Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай айналым белгiсiн қолдану туралы келiсiмге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 18 мамырдағы N 425 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай айналым белгiсiн қолдану туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай айналым белгiсiн қолдану туралы келiсiмге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше
мемлекеттердің нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай
айналым белгiсiн қолдану туралы
келісім

       Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердiң үкiметтерi,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      өзара саудадағы негiзсiз шектеулердi жоюға ұмтыла отырып,
      әкелiнетiн өнiмнiң адам өмiрi мен денсаулығы, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгi мен сапасының кепiлдiктерiн қамтамасыз етуде өзара мүдделiлiктi ескере отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм мақсаттары үшiн пайдаланылатын ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
      "ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай айналым белгiсi", "бiрыңғай айналым белгiсi" - сатып алушыларды айналымға шығарылатын өнiмнiң ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкестiгi туралы хабардар ету үшiн қызмет ететiн белгiлеу;
      "өнiмнiң сәйкестiгiн растау" - ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына өнiмнiң сәйкестiгiн құжаттамалық куәландыру;
      "өнiм" - материалдық-заттай нысанда ұсынылған және шаруашылық пен өзге де мақсаттарға одан әрi пайдалануға арналған қызмет нәтижесi;
      "ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентi" - ЕурАзЭҚ шеңберiнде қабылданған және қолдану мен орындау үшiн өнiмнiң қауiпсiздiгiне мiндеттi талаптарды белгiлейтiн құжат.

2-бап

      Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiм айналымының бiрыңғай белгiсi ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкес келетiн өнiмдi таңбалау үшiн қолданылады.

3-бап

      Бiрыңғай айналым белгiсiнiң нысаны мен мөлшерi, сондай-ақ олармен өнiмдi таңбалау тәртiбi ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесi (үкiмет басшылары деңгейiнде) бекiтетiн ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң нарығындағы өнiмнiң бiрыңғай айналым белгiсi туралы ережеде белгiленедi.

4-бап

      Бiрыңғай айналым белгiсiмен таңбаланған өнiм одан өнiм айналымға (сатуға) түсетiн ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен ресiмделген сәйкестiктi растау туралы құжаттарды өнiмдi дайындаушы қайта ресiмдеместен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағында сатылады.

5-бап

      Осы Келiсiм өнiмдi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң аумағына әкелу (әкету) кезiнде санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану мәселелерiн қозғамайды.

6-бап

      Бiрыңғай айналым белгiсiмен таңбаланған өнiмнiң ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкестiгi ол шығарылатын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен расталуға тиiс.

7-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде туындаған анықталған бұзушылықтар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi және бiрыңғай айналым белгiсiмен таңбаланған өнiмнiң ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкессiздiгi анықталған жағдайда өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
      Бiрыңғай айналым белгiсiмен таңбаланған өнiмнiң ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерiнiң талаптарына сәйкессiздiгi үшiн айналымға (сатуға) түскен өнiмдi өзiнiң айналым белгiсiмен таңбалаған дайындаушы жауапты болады.

8-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келiссөздер жолымен шешiледi.

9-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келiсiмге жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн.

10-бап

      Тараптардың кез келгенi осы Келiсiмнен депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлау жолымен шыға алады. Бұл Тарап үшiн осы Келiсiмнiң қолданылуы депозитарий осындай хабарламаны алған күнiнен бастап 6 айдан кейiн тоқтатылады.
      ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетi осы Келiсiмнiң депозитарийi болып табылады.

11-бап

      Осы Келiсiм депозитарийдiң Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      200____ жылғы _____ __________ _______ қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды.
      Түпнұсқа дана әрбiр Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiберетін ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетiнде сақталады.

       Беларусь Республикасының            Ресей Федерациясының
          Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының           Тәжiкстан Республикасының
          Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн   

      Қырғыз Республикасының
          Yкiметi үшiн