Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 қарашадағы N 1113 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2005 жылғы 9 қарашадағы 
N 1113 қаулысымен    
бекітілген       

  Шет мемлекеттің туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды
жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесi

      1. Осы Шет мемлекеттің туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.

      2. Осы Ереженің күші шет мемлекеттiң туын көтеріп жүзетiн (бұдан әрi - шетел кемесi) және Қазақстан Республикасының теңiз порттары арасындағы қатынаста, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды құзырындағы тиеу портынан (пунктiнен) түсiру портына (пунктіне) дейiн тасымалдау мен сүйретiп жүзудi жүзеге асыратын барлық кемелерге қолданылады.

      3. Шетел кемелерiмен каботажды жүзеге асыруға рұқсатты өз құзыретi шегiнде сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мемлекеттік саясатты, мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды iске асыруды, қызметті үйлестіру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрi - уәкілетті орган) бередi.

      4. Шетел кемелерiмен каботажды жүзеге асыруға рұқсат мынадай жағдайларда беріледi, егер:
      1) тасымалдау мен сүйретiп жүзу үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетiн кемелердің құрамында жоқ мамандандырылған кеме талап етілсе;
      2) жедел тасымалдау мен сүйретіп жүзудi қамтамасыз ету қажет болып, бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетiн кемелердің оларды жүзеге асыруға мүмкiндігі болмаса.

      5. Шетел кемесiмен каботажды жүзеге асыруға рұқсат әрбiр шетел кемесiне оның Қазақстан Республикасының теңiз порттары арасындағы қатынаста, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды құзырындағы тиеу портынан (пунктiнен) түсiру портына (пунктіне) дейiн тасымалдау мен сүйретiп жүзу кезеңiне беріледi.

      6. Шетел кемесiн каботаж мақсатында пайдалану үшiн шетел кемесiмен каботажды жүзеге асыруға рұқсат алуға мүдделi тұлға уәкілетті органға өтiнiм бередi. Өтінiм мiндетті түрде мыналарды көрсете отырып, еркiн нысанда беріледi:
      1) кеменің атауы, туы, тiркелу порты, сыныбы, үлгiсi мен арналымы;
      2) кеменiң техникалық сипаттамалары (Халықаралық теңiз ұйымының сәйкестендiру нөмiрi, кеменiң жасалған жылы мен орны, кеменiң габариттiк көлемi, басты қозғалтқыштарының қуаты);
      3) меншік иесiнiң және кеме иесiнiң деректемелерi:
      заңды тұлғалар үшiн - атауы, орналасқан жерi, қандай мемлекеттің құқығы бойынша тiркелгенi, басқару органының мекен-жайы;
      жеке тұлғалар үшін - тегi, аты, әкесiнің аты, азаматтығы, тұратын мекен-жайы, паспорттық деректерi.

      7. Уәкiлетті орган өтiнiмдi қарау нәтижелерi бойынша ол келiп түскен күнiнен бастап отыз күнтізбелiк күн iшiнде шешім қабылдайды.

      8. Осы Ереженiң 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда өтiнiмдi қарауды және кейiннен рұқсат берудi уәкiлетті орган он күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырады.

      9. Уәкiлеттi орган осы Ереженің 7 және 8-тармақтарында көзделген мерзiмде рұқсат беруден:
      1) өтiнiмде көрсетiлген мәлiметтер толық көлемде берiлмеген;
      2) өтінімде көрсетiлген мәлiметтер дұрыс емес;
      3) осы Ереженің 4-тармағында көрсетiлген негiздемелер болмаған жағдайда бас тарта алады.