Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар құру тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы N 483 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желiлiк кестесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар құру тұжырымдамасы мақұлдансын (бұдан әрi - Тұжырымдама).

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Қаржы министрлiктерi, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, "Қазына орнықты даму қоры" акционерлiк қоғамы Тұжырымдаманы iске асыру жөніндегі қажеттi шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2006 жылғы 31 мамырдағы
N 483 қаулысымен  
мақұлданған    

  Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк
корпорациялар құру тұжырымдамасы

Астана қаласы - 2006 жыл

  1. Кiрiспе

      Осы Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар (бұдан әрi - ӘКК) құру тұжырымдамасының Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222  қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi iс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желiлiк кестесiне сәйкес дайындалды.
      ӘКК-нi құру идеясы өңiрлiк дамуға назар аудара отырып, Қазақстанда қалыптасқан жағдайларға барынша бейiмделген шикiзат емес секторларды дамытудың жаңа құралдарын iздеу нәтижесiнде пайда болды.
      Халықаралық тәжiрибеде кәсiпкерлiк корпорациялар қызметiнiң әр түрлi нысандары мен бағыттары кездеседi, сондықтан ұйымдастырушылық нысандар, бағыттар мен әдiстемелердiң аясында ӘКК-нiң бiрыңғай анықтамасы жоқ.
      Алайда, ӘКК-нiң қызметiн зерделеушi сарапшылар мынадай жалпылама анықтама бередi.
      Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар - бұл тауарлар мен қызметтердi өндiру және сату жолымен пайда алу мақсатында өз қызметiн жүзеге асыратын экономикалық орнықты бизнес-құрылымдар. Бұл ретте алынған пайданың бiр бөлiгi мүддесi үшiн ӘКК құрылған өңiр халқының әлеуметтiк, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын iске асыру үшiн қайта инвестицияланады.
      ӘКК құру кластерлiк даму тетiктерiн енгiзу, өзiн-өзi ұйымдастыру және iшкi ресурстарды жұмылдыру жолымен өңiрлердiң бәсекеге қабiлеттiгiн арттыруға ықпал ететiн болады.
      Мемлекет қатысатын орнықты бизнес-құрылымдарды бiрiктiру бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi қалыптастырудың катализаторлары ретiнде әрекет етуге қабiлеттi өңiрдiң экономикалық белсендiлiгiн шоғырландыратын iрi өңiрлiк орталықтарды құруға мүмкiндiк бередi.

  2. ӘКК-ге ұқсас бизнес-құрылымдарды құру мен оларды
жұмыс iстеуiнiң халықаралық тәжiрибесiн талдау және
Қазақстанда оларды құруға арналған алғышарттар

      Әлемдiк тәжiрибеде жеке және мемлекеттiк секторлардың өзара iс-қимылының әр түрлi схемалары бар. АҚШ-та бұл - экономикалық дамудың өңiрлiк корпорациялары (EDS - Өңiрлiк экономикалық даму корпорациясы, CRDC - Сертификатталған өңiрлiк даму корпорациясы, LVEDC Экономикалық даму жөнiндегi корпорация), Данияда - әлеуметтiк кәсiпорындар (social enterprises).
      АҚШ-та жұмыс iстеп тұрған өңiрлiк экономикалық даму корпорациялары - бұл жеке сектордың ресурстарын жұмылдыру мақсатында мемлекеттiң болмашы қатысу үлесiмен бизнес-көшбасшылар тобының бастамасымен құрылған және өңiр қоғамының мұқтаждарын қанағаттандыратын өңiрлiк корпорациялар. Корпорацияның миссиясы - өңiрлердiң экономикалық дамуына жәрдемдесу, халықтың әл-ауқатына жәрдемдесу.
      Корпорацияның қызметiн қаржыландыру көздерi - бұл қатысушы компаниялар, мемлекеттiк қордан болмашы үлес, демеушiлiк қолдау, тартылған инвестициялар, гранттар, оның iшiнде мемлекеттiк гранттар.
      Шағын және орта бизнес кәсiпорындарын кооперациялаудың халықаралық тәжiрибесi кооперативтердi құру өнiмдiлiктi елеулi түрде арттыратынын әрi оның мүшелерi - шағын және орта бизнес кәсiпорындарының орнықты дамуын қамтамасыз ететiндiгiн көрсетедi.
      Еттi, сүттен жасалған өнiмдердi, iрiмшiктi ең iрi әлемдiк экспорттаушылардың бiрi болып табылатын Данияның көрсеткiшi үлгi бола алады. Данияда кооперативтер әлеуметтiк кәсiпорындар (social enterprises) деп аталады.
      Кооперативтер шағын және орта бизнестiң өнiмiн сататын тұтастай "брэндтер" құрады. Табысты кооперативтер ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсiбiнде ғана емес, қызметтердi қоса алғанда, басқа да салаларда құрылады.
      Бұрыннан қалыптасқан экономикалық және әлеуметтiк жүйесi мен дамыған инфрақұрылымы бар әлемнiң дамыған елдерiне қарағанда Қазақстанда аумақтық даму мәселелерi тиiмдi үйлестiрудi талап етедi.
      Өңiрлердiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына қатысты бiрқатар, оның iшiнде өңiрлерде және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарында компаниялардың басқару әлеуетiнiң жетiспеуi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнде мемлекеттiк даму институттарының инвестицияларына ауқымды қол жетiмдiлiктiң жоқтығы, сондай-ақ олардың тарапынан олар өз қызметiн жүзеге асыратын өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы жөнiндегi бастамалардың жоқтығына байланысты реформалардың өңiрлiк деңгейге жеткiлiксiз ену проблемалары бар.
      Қазiргi жағдайларда кластерлiк әдiстi қолдана отырып, барлық желiнiң ресурстарын жұмылдыруға негiзделген икемдi мамандандырылған және инновацияларға қабiлеттiлiгiмен сипатталатын экономикалық ұйымның моделi Қазақстан үшiн барынша перспективалылардың бiрi болып табылады. Жекелеген немесе бiрнеше өзара байланысқан өңiрлерде жеке кәсiпкерлiктi жандандыруға бағдарланған өңiрлiк ӘКК-нi қалыптастыру ресурстарды жұмылдыру тетiктерiнiң бiрi болмақ.
      Әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отырғандай, елдiң экономикалық дамуы оның өңiрлерiн құрайтындардың бәсекеге қабiлеттiлiгiне тiкелей байланысты. Бұл peттe ӘКК өңiрлiк бизнестiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, инвестицияларды тарту үшiн ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ өңiрде инновациялық қызметтiң инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылады.
      Қазiргi уақытта жеке менеджменттi және капиталды тарту мемлекеттiк меншiктегi инфрақұрылымның көптеген объектiлерiнiң созылмалы тиiмсiздiгiн еңсеруге мүмкiндiк беретiн болғандықтан, мемлекеттiк меншiктiң бiр бөлiгiн жеке сектордың басқаруына беру орынды болып табылады. Сондай-ақ бұл мемлекеттiк бюджетке қысымды төмендетуге мүмкiндiк бередi. Бiрнеше iрi өңiрлiк даму институттарын (ӘКК) құру осындай саясат бағыттарының бiрi болып қаралады.

  3. Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялардың миссиясы,
мiндеттерi мен функциялары

      ӘКК миссиясы - мемлекеттiк және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлiк тәсiлдiң негiзiнде бiрыңғай экономикалық нарық құру жолымен өңiрлердiң экономикалық дамуына жәрдемдесу.
      Жеке сектордың белсендi қатысуынсыз республиканың әлеуметтiк және экономикалық дамуы мүмкiн емес. Бүгiнде жеке құрылымдар өз қызметiн жүзеге асыратын өңiрдi дамыту проблемасынан сырт қала алмайды. Бұл ретте жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi деп әлеуметтiк жобаларға пайданы инвестициялауды ғана емес, сондай-ақ бәсекеге қабiлеттi бизнестi құру мен жүргiзудi, рентабельдi емес кәсiпорындар базасында жаңа өндiрiстер құруды, мемлекеттiк меншiк объектiлерiн тиiмдi пайдалануды түсiнген жөн.
      ӘКК-нiң мiндеттерi:
      экономикалық процестерге экономикалық субъектiлердiң ауқымды топтарын тарту, инвестицияларды тарту;
      пайдалы ұзақ мерзiмдi негiзде кәсiпорындардың тауарлары мен қызметтерiне сұраныс тудыру, өнiмдi iшкi және сыртқы нарықтарға жылжыту;
      тиiстi кластерлерге бiрiктiру мақсатында шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi мен iрi қаржылық-тұрақты кәсiпорындардың арасындағы байланысты күшейту;
      жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарды кластерге бiрiктiру және жаңа кәсiпорындар құру үшiн тиiстi кластерлердi және қажеттi жағдайларды жасау;
      өңiрдiң iшкi және сыртқы нарықтардағы экономикалық беделiн жылжыту;
      кластерлiк өндiрiстi дамыту және жаңа технологияларды енгiзу жолымен шағын және орта кәсiпкерлiктiң өнiмдiлiгiн арттыру;
      мемлекеттiк кәсiпорындарды оңалту, қайта құрылымдау, олардың негiзiнде жаңа өндiрiстер мен технологияларды дамыту;
      бизнес-жобалардың базасын қалыптастыру, қаржыландыру және оларды iске асыру үшiн жағдай жасау;
      өңiрдi әлеуметтiк дамытуға бағытталған жобаларды әзiрлеу және қаржыландыру.
      ӘКК мынадай функцияларды атқарады:
      мемлекеттiк меншiк активтерiнiң бiр бөлiгiн, жердi ӘКК-нiң меншiгiне беру бойынша билiк органдарымен өзара iс-қимыл жасау;
      берiлген мемлекеттiк және жеке меншiк активтерiн басқару;
      ақпараттық-тұсау кесер жұмыстарын жүргiзу (көрме қызметi, бизнес-конференциялар, семинарлар, консалтинг);
      өнiмдi халықаралық нарықтарға жылжыту;
      кәсiпорындарда жаңа өндiрiстiк және басқару технологияларын, оның iшiнде халықаралық стандарттарды (ИСО, МСФО және т.б.) енгiзу;
      әлеуметтiк жобаларды құру мен iске асыруға қатысу;
      инвестициялар тарту мақсатында әлеуеттi шетел инвесторларымен, даму институттарымен және басқа да қаржы ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасау;
      инвестициялау үшiн әлеуеттi бизнес-жобалардың дерекқорын қалыптастыру;
      жеке отандық және шетелдiк капиталдың қатысуымен бiрлескен жобалар жасау және iске асыру;
      мемлекеттiк кәсiпорындарды оңалту мен қайта құрылымдау немесе олардың негiзiнде жаңа өндiрiстер ұйымдастыру жөнiндегi жобаларды әзiрлеу және iске асыру.
      ӘКК алдына қойылған мақсаттарға қол жеткiзу жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсiпкерлiктi дамыту, әлеуметтiк жобаларды iске асыру, iшкi нарықты бәсекеге қабiлеттi өнiмдермен қамтамасыз ету және өңiрдi тұтастай алғанда экономикалық дамыту арқылы өңiрлердiң әлеуметтiк жай-күйiн жақсартуға мүмкiндiк бередi.

  4. Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларды құру
тұжырымдамасын iске асырудың негiзi бағыттары мен тетiгi

Параграф 1. ӘКК-нi құрудың тетiгi

       Ескерту. 1-параграфқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.05.07. N  363  қаулысымен.

      Қойылған мақсаттарды орындау және мiндеттердi iске асыру үшiн заңи құзыретi географиялық және экономикалық белгiлерi бойынша бiрiктiрiлген бiрнеше облыстардан тұратын аумақта қолданылатын өңiрлiк ӘКК желiсi құрылатын болады.
      Мынадай өңiрлiк экономикалық аймақтар - макроөңiрлерде:
      орталығы Қостанай қаласындағы Солтүстiк өңiрде;
      орталығы Атырау қаласындағы Каспий өңiрiнде;
      орталығы Ақтөбе қаласындағы Орал өңiрiнде;
      орталығы Өскемен қаласындағы Ертiс өңiрiнде;
      орталығы Қарағанды қаласындағы Сарыарқа өңiрiнде;
      орталығы Шымкент қаласындағы Оңтүстiк өңiрде;
      орталығы Алматы қаласындағы Жетiсу өңiрiнде жетi ӘКК құрылатын болады.
      Солтүстiк макроөңiрi Солтүстiк Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тұрады;
      Каспий макроөңiрi Атырау, Маңғыстау облыстарынан тұрады;
      Орал макорөңiрi Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тұрады;
      Ертiс макроөңiрi Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан тұрады;
      Сарыарқа макроөңiрi Қарағанды облысынан тұрады;
      Оңтүстiк макроөңiрi Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан тұрады;
      Жетiсу макроөңiрi Алматы облысынан және Алматы қаласынан тұрады.
      Осы макроөңiрлер өңiрлердiң географиялық жағдайын, олардың экономикалық мамандануын, кластерлiк тәсiлдерiн, сондай-ақ кооперациялау деңгейiн ескере отырып айқындалған.
      Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының (әкiмдiктер, мәслихаттар) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң алдында облыстардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының әзiрленген және қабылданған жоспарына сәйкес осы өңiрде ӘКК құру туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқығы бар.
      Әрбiр ӘКК игерiлмеген жер учаскелерiн қоса алғанда, елдiң тиiстi өңiрiнде берiлген мемлекеттiк активтердi басқаратын өңiрлiк даму институтын бiлдiредi және оларды iске асыруға инвестицияларды тартатын әрi өңiрдiң экономикалық даму беделiн нарыққа жылжытуды жүзеге асыратын жобалардың бастамашысы рөлiн орындайды. ӘКК меншiктi, шетелдiк және отандық жеке капиталдың қатысуымен бiрлескен жобаларды құруға және iске асыруға бастамашылық жасайтын болады.
      ӘКК-нiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны акционерлiк қоғам болып табылады.
      ӘКК "Акционерлiк қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылатын болады, оған сәйкес ӘКК-нi капиталдандыруға Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қаражат бөлiнетiн болады.
      ӘКК құрудың бiрiншi кезеңiнде ӘКК-нiң жарғылық капиталдары қалыптастырылатын болады. "Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорация" акционерлiк қоғамының құрылтайшылары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының Үкiметi (қаржылай қаражат, республикалық меншiк объектiлерi);
      облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкiмдiктерi (қаржылай қаражат, коммуналдық меншiк объектiлерi, жер);
      "Қазына орнықты даму қоры" АҚ (қаржылай қаражат).
      Екiншi деңгейде ӘКК акцияларының қосымша эмиссияларын бағалы қағаздар нарығына орналастыру және ӘКК акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн жеке шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге сату жоспарлануда.
      Кейiннен ӘКК-де ӘКК акционерлерiнiң бiрi ретiнде меншiктiң әртүрлi нысаны бар шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қатысуы жоспарлануда. Алайда, жарғылық капиталды капиталдандыру және қаржы ресурстарын салу қажет бастапқы кезеңде Қазақстан Республикасының Yкiметi, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкiмдiктерi, "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ӘКК-нiң акционерлерi болып табылады.
      Одан әрi ӘКК қалыптасып, оның орнықты даму жай-күйiне қол жеткiзгеннен кейiн олар қор нарығына шығуы мүмкiн.
      ӘКК-нiң меншiгiне кейбiр мемлекеттiк республикалық және коммуналдық меншiк объектiлерi, жер, жаңа өндiрiстердi құру үшiн пайдалануға болатын рентабельдi емес мемлекеттiк кәсiпорындар берiлетiн болады. Бұл ретте өз қызметiнде ӘКК пайдалануы мүмкiн активтер ғана берiлуiнiң тиiстiгi маңызды аспектi болып табылады.
      Мемлекеттiк меншiк объектiлерiн және жердi ӘКК-нiң меншiгiне беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болды.
      Мемлекеттiк меншiктiң активтерiн ӘКК-нiң меншiгiне берудiң мақсаты - бұл оларды ӘКК-нiң коммерциялық қызметiнде тиiмдi пайдалану. ӘКК-нiң қызметi өндiрiстiк байланыстарға қатысты және инвестицияларды тарту мен жаңа жобаларды iске асыруға бағыттауға тиiс.
      Осылайша, ӘКК өңiрде жобаларды iске асыру үшiн қаржылық, техникалық және басқарушылық ресурстарды шоғырландыратын болады. Бұдан басқа, ӘКК қызметiндегi негiзгi бағыттардың бiрi сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыру болады.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен ӘКК арасындағы өзара қатынастар Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган - Мамандандырылған кеңес арқылы жүзеге асырылатын болады, оны құру туралы шешiмдi және оның Қызметi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда, Қаржы министрліктерінің және басқа да орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларынан, мемлекеттiк холдингтердiң мамандандырылған кеңестерiнiң мүшелерiнен тұратын мамандандырылған кеңес ӘКК-нi дамытудың орта мерзiмдi кезеңге арналған жоспарын iске асырудың негiз қалаушы мiндеттерi мен тетiктерi жөнiнде ұсынымдар әзiрлеумен және ӘКК-нi басқару органдарының (жалпы жиналыс, Директорлар кеңесi) құрамын айқындаумен айналысатын болады.
      ӘКК-нi басқару органдары Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес функцияларды, оның iшiнде ӘКК қаржы-шаруашылық қызметiнiң жоспарын және оның орындалуы туралы есептi бекiтудi жүзеге асырады.
      ӘКК-нің алдына қойылған міндеттерді шешу үшін оның басқару органын басқарудың теориялық және практикалық тәжiрибесi мен кең салалық бiлiмi бар жоғары бiлiктi, қазiргi заманғы менеджерлердiң iшiнен қалыптастыру қажет. ӘКК-нi басқаруды халықаралық iздестiру нәтижелерi бойынша iрiктiлген қазақстандық және шетелдiк басқарушы компаниялардың альянсы жолымен қалыптастырған орынды.
      ӘКК-нi басқару саясатының негiзгi бағыттарының бiрнешеуi: ӘКК-нiң сыртқы экономикалық байланыстарын орнату, шетелдiк инвестицияларды тарту Қазақстан өңiрлерiнiң беделiн шетелдерге жылжыту, жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгiзу, корпоративтiк менеджменттiң тиiмдiлiгiн арттыру.
      ӘКК қызметiн үйлестiрудi Мамандандырылған кеңес жүзеге асыратын болады. Бұл ретте ӘКК республикалық және коммуналдық меншiк объектiлерiн, жердi ӘКК-нiң меншiгiне беру бөлiгiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасайтын болады. Мемлекеттiк орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар өз кезегiнде ӘКК-нiң меншiгiне берiлуге тиiс республикалық және коммуналдық меншiк объектiлерiнiң тiзбесiн жасайтын болады.
      ӘКК-нiң қызметiн ынталандыру құралдарының бiрi ӘКК арасында конкурстық негiзде бизнес-жобаларды iске асыруға ұлттық даму институттары арқылы мемлекеттiк гранттар бөлу болып табылады, бұл сондай-ақ олардың арасында бәсекенi дамытуға ықпал ететiн болады. Бұл ретте әрбiр өңiрдiң ӘКК Директорлар кеңесi өкiлдерiнiң және басқарушыларының арасынан өңiраралық консультативтiк-кеңесшi орган құрылуы мүмкiн.
      Шағын бизнеске жәрдемдесу оны ӘКК жобаларына тарту жолымен, жаңа өндiрiстердi құру және экономиканы өңiрде тұтастай дамыту арқылы жүргiзiлетiн болады.
      ӘКК-нiң шаруашылық қызметi iске асырылуы қандай да бiр өңiрдiң жағдайларында экономикалық жағынан орынды болатын инновациялық жобалар туралы ақпарат жинауға да негiзделетiн болады.
      Қоғамдық ұйымдар ӘКК-нiң инвестициялар бағытының басымдықтарын анықтаған кезде, сондай-ақ нақты жобаларды әзiрлеген кезде тартылуы мүмкiн. Қоғамдық ұйымдардың осы кезеңдерде қатысуының мақсаты - осы өңiр халқының мүдделерiн есепке алу.
      ӘКК-нiң шеңберiнде жасалатын өнiмдi өткiзу үшiн ӘКК-нiң жеке сауда үйiн, сондай-ақ көрме қызметiн, консалтинг, оқыту және басқаларын өткiзу үшiн бизнес-орталығын құру мүмкiндiгi көзделуде.
      ӘКК қызметi ӘКК-нiң инфрақұрылымын дамытуға жiберiлетiн пайда алуды, коммерциялық жобаларды қаржыландыруды, өңiрдiң әлеуметтiк даму процесiнде маңызды фактор болатын әлеуметтiк (бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және басқалары) жобаларды жасауды және iске асыруды көздейдi.
      Тұжырымдаманы практикалық iске асыру процесiнде ӘКК-нiң құрылған құрылымдарының тiкелей жұмысы барысында туындайтын, ықтимал проблемалық мәселелерге талдау жүргiзу және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде (оның iшiнде әкiмшiлiк құрылыммен, жергiлiктi өзiн-өзi басқарумен және бюджеттiк қатынастармен байланысты мәселелер жөнiнде) ұсыныстар енгiзу болжанады.

Параграф   2. Өңiрлiк кластерлердi құру

      Энергетикалық емес және өндiрмейтiн секторларда жаңа нарықтарды дамыту сауда маркалары қорғалған және зияткерлiк меншiк құқығы бар тауарларды өндiру үшiн жағдай жасау, фермерлiк шаруашылықты дамыту, iшкi және сыртқы нарықтарда кәсiпкерлiк өнiмдерiн алға жылжыту сияқты мiндеттердi iске асыру мақсатында ӘКК-нiң басым мiндеттерiнiң бiрi жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарды кластерге бiрiктiру және жаңа кәсiпорындар құру үшiн өңiрде тиiстi кластерлер құру және қажеттi жағдай жасау болып табылады.
      Өңiрлiк кластер өндiрiстiк және/немесе сервистiк кәсiпорындарды (олардың жеткiзушiлерiн қоса алғанда), құн белгiлеудiң бiрыңғай тiзбегi шеңберiнде бiр бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын нарықтық институттар (брокерлер, консультанттар) мен тұтынушыларды байланыстыратын технологиялар мен ноу-xay жасаушыларды аумақтық шоғырландыру базасында қалыптастырылған индустриялық кешендi бiлдiредi.
      Бұл ретте ӘКК мыналарды жүзеге асыра отырып, кәсiпкерлiк өнiмдерiн сатып алушылар және сонымен бiр уақытта менеджерлер рөлiнде көрiнедi:
      жаңа технологияларды өндiрiске және қатарластыра енгiзу кезiнде шағын және орта кәсiпкерлiк кәсiпорындарының өнiмiн сатып алу, инновацияларды енгiзудi басқару, ынталандыру;
      жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар базасында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн тамақ тауарларына қайта өңдеу процесiн ұйымдастыру және өнiмдi қайта өңдеу қауiпсiздiгiнiң халықаралық стандарттарын енгiзу;
      маркетинг және өнiмдi iшкi және сыртқы нарықта бiрыңғай брэндпен жылжыту.
      ӘКК жеке сауда үйiн құру кезiнде осы сауда үйi арқылы ӘКК шеңберiнде құрылатын өнiмдi сатуы мүмкiн.
      ӘКК шаруашылық субъектiлерiн кластерлерге бiрiктiруге және кластердiң өндiрiстiк циклiн ұйымдастыру жолымен жаңасын құруға, жер учаскелерiн және инфрақұрылым объектiлерiн беруге, инновацияларды енгiзуге, маркетингтiк базаны құруға, кластердiң барлық қатысушылары үшiн шикiзатты көтерме сатып алу есебiнен өнiмнiң өзiндiк құнын төмендетуге, өнiмдердi қайта өңдеу және түпкi өнiмдердi сату қауiпсiздiгiнiң халықаралық стандарттарын енгiзуге бастамашылық бiлдiредi.
      Бұл ретте құрылтайшысы ӘКК мен саланың өз кәсiпорындары - кластерге қатысушылар болатын акционерлiк қоғам түрiнде кластердiң жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарын бiрiктiретiн буын құру болжанып отыр.
      Кластерлердi құру кезiнде басым салаларды айқындау оларда бәсекеге қабiлеттi кластерлердi құру үшiн әлеуеттi ретiнде айқындалған экономика салаларының бағыттарын ескере отырып жүзеге асырылады.
      Қазiргi уақытта елдегi жалпы экономикалық өсу аясында қала және ауыл халқының тұрмыс деңгейiндегi теңсiздiк күшеюде, кiрiстердегi өңiрлiк айырмашылықтар да қомақты. Ауылдық жерлерде ел халқының 43 %-ы тұрады, ресми статистика деректерi бойынша оның шамамен үштен бiрiнiң кiрiсi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен. Бұл жағдайды одан әрi консервациялау ел халқының тұрмыс деңгейi бойынша жiктелуiн күшейтедi, қоғамдағы әлеуметтiк-саяси ахуалға келеңсiз әсерiн тигiзедi, адами даму көрсеткiштерiне және елдiң инвестициялық беделiне ықпал етедi.
      Осы проблемалар аясында ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсiбi саласындағы кластерлердi дамыту ауылдық жерлердегi әлеуметтiк және экономикалық жағдайды дамытуға ықпал ететiн болады.
      Ауыл шаруашылығындағы ағымдағы төмен өнiмдiлiк пен ұйымдастыру кезiнде тамақ өнеркәсiбiндегi орта және шағын кәсiпорындар, шаруа қожалықтары техникалық артта қалушылықты өздiгiнен еңсере алмайтындығы әрi қазақстандық өнiмдi қомақты көлемде экспортқа өткiзудi ұйымдастыра алмайтыны анық.
      Осыған байланысты шағын және орта кәсiпкерлiктiң экономикалық мүмкiндiктерiн шоғырландыру технологиялық жаңғырудың локомотивi рөлiнен көрiнедi және белгiлi бiр өңiрлiк кластердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң өсуiне ықпал етедi.

Параграф   3. ӘКК-нiң рентабельдi емес активтердi
оңалтудағы қызметi

      Кәсiпкерлiктi дамытудағы кедергiлердiң бiрi өндiрiстiк инфрақұрылымның қол жетiмсiздiгi, бiрiншi кезекте жер құны мен коммуникацияларға қосылудың қиындығы болып табылады. Осы проблемалар аясында мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын активтерiн, жердi өндiрiстiк мақсаттарда ӘКК-ге беру кәсiпкерлiктi қолдаудың тиiмдi шарасы болмақ.
      Активтердi, мемлекеттiк коммуналдық меншiктегi ғимараттар мен жердi, рентабельдi емес кәсiпорындарды ӘКК-ге беру кезiнде әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациялары өз қызметiнде пайдалана алатын активтердiң ғана берiлетiнi маңызды аспект болып табылады.
      ӘКК-ге жүктелуi мүмкiн функциялар мен мiндеттердiң орасан зор көлемi бар екенiн атап өту қажет, бұл ретте олардың функциялары мен мiндеттерiн бiр бiрiмен араластырмау айрықша маңызды.
      Кәсiпорынды оңалту ӘКК-ге таңылмауға тиiс, өйткенi, оның мiндетiне мiндеттердiң мейiлiнше кең ауқымы кiредi. Оңалту кәсiпорынды қайта құрылымдауды және оның базасында бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi дамытуды бiлдiредi.
      Мемлекеттiк рентабельдi емес кәсiпорындарды оңалтуды және қайта құрылымдауды талдау жөнiндегi функцияны өңiрдiң орталық даму институты ретiнде ӘКК орындауға тиiс. Бұл ретте олар бұл процестiң ерiктi қатысушылары болуға тиiс. ӘКК-нiң қызметi неғұрлым икемдi және мемлекет тарапынан мейлiнше аз реттелетiн болса, олардың қызметi соғұрлым тиiмдi болмақ.
      ӘКК активтердi басқаруы, жобаларға бастама бiлдiруi және нақты өңiрдi дамыту мүддесiне қосымша инвестицияларды тартуы мүмкiн.
      ӘКК-нi дамыту мемлекеттiк рентабельдi емес кәсiпорындар негiзiнде жаңа өндiрiстер мен технологияларды құруға да мүмкiндiк бередi.
      Орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдардың акцияларының бақылау пакеттерi (қатысу үлестерi) мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мүлкiн түгендеудi жүргiзуi осы процестегi алғашқы қадам болып табылады. Жүргiзiлген түгендеудiң нәтижелерi бойынша ӘКК-ге берiлуге тиiс рентабельдi емес активтердiң тiзбесi айқындалатын болады.
      Рентабельдi емес мемлекеттiк кәсіпорындарды, сондай-ақ мемлекет қатысатын кәсiпорындарды талдау мынаны көрсеттi.
      Республикалық меншiкке қатысты.
      2005 жылдың қорытындылары бойынша республикалық мемлекеттiк меншiктiң жұмыс iстеп тұрған 515 кәсіпорнының iшiнде 41 кәсiпорын шығынға жол берген. Олардың iшiнде 22 кәсiпорын ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда тәжiрибе шаруашылықтары (10), ауыл шаруашылығының ғылыми-өндiрiстiк орталықтары, су шаруашылығы жүйесiнiң қызметі саласындағы кәсiпорындар. 2005 жылғы көрсеткiш деректерiн 2004 жылғы осындай деректермен салыстыра отырып, 2004 жылы ауыл шаруашылығы саласында 6 шығынды кәсiпорын болғанын атап өту керек, яғни 16 кәсiпорынға немесе 3,5 eceгe өсiм болған. Түзеу мекемелерiнiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өндiру жөнiндегi шаруашылық қызметтi жүзеге асыру саласында 2005 жылдың қорытындылары бойынша 5 республикалық мемлекеттiк кәсiпорын шығынды болып табылды.
      Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың жалпы санының басым бөлiгi қызметтер көрсету саласындағы (ғылым және бiлiм, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қорғау, мәдениет пен спорт және басқалары) қызметтi жүзеге асырады.
      2004 жылдың қорытындылары бойынша бiлiм беру, трактор жасау, инновациялық қызмет, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы машиналарын сынау, логистика, электр энергетикасы, банк қызметi, энергетика аясындағы зерттеулер саласындағы қызметпен сипатталатын мемлекет қатысатын рентабельдi емес акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер - 12.
      Коммуналдық меншiкке қатысты.
      2004 жылдың қорытындылары бойынша 4 255 коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынның 208-i рентабельдi емес болып табылды, олар негiзiнен коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы, көшелер мен жолдарды, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, инженерлiк желiлердi абаттандыру және ұстау, ауыл шаруашылығы өнiмiн дайындау, қайта өңдеу және өткiзу саласындағы шаруашылық қызметтi, сауда-коммерциялық және делдалдық қызмет, баспа және полиграфия, елдi мекендердiң бас жоспарларын әзiрлеудi, жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеу, прокат пункттерiн құру сияқты қызмет түрлерi бар кәсiпорындар. Қонақ үй қызметтерi, шыны-пластикалық балық аулау қайықтарын шығару және өткiзу, жүк вагондарын жөндеу және бiрқатар басқа да қызмет түрлерi бар кәсiпорындар сирек кездеседi.
      Жолаушылар тасымалы, жөндеу-құрылыс және монтаждау жұмыстары, жылу энергиясын беру және тарату жөнiндегi қызметтер, АӨК кәсiпорындарын материалдық-техникалық және өндiрiстiк қамтамасыз ету, тауарлар өндiру және өткiзу, алтын өндiру, үй-жайларды жалға беру, жарнама, мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және өткiзу, әуежай қызметiн жүзеге асыру, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласындағы, астықты сақтау және қайта өңдеу сияқты қызмет түрлерiмен айналысатын мемлекет қатысатын рентабельдi емес акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер 30 компания болып табылады.
      Рентабельдi емес мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындардың қызмет түрлерiн талдау нәтижелерi бойынша бұл кәсiпорындар, негiзiнен елдi мекендердiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн қызметтер (жұмыстар) көрсету саласында маманданғаны байқалады.
      Осылайша, кәсiпорындардың мүлкiн (ғимараттарды, жердi, техникалық қамтамасыз етудi және т.б.) ӘКК-нiң өзге де өндiрiстiк мақсаттарында пайдалану не кәсiпорынды ӘКК тарапынан бастама бойынша оңалту мақсатында кейбiр мемлекеттiк кәсiпорындарды ӘКК-ге беру орынды. Бұл ретте осы ереже табиғи монополиялардың субъектiлерiне қатысты болмауы тиiс.
      Сондай-ақ республикалық және коммуналдық мекемелерге, республикалық және коммуналдық қазыналық кәсiпорындарға бекiтiлген мүлiк, акционерлiк қоғамдардың акциялары және бағдарламалық құжаттарда көзделген мiндеттердi орындау үшiн құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысу үлестерi, сондай-ақ республикалық және коммуналдық меншiкке қалдырылатын объектiлерге жатқызу өлшемдерiне сәйкес келмейтiн және жекешелендiрiлуге немесе шағын және орта бизнес субъектiлерiне мемлекеттiк қолдау ретiнде берiлуге тиiс жер учаскелерi мен объектiлер ӘКК-гe берiлмейтiн болады.
      ӘКК-ге берiлетiн рентабельдi емес кәсiпорындарды оңалту мәселелерi Өңiрлiк әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларды дамытудың орта мерзiмдi жоспарында көзделетiн қаржылық инвестициялар көлемiнiң шеңберiнде шешiлетiн болады. Бұл ретте қаржыландыру көздерi ретiнде мемлекеттiк бюджеттен басқа, ӘКК-нiң өзiнiң, сондай-ақ "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ-ның қаражаты алынуы мүмкiн.

Параграф   4. Жеке секторды ӘКК-ге қатысуға
тарту үшін уәждеме

      ӘКК өңiрдiң инновациялар орталығына, өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы өнiмiн iшкi және сыртқы нарықтарға iрi жеткiзушiге айналады әрi шағын және орта кәсiпкерлiк өнiмдерiн жылжытуға, сондай-ақ табысы аз жеке кәсiпорындарды шоғырландыруға ықпал етедi.
      ӘКК жобаларына қатысу отандық бизнес құрылымдар үшiн қаржы, жер, технологиялық ресурстарға, сыртқы нарықтарға қол жетiмдiлiкпен, ӘКК тарапынан кепiлдiк мүлiктiк кепiлдеменi қамтамасыз етумен, бiрлескен кәсiпорындар құру жолымен қызметтi кеңейту мүмкiндiгiмен тартымды болады.
      ӘКК арқылы отандық өндiрушiлер Қазақстанда шетелдiк әрiптестердiң қатысуымен шетелдiк технологиялар мен отандық шикiзатты пайдалану шығарылатын өнiмнiң бәсекеге қабiлетiн арттыруға мүмкiндiк беретiн бiрлескен кәсiпорындар құру мүмкiндiгiн иеленедi. Шетелдiк технологиялар мен жергiлiктi шикiзатты пайдалана отырып, тоқыма өнеркәсiбiнiң жергiлiктi және шетелдiк кәсiпорындарының бiрлескен өндiрiстерiн құру, сондай-ақ әлемге танымал таңбалы киiмдердi өндiрушi шетелдiк компаниялардың жергiлiктi шикiзат пен еңбек ресурстарын пайдалана отырып, тоқыма өнiмдерiн өндiру жөнiндегi филиал-кәсiпорындар құру кеңiнен дамыған Қытай, Ресей, Қырғызстан сияқты көршi елдердiң тәжiрибесiн үлгi етуге болады.
      Сондай-ақ заңнамаға сәйкес өндiрiстiк шоғырлануды қайта бағдарлау және инвестициялық преференциялар түрiнде жаңа тауар номенклатурасын енгiзу базасында табысы аз кәсiпорындарды дамытуға жәрдемдесетiн жобаларды ӘКК-нiң iске асыруы кезiнде салық салудың уақытша жеңiлдiктi шарттары енгiзiлуi мүмкiн.
      Алда тұрған Қазақстанның ДСҰ-ға кiруi аясында олардың өнiмi нарыққа импортпен бәсекеге түсе алуы үшiн отандық кәсiпкерлердiң белсендi шоғырлану қажеттiгiн түсiну қажет және бұл жағдайда мемлекеттiң ӘКК-ге қатысуы отандық өндiрушiлердi қолдаудың белгiлi бiр кепiлi болып табылады.

5. Тұжырымдаманы iске асырудан күтiлетiн нәтиже

      Өңiрлiк ӘКК-лердi құру нәтижесiнде бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi құру, өңiрлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту, жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың өнiмдiлiгiн арттыру, қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнiмдi сату, рентабельдi емес мемлекеттiк кәсiпорындардың санын қысқарту, кәсiпкерлiк субъектiлерi өнiмiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру күтiледi, бұл Қазақстанның ДСҰ-ға кiруi алдында айрықша өзектi.