Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою жөнiндегi шаралар және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен қаражат бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 10 қыркүйектегі N 908 Қаулысы

Қолданыстағы

      Атырау облысы Мақат ауданының тұрғын үй ғимараттары мен тыныс-тiршілiгiн қамтамасыз ету объектілерiнiң қирауына әкеп соқтырған нөсер жаңбыр мен дауыл желдiң салдарынан туындаған өңiрлiк аумақты төтенше жағдайды жою мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Атырау облысының әкiмiне:
      1) Атырау облысы Мақат ауданының Мақат және Доссор кенттерiндегi төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру үшiн - тұрғын үйлердi, автомобиль жолдарын, сумен жабдықтау және кәрiз жүйесiн, Атырау - Мақат су тартқышын және газбен жабдықтау жүйесiн салуға және күрделi жөндеуге 2005 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң төтенше резервiнен 200000000 (eкі жүз миллион) теңге;
      2) бюджеттің атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздардың тиiстi түрлерi бойынша кiрiстiлiктiң орташа өлшемдi ставкасына тең белгіленетiн сыйақы ставкасын есептей отырып, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген шараларды жүзеге асыру үшiн 2005 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң кассалық алшақтығын жабуға кредит беруге арналған Қазақстан Республикасының Үкiметi арнайы резервiнiң қаражатынан 400000000 (төрт жүз миллион) теңге мөлшерiнде кредит бөлiнсiн.

      2. Ауыл шаруашылығы министрлiгi белгiленген тәртiппен 2005 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен Атырау - Мақат су тартқышын салуды және қалпына келтiрудi жүзеге асырсын.

      3. Акционерлiк қоғамдарға (келiсiм бойынша):
      1) "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" Атырау облысының Мақат ауданында тұрғын үйлердi және инженерлiк жүйелердi салуға жәрдем көрсету;
      2) "ҚазақстанТемiрЖолы" ұлттық компаниясы" Атырау облысының Мақат ауданы Мақат кентiнде тұрғын үйлердi салуға жәрдем көрсету;
      3) "КЕГOК" ұлттық компаниясы" Атырау облысының Мақат ауданы Мақат кентiнде электр өткiзгiштерiнің жаңа желiлерiн және трансформатор шағын станцияларын салуға жәрдем көрсету ұсынылсын.

      4. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы", ("ҚазақстанТемiрЖолы" ұлттық компаниясы", "КЕГОК" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамдары және тиiстi мемлекеттiк органдар заңнамада белгiленген тәртiппен осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген төтенше жағдайлар салдарын жою және iс-шараларды iске асыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) ықтимал берушiнi (берушiлердi) таңдау жөнiнде бiр көзден мемлекеттiк сатып алуды жүргiзсiн.

      5. Атырау облысының әкiмi және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң апат аймақтарында жекелеген сызбалар мен сметалар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн.

      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi:
      1) Атырау облысының әкiмiмен заңнамада белгiленген тәртiппен кредит келiсiмiн жасасуды;
      2) бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсiн.

      7. Атырау облысының әкiмi Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiне орындалған жұмыстардың көлемi және құны туралы есеп берсiн.

      8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі