Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетiнiң мәселелерi

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы N 1319 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының  24-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитет (бұдан әрi - Комитет) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Комитет туралы ереже;
      2) Комитеттiң құрылымы бекiтiлсiн.

      3. Комитет төрағасына екi орынбасары болуына рұқсат етiлсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) "Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1120  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 41, 532-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi туралы ережеде:
      1-тармақтың үшiншi абзацында "Құқықтық көмек және заңгерлiк қызмет көрсетудi ұйымдастыру комитетi" деген сөздер "Халыққа құқықтық көмек және заңгерлiк қызмет көрсетудi ұйымдастыру комитетi, Дiни iстер комитетi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      10-тармақтың 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "азаматтардың дiни сенiм және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл бостандығына құқықтарын қамтамасыз етудi;";
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Тiркеу қызметi комитетi туралы ережеде:
      1-тармақтың бiрiншi және екiншi абзацтарында "жасалатын  мәмiлелердi," деген сөздерден кейiн "дiни бiрлестiктердi қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
      10-тармақтың 1) тармақшасының екiншi, бесiншi абзацтарында, 2) тармақшасының екінші абзацында "заңды тұлғаларды," және "мемлекеттік тіркеуді," деген сөздердiң алдынан тиiсiнше ", дiни бiрлестіктерді қоспағанда,", "дiни бiрлестiктердiң филиалдары мен өкілдіктерін қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) "Штат санының лимиттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 24 қаңтардағы N 47  қаулысында :
      көрсетiлген қаулымен бекітілген министрлiктердiң, агенттiктер мен ведомстволардың қызметкерлерi штат санының лимиттерiнде:
      11-бөлiмде:
      "Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi" деген жолдағы "483" деген сандар "505" деген сандармен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "Дiни iстер комитетi 22";
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген министрлiктердiң, агенттiктер мен ведомстволардың аумақтық органдары қызметкерлерi штат санының лимиттерінде:
      8-бөлімде:
      "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі" деген жолдағы "3876" деген сандар "3956" деген сандармен ауыстырылсын;
      "ведомстволарды қоспағанда, министрліктің аумақтық органдары" деген жолдағы "2821" деген сандар "2901" деген сандармен ауыстырылсын.

      5. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы      
Үкiметiнiң              
     2005 жылғы 30 желтоқсандағы    
N 1319 қаулысымен        
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетi туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитеті (бұдан әрi - Комитет) өз құзыретiнiң шегiнде азаматтардың дiни сенім және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласында iске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң ведомствосы болып табылады.
      Комитеттiң негiзгi мiндетi азаматтардың дiни сенiм бостандығына құқықтарын iске асыруды, әр түрлi дiни сенiмдегi дiни бiрлестiктер арасындағы өзара түсiнiстiктi, төзiмдiлiктi нығайтуды, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясына  және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің кесімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      Комитеттің, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттілік берілсе, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтар шығарады.

      5. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      6. Комитеттің заңды мекен-жайы:
      010000, Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 45.

      7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Діни істер комитеті" мемлекеттік мекемесі.

      8. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      9. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен оның функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне шарттық қатынастарға түсуiне тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен түскен табыстар республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
      

  2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары

      10. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарды жүзеге асырады:
      1) азаматтардың дiни сенiм және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз ететiн функцияларды:
      республика аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, дiни оқу орындарының, миссионерлер мен заңды тұлға белгiлерi жоқ шағын дiни топтардың қызметтерiн зерделеу және талдау;
      дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеу, дiни бiрлестiктердiң филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу;
      заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiркелiмiн, филиалдар мен өкiлдiктердiң тiзiлiмiн жүргiзу үшiн тiркелген дiни бiрлестiктердiң және жүргiзiлген дiни бiрлестiктердiң филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу туралы ақпаратты Әдiлет министрлiгiнiң Тiркеу қызметi комитетiне жiберу;
      облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының дiни бiрлестiктермен қарым-қатынасты реттеу саласындағы қызметiн үйлестiру;
      дiни ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң, дiнтанушылардың, заңгерлердiң және адамның ар-ождан бостандығына құқығы саласындағы басқа да мамандардың қатысуымен дiнтану сараптамаларын, оның iшiнде тиiстi органдардың сұраулары бойынша дiни бағыттағы объектiлерге сараптама жүргiзудi қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн дiни бiрлестiктер туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыру;
      өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асыру;
      азаматтардың дiни сенiм бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясат мәселелерi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзу;
      дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңнаманы бұзушылыққа қатысты мәселелердi қарау;
      шет мемлекеттердiң тиiстi ұйымдарымен халықаралық байланыстар орнату және оларды қолдау;
      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың, соның iшiнде дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу жөнiнде құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгiзу;
      өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ресми түсiнiктемелер беру;
      2) мемлекеттiк саясатты iске асыруды бақылау жөнiндегi функциясы:
      мемлекеттiк органдардың, дiни бiрлестiктердiң, өзге де заңды және жеке тұлғалардың дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңнаманы сақтауын бақылау.

      11. Комитеттiң заңнамада белгiленген тәртiппен:
      өз құзыретi шегiнде азаматтардың дiни сенiм бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттiң дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасау саласында нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауға;
      дiни бiрлестiктердi құру және олардың қызметi, сондай-ақ азаматтардың дiни сенiм бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы әзiрлеу және жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғалары мен азаматтардан өзiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
      сараптау жұмыстары мен консультацияларын жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, оның iшiнде шет ел мамандары мен сарапшыларын тартуға;
      құзыретiне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасауға;
      өзiне берiлген мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға құқығы бар.

  3. Комитеттiң мүлкi

      12. Комитеттiң жедел басқару құқығында республикалық меншiкке жататын оқшауланған мүлкi болады.
      Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптасады және негiзгi қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлген өзге де мүлiктен тұрады.

      13. Комитеттiң өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
      Комитетке заңнамада белгiленген жағдайлар мен шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.

  4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

      14. Комитеттi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының заңнамаға сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      15. Комитет төрағасы Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауаптылықта болады.

      16. Төраға осы мақсатта:
      1) өзiнiң орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
      2) заңнамаға сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) заңнамада белгiленген тәртiппен Комитеттiң қызметкерлерiне тәртiптiк жазалар қолданады;
      4) бұйрықтарға қол қояды;
      5) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      6) Комитеттi мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда бiлдiредi;
      7) Комитеттiң құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.  

  5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату

      17. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң             
2005 жылғы 30 желтоқсандағы    
N 1319 қаулысымен        
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетiнiң құрылымы

      Басшылық
      Сараптама және тiркеу басқармасы
      Талдау және ақпараттық-насихаттау жұмысы бөлiмi
      Дiни бiрлестiктердiң қызметiн бақылау бөлiмi