экспорты құрылымын әртараптандыру бойынша жағдай жасау арқылы қазiр бар өндiрiстi жаңғыртады.
      Қайта өңдеу аймақтарын дамыту және бұл аймақтарға капитал тарту кезiнде тiкелей қаржылық қолдаумен қатар, Қытай Yкiметi банктiк кредиттердi ынталандыру үшiн әкiмшiлiктiк шараларды қолданады.

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қызметiнiң ағымдағы жай-күйiн талдау

      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы Алматы облысы Панфилов ауданының шекара маңы аумағындағы қазiргi заманғы халықаралық көлiк-сауда торабы болады, ол мынадай объектiлерден тұрады:
      1) Қорғас құрлық порты, оған мыналар кiредi:
      сауда-жәрмеңке аумағы (көтерме-бөлшек сауда орталығы және көрсету залы, телекоммуникациялық қызметтер, ақпараттық-логистикалық орталық, қоғамдық тамақтандыру пункттерi, санитарлық-карантиндiк пункт, жүктердi сақтауға және өңдеуге арналған мамандандырылған автоматтандырылған қойма, сертификаттау орталықтары, көлiктiк-экспедициялық және брокерлiк фирмалар, сақтандыру компаниялары, туристiк фирмалар және т.б.);
      уақытша сақтау қоймаларының қызметтерiн қамтитын және көрсетiлетiн қызметтердiң кең ауқымы бар және қазiргi заманғы технологиялық жабдығы бар инженерлiк-техникалық құрылыс кешенiн бiлдiретiн көлiктiк-логистикалық терминал "Қорғас" жүк-тауар қозғалысы портының логистикалық жүйесiнде орталық орынды иеленедi;
      азаматтар мен тауарлардың қазақстан-қытай сауда аумағы iшiнде еркiн қозғалуына арналған Қорғас қала-портының (Қытай Халық Республикасы) осындай жақын орналасқан аумағы бар қатынас дәлiзi;
      мемлекеттiк-бақылау қызметiне арналған үй-жай;
      2) әкiмшiлiктiк-iскерлiк, мәдени және қонақ үй-тұрмыстық орталық, оған мыналар кiредi:
      бизнес-орталық;
      банктер мен сақтандыру компанияларының офистерi; 
      әкiмшiлiк үй-жайлар мен офистер;
      сауда және туристiк өкiлдiктер;
      этнографиялық бақты және қонақ-үй блогiн қоса алғанда, мәдени блок.
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Yкiметiнiң арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметiн реттеу туралы екi жақты келiсiм негiзiнде, Қазақстандық тарап та, Қытай тарабы да жүзеге асырады.
      Қазақстан тарабынан басқаруды қызметiнiң негiзгi нысаны "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінің инфрақұрылымын құру, дамыту және жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, жоғарыда көрсетілген Келiсiмде айтылған қызмет түрлерiн аумақтың қазақстандық бөлiгiнiң аумағында жүзеге асыруға әлеуеттi инвесторларды тарту болып табылатын акционерлiк қоғам нысанындағы заңды тұлға жүзеге асырады.
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының құрылыс аймағын таңдау мына факторлармен негiзделедi:
     өзiнiң географиялық орналасуы бойынша бұл аудан қызметтер жүйесiн дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие, олар: халықаралық транзиттiк сауда, транзиттік жүктерге қызмет көрсету, көлiктiк және телекоммуникациялық сервис;
      Қорғас мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пунктi тарихи қалыптасқан көне Ұлы Жiбек жолының өту жолында орналасқан, бұл Қытайдың және Оңтүстiк-Шығыс Азияның басқа да мемлекеттерiнiң Еуропаға және Таяу Шығыс елдеріне Қазақстан арқылы шығуын қамтамасыз етедi және халықаралық сауданы одан әрi дамытуға ықпал етедi;
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы батыс Қытайдағы дамыған инфрақұрылым тораптарына, оның iшiнде Үрiмшi - Ланьчжоу - Ляньюньгань негiзгi темiр жол магистралына жақын орналасқан;
      "Қорғac" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы орналасқан ауданда еркiн экономикалық аймақ режимiн құру және дамыту үшiн алғышарттар бар, өйткенi Қорғас (Қытай) шекаралас қала порты серпiндi дамушы еркiн сауда және өндiрiс аймағы болып табылады, бүгiнде бұл Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң батыс аумақтарды дамыту жөнiндегi аса iрi жобаларының бiрi болып табылады.
      2005 жылдың басынан берi "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағының қазақстандық бөлiгiнiң учаскесiн дайындау және салу жөніндегі мынадай жұмыс жүргізілді:
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының, Қорғас қала-портының Қытай басқармасы басшыларының, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жобалау ұйымдарының өкілдерінен бiрлескен жұмыс тобы құрылды;
      алаңы 120 га жер учаскесi бөлiндi;
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бiрiншi кезектегi учаскесiн қоршау жөнiндегi жұмыс басталды;
      топографиялық түсiру жүргізілдi;
      топырақ суының деңгейiн, топырақтың көтеру қабiлетiн айқындау мақсатында инженерлiк-геологиялық iздестiру жүргiзiлдi;
      учаскенi ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн гидрологиялық iздестiру жүргізiлдi; 
      игеруге қатысатын барлық мүдделi қызметтердiң техникалық шарттары жинақталды;
      сумен қамтамасыз ету үшiн ұңғымаларды бұрғылау жүргiзiлуде;
трансформаторлы кiшi станциялары бар Алмалы - "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы электр желiсiн салу басталды.

Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

      Осы Тұжырымдаманың мақсаттары:
      шекара маңы сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту;
      экспортқа бағдарланған салаларды дамыту;
      аумағында "Қорғac" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы орналасқан Алматы облысының әлеуметтiк-экономикалық мәселелерiн шешу болып табылады;
      Тұжырымдама мынадай негiзгi мiндеттердi шешудi көздейдi:
      көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, қолда бар көлiктiк және транзиттiк дәлiздер арқылы жүк ағынын ұлғайту;
      қазақстандық экспортты одан әрi iлгерiлету мақсатында әлемдiк брендтер мен трансұлттық корпорацияларды тарту үшiн жағдай жасау;
      Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін дамыту, жаңа технологияларды орналастыру, инновациялық жобаларды енгiзу;
      банктiк қызмет көрсетудi және сақтандыруды дамыту;
      халықаралық стандарттарды енгiзу;
      шекара маңы саудасын және шекара маңы ынтымақтастығын реттейтiн нормативтiк құқықтық базаны әзiрлеу және жетiлдiру;
      ақпараттық желiлердi дамыту;
      халықаралық туризмдi дамыту;
      жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру үшiн жағдайлар жасау;
      басқа да халықаралық логистикалық орталықтармен өзара iс-қимыл жасау.

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрi дамыту жөнiндегi негiзгi кезеңдер мен бағыттар

      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру және дамыту мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) дайындық - 2005 - 2006 жылдар;
      2) инвестициялық - 2006 - 2008 жылдар:
      инфрақұрылым аумағын игеру - 2006 - 2007 жылдар;
      инфрақұрылымды перспективалық дамыту - 2007 - 2008 жылдар;
      3) негiзгi - 2009 жыл.
      Дайындық кезеңiнде:
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмыс iстеуi мәселелерiн келiсу үшiн нормативтi құқықтық база жасау;
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын салу үшiн аумақты дайындауды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
      Инвестициялық кезеңде жобалық және бағдарламалық шешiмдерге сәйкес инвестициялық және ұйымдастыру сипатындағы негiзгi iс-шараларды жүзеге асыру:
      жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеу; 
      инфрақұрылымдардың құрылысын бастау (инженерлiк, коммуникациялық және өндiрiстiк) жоспарланады.
      2009 жылдан бастап "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын салуды аяқтау және толық ауқымды жұмыс iстеуiн бастау жоспарлануда.
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын дамытудың негiзгi бағыттары: 
      көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, оның iшiнде Еуропа - ТМД - Ресей - Қазақстан - Қытай - Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi бағытында жүк ағынын қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесiн қамтамасыз етудi ұйымдастыру мақсатында "Тасқала-Озинки" көлiктiк-логистикалық орталығымен қызметтi үйлестiру;
      елдiң индустриялық және технопарктiк аймақтарымен, оның iшiнде кластерлiк бастамаларды дамыту бөлiгiнде өзара iс-қимыл жасау;
      "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының шекара, кеден, санитарлық-карантиндiк, ветеринарлық, фитосанитарлық және басқа да бақылау органдарының қызметтерiмен өзара iс-қимыл жасау тетiгiн айқындау; 
      кедендiк және шекаралық инфрақұрылымды дамыту, оның iшiнде Қорғас қазақстандық автомобиль өткiзу пунктiнiң өткiзу қабiлетiн ұлғайту; 
      импорттық-экспорттық және транзиттiк жүк ағындарына қызмет көрсетуде және кеңейтуде кешендi тәсiлдi енгізу;
      өтудiң ашықтығын және жүк ағындарын өңдеудi әрi Қытай Халық Республикасынан импорттық операциялардың тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету; 
      сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың есепке алынбаған тауар айналымының нақты көлемiн айқындауға мүмкiндiк беретiн деректердi қазақстандық тараптың пайдалануы мақсатында екi елдiң сыртқы саудасының "айна" статистикасы негiзiнде кедендiк әкiмшiлендiрудi жетiлдiру; 
      ақпарат алмасудың бiртұтас пiшiмiн әзiрлеу, жүктердi тiркеу және кедендiк ресiмдеу рәсiмдерiн қытай тарабымен келiсу;
      өзара тиiмдi трансшекаралық жобаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк және жеке бастамаларды тарту болып табылады.
      Бұдан басқа:
      қаржы нарығын дамыту, оның iшiнде бiрлескен банктiк операцияларды және сыртқы сауда қызметi жүйесiндегi сақтандыруды дамыту; 
      арнайы жеңiлдiктi кедендiк, салықтық және инвестициялық режимдердi қолдану мүмкiндiгiн қарау; 
      халықаралық стандарттар мен нормаларды ескере отырып, стандарттау, сертификаттау және инспекциялық бақылау саласындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы екi жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды, өнiм сапасы саласындағы нормативтiк-құқықтық базаны үйлестiру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу, саудадағы техникалық кедергiлердi еңсеру;
      шекара маңы саудасымен (экономикалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қауiпсiздiк) байланысты ықтимал қауiптерден тараптардың ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау:
      1) халықаралық терроризм, дiни экстремизм және есiрткi трафигi проблемаларын шешу жөнiндегi бiрлескен ұстанымдарды әзiрлеу;
      2) табиғат қорғау шаралары мен жобаларын әзiрлеу; 
      3) эпидемиологиялық, ветеринарлық, фитосанитарлық және карантиндiк қадағалау жөнiндегi медициналық-сауықтыру мәселелерiн шешу;
      4) көшi-қон бақылауы және жұмыс күшiнiң қозғалысын реттеу, оның iшiнде, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Үкiметтерi арасында Еңбектiң халықаралық бөлiнiсi жөнiнде келiсiм жасау;
      ақпарат (ғылыми-техникалық, коммерциялық, заңдық) алмасу, импорт, экспорт және транзиттiк жүк ағындары мониторингiн жүргiзу;
      шекара маңы саудасы мәселелерi бойынша кәсiпкерлер үшiн
консалтингтiк қызметтер көрсету;
      сауда және инвестициялар саласында жәрмеңкелер, көрмелер, форумдар сияқты бiрлескен iс-шараларды тұрақты негiзде өткiзу;
      көлiк, байланыс, туристiк сервис инфрақұрылымын қоса алғанда, Ұлы Жiбек жолындағы халықаралық туризмдi дамыту жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеу жоспарлануда.

Тұжырымдаманы iске асырудан күтiлетiн нәтижелер

      Тұжырымдаманы қабылдау трансконтинентальдық дәлiз негiздерi ретiнде "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлiгiн одан әрi дамыту үшiн қажеттi жағдай жасауға ықпал ететiн болады.
      Сондай-ақ мынадай нәтижелерге қол жеткiзу болжануда:
      Қазақстанның шекара маңы аумақтарының индустриялық-инновациялық инфрақұрылымын дамыту;
      Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Орал қалаларының геоэкономикалық ресурстарының негiзiнде көлiктiк дәлiз бойында арнайы технопарктiк аймақтарды дамыту;
      трансконтинентальдық азия дәлiзiнiң қазақстандық учаскесiн белсендi жұмыс iстейтiн халықаралық көлiк дәлiздерiнiң арасына жылжыту мақсатында әлемдiк брендтер мен трансұлттық корпорацияларды тарту үшiн қолайлы жағдай жасау;
      Қазақстан өнеркәсiбiнiң құрылымын субконтрактация, дамыған және индустриялық дамушы елдердiң өндiрушiлерiмен өнеркәсiптiк аутсорсинг жүйесiн ұйымдастыру арқылы қазiргi заманғы ғылымды қажетсiнетiн технологияларды тарту жолымен жаңғырту;
      қазақстандық өнеркәсiптiк тауарлардың экспортын ұлғайту;
      Қазақстан Республикасының басқа елдермен, атап айтқанда Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы, Азия және Еуропа елдерiмен халықаралық байланысын мемлекеттiк органдар мен бизнес қоғамдастықтардың деңгейiнде одан әрi дамыту және нығайту; 
      туристiк саланы дамытуға жәрдемдесу, келу туризмiнiң көлемiн арттыру;
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүк ағынының көлемiн өсiру есебiнен бюджеттiк түсiмдердi ұлғайту;
      Қазақстан Республикасының халықаралық еңбек бөлiнiсi жүйесiне кiруi, сыртқы экономикалық қызметтi дамыту; 
      жаңа жұмыс орындарын құру, елдiң отандық тауар өндiру процесiнде еңбек ететiн халқының кәсiби деңгейiн жоғарылату.