"Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдау туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 3 маусымдағы N 501 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдау туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

       ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ
ЖАРЛЫҒЫ       Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын
мақұлдау туралы

      Азаматтық қоғам институттарын жеделдетiп дамыту үшiн жағдай және азаматтық бастамаларды iске асыру мүмкiндiктерiн жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр ай мерзiмде Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
           Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
2006 жылғы "___"______ 
N______ Жарлығымен   
мақұлданған     

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың
2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы

Астана, 2006 жыл Мазмұны

Кiрiспе
1. Азаматтық қоғам ұғымы, оның функциялары мен құрылымы
2. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам институттарын дамыту
3. Қазақстандағы азаматтық қоғамның перспективалық көрiнiсi
4. Азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi қағидаттары
5. Қазақстан Республикасында қоғамды дамыту тұжырымдамасын iске асырудың тетiктерi мен жолдары
5.1. Азаматтық қоғамның дамуын құқықтық қамтамасыз етудi жетiлдiру
5.2. Мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам институттары ынтымақтастығының тетiктерiн нығайту
5.3. Мемлекеттік әлеуметтiк тапсырысты тиiмдi iске асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету
5.4. Саяси-құқықтық және азаматтық мәдениеттi қалыптастыру Адам құқықтарын қорғауға азаматтық қоғам институттарының қатысуы
5.5. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн дамыту
5.6. Еңбек қатынастарын үйлестiру
5.7. Әлеуметтiк саясатты жаңғырту
5.8. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершілiгiн қалыптастыру
5.9. Азаматтық қоғамның басқа институттарын дамыту
5.10. Азаматтық қоғам институттарының халықаралық ынтымақтастығын дамыту
6. Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi
Қорытынды

Кiрiспе

      Қазақстан серпiндi, тұрмыс сапасының стандарттары жоғарғы қазiргi заманғы мемлекет ретiнде адами әлеуеттi, азаматтардың iскерлiгiн жандандыру, азаматтық қоғамды одан әрi қалыптастыру негiзiнде ғана дами алады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев бастамашылық еткен Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасында азаматтық қоғамды одан әрi дамыту саяси жаңғырудың негiзгi бағыттарының бiрi ретiнде белгiленген, бұл бағдарламалық құжаттарды дайындауда және iске асыруды көздейдi.
      Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру стратегиясы. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпiлiс жасау қарсаңында" атты Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпыұлттық жоспарының және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпы ұлттық жоспарын орындаудың жүйелi кестесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222 қаулысының қабылдануына байланысты әзiрленген.
      Бұл Тұжырымдамада қазiргi кезеңде Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi үрдiстерi талданып, оның перспективалық көрiнiсi белгiленген, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың алдағы жылдарға арналған жолдары мен нақты тетiктерi баяндалған.
      Негiзгi назар азаматтық қоғам институттарын жеделдетiп дамыту үшiн жағдай және азаматтық бастамаларды iске асыру мүмкiндiктерiн жасауға аударылған.
      Тұжырымдама азаматтық қоғамды дамытудың түрлi аспектiлерi бойынша бағдарламалар әзiрлеу үшiн негiз болады.

1. Азаматтық қоғам ұғымы, оның 
функциялары мен құрылымы

      Осы Тұжырымдамада өз құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн қорғау, материалдық және рухани қажеттілiктердiң кең ауқымын шешу мемлекеттiк басқару мемлекеттiк шешiмдер қабылдау жүйесiне азаматтық қатысуды қамтамасыз ету мақсатында халықтың өзiн-өзi ұйымдастыруына арналған жағдайлар қамтамасыз ету азаматтық қоғам қоғам деп түсiнiледi. Мынадай қоғамда қоғамдық процестердiң басты әрекет етушi тұлғасы және субъектiсi өзiнiң барлық қажеттіліктерiнiң, мүдделерi мен құндылықтарының жүйесiмен қоса адам болады.
      Қоғам демократиялық дамудың белгiлi бiр сатысында ғана азаматтық қоғамға айналады және елдiң экономикалық, саяси дамуына, халықтың әл-ауқатының, мәдениетi мен сана-сезiмiнiң өсуiне қарай қалыптасады.
      Азаматтық қоғамды дамытудың алғышарттары меншiк нысандарының сан алуандығы кезiнде азаматтардың экономикалық дербестiгiнiң пайда болуы мен адами тұлға мәртебесiнiң өсуi болып табылады.
      Азаматтық қоғам мемлекеттік билiк (бұдан әрi - билiк) пен азаматтық қоғамның арасындағы қатынас бұқаралық келiсiмi негiзiнде құрылатын демократиялық саяси жүйе жағдайында ғана жоғары даму деңгейiне жетедi. Азаматтық қоғамдағы рәсiмдер билiк қызметiнiң сапасын бағалаудың бұқаралық құқығына және қоғам мүддесiнде билiкке ықпал ету тетiктерiне негiзделедi.
      Азаматтық қоғам институттарына саяси партиялар, жергiлiктi қоғамдастықтар, кәсiптiк одақтар, дiни бiрлестiктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар мен бiрлестiктер, сондай-ақ қоғам үшiн қызметтер көрсетудiң кең ауқымы мен қызметтiң әрқилы түрлерiн iске асыратын және мемлекеттiк емес қорлар, коммерциялық емес мекемелер, заңды тұлғалардың одақтары (қауымдастықтары) және басқа ұйымдар түрiнде құрылған үкiметтiк емес ұйымдар жатады.
      Өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратын Қазақстан Республикасының мiндетi мынадай функцияларды жүзеге асыратын азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту болып табылады:
      азаматтық бастамаларды қолдау, дамыту және көтермелеу;
      мүдделердi жақындастыру және белгiлi бiр мақсаттарға қол жеткiзу негiзiнде адамдардың одақтарға, бiрлестiктерге ерiктi ықпалдасуы үшiн жағдай жасау;
      азаматтардың жалпы мемлекеттiк және жергiлiктi проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз ету;
      азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың түрлi топтарының мүдделерiн iске асыру;
      қоғамда адамзатқа ортақ нормаларды, құндылықтар мен имандылық негiздерiн орнықтыру;
      адамның тәуелсiз өмiр сүруiн қамтамасыз ететiн жемiстi еңбек үшiн жағдай жасау;
      әлеуметтiк қызметтер көрсету;
      билiктiң, бизнестiң және қоғамдық институттардың қатынастарын үйлестiру, қоғамдық келiсiм және әлеуметтiк жанжалдардың алдын алу үшiн жағдай жасау, әлеуметтiк және өзге де жанжалдарды сындарлы диалог жолымен шешу;
      мемлекеттiк билiк институттарына азаматтық бақылау және ықпал ету, мемлекеттiк басқару жүйесiне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк шешiмдер қабылдау процесiндегi ашықтық пен айқындылыққа ықпал ету;
      БАҚ бостандығын және ақпараттық кеңiстiктiң ашықтығын қолдау.

       2. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам институттарын дамыту

       Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы 1980-шi жылдардың аяғы мен 1990-шы жылдардың басына жатады. Сол тұста басталған экономикалық, саяси және әлеуметтiк салалардағы түбегейлi реформалар түрлi әлеуметтiк топтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн қоғамдық бiрлестіктердiң құрылуын ынталандырды.
      Қазақстанда алғашқылардың бiрi болып экономиканың мемлекеттiк емес секторы қызметкерлерiнiң мүдделерiн бiлдiрген тәуелсiз кәсiподақтар пайда болды.
      Аталған кезең, сонымен қатар, елде саяси партиялардың құрылуымен және көп партиялылыққа көшумен сипатталады. Бұған екi саяси-құқықтық актiнiң қабылдануы жағдай жасады. Бiрiншiден, 1990 жылы КСРО халық депутаттарының екiншi съезiнде "кеңес қоғамының, оның саяси жүйесiнiң ядросы, мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың басшылық және бағыттаушы күшi Кеңес Одағының Коммунистiк партиясы болып табылады. КОКП халық үшiн жұмыс iстейдi және халыққа қызмет етедi." деп айтылған КСРО Конституциясының 6-бабының алынып тасталуы. Екiншiден, 1991 жылғы 27 маусымда "Қазақ КСР-iндегi қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақ КСР-i Заңының қабылдануы.
      Нәтижесiнде "Алаш" партиясы, Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), Қазақстанның социалистiк партиясы, "Қазақстанның Халық конгресi" партиясы, Қазақстанның республикалық партиясы, "Лад" республикалық славяндар қозғалысы және "Азат" Қазақстанның азаматтық қозғалысы, "Мемориал"  қоғамдық-ағартушылық қоғамының филиалы, Алматының Хельсинки тобы, "Единство", "Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамы, "Поколение" зейнеткерлер қозғалысы және басқалары пайда болды
      1990-шы жылдардың басында бiрқатар ұйымдардың бастамасы бойынша Әлеуметтiк қорғау коалициясын құрудың табысты әрекетi жасалды, соның шеңберiнде өткiр қоғамдық проблемаларды талқылау, оларды шоғырланған негiзде шешу тетiктерiн iздестiру жолымен оларды еңсеру жөнiндегi бiрлескен жұмысты бастаған түрлi 28 ұйым, партиялар, қозғалыстар бiрiктi.
      1990-шы жылдардың ортасына қарай қоғамдық құрылымдар қызметiнiң бейiндiк бағыты айқын белгiлендi.
      Қазақстан Республикасының Президентi 1994 жылғы желтоқсанда әлеуметтiк-экономикалық және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтiк әрiптестiк жөнiнде республикалық үшжақты комиссия құру туралы қаулыға қол қойды, бұл сындарлы үшжақты қатынастарды дамытудың және азаматтық қоғамның аса маңызды институттарының бiрi - әлеуметтiк серiктестiк институтын құрудың бастауы болды.
      1995 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының, 1996 жылы "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" және "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының қабылдануы партиялар мен қозғалыстардың құрылуы мен жұмыс iстеуi және тиiсiнше, елдiң партия жүйесiнiң одан әрi дамуы үшiн құқықтық өрiс құруға ықпал еттi.
      Бұл кезеңде Қазақстан халықтары Ассамблеясына бiрiккен ұлттық мәдени орталықтар белсендi дами бастады. Этносаралық келiсiм елде нарықтық реформаларды жүргiзудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк берген iргетасқа айналды.
      Масс-медиа нарығында сапалық және сандық өзгерiстер, мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарын, полиграфиялық кәсiпорындарды жекешелендiру мен мемлекет иелiгiнен алу, бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттiк қаржыландыру мен дотациялаудан мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзуге мемлекеттiк тапсырыс беруге көшу жүргiзілдi.
      1996 жылы "азаматтық қоғам мемлекеттi оның әлеуметтiк тұрақтылықты, азаматтық бейбiтшiлiктi, этносаралық келiсiмдi сақтау жөнiндегi күш-жiгерiн қолдайды және сонымен қатар оның жүргiзiп отырған саясатын түзетудi қолдайды" деп көрсетiлетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сәйкестiгiн қалыптастыру тұжырымдамасы мақұлданды.
      1990-шы жылдардың аяғы қоғамдық ұйымдардың нақты миссиясын таңдаумен, олардың қызметiн кәсiбилендiрумен ерекшеленедi.
      Бұдан басқа, ел Парламентiнiң 1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Конституциясына республиканың сайлау жүйесiне "партиялық тiзiмдер" бойынша сайлау енгiзудi көздейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуi партиялық құрылыс процесiн жеделдеттi. Мәселен, 1998 жылғы желтоқсаннан бастап 1999 жылғы тамызға дейiн Қазақстанның Азаматтық партиясы (ҚАП), Қазақстанның Республикалық халықтық партиясы (ҚРХП), "Азамат" демократиялық партиясы, Қазақстанның Аграрлық партиясы (ҚАП), "Отан" Республикалық саяси партиясы, Қазақстан әйелдерiнiң демократиялық партиясы, Қазақстанның "Алаш" ұлттық партиясы құрылды. Парламентте партиялық фракциялар пайда болды.
      2000 жылғы желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк серiктестiк туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттiк саясат дәрежесiне атқарушы билiк органдары өкiлдерiнiң, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бiрлестiктерi арасындағы мүдделер келiсiмiн қамтамасыз етудi енгiздi.
      2002 жылғы шiлдеде қабылданған және қолданысқа енген "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы елдiң партиялық жүйесiнде одан арғы құрылымдық өзгерiстерге әкелдi.
      Бұл кезеңде мемлекет азаматтық қоғам институттарымен, атап айтқанда, үкiметтiк емес ұйымдармен ұзақ мерзiмдi ынтымақтастыққа әзiрлiгiн айқын бiлдiрдi. 1999 жылдың өзiнде-ақ iс жүзiнде барлық өңiрлерде облыстық әкiмдiктер жанынан, басты мiндетi өңiрлiк үкiметтiк емес ұйымдармен өзара ықпалдасу, оларға консультативтiк көмек, ақпараттық және әдiстемелiк қолдау көрсету болған "ҮЕҰ-ның ақпараттық орталықтары" ашылды.
      2000 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауында үкiметтiк емес ұйымдарды дамыту үшiн жағдай жасау жөнiнде Үкiметке алғашқы тапсырмалар берiлдi: "Yкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар қазiрдiң өзiнде Қазақстанда құқық қорғау қызметiнде де, халық топтарының айрықша мүдделерiн жүзеге асыруда да зор роль атқарып отыр... Елеулi мемлекеттiк қолдау керек".
      Бұдан кейiн "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (2001 жыл), Yкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау тұжырымдамасы (2002 жылғы қаңтар) қабылданды, мұның алдында үкiметтiк емес секторды дамыту және мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде билiк пен YЕҰ-ның әрiптестiк жүйесi сияқты екi тұжырымдама әзiрлендi.
      2003 жылы Үкiмет үкiметтiк емес ұйымдарға мемлекеттiк қолдау көрсетудiң 2003 - 2005 жылдарға арналған бағдарламасын бекiттi, оған сәйкес облыстық бағдарламалар әзiрлендi.
      Сонымен қатар, 2003 жылы Бейбiтшiлiк пен келiсiм конференциясы өткiзiлiп, оған көптеген көрнектi дiн қайраткерлерi, түрлi конфессиялардың өкiлдерi қатысты, "Бейбiтшiлiк пен келiсiмге жетейiк" декларациясы қабылданып, Бейбiтшiлiк пен тұрақтылық форумы тағайындалды. Осы кезеңде Қазақстанда конфессияаралық келiсiм сақтала отырып, 40-тан астам конфессияның дiни қауымдарының қайта өркендеуi мен рухани өсуi байқалуда.
      Қазiргi кезде азаматтық институттарды дамыту үшiн қоғам мүддесi үшiн үкiметтiк емес сектордың барлық деңгейдегi билiк органдарымен неғұрлым тиiмдi өзара iс-қимыл жүйесiн құру мен дамыту тән. Аталған кезеңдi Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен I Азаматтық форум өткiзiлген 2003 жылғы қазаннан бастап санауға болады. Форумда белгiленген азаматтық қоғамды дамыту мiндеттерiн iске асыру бойынша iс-шаралар жоспары қабылданды. "Билiк - қоғам" серiктестiгiнiң ұзақ мерзiмдi орнықты тетiктерiн құру жөнiндегi жұмыс басталды. Билiк органдары мен ҮЕҰ-ның өзара қарым-қатынастарының қаржылық қолдауға негiзделген қағидатты жаңа жүйесiн ашатын "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы әзiрленiп, 2005 жылғы сәуiрде қабылданды. 2005 жылғы қыркүйектегi II Азаматтық форум бұл үрдiстi нығайта түстi.
      2004 жылы өткен Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне депутаттар сайлау Қазақстанның "саяси алаңында" негiзгi партиялық субъектiлердiң орналасуына елеулi түзетулер енгiздi.
      Тұтастай алғанда ахуалды талдай отырып, бiздiң елiмiзде билiк пен азаматтық қоғам институттарының ынтымақтастығы үшiн белгілi бiр жағдайлар жасалған деп айтуға болады. Сонымен бiрге олар азаматтар өмiрi сапасының жоғары стандарттарына қол жеткiзуге және қоғамда демократиялық құқықтар мен бостандықтарды iске асыруға жәрдемдесетiн азаматтық қоғамның қазақстандық моделiн қалыптастыруға жүйелi түрде келу негiзiнде одан әрi қарқынды дамуға тиiс.

       3. Қазақстандағы азаматтық қоғамның перспективалық көрiнiсi

      Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын iске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткiзудi қамтамасыз етуге тиiс:
      халықтың түрлi топтары мен жекелеген азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және мүдделерiн қанағаттандыру;
      азаматтық қоғам институттарының серпiндi дамуы үшiн қолайлы жағдайлар туғызу;
      халықтың азаматтық белсендiлiк деңгейiн арттыру;
      қоғамның мемлекеттiк билiк қызметiн тиiмдi бақылауын жүзеге асыру. Билiк органдары мен азаматтық қоғам ұйымдарының арасындағы әрiптестiк қағидаттары негiзiнде ынтымақтастық мәдениетiн қалыптастыру;
      жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың теңдестiрiлген жүйесiн құру;
      әлеуметтiк қорғаудың тиiмдi жүйесiн құру;
      қоғам мен билiк мүдделерiнiң келiсiмi жүйесiн қалыптастыру.
      Қабылданған шаралардың және елде жалпы мемлекеттiк саясат жүргiзудiң нәтижесiнде демократиялық мемлекеттiң басты қағидаты - адам құқықтарын қамтамасыз ету жан-жақты iске асырылуға тиiс.
      Билiк пен қоғам сөз, дiн, жиналыстар бостандығына, азаматтардың бiрiгуге құқығына бейiлдiлiгiн мүлтiксiз қамтамасыз ететiн болады.
      Қоғамның жаңа сапалық жай-күйi оның өзiн-өзi ұйымдастыруы мен өзiн-өзi реттеуiн көздейдi. Қоғам жеке және қоғамдық мүдделердiң оңтайлы, үйлесiмдi қабысуын қамтамасыз етуге негiзделген индустриядан кейiнгi азаматтық қоғамның осы заманғы жалпы демократиялық тұжырымдамасын басшылыққа алуға тиiс.
      Елде жергiлiктi өзiн-өзi басқару жyйесi енгiзiлiп, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер қабылданатын болады.
      Мемлекетте билiк үшiн мiндеттi шартты - азаматтық қоғам институттарымен кәсiптiк-бейiндiк негiзде ынтымақтасуды орнықтыру көзделедi.
      Қазақстанда еңбек қатынастары сапалық жаңа деңгейге  көтерiледi. Кәсiпкерлерге еңбек заңнамасын бұзу тиiмсiз болады. Экономикалық өсу қызметкерлердiң еңбекақысының артуына әсер етедi. Елде билiктiң, жұмыс игерушiлер мен кәсiподақтардың әлеуметтiк әрiптестiгi әлеуметтiк-еңбек және онымен байланысты экономикалық қатынастардағы мүдделердi келiсудiң неғұрлым тиiмдi тетiгiне айналады. Жұмыс iстейтiндердiң проблемаларын шешу, оларға әлеуметтiк қызметтер ауқымын ұсыну мақсатында кәсiподақтар үкiметтiк емес ұйымдармен ынтымақтастық жүйесiн құрады.
      Азаматтық институттардың күшiмен мемлекеттiк органдардың тапсырысы бойынша әлеуметтiк мәнi бар жобалар жүзеге асырылады, сондай-ақ мемлекеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн, бюджеттiң атқарылуының мониторингi мен оны бағалаудың тәуелсiз рәсiмдерi жүргiзiлетiн болады, мұның өзi тұтастай алғанда мемлекеттiк басқару жүйесiнiң әрекеттілігiн арттыру үшiн қажет.
      Билiк пен азаматтық әрiптестер әлеуметтiк қамтамасыз ету, бiлiм беру, мәдениет саласында, еңбек пен еңбекақы төлеудi ұйымдастыру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өмiр сапасының жоғары стандарттарына бағдарлануға тиiс.
      Елдегi денсаулық сақтау жүйесi қазақстандықтардың денсаулық жай-күйi үшiн адам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi негiзiнде құрылатын болады.
      Мүмкiндiгi шектеулi адамдар әлеуметтiк қорғаудың жаңартылған мемлекеттiк жүйесiнiң және заңнамалық базаны тұжырымдамалық жаңа тәсiлдерде жасаудың негiзiнде олардың өз құқықтары мен мүмкiндiктерiн iске асыруға арналған жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
      Елде саяси партиялардың рөлi нығаяды. Саяси партияларды дамыту үшiн мемлекеттiк қолдауды ұлғайтуға және Парламент пен мәслихаттардағы партиялық фракциялардың рөлiн күшейтуге бағытталған кешендi шаралар қабылданатын болады.
      Дауларды шеше бiлу қабілетi қоғам дамуы деңгейiнiң маңызды өлшемдерiнiң бiрi болып табылады. Сот практикасымен қатар, қоғамдық, жеке адамдар арасындағы даулар мен таластарды шешудiң соттық емес тәсiлдерi әрекет ете бастайды.

4. Азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi қағидаттары

      Азаматтық қоғамның ұсынылып отырған үлгiсiн құру мынадай қағидаттарға негiзделедi:
      адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығын сақтау;
      заңның үстемдiгi, заң алдында бәрiнiң теңдiгi;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтiк мiндеттердi шешуге қатысуы;
      елдегi демократиялық үдерiстерге қатысу үшiн азаматтардың тең мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету;
      демократиялық мiнез-құлық мәдениетiнiң басымдығы.

5. Тұжырымдаманы iске асырудың тетiктерi мен жолдары

      Тұжырымдаманы негiзгi параметрлерде iске асырудың тетiктерi мен жолдары мыналар болып табылады:
      азаматтық қоғамды дамытуды құқықтық қамтамасыз етудi жетiлдiру,
      мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам институттары ынтымақтастығының тетiктерiн нығайту;
      мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты тиiмдi iске асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету;
      халықтың саяси-құқықтық және азаматтық мәдениетiн қалыптастыру, азаматтық қоғам институттарының адам құқықтарын қорғауға қатысуы;
      жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн дамыту;
      еңбек қатынастарын yйлестiру;
      әлеуметтiк саясатты жаңғырту;
      бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн қалыптастыру;
      азаматтық қоғам институттарының халықаралық ынтымақтастығын дамыту.

5.1. Азаматтық қоғамның дамуын құқықтық қамтамасыз
етудi жетiлдiру

      Осы бағыт шеңберiнде ұсыныстар әзiрлеуге және мемлекеттiк шешiмдердi iске асыруға азаматтық қоғам құрылымдарының қатысуын көздейтiн шаралар қабылдау қажет.
      Азаматтық қоғамды одан әрi дамытуға бағытталған, атап айтқанда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, меценаттықты және қайырымдылық қызметтi дамыту, өңiрлiк әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорацияларын, бұқаралық ақпарат құралдарын құру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мiндетi тұр.

5.2. Мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам
институттары ынтымақтастығының тетiктерiн нығайту

      Бұл бағытта мынадай iс-шараларды жүзеге асыру көзделедi:
      1. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы одан арғы ынтымақтастық мақсатында Азаматтық форумдарды жүйелi түрде өткiзiп тұру;
      Азаматтық форум мемлекеттiң, бизнестiң және азаматтық қоғамның арасындағы өзара iс-қимыл проблемаларын шешу үшiн тиiмдi пiкiрлесу алаңына айналуға тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң жанынан билiктiң заң шығарушы тармағы мен азаматтық институттар ынтымақстастығының нысаны ретiнде заңнаманы жетiлдiруге, құқықтық мәдениеттi көтеруге, қоғамды демократияландыру процесiн тереңдетуге бағытталған Қоғамдық сарапшылар палатасын құру.
      3. Заң жобалары, мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалар қалыптастыру бойынша жұмыс топтарын құру.
      Мемлекеттiк органдардың қызметтiң өзектi бағыттары бойынша қоғамдық пiкiрдi есепке алу тетiгi ретiнде әлеуметтiк елеулi проблемалар бойынша қоғамдық тыңдауларды практикаға енгiзу.
      4. Әлеуметтiк проблемаларды шешудiң жаңа тетiктерiн дамыту, өзiн-өзi iске асыру мен өзiн-өзi қамтамасыз ету үшiн азаматтардың шығармашылық белсендiлiгiнiң жаңа нысандарын көтермелеу.
      5. Азаматтық қоғам институттары мен жергіліктi билiк органдары ынтымақтастығының жүйесiн жетiлдiру.
      6. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) стандарттарына сәйкес, жұмыс берушiлердiң, қызметкерлер мен билiк органдары арасындағы мүдделердi келiсу тетiгi ретiнде еңбек қатынастары саласында тиiмдi әлеуметтiк әрiптестiктi дамыту,
      7. Мемлекеттiк билiк органдарының қызметiн және азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн сақтау, бюджеттiк үдерiстердiң ашықтығы мен айқындылығына байланысты олар қабылдайтын шешiмдердi азаматтық бақылау тетiктерiн әзiрлеу. Атап айтқанда, мемлекеттiк органдардың жұртшылық алдында жариялы есеп беруi моделiн жасау.
      8. Сектораралық ынтымақтастыққа бағытталған бағдарламаларды iске асыру мониторингiн жүзеге асыратын, азаматтық қоғамның даму үдерiсiне тиiмдi бақылау жүргiзуге қабiлеттi ұлттық ақпараттық-талдау жүйесiн жетiлдiру.
      9. Сектораралық өзара iс-қимылдың неғұрлым перспективалық нысандары мен әдiстерiн байқап көру және анықтау, мемлекеттiк билiк пен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары үшiн жұмыстың тиiмдi тетiктерiн қалыптастыру жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу.
      10. Түрлi деңгейдегi консультативтiк-кеңесшi органдардың (Қазақстан Республикасындағы демократиялық реформалар бағдарламаларын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөнiндегi қоғамдық кеңес, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау жөнiндегi үйлестiру кеңесi және т.б.) тиiмдi жұмысынан көрiнетiн түрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн үйлестiру тетiктерiн одан әрi дамыту.

5.3. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты тиiмдi iске
асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету

      "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес билiк органдары мен қоғамдық сектордың өзара iс-қимыл жасау жүйесiн құру мынадай мiндеттер ескерiле отырып, республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүзеге асырылуға тиiс:
      билiк органдары мен азаматтық қоғам институттары арасында әрiптестiк негiзде қаржылық-шарттық қатынастарды дамыту;
      YЕҰ-ның қатысуымен мақсатты топтар мен қызметтер алушыларға арналған тиiстi пайдалылық индикаторларының көмегiмен қоғамдық қажеттiлiктердi зерделеу мен жобалар нәтижелерiн бағалау негiзiнде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты қалыптастыру;
      Қазақстанда әр түрлi әлеуметтік маңызы бар салаларда ұлттық iс-қимыл бағдарламаларын дайындау мен iске асыру жөнiндегi Еуропа елдерiнiң тәжiрибесiн енгiзу,

5.4. Саяси-құқықтық және азаматтық мәдениеттi
қалыптастыру. Адам құқықтарын қорғауға азаматтық қоғам
институттарының қатысуы

      Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясы қорқыныш пен мұқтаждықтан ада адамдық жеке тұлғаның идеалы, әркiм өзiнiң экономикалық, әлеуметтiк, мәдени, азаматтық және саяси құқықтарын пайдалана алатын осындай жағдайлар кезiнде жүзеге асырылуы мүмкiн деп жариялайды.
      Бұл мiндеттерге қол жеткiзу қызметтiң мынадай бағыттарын жүзеге асыруды талап етедi:
      азаматтық қоғам институттарының жұмысы арқылы адамның құқықтық санасын қалыптастыру;
      елде жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн енгiзу және жалпы ұлттық проблемаларды шешуге азаматтардың толыққанды қатысуын қамтамасыз ету;
      елде "Азаматтық қоғамға барар жолда" ақпараттық бағдарламасын әзiрлеу және жүзеге асыру;
      қоғамда Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттiк нышандарға деген құрметтi қалыптастыру;
      жалпы орта, бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында құқық негiздерiн оқыту практикасын жетілдiру;
      қазақстандық қоғамда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде құқық қорғаушы YЕҰ-дың рөлiн көтеру;
      құқықтық жүйенi одан әрi ырықтандыру. Құқық қорғаушы ҮЕҰ-ды қылмыстық-атқару жүйесiн iзгiлендiруге бағытталған жобаларды әзiрлеуге тарту, елде қоғамдық қорғаушы институтын дамытуды ынталандыру;
      халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарының құқықтарын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк бағдарланған жобаларды жүйелi түрде енгiзу. YЕҰ-ды бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзу саласында мүгедектердiң құқығын қорғауға бағытталған жобаларды әзiрлеуге және еңбекпен қамту саласы мен еңбекке орналастыру саласында - әйелдер мен жастарды қоғамның қоғамдық-саяси өмiрiне қатысуға белсендi түрде тарту қажет;
      халықтың адам құқықтары саласындағы жалпыға танылған стандарттары және олардың әрбiр адам мен тұтастай қоғам үшiн құндылықтары туралы хабардарлығының жоғары деңгейiне қол жеткiзу. Бұл тиiстi мемлекеттiк құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының бiрлескен ақпараттық науқандарын iске асырумен қамтамасыз етiлуге тиiс;
      елде жанжалдарды соттан тыс шешу тетiктерiн, дауларды келiссөздер, аралық, келiстiру соттары, араағайындық институты арқылы сотқа дейiн реттеу практикасын белсендi түрде енгiзу.

5.5. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн дамыту

      Жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесi азаматтық қоғамның базалық элементтерiнiң бiрi болып табылады. Қазақстан экономикалық тұрақтылыққа және орнықты экономикалық өсуге қол жеткiзгеннен кейiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн дамыту "Қазақстан Республикасында жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауға негiз болатын нақты және қажеттi қадамға айналады, онда мыналар бекiтiлуi тиiс:
      жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды құру тәртiбi;
      жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының құқықтық мәртебесi;
      жергiлiктi қауымдастық мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
      жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы;
      жергілiктi өзiн-өзi басқару органдарын қаржылық, оның iшiнде мемлекет бюджетiнен қамтамасыз ету;
      жергілiктi өзiн-өзi басқару құралдарын бақылау тетiктерi;
      жергiлiктi мемлекеттiк басқару мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арасындағы өкілеттiктердiң аражiгiн ажырату;
      жекелеген мемлекеттiк қызметтердi тиiстi бюджеттiк қамтамасыз етумен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына беру.
      Жоғарыда көрсетiлген Қазақстан Республикасының Заңын қабылдаумен қатар Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн одан әрi дамытуға және жетiлдiруге бағытталған мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеу қажет.

5.6. Еңбек қатынастарын үйлестiру

      Еңбек қатынастарын үйлестiру үшiн мыналар талап етiледi:
      1) әлеуметтiк мемлекет қағидаттарына сәйкес келетiн, қызметкерлер мен жұмыс берушілер мүдделерiнiң теңгерiмiне қол жеткiзуге бағытталған, кәсiпорындарда және әртүрлi меншiк нысандарының ұйымдарында еңбек қатынастарын реттеуге негiз болатын және кәсiподақтардың еңбек қатынастарындағы орны мен рөлiн айқындайтын еңбек заңнамасын жетiлдiру;
      2) кәсiподақтардың адам құқығын қорғау жөнiндегi тиiмдiлiгiн төмендететiн кәсiподақ қозғалысының бытыраңқылығын болдырмау;
      3) ықтимал жанжалдар мен еңбек дауларын алдын алу мақсатында жеке меншiк иелерi мен кәсiподақтар арасында тиiмдi өзара iс-қимылды жолға қою;
      4) еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi ауыртпалық орталығын кәсiпорын деңгейiне ауыстыру, жұмыс берушiлер мен қызметкерлер өкiлдерiнiң арасындағы ұжымдық шарттар шеңберiнде тиiмдi келiссөз үрдiсiн қамтамасыз ету тетiктерiн енгiзу;
      5) Қызметкерлердiң мүдделерiне, қажеттiлiктерiне қызмет көрсету мақсатында кәсiподақтардың үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимылын кеңейту.

5.7. Әлеуметтiк саясатты жаңғырту

      Әлеуметтiк саясаттың тиiмдiлiгiн арттыру билiк пен азаматтық қоғамның ортақ мiндетi болып табылады. Әлеуметтiк бағдарланған мемлекет құру, халықтың материалдық әл-ауқатын жақсарту, азаматтардың Конституциямен кепiлдiк берiлген әлеуметтiк-экономикалық құқықтарын iске асыруды қамтамасыз ететiн және сонымен бiр мезгiлде мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатын жүзеге асыру үшiн бағдарлық қызмет атқаруы тиiс мемлекеттiк нормалар мен нормативтердi белгiлейтiн Өмiр сапасының ұлттық стандартын әзiрлеу және практикаға енгiзу жөнiндегi күш-жiгердi қолдану қажет.
      Ұлттық стандарт мынадай бөлiмдердi қамтуы тиiс: еңбекақы төлеу, зейнеткерлiк қамсыздандыру, әлеуметтiк сақтандыру мен халыққа әлеуметтiк қызмет көрсету, медициналық қызмет көрсетулер стандарты, тұтыну себетi, бiлiм беру қызметтерiнiң стандарты, отбасын әлеуметтiк қолдау, стандарттары, азаматтың жалпы және ақпараттық мәдениетiнiң стандарттары, экологиялық мәдениет стандарттары, халықты тұрғын үймен, коммуналдық және тұрмыстық қызметтермен қамтамасыз ету стандарттары және басқалары.
      Тәуелсiздiк жылдары жинақталған ресурстық әлеует, бюджет мүмкiндiктерi мен республика экономикасындағы оң үрдiстер базасында ТМД-ның басқа елдерiмен салыстырғанда Қазақстанның Өмiр сапасының ұлттық стандартының бүкiл жоғары көрсеткiштерiне қол жеткiзудiң нақты мүмкiндiгi бар.
      Бұл салада ҮЕҰ әлеуетiн пайдалана отырып, осы саладағы проблемаларды шешудiң мынадай тетiктерi көзделедi:
      1) әлеуметтiк көмек бағдарламаларын орындауда ҮЕҰ рөлiн арттыру;
      2) жергiлiктi проблемаларды шешуге қабілеттi YЕҰ-ның дамуы үшiн оңтайлы жағдайлар жасау,
      3) Қазақстанда волонтерлiк институтты жан-жақты дамыту;
      4) мемлекеттiк әлеуметтiк бағдарламаларды қоғамдық бақылау тетiктерiн әзiрлеу.

5.8. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершілiгiн
қалыптастыру

      Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн қалыптастыру үкiметтiк емес ұйымдар жүзеге асыратын әлеуметтiк мәнi бар жобаларды дамыту мен бiрге қаржыландыру, лайықты еңбекақыны уақытылы төлеу, еңбектi сақтау мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, жалдамалы жұмысшыларға әлеуметтiк қолдауды жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасауды көздейдi.
      Азаматтық қоғам институттары өңiрлерде халықтың әлеуметтiк, экономикалық және мәдени мақсаттары үшiн алынған табысты қайта инвестициялайтын тұрақты бизнес-құрылымдар ретiнде өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларын (ӘКК) құруға жан-жақты жағдай жасайды.
      Әлеуметтiк жауапкершiлiктi көтеру мәселелерiнде кәсiпкерлер үшiн дәлел өздерiнiң қызметiне қолайлы, әлеуметтiк қауiпсiз ортаны қалыптастыруға қатысу мүмкiндiгi болуға тиiс.
      Осы мақсатта мынадай iс-шараларды iске асыру мүддеге сай келедi:
      1) бизнестiң корпоративтiк жауапкершiлік хартиясын қабылдау мүмкiндiгiн қарау;
      2) жебеушiлiк пен қайырымдылық қызметi үшiн заңнамалық негiздер құру.

5.9. Азаматтық қоғамның басқа институттарын дамыту

      Саяси партиялар, кәсiптiк одақтар, дiни бiрлестiктер, бұқаралық ақпарат құралдары, отбасы, маңызды азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселелерi олардың ерекшелiгiн ескере отырып, гендерлiк теңдiк мәселелерi сияқты тиiстi мамандандырылған нормативтiк құқықтық актiлерде анағұрлым кеңiнен қарастырылады.

5.10. Азаматтық қоғам институттарының халықаралық ынтымақтастығын дамыту

      Әлемде соңғы онжылдықта әртүрлi елдердiң азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастығының тұрақты үрдiсi қалыптасты. Оның мақсаты әртүрлi қауiпсiздiк, адам құқықтарын қорғау, экономикалық және әлеуметтiк даму, кедейшiлiктi еңсеру, қоршаған ортаны қорғау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет, жедел гуманитарлық және техникалық көмек көрсету, бiтiмгершiлiк салаларындағы уақыт сынына тиiмдi жауап болып табылады. Бiрлескен бағдарламалар мен iс-қимыл тұғырнамаларын пысықтау жүргiзiлуде.
      Бұл салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшiн мыналар көзделедi:
      қазақстандық азаматтық қоғам институттарының халықаралық қоғамдастыққа ықпалдастығын жалғастыру, мұның өзi оларға қоғамдық дамудың әлемдiк үрдiстерiн қадағалап отыруға, маңызды ақпарат, Қазақстанның жағдайына бейiмделу үшiн шетелдiк тәжiрибе алуға және елiмiздi әлемге белсендi танытуға мүмкiндiк бередi;
      ұлттық мүдделер шеңберiнде әлеуметтiк, мәдени, бiлiм беру және басқа жобаларды жүзеге асыру үшiн халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту;
      электронды БАҚ-та, және бiрiншi кезекте Интернетте таныту арқылы Қазақстандағы "үшiншi сектор" туралы ақпарат деңгейiн кеңейту және елiмiздi шетелде осы көзқарас тұрғысынан таныту;
      Қазақстанда әлеуметтiк-экономикалық бағыттағы нысаналы бағдарламаларды Орталық Азияда iске асыруға бағдарланған өңiрлiк үкiметтiк емес ұйымдар құруды ынталандыру.

6. Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi

      Азаматтық қоғамды дамыту жөнiнде ұсынылып отырған шаралар кешенiн жүзеге асыру 2006-2011 жылдарға есептелген және мынадай кезеңдерден өтудi көздейдi:
      Бiрiншi кезең - 2006-2008 жылдар. Заңнамалық жұмыстар кешенi жүзеге асырылады. Мемлекеттiк органдардың, бизнестің және азаматтық қоғам институттарының ынтымақтастық тетiктерi нығайтылады. Азаматтық форум мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы тиiмдi, тұрақты әрекет ететiн үндесу алаңына айналады.
      Мемлекеттiк, салалық, аумақтық бағдарламаларды қалыптастыру жөнiндегi заң жобалары бойынша жұмыс топтары құрылуда, әлеуметтiк мәндi проблемалар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткiзіледi.
      "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негiзiнде билiк пен ҮЕҰ ынтымақтастығының жүйесi түзiледi. "Азаматтық қоғамға барар жолда" ақпараттық бағдарламасы iске асырылады.
      Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшiн мемлекет жасаған қолайлы жағдайлар және олардың қызметiне деген өсiп келе жатқан қоғамдық қажеттiлiктер азаматтардың бастамасын жандандыруға тиiс. Оның нәтижесi қоғамдық ұйымдар санының күрт өсуi болады.
      Екiншi кезең - 2009-2010 жылдар. Көзделген шараларды iске асыру нәтижесiнде азаматтық қоғам институттарын дамытуда сапалық өсуге қол жеткiзiледi. Азаматтық қоғам институттарындағы жұмыс арқылы халықтың құқықтық санасы қалыптасады. Азаматтық қоғамның нормалары мен құндылықтары қоғамдық санада орнығып, күнделiктi практикаға кiредi. Қазақстанда ұлттық iс-қимыл бағдарламаларын түрлi салаларда қалыптастыру жөнiндегi дамыған елдердiң тәжiрибесi енгiзiледi.
      Еңбек қатынастары саласында әлеуметтiк әрiптестiктi дамыту қазақстандық қызметкерлердiң құқықтарын iске асыруды қамтамасыз етедi.
      Қайырымдылық пен меценаттық мәдениетi мен оның тетiктерi қалыптасады. Азаматтық бастамаларға қолдау көрсетудiң жергiлiктi қорлары құрылады.
      Билiк, бизнес-құрылымдар, YЕҰ өкілдерiн қамтитын комиссиялар шеңберiнде өңiрлердi әлеуметтiк-экономикалық дамыту жобаларын бiрлесiп әзiрлеу бастамалары көтеріледi.
      YЕҰ-н бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзу саласы мен қоғамның қоғамдық-саяси өмiрiне қатысуда - мүгедектердiң, еңбекпен қамту саласы мен еңбекке орналасу кезiнде әйелдердiң құқықтарын қорғауға бағытталған жобаларды әзiрлеуге белсене тартылады. Елде азаматтық қоғамды дамытудың жоғары баспалдағы ретiнде волонтерлiк институты дамиды.
      Мемлекеттiк билiк органдарының қызметi және азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, бюджеттер мен бюджеттiк процестердiң ашықтығы мен айқындығына байланысты олар қабылдайтын шешiмдердi азаматтық бақылау тетiктерi беки түседi. Билiк құрылымдарының жұртшылық алдында ашық түрде есеп беру моделi бекiтiледi.
      Елде жанжалдарды соттан тыс шешу тетiктерi, дауларды келiссөздер, аралық соттар арқылы сотқа дейiн реттеу практикасы белсендi түрде енгiзiледi.
      Қазақстандық азаматтық қоғам институттарының коммерциялық емес ұйымдардың халықаралық қоғамдастығына ықпалдасуы жалғасады, бұл оларға қоғамдық дамудың әлемдiк үрдiстерiн қадағалап отыруға, қажеттi ақпарат, Қазақстанның жағдайына бейiмделу үшiн шетелдiк тәжiрибе алуға және елiмiздi әлемге белсендi танытуға мүмкiндiк бередi.
      Үшiншi кезең - 2011 жыл. Азаматтық қоғам институттарын дамыту жүйелi сипатқа ие болады. Бизнес пен мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимылын оңтайландыру үшiн олардың қатынастарына түзету өзгерiстерi енгiзiледi. Азаматтық қоғамды дамыту проблемалары бойынша жыл сайынғы баяндамалар жарияланып, жыл сайынғы тыңдаулар өткiзiледi.
      Азаматтық қоғамның дамуы қоғамдық қажеттілiктердiң өзгерiстерiне, әлемдiк даму үрдiстерiне және "уақыт сынына" негiзделетiн перманенттiк процестi танытады.

Қорытынды

      Азаматтық қоғамды билiкпен әріптестiк негiзiнде дамыту құқықтық, демократиялық және әлеуметтiк мемлекет құру үшiн қажет. Қоғам тарапынан белсендi қатысусыз әлеуметтiк iлгерiлеу, демократиялық даму, экономикалық өрлеу қиынға соғады.
      Әлемдiк тәжiрибе көрсетіп отырғандай, дәл осы қоғамдық қатысу әлеуметтiк саясатты iске асырудан мемлекеттiк басқару саласына дейiнгi көптеген салаларда үлкен тиiмділікке қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Мемлекет пен қоғам қатынастарының мәселесiне деген жаңа көзқарас дәл осыған бағдарланған. Осылайша, осы аталған көзқарастың бейiмделуi, ол үшiн заңнамалық, институционалдық, кадрлық және өзге де базаны әзiрлеу бүгiнде Қазақстанның саяси дамуының негiзгi мақсаттарының бiрi болып табылады.