Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлiгiнiң "Фитохимия институты" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қыркүйектегі N 953 Қаулысы

Қолданыстағы

      Отандық фармацевтикалық өнiмнiң инвестициялық және өндiрiстiк әлеуетiн дамыту, экспортқа бағдарлануы мен бәсекеге қабiлеттілiгiн арттыру үшін жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрлігінiң "Фитохимия институты" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Фитохимия" ғылыми-өндiрiстік орталығы" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - Қоғам) болып қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қоғам қызметiнiң негiзгi мәнi мыналар болып белгiленсiн:
      1) олардың негiзiнде жаңа материалдар мен препараттар алу үшiн табиғи, оның iшiнде өсiмдiк шикiзатын зерделеу;
      2) халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін дәрілiк препараттарды шығару бойынша ғылымды қажетсiнетiн технологиялар мен техниканы жасау жөнiнде ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және оларды өндiріске енгiзу.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендіру комитетi Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлiгiмен бiрлесіп, заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) Қоғамның Жарғысын бекiтудi;
      2) Қоғамды Қазақстан Республикасының әділет органдарында  мемлекеттік тiркеудi;
      3) Қоғам акцияларының мемлекеттiк пакетiн иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрлiгiне берудi;
      4) осы қаулыны iске асыру жөнiнде өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.

      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң          
2005 жылғы 27 қыркүйектегі  
N 953 қаулысымен      
бекiтiлген         

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар

      1. "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтілген республикалық мемлекеттiк кәсіпорындардың тiзбесiнде:
      "Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрлігі" деген бөлiмде реттік нөмiрi 470-86-жол алынып тасталсын.

      2. "Акциялардың мемлекеттік пакеттерiне мемлекеттiк меншiктің түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуiрдегі N 405  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекiтiлген Акциялардың мемлекеттік пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серiктестіктерiнiң тiзбесiнде:
      "Қарағанды облысы" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттік нөмiрi 214-12-жолмен толықтырылсын:
      "214-12.  "Фитохимия" ғылыми-өндiрiстiк
                орталығы" AҚ".

      3. "Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттерi мен мемлекеттік үлестерiне иелік ету және пайдалану жөнiндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659  қаулысында :
      Иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрлiктерге және өзге де мемлекеттiк органдарға берiлетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерiнің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігі" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 222-33-жолмен толықтырылсын:
      "222-33.  "Фитохимия" ғылыми-өндiрiстік орталығы" АҚ".

      4. "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., N 40, 522-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
      "1. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындар" деген бөлiмде реттiк нөмiрi 68-жол алынып тасталсын;
      "3. Акционерлiк қоғамдар" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 4-жолмен толықтырылсын:
      "4. "Фитохимия" ғылыми-өндiрiстік орталығы".